Жылыту үшін есеп айырысу тәртібін жетілдіру | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 30 ноября, печатный экземпляр отправим 4 декабря.

Опубликовать статью в журнале

Авторы: ,

Рубрика: Молодой ученый Қазақстан

Опубликовано в Молодой учёный №24 (419) июнь 2022 г.

Дата публикации: 20.06.2022

Статья просмотрена: 26 раз

Библиографическое описание:

Асанова, М. А. Жылыту үшін есеп айырысу тәртібін жетілдіру / М. А. Асанова, А. С. Кенжетаева. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2022. — № 24 (419). — С. 581-586. — URL: https://moluch.ru/archive/419/93254/ (дата обращения: 16.11.2024).



Бұл мақаланың мақсаты тұтынушы қалай тек өзі тұтынған жылу энергиясының мөлшері үшін ғана төлемақыны төлеуіне болады деген мәселені қарастыру.

Кілт сөздер: жылу, жылумен жабдықтау тарифі, орталықтандырылған жылу энергиясымен жабдықтау, үйге ортақ жылу энергиясын есепке алу аспабы.

Целью данной статьи является рассмотрение вопроса о том, как потребитель может оплачивать только потребленное им количество тепловой энергии.

Ключевые слова: отопление, тариф на теплоснабжение, централизованное теплоснабжение, общедомовой прибор учета тепловой энергии.

Жылумен қамтамасыз етудің үлкен әлеуметтік маңызы халықтың әлеуметтік-тұрмыстық қажеттіліктеріне — тұрғын үйлерді жылытуға және ыстық сумен қамтамасыз етуге арналған жылуды тұтынудың басым болуымен анықталады. Жылудың маңыздылығы, әсіресе, елдің тіршілік әрекеті негізінен жылумен қамтамасыз етуді қажет ететін суық мезгілде айқын көрінеді.

Қазақстанда орталықтандырылған жылыту кеңінен таралған. Ол бумен, ыстық сумен және жылумен өнеркәсіпті және тұрмыстық тұтынушыларды қамтамасыз ететін жылу электр орталықтары мен орталықтандырылған жылумен жабдықтау қазандықтары арқылы жүзеге асырылады. Орталықтандырылған жылу қалалық жылумен қамтамасыз етудің 50 %-дан астамын қамтыса, кейбір бағалаулар бойынша тіпті 70 %-ға дейін жетеді.

Қазақстанда барлық қала орталықтарында және көптеген шағын қалалар мен ауылдарда орталықтандырудың әртүрлі дәрежедегі кең орталықтандырылған жылу жүйелері бар:

– топтық — ғимараттар тобын жылумен қамтамасыз ету;

– аудандық — елді мекеннің ауданын жылумен қамтамасыз ету;

– қалалық — бірнеше аудандарды жылумен қамтамасыз ету;

– қалааралық — бірнеше қалаларды жылумен қамтамасыз ету.

Жеке коттедждерді немесе тұрғын үй құрылыстарын жылумен жабдықтау үшін жеке тұрғын үйлерде, сондай-ақ бюджеттік ұйымдарда, аудан орталықтарында және жеке елді мекендерде ұжымдық меншіктегі автономды қазандықтар пайдаланылады.

Республикалық маңызы бар ірі қалалар мен облыс орталықтарын жылумен жабдықтау жылу электр орталықтары мен коммуналдық меншіктегі немесе ірі компаниялардың меншігіндегі ірі аудандық қазандықтар арқылы жүзеге асырылады.

Сонымен қатар шағын қалаларды, елді мекендерді және ірі қалалардың жекелеген бөліктерін жылумен қамтамасыз ету үшін көптеген ведомстволық жылу энергиясының көздері бар. Жеке жылу көздері бар ведомстволарға Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі, «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы, бірқатар ірі қала құраушы кәсіпорындар және тағы басқалар жатады. Бұл ведомстволар жылумен жабдықтау жүйелері объектілерінің бір бөлігін жергілікті атқарушы органдардың меншігіне береді немесе жылу энергиясын өндіру және бөлу жөніндегі дербес заңды тұлғаларды құрайды.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» Заңына сәйкес, топырақтың жылуын, жерасты суларын, өзендерді, су айдындарын, өнеркәсіптік кәсіпорындардың және электр станцияларының, кәріздік-тазарту құрылысжайларының сарқынды суларын пайдалана отырып өндірілген жылу энергиясын қоспағанда, жылу энергиясын өндіру, беру, бөлу және (немесе) онымен жабдықтау жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтер табиғи монополиялар салаларына жатады.

