Мақал-мәтелдер мен фразеологиялық тіркестер сияқты прецедент мәтіндер шеңберіндегі зооморфтық метафоралар аясындағы мәдени кодты шешу танымдық тіл біліміндегі әлі де өзектілігін жоймаған мәселе десек қателеспейміз. Адамның мінез-құлқы мен іс-әрекетіне баға беріп, оны сипаттау үшін қолданылатын зоометафоралар — өзінің бойына ұлт өкілдерінің салт-дәстүрлерінен, әдет-ғұрыптарынан мол мағлұмат жинақтаған ерекше феномен. Халық өзінің өткен дәуірлердегі наным-сенімін, түйсік-түсінігін, ой-қиялын, тыныс-тіршілігін аз сөздің аясына сыйдырып, әрі нәрлі, әрі әрлі етіп ерекше өрнектей білген. Түп төркіні беймәлім сөздердің сәті түсіп, кілті табылғандай болса, көп нәрсені баян етіп, халықтың өткендегі ой-қиялы, тыныс-тіршілігі, дүниетанымы туралы сыр шертіп тұрады [1, 12 б.] — деген белгілі ғалым Н. Уәлидің бұл пайымы ойымызды дәлелдей түседі.
Жақсы ат жанға серік, Жақсы ит малға серік деген принципті ұстанған қазақи дүниетанымдағы маңызды ұғымның біріне жататын жеті қазынаның қатарындағы жылқы — a horse және ит — a dog зоонимдерімен жасалған прецедент мәтіндерге тоқталып, олардың тасасындағы мәдени кодты аксиологиялық тұрғыдан салғастырсақ, олардың қазақ және ағылшын ұлттық қауымдастық өкілдеріне тән ортақ белгілерімен қатар, өзіндік ерекшеліктерінің де бар екенін байқаймыз.
Атұстарың өзіңе тартсын! — деген бата-тілек мағынасындағы қолданыстан шаңырақ иесі функциясын атқаратын ұлының болуын әу бастан қалайтын қазақтың, оны жылқысыз елестете алмайтынын аңғарамыз. Сондай-ақ, тілімізде Адам жылқы — мінезді, Жылқы — малдың патшасы, Ат — ердің қанаты т . б . көзқарастар берік қалыптасқан.
Түрлі діни жоралғылар, тотемшілдік, ертегі-дастандар және мифологиялық дүниетаныммен астасқан образ, эталондар қатарында иелерін қиындықтан құтқаруға даяр тұрып, тіпті тіл де бітіп кететін Тайбуырыл, Байшұбар мен жылқы атасы- Қамбар ата т . б . , ал, ағылшын тілінде жасырын қауіп-қатерді сипаттау мақсатында қолданылатын, ежелгі гректерден келген The Trojan Horse (сөзбе-сөз: Троян жылқысы ) т.б. прецеденттер бар. Ит иесі үшін жүгіреді, Жақсы ит иесінің көз-құлағы т . б . ұстанымдарда иесіне берілгендік, адалдық тәрізді қасиеттер бағаланатынын көреміз. Қазақтардың тілдік санасында кәрілік концептісін репрезенттейтін Кәрі ит шоқиып отырмаса, үре алмайды сияқты көзқарас кездессе, ағылшындар Аn old dog barks not in vain (сөзбе-сөз: кәрі ит бекерге үрмейді ) деген пайыммен оны ақылгөй ретінде сипаттайды.
Бос сөз, өсек-аяңды меңзеу үшін қолданылатын The dogs bark, but the caravan goes on;Ит үреді, керуен көшеді деген нақылда ит үреді , бірақ, жылқы көшеді деген образдар нақтыланып, үрген иттің жолай қалып қоятыны, ал аттың ары қарай жүрісін жалғастыратыны айтылады. Оның астарында жылқы зоонимінің аксиологиялық тұрғыдан алғанда оң, ал иттің теріс бағаланып тұрғанын байқау қиын емес.
Теріс коннотациямен ерекшеленетін көзқарастарға үндемегеннен үйдей бәле шығады дегенді білдіретін dumb dogs are dangerous (сөзбе-сөз ауд.: үрмейтін иттер қауіпті ) немесе ит кірмеде жүргендердің қоғамдағы орнын нақтылайтын to be in the doghouse (сөзбе-сөз ауд.: ит күркеде болу ) т.б. дәйек бола алады. Қазақтардың тілдік қауымдастығында Қабаған ит қайыр байлайды;Ысқырған жылан шақпайды,Үреген ит қаппайды — деп, үрмейтін иттің іс-әрекеті құпталмайды. Осындай көзқарасты ағылшындардың да ұстанып, Barking dogs seldom bite (сөзбе-сөз ауд.: Үрген ит сирек тістейді ) — деп есептейтінін аңғарамыз.
Бір ит көріп үреді, екі ит еріп үреді дегенге саятын One barking dog sets the whole street a-barking (сөзбе-сөз ауд.: Бір ит үрсе бүкіл көшенің иті үреді ) мақалдың мағынасы да жағымсыздықпен астарласып, адамдардың ермелік қасиетін сынау мақсатында қолданылады.
Қазақ тіліндегі жатқан жыланның құйрығын баспа деген пайымды ұстанған ағылшындар да Let sleeping dogs lie (сөзбе-сөз ауд.: Ұйықтап жатқан иттер жата берсін, тиме ) нақылы арқылы басыңды дау-дамайға қалдыруы мүмкін нәрсеге ұрынбауға кеңес береді. Dog does not eat dog (сөзбе-сөз ауд.: ит итті жемейді ) деген ойды сипаттау үшін қазақтар қарға образын алып, қарға қарғаның көзін шұқымайды — деп топшыласа, енді бірде, екі ұлттың өкілдері де Dog eats dog, яғни (сөзбе-сөз ауд.: ит итті жейді ), яғни ит иттік қылады деген ой түйеді.
Алғыс білдіру
Ғылыми-зерттеу жұмысы «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты жанындағы «Руханият» ғылыми-зерттеу орталығының «Қазақ және ағылшын тілдеріндегі прецедент мәтіндердің астарындағы аялық ақпараттардың ұлттық сипаты» тақырыбындағы университетішілік жобасы шеңберінде орындалып, университет құрылтайшысының қаржыландыруымен жарық көрді.
Әдебиет:
1. Уәлиев Н. Фразеология және тілдік норма. — Алматы: Республикалық баспа кабинеті, 1998. -128 б.
2. Кеңесбаев І. Фразеологиялық сөздік. — Алматы: Арыс, 2007. — 800 б.
3. Кунин А. В. Англо-русский фразеологический словарь. — М.: Рус. яз., 1984.