Мақалада Алматы облысындағы мал жайылымдарының қазіргі даму және жұмыс жасау тенденциясы қарастырылған. Жер жәннәті аталып кеткен аймақтың бүгінде жартысынан астамы жайылым жерлерге тиесілі. Дегенмен, жайылым жетіспейді деп дабыл қағып жүрген шаруалар шағымы күннен күнге ұласып келе жатыр. Бұл жайылым жерлердің қазіргі жағдайын,,басқарылуын аса мұқият зерттеуді қажет етеді.
Кілтті сөздер: мал, жайылым, даму, тенденция.
В статье рассмотрены современные тенденции развития и функционирования пастбищ Алматинской области. Сегодня более половины области принадлежит пастбищам. Однако жалобы крестьян, обеспокоенных отсутствием пастбищ, нарастают. Это требует тщательного изучения текущего состояния и управления пастбищ.
Ключевые слова: животноводство, пастбища, развитие, тенденции.
Қазіргі таңда Алматы облысындағы мал жайылымдар түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы даму үстінде. Облыстың жер қоры — 22 млн. 357 мың га. Ауыл шаруашылығына берілген жердің көлемі — 5 770,4 млн га, соның ішінде 986,4 мың га — егістік, жайылымдардың ауданы 6882 мың га, оның жақсартылғаны — 36,6 мың га, суарылатыны — 5430,2 мың га. Табиғи жайылым жерлерінің құрамындағы жайылым айналымының үлесі 21,7 % құрайды. Бұл ретте босалқы жерлер көлемі 7,5 млн.га. Жайылымдардың облыстың көп аумағын алып жатқанына қарамастан, бүгінде жайылымдардың жағдайы нашар болып тұр.
Жайылымдар облыста үш деңгейлі жолмен қолданылуда. Бірінші деңгейдегі жайылым — облысқа жататын ауылдық округтегі тұрғындардың жаппай қолдануындағы жерлер. Бұл жайылымдарды ауылдық әкімдік басқарады, ал сол ауылдық округке қарайтын малы бар тұрғындардың бәрі оны тегін қолданады. Дәл осы жерлерде тек бүкіл мал басының 70–80 пайызы бағылуда. Онда 50–60 бас қарасы бар халық жерлерді шиырлап, малын өсіріп жатыр. Бұл ауыл маңындағы жайылымдардың тозуына негізі антропогендік фактор себеп болып отыр. Себебі, ұзақ мерзімнен бері күнделікті таңертеңнен кешке дейін малдың бір аумаққа жайылуы жайылымдық экожүйелердің табиғи тепе-теңдігінің бұзылуы мен топырақ пен өсімдік жамылғысының тозуына (деградация) әкеледі. Ауылдық әкімдік жайылымға қанша мал жүктемесі болу қажеттігін де тексеріп отырмайды. Мәселен, Алматы облысында ең көп мал басы Талғар, Алакөл, Ақсу аудандарында тіркелген. (Кесте 1) Ең қызығы — аудандар арасында жайылымдық жерді ең аз қолданатын Ақсу ауданы (197 мың га жер). Одан кейін екінші кезекте тұрған — 86 мың гектар жер Алакөл ауданында.
Кесте 1
2020 жыл аудандар бойынша мал басы саны
Ірі қара мал |
Сүтті табынның сиырлары |
Етті табынның сиырлары |
Қойлар |
Ешкілер |
Жылқылар |
Түйелер |
|
Алматы облысы |
6 861 |
2 057 |
327 |
17 892 |
177 |
1 399 |
93 |
Талдықорған қ.ә. |
305 |
106 |
- |
535 |
- |
- |
- |
Ақсу |
395 |
- |
- |
1 000 |
- |
- |
- |
Алакөл |
635 |
266 |
- |
15 536 |
15 |
724 |
- |
Балқаш |
63 |
- |
26 |
470 |
162 |
447 |
93 |
Еңбекшіқазақ |
195 |
- |
- |
- |
- |
- |
- |
Жамбыл |
695 |
70 |
261 |
- |
- |
128 |
- |
Кербұлақ |
- |
- |
- |
- |
- |
1 |
- |
Көксу |
- |
- |
- |
351 |
- |
- |
- |
Қарасай |
1 393 |
- |
- |
- |
- |
- |
- |
Райымбек |
252 |
112 |
- |
- |
- |
- |
- |
Талғар |
2 691 |
1 403 |
- |
- |
- |
- |
- |
Ескелді |
20 |
20 |
- |
- |
- |
- |
- |
Ұйғыр |
217 |
80 |
40 |
- |
- |
99 |
- |
Малдарды шамадан тыс жаюдың кepi əcepi үш құбылысқа: өсімдіктер құрамының өзгеруіне, экологиялық-физиологиялық үрдістер мен ортаның бұзылуына əкеліп соқтырады. Көп қайтара желінген өciмдiктepдiң жаңа өскіндер беру қабілеті төмендейді. Бұл қоректік заттар қорының шектен тыс шығындалуына тікелей байланысты. Өсімдіктердің жер бетіндегі бөлігінің азаюы, оның тамыр жүйесіне де кepi əсерін тигізеді. Тамырлары топырақтың беткі қабатында қалыптасып, тереңге бойламайды. Яғни тамыр жүйесінің топырақтың төменгі қабатынан ылғал сору мүмкіндігі шектеледі, бұл құрғақ ауа-райы жағдайында өсімдіктің қуаңшылыққа, аязға төзімділігін төмендетеді. Жайылымдардың тапталуы өсімдіктердің құнды түрлерінің арамшөп немесе мал жемейтін түрлеріне ауысуына, өнімділіктің төмендеуінен, пайдалану маусымының шектелуінен көрінеді.