Осыған байланысты жылумен жабдықтау бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтерге тарифтерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілетті орган бекітеді. Бұл ретте тариф реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну бойынша шығындардың орнын толтыруды және табиғи монополия субъектісін дамытуға және оның тиімді жұмыс істеуіне және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де мақсаттарға бағытталатын пайда алуды қамтамасыз етуге тиіс [1].

Жылумен жабдықтау қызметтері тарифінің деңгейіне жылу құнының құрылымындағы шығындар үлесі шамамен 70 %-ды құрайтын пайдаланылатын отын түрі сияқты деректер әсер етеді. Осыған байланысты көмір отын болып табылатын республикамыздың солтүстік және шығыс облыстарында жылумен қамту тарифі оңтүстік және батыс облыстарға қарағанда төмен, өйткені ол жақта отын ретінде газ пайдаланылады және ол көмірден бірнеше есе қымбат болып табылады.

Сонымен қатар, тариф деңгейіне табиғи монополия субъектісінің тарифтік сметасына енгізілген барлық шығындар әсер ететінін де атап өткен жөн.

Аймақтар бойынша тарифтердегі айырмашылықтарды Қазақстанның бірнеше аймақтарын мысал ретінде ала отырып, 2022 жылғы 1 қаңтардағы жылыту бойынша халыққа арналған тарифтер бойынша көруге болады (1-сурет) [2].

1 сур. Жылу энергиясымен жабдықтау қызметтері бойынша тарифтердегі айырмашылық (теңге/Гкал, қосылған құн салығынсыз)

Бұл ретте, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жылу энергиясын беру бойынша реттеліп көрсетілетін қызметтерге тариф тұтынушылардың топтары бойынша (халық тобына жататын жеке тұлғалар, бюджет қаражаты есебінен ұсталатын бюджеттік ұйымдар, алдыңғы топтарға жатпайтын өзге тұтынушылар), сонымен қатар үйге ортақ жылу энергиясын есепке алу аспаптары (ОЕА) бар немесе жоқтығына байланысты сараланады.

Демек, әртүрлі аймақтардағы тұтынушылар үшін соңғы жылыту тарифі әртүрлі болады.

Егер ОЕА жоқ тұтынушылар үшін тариф туралы айтатын болсақ, ол Тарифтерді қалыптастыру қағидаларына сәйкес бекітілген орташа тарифтен 20 %-дан жоғары болады. Ал ОЕА бар тұтынушылардың тарифі сәйкесінше сол аймақтың жылу энергиясын есепке алу аспаптарымен жабдықталуын ескере отырып есептелінетін болады. Яғни, белгілі бір аймақта орнатылған жалпы ОЕА-ның саны неғұрлым көп болса, соғұрлым ОЕА бар тұтынушылар үшін сараланған тариф орташа тарифке жақын болады [3].

Демек, жалпы ОЕА бар тұтынушылар аспаптары жоқ тұтынушыларға қарағанда аз төлейтіндігін 2022 жылғы 1 қаңтардағы Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларының халыққа арналған тарифтері мысалынан көруге болады (2-сурет) [2].

2 сур. ОЕА-ның болуы немесе болмауына байланысты тарифтердегі айырмашылық (теңге/Гкал, қосылған құн салығынсыз)

Бұл ретте, ОЕА-ның болуы тұтынушының заңнамалық деңгейде жауапкершілігі де, тұтынушының өзі үшін де тиімді шешім екенін айта кеткен жөн.

Осы ретте, осы саладағы мамандардың пікірлеріне тоқталатын болсақ, Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Электр және жылу энергетикасы саласындағы реттеу департаментінің директоры Анатолий Шкарупа: «Даулы мәселелерді әділ шешу үшін және әрбір адам тек өзі үшін ғана төлеу үшін есепке алу аспаптарын толық орнату қажет. Сонда ғана тұтынушы өзіне нақты қанша жылу жеткізілгенін, ал қызмет көрсетуші — қанша энергияны жеткізгенін білетін болады. Енді артық ысыраптар немесе жылумен жабдықтау сапасы туралы әңгіме болмайды — бәрі анық, нақты және таза болады. Әркім нені және қанша төлеу керектігін көре алады», — деген [4].

