Педагогикалық ЖОО студентінің имиджі қазіргі қоғамдағы әлеуметтік-мәдени өзгерістердің көрінісі ретінде | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 4 мая, печатный экземпляр отправим 8 мая.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Омарова, А. К. Педагогикалық ЖОО студентінің имиджі қазіргі қоғамдағы әлеуметтік-мәдени өзгерістердің көрінісі ретінде / А. К. Омарова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2021. — № 25.1 (367.1). — С. 13-14. — URL: https://moluch.ru/archive/367/82736/ (дата обращения: 20.04.2024).



Елімізде білім беру жүйесі үнемі басты назарда. Болашақ мамандарды даярлайтын жоғары оқу орындарының орны ерекше екендігін айтқым келеді. Бүгінгі күнгі студенттер, ертеңгі күнгі үлкен маман иесі атанып, ел дамуы жолында ат салыспақ. Сондықтан оларға қойылатын талап та ерекше. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы «Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Дамыған, бәсекеге қабілетті мемлекет болуымыз үшін біз сапалы білімге, сауаттылығы жоғары елге айналуымыз қажет» [1], — деп атап көрсетті.

Бұл талапарға сай болу үшін, студенттердің барлық жағынан үздік болуына аса мән бергеніміз жөн. Әсіресе, болашақ педагогтар алдағы уақытта ұрпақты тәрбиелейтін, ұстаздық жолда қызмет ететін тұлғалар болатындықтан, тек білімді болып қана қоймай, сонымен қатар сыртқы түр-келбеті, мінез-құлқы да соған сай болуы тиіс. Ол ғылымда имидж атауымен көпшілікке таныс.

Жалпы, имидж ағылшынның «image» сөзінен алынған, «образ», «түр», «келбет» сөздерінен шыққан. Өз имиджін қадағалау бұл адамды өзіне қарату. Бірнеше мағынасы бар «имидж» ұғымының өзіне қарағанда «педагог имиджі» бір мағынада анықталатын өзекті тақырып болып саналады [2, 115 б.].

Педагогикалық жоғары оқу орны студенттерінің имиджі де үнемі басшылыққа алынуы тиіс. Себебі олар қазірден қалыптасқан қағиданы болашақта жүзеге асырып, дағдыға айналдыруы мүмкін. Сондықтан студенттер ұстаздық ұстанымды қалыптастыру барысында киіну әдебі мен мінез-құлқына сараптама жасаулары тиіс.

А. Ю. Панасюк «қазіргі таңдағы педагог имиджінің» моделінде ақпараттың мынадай блоктарын бөліп көрсетеді: габитарлы (латынның «габитус» сөзінен — «сыртқы түрі») — киімі, шаш үлгісі, макияж, аяқ киім, парфюм; кинетикалық — мүсіні, жүрісі, дене қимылы, мимикасы; сөйлеуі — жазбаша және ауызша сөйлеу мәдениеті, сауаттылығы, стилі, жазуы; орта — адамның өзі қалыптастырған өмір сүру ортасы; затқа айналдыру — адам еңбегінің өнімдері. Алғашқы үшеуі жеке қарым-қатынаста байқалады, соңғы екеуі — адам туралы сырттай ақпарат береді. Олар біріге отырып, адам туралы тұлға ретінде және кәсіпқой ретінде [3, 7 б.].

Болашақ мамандардың киіну әдебіне мән беруіміздің себебі, ұстаз оқушылардың назарын өзіне аударатын, ашық-шашық образға орын бермеуі керек. Бұл өзіне және жұмысына деген құрметтің артуына себеп болады. Сонымен қатар, мұғалімнің киіну әдебі барысында қою түстерге де жол бермеуін қадағалау қажет. Бұл шәкірттердің назарын өзге нысанға аудартып, ойын бөледі. Педагогтар денесіне қатты жабыспайтын киімдерді таңдап, өздерінің сырт келбетіне жіті мән бергені дұрыс.

Бұл әдеттердің бәрі ұстаздарға тән құбылыс болғанымен, студенттерге бұл дағдылар білім ордасында берілуі қажет. Жоғары оқу орынында тәрбиеленіп жүрген жеткіншектердің өздеріне тән стилі, ұнамды имиджі, түрлі қылықтары болады. Кез келген адамның таңдауына құрмет көрсету қоғамның басты мақсаты. Дегенмен, енді ғана оң-солын танып келе жатқан студенттердің оғаш қылықтарына да көз жұма қарап, үндемей қою да жарамайды. Әсіресе, педагогикалық салада білімдерін толықтырып жүрген жандардың тәрбиесі қашан да жіті назарда болуы шарт. Мектепте арнайы формаға, белгілі бір тәртіпке бағынған балалар, жоғары оқу орнына түскеннен кейін, өздеріне берілген еркіндікті өзгеше сипатта пайдаланып, белгілі бір жүйеге бағынудан бас тартулары да ғажап емес. Әлбетте, мектеп пен университеттің айырмашылығы бар екендігі айтпаса да түсінікті, алайда бұл ойларына не келсе соны істеуге болады деген сөз емес. Жоғары оқу орнының да өзіне тән тәртібі, бекіткен ережелері, ұстаздар тарапынан бақылау орнатылуы қажет.

Жалпы, жоғары оқу орындарында педагогика саласында білім алып жүрген жеткіншектердің имиджі қазіргі қоғамдағы әлеуметтік-мәдени өзгерістердің көрініс ретінде сипат табады. Кез келген мемлекеттің жастарына қарап, болашақ туралы ой түюге болады. Себебі, алдағы уақытта ел тізгінін өз қолдарына алып, жетекшілік ететін бірден-бір жан, ол — қазіргі жастар. Сондықтан ұлт болашағы ыдырамау үшін қаймағы бұзылмаған қазақ халқының құндылықтарын ұрпаққа сабақтастық ретінде қалдыру мәселесі, бүгінгі жастардың жағдайына назар аудартуды қажет етеді. Бұл тек студенттердің өздеріне ғана емес, болашақ ұлт үшін де өте маңызды. Себебі, олар келешекте ұрпақ тәрбиелейтін, бойларындағы дағдыларын шәкірттердің бойына сіңіретін, тәрбие нәрімен сусындататын ұстазға айналады. Сондықтан, олар өздеріне тән, үлгі боларлық имидж қалыптастырып, игі қасиеттерді бойларына сіңіре отыра, рухани жағынан болсын, сырт келбетімен де көз тоятындай тұлғаға айналуы тиіс.

Әдебиет:

  1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауы.
  2. Пидкасистый П. И. Педагогика: педагогикалық жоғары оқу орындары мен педагогикалық колледждер студенттеріне арналған оқу құралы. — 56 б.
  3. Калюжный А. А. Формирование имиджа учетеля. — С. 177.


Задать вопрос