Қазақ драматургиясындағы ұлт-азаттық көтеріліс тақырыбы | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 22 мая, печатный экземпляр отправим 26 мая.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Молодой ученый Қазақстан

Опубликовано в Молодой учёный №16 (358) апрель 2021 г.

Дата публикации: 17.04.2021

Статья просмотрена: < 10 раз

Библиографическое описание:

Кобланов, Ж. Т. Қазақ драматургиясындағы ұлт-азаттық көтеріліс тақырыбы / Ж. Т. Кобланов. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2021. — № 16 (358). — С. 381-383. — URL: https://moluch.ru/archive/358/80001/ (дата обращения: 09.05.2021).



Мақалада қазақ драматургиясындағы ұлт-азаттық көтерілісі тақырыбына жазылған пьесалардың табиғатын ашу мәселелері қарастырылады. Жеке қаламгерлердің суреткерлік шеберлігі, өзіндік ерекшеліктері талданып, шығармаларына ғылыми тұрғыдан баға беріледі.

Түйін сөздер: ұлттық драматургия, пьеса, характер, тартыс, поэтика, сюжет.

В статье рассматриваются вопросы раскрытия природы пьес, написанных на тему национально-освободительного восстания в казахской драматургии. Анализируются художественные навыки, особенности отдельных авторов, дается научная оценка их произведений.

Ключевые слова: национальная драматургия, пьеса, характер, конфликт, поэтика, сюжет.

1916 жылғы көтеріліс тақырыбы Орта Азия мен Қазақстан халықтары әдебиетінде кеңінен көрініс тапты. Көтерілістің пайда болу себептері, өрістеуі, жеңілу факторының ұқсастығынан шығар қазақ, өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түрікмен жазушыларының туындылары бір-бірімен үндесіп жатады. Қазақ әдебиетінде Сәбит Мұқановтың «Ботакөз» романы, Мұхтар Әуезовтің «Түнгі сарын», Бейімбет Майлиннің «Жалбыр» атты пьесалары, Берді Кербабаевтың «Алып адамдар», өзбек әдебиетінде Айбектің «Қасиетті қан» романы — 1916 жылғы халық көтерілісін суреттеуге арналған шығармалар. Психологиялық талдауға шебер Айбек революция алдындағы өзбек халқы өмірінің көп шындығын қаз-қалпында береді. Мырзакәрім байдың есігінде жүрген малай Жолшының азаттық күреске бет бұруын жазушы сенімді суреттейді. Ал, қазақ қаламгері М.Әуезовтің «Түнгі сарын» пьесасы қазақтың реалистік драматургиясының негізін қалаған тұңғыш шығарма. «Түнгі сарын» пьесасы 1916 жылғы қазақ даласында болған ұлт-азаттық қозғалыстың мәнін ашқан, қазақ қоғамының революцияға дейінгі тарихи шындығын типтік жағдайда суреттеген құнды шығарма.

Пьесада образдар түгелдей дерлік толыққанды әрі есте қалатын айқын характерлер болып шыққан. Жантас пен Тәнеке халықтың ортасынан шыққан батырлар. Жантас — қажырлы, өжет, жігерлі, парасатты жігіт. Ол жеке өз өміріне байланысты көптеген қасіретті жайларды басынан кешіреді. Нұрқан сияқты зұлымдар оның сүйген қызы Мөржанды зорлап, масқара қылғысы келеді. Одан ештеңе шықпағаннан кейін, Жүзтайлақтың әзәзілдігімен надандық тұзағына түскен Ділдәні баласы Жантасқа қарсы айдап салады. Ол Жантастың ізіне ермей, біреудің есігінде малай болып қалады. Мұндай жағдайлардың бәріне Жантас қиналады. Бірақ ол алға қойған мақсатынан қайтпайды. Жеңілген тұста да Жантас мойымайды.

Пьесадағы жағымсыз кейіпкерлердің ішінде ең сәтті шыққан — Жүзтайлақ характері. Ол қазақ драматургиясында бұрын-соңды болмаған бейне.

«Адам бойындағы азғындықтың бәрі осы Жүзтайлақ бейнесіне жинақталған. Ол өз ойын іске асыру үшін қандай сорақылықтан да бас тартпайтын жан» [1.60 б.]. Жанын да, тәнін, арын да сол жолға құрбандыққа шалуға дайын. Мысалы, өзінің сайқалдық әрекеттерімен арбап, Жүністі тыңшылыққа пайдаланады. Аңғал мұғалім Сапаның да басын айналдырып, өзінен дәмегөй қылады.

Пьесадағы көп қырлы бейненің бірі осы — Сапа бейнесі. Ол алғашында аңғалдықпен Жүзтайлаққа ғашық болып, дос пен дұшпанды айыра алмай арпалысады. Кейін көзі ашылып, дұрыс жолға түседі.

Мұхтар Әуезовтің бұл пьесасы идеялық мазмұны жағынан да, көркемдік дәрежесі жағынан да сол кезеңдегі қазақ драматургиясындағы шоқтығы биік шығармасы болды.

Бейімбет Майлин мен Ғабит Мүсіреповтің «Аманкелді» пьесасы да 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тақырыбына арналған. Пьеса 1934 жылы жазылып, 1935 жылы жеке кітапша болып жарияланды. Авторлар пьесаны қайта өңдеп, пьесаның өңделген нұсқасы 1937 жылы театр сахнасына қойылды.