Дегенмен, «Verkís» инженерлік фирмасының аға ғалымдары, инженерлері мен «Iceland GeoSurvey» зерттеу институты жетекшілігімен Исландияның жобалық тобымен даярланған «Қазақстанның геотермалдық ресурстарына алдын-ала шолу» қорытынды есеп жобасын қарасаңыз, онда тұтынуды есепке алудың тиімді әдісі, әсіресе жақсырақ арзан есептеу құралдарын қолдану арқылы тұтынушыларды энергияны үнемдеуге және энергия шығынын азайтуға ынталандыруға болатыны туралы айтылған. Дегенмен, бұл қорытынды есепте онша қатаң емес есепке алудың әдістері тұтынушыларды мүлде ынталандырмайтындығы, ал ынталандыра қалған жағдайда, олар әлдеқайда аз мақсатты болатынын атап өткен [5].

Сонымен қатар, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының «Қазақстандағы тұрғын үйлердің энергия тиімділігін арттыру: мемлекеттік инвестициялық бағдарламаны пилоттық әзірлеу» есебінде де қолданыстағы заңнамаға түзетулер енгізу және кем дегенде жылу энергиясын нақты тұтынуға негізделген тарифтік жүйе мүмкіндігін қамтамасыз ету қажеттілігі атап өтілген. Бұл жүйе келесідей болуы мүмкін: біріншіден, бүкіл тұрғын үйдің жылу тұтынуы өлшенеді, содан кейін нақты тұтыну жеке пәтерлердің шаршы метріндегі аудан негізінде үй шаруашылықтары арасында бөлінеді. Бұл ретте, мұндай жүйе қазіргі таңда республикамызда заңды түрде қолданыста екендігін атап айту қажет. Сонымен қатар, бұл есепте келесі қадам ретінде әрбір радиаторға жылу энергиясының құнын үйлестіруші аспап (бөлгіштерді) орнату болуы мүмкін екендігі айтылған. Жылу шығынын бөлгіштер жеке пәтерлер арасында жылу энергиясының құнын бөлу үшін қолданылады. Барлық пәтерлердегі әрбір радиаторға жылу энергиясының шығындарын бөлгіштер орнатылады және олар радиаторлардың түрлеріне сәйкес бекітілуі қажет екендігі баяндалған [6].

Сонымен бірге, халықаралық сарапшы Лилит В. Меликян Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасы мен Жаһандық экологиялық қордың «Халықты жылумен қамтамасыз етудегі энергия тиімділігін арттыру үшін кедергілерді жою» жобасы бойынша «Қазақстан: тұрғын үй инфрақұрылымын реформалау және халықты жылумен қамтамасыз етудегі энергия тиімділігін арттыру» есебінде жылу энергиясын есепке алу аспаптарының бар-жоғына қарай тұтынылған жылу үшін сараланған төлемді белгілеу бөлігінде Қазақстан Республикасының заңнамасына енгізілген өзгерістер мен толықтыруларды атап өтеді, бұл өз кезегінде ел үшін екі мәселені — тозығы жеткен тұрғын үй қорын жаңарту және тұрғын үй секторындағы жылумен жабдықтау мен тұтынудың энергия тиімділігін арттыру мәселелерін шешуде үлкен қадам болды. Сонымен бірге, жылу есептегіштерін орнатудың тиімділігін растай отырып, бұл есепте коммуналдық жылумен қамту секторындағы энергия тиімділігіндегі кедергілер көрсетілген [7].

Энергия тиімділігін арттыру және жылу энергиясын нақты тұтыну негізінде тарифтерді есептеу әдістемесін әзірлеу бойынша заңнамалық деңгейде жоғарыда аталған шаралар енгізіліп жатқанына қарамастан, коммуналдық төлемнің көп бөлігін жылу энергиясымен жабдықтау шығындары құрайтындықтан, қарапайым тұтынушылар үшін жылу бұрынғысынша ең қымбат коммуналдық қызмет болып қала береді.

Айта кету керек жайт, орталықтандырылған жылытуға қосылған пәтерлер бүкіл жылу беру маусымында жылуды тұтынады. Тұтынушылардың өз тұтынуын бақылай алмауы, жылу беру маусымының белгілі бір уақытында мұндай мөлшерде жылу алғысы келмейтіндіктен немесе кейбір кезеңдерде мүлдем мұқтаж емес кездерінде жылу үшін төлеуге оларды мәжбүрлейтіндей сезім тудырады.