Ауылшаруашылық энциклопедиясында жайылымның жүктемесі маусымдық жайылымдағы орташа есеппен 1 га жерге келетін мал басының санымен анықталады. Өзеннің жайылмалары мен бірінші жайылмадан жоғарғы терассаның солтүстігіндегі жайылымдарға 90–95 бас қойға дейін жіберуге болады екен. Ал, басқа ландшафттардағы жайылымдардың жүктемесі 35–40, олардың ішіндегі тоза бастағандарына 25–30 бас қой санынан аспауы қажет және әр малдың түріне қарай жеке жүктемесі бар. Облыстың жайылымдарын жақсарту ең алдымен облыс аудандары бойынша жайылым жүктемесін нақты қадағалаудан басталу қажет.
Келесі жайылым түрін ауылдық округтердегі жерлерді жалға алған түрлі ЖШС, АҚ, ӨК, орман және су шаруашылығы мен айрықша күзетілетін аймақтар кәсіпорындары пайдаланады. Олар ауылдық әкімдіктің билік ету құзыретіне енбейді. Жерді жалға алу үшін олар жер ресурстарын басқару жөніндегі өкілетті органмен келісімшарт жасасқан, дегенмен мал шаруашылығымен айналысып жатқандығын тексеретін бақылаулар аз. Бұл жерлер 49 жылға жалға беріледі, салығы мен жалдау ақысын төлеп отыру міндетті. Сол себепті иелері бөтен біреулердің өз жеріне мал жайғанын қаламайды.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы шетелдіктерге жердің жалға беру туралы заңды қайта қарауға шешім қабылдады. Алдағы уақытта шетелдіктер жалға алған жайылымдар қайтарылып, елімізде мал шаруашылығының дамуына бағытталса нұр үстіне нұр болар еді.
Үшінші деңгейде мемлекет меншігіндегі шалғайдағы жайылымдар. Бұларға мал айдап апарып, шалғайдағы мал жайылымдары ретінде қолдануға болады. Алайда ұсақ немесе санаулы малы бар шаруаға мүмкіндік жоқ. Бүгінде «жайылым пайдаланушылар бірлестігі» деген ұйымдар құрылғалы жатыр. Тұрғындардың мал басын біріктіріп, қойдан отар, сауылмайтын қара малдан табындар, жылқыдан үйірлер жасап, алыс қиырдағы жайлауларға бағудың қамын жасайды. Солай біріктірілген малдың бәрін ортадан тағайындалған малшылардың күшімен шалғайдағы жайылымға айдайды. Осылай жайылымдарды пайдаланудың үшінші мүмкіншілігі қолға алынып жатыр. Бұл — әлі де пайдаланылмай жатқан алыстағы аймақтарды игеруге, ауыл маңындағы тозып жатқан жайылымдарды сақтауға жақсы шешім.
Сурет 1. Алматы облысы аудандарының жайылым көлемі, гектар
1-суретте көрсетілгендей облыста ең көп жайылымдық жер Сарқан (1 703 мың га) және Балқаш (1 233 мың га) аудандарына тиесілі. Соған қарамастан, мал басының шамамен 80 пайызы ауылдар маңында жайылады, алыс аймақтарда бос жатқан жайылымдар игерусіз жатыр.
Осы тұста қазақ халқының ежелгі дәстүрлі мал бағу әдісін айта кеткен жөн. Отырықшылыққа ауысқанға дейін шаруалар төрт-түлігін жылдың төрт мезгілінде жайылымды ауыстыра отырып баққан. Көшпелі шаруашылық негізінде жүзеге асатын мал шаруашылығы өсімдік жамылғысының жұқаруы мен жайылымдардың тозуынан сақтайды. Сондықтан, маусымдық айналмалы жайылым жүйесі жайылымдарды тиімді пайдаланудың бірегей әдісі ретінде де мойындалып отыр.