Бұл пьесада көтерілген тартыстың нанымды суреттелуі, ондағы характерлердің шебер жасалып, әрбір кейіпкердің өз іс-әрекеттерімен дараланып көрінуінде жатыр. Ал, бірнеше образдардың, күшті характерлердің шығуы, олардың бір-біріне ұқсамай, әрқайсысы өзіне ғана тән қасиеттермен дараланып көрінуі — пьесадағы негізгі тартыстың нанымды түрде берілуіне тығыз байланысты.

Пьесаның негізгі кейіпкері — Аманкелді. Ол пьесадағы басқа кейіпкерлердің ешқайсысына ұқсамайтын өзіндік ерекшеліктері бар образ.

Ол қара күшке сенген бұрынғының аңғал батыры емес, үлкен ақылдың иесі. Әрбір қадамын аңдап басатын, әрбір сөзін ойлап айтатын, әрбір сәтті іске де, әрбір сәтсіз іске де мән беріп, терең толғанып, халықтың пайдасына шешу жағын көп қарастыратын адам.

Қарсақбайдан үш жұз жұмысшы келіп қосылғанда, ол туды сүйіп тұрып ант береді. Өзінің бойын кернеген ішкі сезімін түгел ақтарады: «Жұмыскер жұртым, оң қолымда сенің туың болар қашанда! Елдің арман, тілегінің алдында азаттық үшін төгілер қан, ағар жасты, тартар азап, ауыр бейнетті алып, қасық қаным қалғанша адал ниет, ақ тілегіңнен аумасыма ел атымен ант етемін!» — дейді [2.59 б.].

Аманкелді өмірдің даму заңын түсінетін, тарихи жағдайға дұрыс бағасын бере алатын адам ретінде суреттеледі. Оның Петрмен сырласқан мына бір бейнесін алайық:

Аманкелді: Бір дүние жаңарып жатса, енді бір дүние ескіріп жатады, ә? Тез жаңарар, тез ескіртер заманға жетіппіз, Петр! Ескіні көріп — жаңаны, жаңаны көріп — ескіні түсінеді екеміз-ау өзі...

Петр: Оны неге айттың, комиссар?

Аманкелді: Солдатқа қарап — сарбазды, Кетеге қарап — Мұңайтпасты танығандаймын... Жаңа заманның лебі ғана келіп еді, бұрынғыдан не қалды ескірмеген, сарбаз жаңарып солдат болып еді, мыңбасыларым ескіріп қалды. Кете батыр қалмады ма ескіріп...

Петр: Оның орнына Көпжасаров шықты.

Аманкелді: Жоқ, оның орнына шыққан жоқ, ол жаңа топыраққа шықты. [2.87 б.].

Өмір үздіксіз өсіп отырады, автор өз оқушысын сол үздіксіз өсу үдерісіндегі өмірдің дамуынан қалмай бірге өсуге, ескілігін байқап, жаңаның жаңалығын сезіп, біліп отыруға меңзейді. Бұл пьесадағы әлеуметтік-қоғамдық мәні бар тартыс дегеніміздің де мәнісі осында.

Орыстың ұлы жазушысы А. М. Горький бір затты әсірелеп көрсету және типтендіру туралы былай деп жазған еді: «Өнер жақсыны әсірелегенде оның онан да жақсы болуын көздейді, адамға зиян, оны кемітетін жаман нәрсені әсірелегенде адамның бойында оған деген жиреніштің пайда болуын, өмірдің сорақы жақтарын құртуға ерікті бейімдеуін көздейді. Өзінің негізінде өнер — бір нәрсені не жақтап қостайды, не оған қарсы күреседі. Немқұрайды қарайтын өнер жоқ және болмайды да, адам фотографиялық аппарат емес, ол өмір шындығын белгілеп жазып қоймайды, не оны жақтайды, не өзгертеді, құртады» [3.58 б.].

Демек, Ғ.Мүсірепов Аманкелдінің бейнесін әсірелеп көрсету арқылы оның характерін тереңірек айқындай түседі. Бұл жазушының асқан шеберлігін дәлелдейді. Яғни, А. М. Горький айтқандай «... Көркемдік дәрежесі жоғары әдебиеттің барлық үлгілі шығармаларының құндылығы өмірді әсірелеп көрсете алғандығында, өмір құбылыстарын кең ұғымда типтендіре білгендігінде» [3.62 б.].

Қырғыз әдебиетінде де 1916 жыл туралы шығармалар баршылық. Олардың қатарына Қасымалы Жантошевтың «Алым мен Мария», Жүсіп Тұрысбековтың «Ажал орнына» атты драмаларын жатқызамыз.

Қарақалпақ жазушыларының шығармаларында да 1916 жыл оқиғасы жан-жақты сөз болды. Мысалы, Ж. Аймурзаев «Айгүл мен Абат» пьесасын осы тақырыпқа арнады.

Әдебиет:

  1. Ордалиев С. Бейімбет Майлин творчествосы. Алматы: Жазушы. 1990.-184 б.
  2. Мүсірепов Ғ. Таңдамалы шығармалар, ІІІ-том, — Алматы: Жазушы. 1980. — 582 б.
  3. Ордалиев С. Конфликт және характер. Алматы: Ғылым. 1976.-182 б.


Задать вопрос