Осылайша, орталықтандырылған жылытуды міндетті, бақыланбайтын және қымбат нәрсе ретінде қабылдайтын тұтынушылар жиі басқа опцияларға жүгінеді және жүйеден ажырауға талпынады. Мысалы, Болгарияда 2000–2005 жылдары аралығында тұтынуға негізделген биллинг (ТНБ) енгізілгенге дейін көптеген тұтынушылар орталықтандырылған жылумен жабдықтау қызметтерінің икемсіз сипатына шағымданды. Сол кезде бөлек кондиционерлерді өндірушілер мен жеткізушілер орталықтандырылған жылу жүйелері тәулік бойы жылу беретінін және пәтердің кейбір бөлмелерінде бөлек кондиционерлердің бірнеше сағат жұмыс істейтінін елемей, өздерінің жылытқыштарын пайдалану құны ең төмен жүйелер ретінде сәтті жарнамалады. Кейбір адамдар кешкі уақытта жұмыстан шығар алдында ұялы телефондарын кондиционерді қосу үшін пайдаланады. Түнде кондиционерлер жартылай қуатта жұмыс істейді, температураны 20 ° C-тан төмен ұстайды, ал таңертең қайтадан өшеді. Дегенмен, жеке жылытқыштары бар пәтерлерде тұтынуды басқару мүмкіндігі толығымен қамтамасыз етілген. Жылыту ұзақтығы мен көлемі тұрғындардың қажеттіліктеріне бейімделу мүмкіндігі де бар [8].

ТНБ моделінің негізгі философиясы тұтынушы пайдаланатын немесе тұтынатын қызметтеріне сәйкес төлейді. ТНБ — бұл ақылы модельге қарама-қарсы, тұтынушылар белгілі бір қызметті белгіленген уақыт шеңберінде шектеусіз пайдаланып, оны белгіленген мөлшерлеме бойынша төлейді.

ТНБ моделі жақсы белгілі және әдетте электр немесе табиғи газды есептеу үшін қолданылады. Орталықтандырылған жылумен жабдықтау үшін ТНБ моделі тұтынушыларға өз меншігінде нақты пайдаланатын жылу бірліктерін төлеуге мүмкіндік береді. Әрине, ТНБ есеп айырысу үшін тұтынылған энергия мөлшерін дәл көрсететін есептеу құралдарын орнату қажет екендігін білдіреді.

ТНБ-нің толық артықшылықтарын сезіну үшін тұтынушылар өздерінің тұтынуын бақылай алуы керек. Тұтынуды бақылау ТНБ-нің ажырамас бөлігі болып табылады. Сондықтан, ТНБ-ні талқылағанда, біз ғимарат деңгейіндегі жеке жылу пунктілерінен басталып, жеке тұтынушының меншігіндегі термостатикалық клапандармен (жылу есептегішімен немесе бөлгіштермен) аяқталатын бүкіл жүйені тұспалдаймыз. ТНБ-нің бұл түрі тұтынушылардың мүмкіндіктерін кеңейтудің ең жоғары дәрежесін қамтамасыз етеді және тұтынушы үшін энергия тиімділігі тұрғысынан да жақсы нәтиже береді. Тұтынуға негізделген есеп айырысу энергия тиімділігіне кепілдік бермейді, керісінше энергияны үнемдеуді арттыру арқылы сұранысқа негізделген шаралардан қаржылық пайда алудың қажетті шарты болып табылады.

Жеке жылу пунктілерінде ғимарат деңгейіндегі жылу есептегіш аспабы ғана орнатылған жағдайлар да бар, бірақ ол осы ғимараттағы пәтер иелерінің жеке бақылауына мүмкіндік бермейді. Бұл ТНБ моделі «ғимарат деңгейіндегі тұтынуға негізделген биллинг» деп аталады, ол әлі де берілген ғимараттағы барлық пәтер иелері үшін ұжымдық шешім бола отырып, тұтынушылардың өте шектеулі мүмкіндіктерімен қамтамасыз етіп, энергияны үнемдеу үшін ынталандырудың шектеулі түрі ғана болып табылады. Қарастырылып отырған ғимарат бір иесі бар коммерциялық ғимарат, мектеп мекемесі немесе жеке үй және т. б. ұйымдық бөлімше болған кезде мұндай шешім әлі де ТНБ нысаны болып саналады. Дегенмен, ғимарат деңгейіндегі ТНБ-нің түрі көп пәтерлі үйлерге қолданылғанда, бұл үдеріс бірінші қадам ретінде қарастырылуы керек. Өйткені, ең тиімдісі, ТНБ толыққанды жеке тұтынушы деңгейінде жылуды есептеуді қамтуы керек. ТНБ көмегімен тұтынушылар өз қажеттіліктерін термостатикалық клапандармен реттейді және аудандық жылу өндірісі жүйе сұранысының өзгеруіне жауап береді. Термостатикалық клапандар радиаторлар арқылы жылы судың ағынын арттырып немесе азайтып, жоғары немесе төмен қайтару температурасына әкеледі. Қайтару ағынының температурасы қазандықтағы жылу өндірісін бақылайды.