Бір жайылымды ұзақ уақыт бойы немесе бір мезгілде бірнеше рет пайдалану — құнды өсімдіктердің жойылуы мен жер бетінің жалаңаштануы нәтижесінде құмдардың жылжымалы күйге еніп, шаруашылық тұрғысынан алғанда, жарамсыз жерге айналуына алып келеді. Н. Т. Нечаева құмды жайылымда малды айналмалы негізге қарағанда, бір жерге жаю — жайылымның келесі жылғы өнімділігін 10–45 %-ға кемітіп жіберетіндігін анықтаған.
Жайылымдардың оңтайлы пайдалану және тиімділігін арттыру үшін олардың биологиялық өнімділіктерін, мал-азықтық ерекшеліктерін (малдардың түрлеріне қарай жарамдылығы), маусымдылығын (вегетациялық кезеңінің ұзақтығына) ескере отырып, маусымдар бойынша айналмалы негізде пайдалану керек деп есептейміз. Мәселен, әр ауданның жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспары жыл сайын бекітіледі. Ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың және айдаудың маусымдық маршруттарын белгілейтін жайылымдарды пайдалану жөніндегі күнтізбелік графигіне сәйкес жүргізілетін болса, жайылымдарды тынықтырып, бүлінунің алдын ала аламыз.
Кесте 2
Ақсу ауданы бойынша ауыл шаруашылығы жануарларын жаюдың және айдаудың маусымдық маршруттарын белгілейтін жайылымдарды пайдалану жөніндегі күнтізбелік графигі
Жылдар |
Жайылымдарға малдарды айдап шығару және жайылымдардан қайтару мерзімі |
|||
Көктем |
Жаз |
Күз |
Қыс |
|
2020 |
Наурыз айының І-ші он күндігі Мамыр айының ІІ-ші он күндігі |
Маусым айының І-ші он күндігі Тамыз айының ІІ-ші он күндігі |
Қыркүйек айының І-ші он күндігі Қараша айының ІІ-ші он күндігі |
Желтоқсан айының І-ші он күндігі Ақпан айының ІІ-ші он күндігі |
2021 |
Наурыз айының І-ші он күндігі Мамыр айының ІІ-ші он күндігі |
Маусым айының І-ші он күндігі Тамыз айының ІІ-ші он күндігі |
Қыркүйек айының І-ші он күндігі Қараша айының ІІ-ші он күндігі |
Желтоқсан айының І-ші он күндігі Ақпан айының ІІ-ші он күндігі |
Қазіргі кезде жайылым жүктемесі мен айналымы сақталмаған жерлердің тозуы Райымбек және Қарасай аудандарында аса айқын байқалады. Облыстың ауыл шаруашылығы алқаптарын сапалық бағалауына сәйкес жалпы аудандардың 38 %-ы алқабы сор топырақты жерлерге, 34 % желден бүлінген, 19 % тұзды, тек 6 % теріс белгілерге ұшырамаған жерлер болып табылады.
Алдағы уақытта азып-тозған жерді қайта қалпына келтіру үшін төмендегідей іс-шаралар жүргізу қажет:
— Жерді пайдалану саясаты, ол Қазақстанның өсімдік жамылғысының алуан түрлілігін сақтауға бағытталу керек.
— Қоғамда жердің азып-тозуының себебін түсіну деңгейін көтеру. Бұл жер ресурсын басқару бағытында қызмет ететін орта буындағы жетекшілеріне семинарлар мен жиналыстар өткізуге бағыттайды.
— Азып-тозған жерлерді қайта қалпына келтіру бойынша арнайы бағдарлама қабылдану керек.
— Маусымдық айнымалы мал жайылым жүйесін енгізу қажет
— Аудандардың табиғи ерекшелігіне байланысты жаюға болатын мал санынының есебін жасау.
Әдебиет:
- Куттыксейтов Е. Е. Алматы облысының жер қорының жағдайы және оны тиімді пайдалану жолдары 2014. № 2 (61), 398–400б.
- Алимаев Илья Ильич. Местные общины в борьбе с деградацией пастбищ, Алматы, 2007. 11б
- Беласарова Ш. М. Алматы облысының жер қоры және оны тиімді пайдалану мәселелері, Алматы, 2002. 146–147б
- Базаров Б. Жайылым қорын тиімді пайдалану, 2007.18–19 б
- Серімбетов А. Е. Жайылым жерлердің қазіргі заманғы күйі және тозуының басты себептері, Тараз,2013. 162–164б