Негізгі нәтиже жылу өндіруді тиімдірек етеді, өйткені жылу артық көлемде емес, тұтынушылардың қажеттіліктеріне сәйкес өндірілетін болады.

ТНБ-ны іске асырудың табыстылығының кілті жалпы ОЕА-ның көрсеткіштері бойынша ғана емес, жеке тұтынылатын жылу энергиясының мөлшерін анықтау үшін есептеулер мен жеке (пәтерлік) жылу энергиясын есепке алу аспаптарының бар немесе жоқтығына қарай тарифті бекіту бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу болып табылады.

Қорытындылай келе, жылу энергиясын әділетті түрде есепке алу, тұтынушылардың желілердегі ысыраптар үшін артық төлем жасауына және бөтен тұтынушының шығындарын бөлісуіне жол бермеу үшін Үкімет деңгейінде кешенді іс-шаралар жоспары әзірленгені жөн. Бұл мәселені шешуді қамтамасыз ету мақсатында міндеттері анықталған, жауапты мемлекеттік органдар айқындалып, оларға заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша кешенді жұмыс атқаруға, соның ішінде республикадағы тұрғын үйлердің жеке (пәтерлік) жылу энергиясын есептеу аспаптарын орнатудың техникалық мүмкіндігін зерттеуге, сондай-ақ жеке (пәтерлік) жылу энергиясын есептеу аспаптарының бар-жоғына байланысты жылумен жабдықтау тарифтерін саралауды толықтыруға және басқа да қажетті іс-шараларды атқаруға тапсырма берілу қажеттілігі туындап отыр.

Әдебиет:

  1. Қазақстан Республикасының «Табиғи монополиялар туралы» 2018 жылғы 27 желтоқсандағы № 204-VІ Заңы // «Әділет» Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі. — URL: https://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z1800000204. Жүгінген күні: 15.06.2022 ж.
  2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің 27.05.2022 ж. № ЖТ-2022–01727165 хаты. Жүгінген күні: 17.05.2022 ж.
  3. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің «Тарифтерді қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы» 2019 жылғы 19 қарашадағы № 90 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2019 жылғы 20 қарашада № 19617 болып тіркелді. // «Әділет» Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі. — URL: https:// https://adilet.zan.kz/rus/docs/V1900019617. Жүгінген күні: 15.02.2022 ж.
  4. «Экспресс К» газеті // «Теплые отношения» № 239 (16625) — 23.12.2008ж. — URL: https://online.zakon.kz/Document/?doc_id=30368055&pos=26;-14#pos=26;-14.
  5. «Verkís» инженерлік фирмасының аға ғалымдары, инженерлері мен «Iceland GeoSurvey» зерттеу институты жетекшілігімен Исландияның жобалық тобымен даярланған «Қазақстанның геотермалдық ресурстарына алдын ала шолу» қорытынды есеп жобасы. // Жаңартылатын энергия көздерін қолдаудың есеп айырысу-қаржы орталығы, — 2018. — 54–55-беттер, — URL: https://rfc.kegoc.kz/media/ %D0 %9F %D0 %A0 %D0 %95 %D0 %94 %D0 %92 %D0 %90 %D0 %A0 %D0 %98 %D0 %A2 %D0 %95 %D0 %9B %D0 %AC %D0 %9D %D0 %AB %D0 %99 %20 %D0 %9E %D0 %91 %D0 %97 %D0 %9E %D0 %A0.pdf. Жүгінген күні: 15.06.2022 ж.
  6. «Қазақстандағы тұрғын үйлердің энергия тиімділігін арттыру: мемлекеттік инвестициялық бағдарламаны пилоттық әзірлеу» есебі // Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, — 2012. — 66-бет, — URL: https://www.oecd.org/environment/outreach/KAZ %20report_programme %20design_RUS_for %20web.pdf;
  7. Біріккен ұлттар ұйымының даму бағдарламасы /Жаһандық экологиялық қоры «Халықты жылумен қамтамасыз етудегі энергия тиімділігін арттыру үшін кедергілерді жою» жобасы бойынша «Қазақстан: тұрғын үй инфрақұрылымын реформалау және халықты жылумен қамтамасыз етудегі энергия тиімділігін арттыру» баяндамасы // Лилит В. Меликян халықаралық сарапшысы, — 2012. — 6–8-беттер.
  8. Инфрақұрылым бойынша «Орталық жылумен қамту тиімділігін арттыру: әрбір пайдаланушы үшін әділ есеп» бағдарламалық құжаты // Еуропалық қайта құру және даму банкі, — 2018. — 19-бет.
Основные термины (генерируются автоматически): URL, мена, немес, энергия, бар, KAZ, дама, тариф, тепловая энергия, электр.


Ключевые слова

жылу, жылумен жабдықтау тарифі, орталықтандырылған жылу энергиясымен жабдықтау, үйге ортақ жылу энергиясын есепке алу аспабы

Похожие статьи

Дизартриясы бар мектеп жасына дейінгі балаларда етістік лексикасын кеңейту негізінде белсенді сөздікті қалыптастыру

Берілген мақалада мектепке дейінгі баланың сөйлеу тілінің кезеңдерінің дамуы туралы қарастырылады.

Ұшқышсыз көліктердегі жұмыс принциптері мен қоршаған ортаны тану алгоритмдеріне шолу

Бұл мақалада қазіргі жобалар мысалында пилотсыз көлік құралдарының жұмысына енгізілген қазіргі кездегі принциптер мен тұжырымдамалар қарастырылады.

Мәтіндік деректерден ақпаратты алудың қолданыстағы әдістерін шолу

Мәтіндік деректерден ақпаратты алудың қолданыстағы әдістері ұсынылған. Мәндер мен қатынастарды бөліп алу тәсілдері қарастырылады. Ашық облыстардан мәндер мен қарым-қатынасты бөлу, атаулы мәндерді өңдеу, сондай-ақ уақыт бойы оқшауланған фактілерді сәй...

Заңсыз кірістерді заңдастыруды тергеудің негізгі бағыттары

Бұл мақалада Заңсыз жолмен келген ақшалай қаражаттарды немесе басқа мүлікті заңдастыруды тергеу бойынша жаңа шараларды жетілдіруге және әзірлеуге арналған негізгі бағыттары туралы қарастыралады.

Ұңғыманы пайдалануда құм көріністерімен күресу әдістері

Мақалада мұнай-газ өндіру саласындағы өзекті мәселелердің бірі қаралды. Құм көріністерімен күресудің заманауи әдістеріне, олардың артықшылықтары мен кемшіліктеріне талдау жасалды.

Бастауыш мектеп оқушыларының зерттеу дағдыларын дамыту

Мақалада кіші жастағы оқушылардың ғылыми-зерттеу қызметі олардың құндылығын, интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін өнімді дамыту қарастырылады, оқушылардың белсенділігің, олардың оқытылатын материалға қызығушылығы қалыптастырылады. Оқытылатын ма...

Зияты зақымданған бастауыш сынып оқушыларының оқу үдерісінде өзін-өзі бақылауды қалыптастыру

Берілген мaқaлaдa зияты зақымданған оқушылардың өзін-өзі бақылауын, әлеуметтік ортада еркін сезіне алуына тәрбиелеу мәcелелері турaлы қaрacтырылaды.

«Аударылған сынып» моделін іске асыру әдістемесін қалыптастырудың мазмұны

Мақалада «Аударылған сынып» технологиясын жүзеге асыру мәселелерінің ерекшеліктері қарастырылған. «Аударылған сынып» моделін білім беру процесінде тек онлайн оқыту жағдайында ғана емес, сонымен қатар офлайн форматта да кеңінен қолданылады. «Аударылға...

Ұңғымалық уату тәсілінің ерекшеліктері

Ұңғымалық уату жерастында бұрғылап жару жұмыстарын жүргізудің ең жиі таралған тәсілдерінің бірі болып табылады. Бұл мақалада ұңғымалық уатудың негізгі сипаттамалары, параметрлері және техника-экономикалық көрсеткіштері қарастырылған және ұңғымаларды ...

Қызанақ жемістерінің өнімділігі мен сапасына өсу реттегішін қолдану әдісі мен түрінің әсері

Қызанақ өсімдігінің өсуі мен қалыптасуын қадағалау — көкөніс дақылдарын өсірудің заманауи технологиясының негізгі көзі болып табылады. А. Борисов және О. Ганичкинның мәліметтері бойынша өсімдіктің қалыптасуы қызанақтың жеміс беруімен қатар, өсуін қад...

Похожие статьи

Дизартриясы бар мектеп жасына дейінгі балаларда етістік лексикасын кеңейту негізінде белсенді сөздікті қалыптастыру

Берілген мақалада мектепке дейінгі баланың сөйлеу тілінің кезеңдерінің дамуы туралы қарастырылады.

Ұшқышсыз көліктердегі жұмыс принциптері мен қоршаған ортаны тану алгоритмдеріне шолу

Бұл мақалада қазіргі жобалар мысалында пилотсыз көлік құралдарының жұмысына енгізілген қазіргі кездегі принциптер мен тұжырымдамалар қарастырылады.

Мәтіндік деректерден ақпаратты алудың қолданыстағы әдістерін шолу

Мәтіндік деректерден ақпаратты алудың қолданыстағы әдістері ұсынылған. Мәндер мен қатынастарды бөліп алу тәсілдері қарастырылады. Ашық облыстардан мәндер мен қарым-қатынасты бөлу, атаулы мәндерді өңдеу, сондай-ақ уақыт бойы оқшауланған фактілерді сәй...

Заңсыз кірістерді заңдастыруды тергеудің негізгі бағыттары

Бұл мақалада Заңсыз жолмен келген ақшалай қаражаттарды немесе басқа мүлікті заңдастыруды тергеу бойынша жаңа шараларды жетілдіруге және әзірлеуге арналған негізгі бағыттары туралы қарастыралады.

Ұңғыманы пайдалануда құм көріністерімен күресу әдістері

Мақалада мұнай-газ өндіру саласындағы өзекті мәселелердің бірі қаралды. Құм көріністерімен күресудің заманауи әдістеріне, олардың артықшылықтары мен кемшіліктеріне талдау жасалды.

Бастауыш мектеп оқушыларының зерттеу дағдыларын дамыту

Мақалада кіші жастағы оқушылардың ғылыми-зерттеу қызметі олардың құндылығын, интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін өнімді дамыту қарастырылады, оқушылардың белсенділігің, олардың оқытылатын материалға қызығушылығы қалыптастырылады. Оқытылатын ма...

Зияты зақымданған бастауыш сынып оқушыларының оқу үдерісінде өзін-өзі бақылауды қалыптастыру

Берілген мaқaлaдa зияты зақымданған оқушылардың өзін-өзі бақылауын, әлеуметтік ортада еркін сезіне алуына тәрбиелеу мәcелелері турaлы қaрacтырылaды.

«Аударылған сынып» моделін іске асыру әдістемесін қалыптастырудың мазмұны

Мақалада «Аударылған сынып» технологиясын жүзеге асыру мәселелерінің ерекшеліктері қарастырылған. «Аударылған сынып» моделін білім беру процесінде тек онлайн оқыту жағдайында ғана емес, сонымен қатар офлайн форматта да кеңінен қолданылады. «Аударылға...

Ұңғымалық уату тәсілінің ерекшеліктері

Ұңғымалық уату жерастында бұрғылап жару жұмыстарын жүргізудің ең жиі таралған тәсілдерінің бірі болып табылады. Бұл мақалада ұңғымалық уатудың негізгі сипаттамалары, параметрлері және техника-экономикалық көрсеткіштері қарастырылған және ұңғымаларды ...

Қызанақ жемістерінің өнімділігі мен сапасына өсу реттегішін қолдану әдісі мен түрінің әсері

Қызанақ өсімдігінің өсуі мен қалыптасуын қадағалау — көкөніс дақылдарын өсірудің заманауи технологиясының негізгі көзі болып табылады. А. Борисов және О. Ганичкинның мәліметтері бойынша өсімдіктің қалыптасуы қызанақтың жеміс беруімен қатар, өсуін қад...

Задать вопрос