Билер мен айтыскерлердің шешендік өнерінің ерекшеліктерін салыстырмалы талдауға арналған мақала қазіргі кезде де өзекті болып отыр, өйткені ертерек олардың шешендік өнері бөлек зерттелген. Автор билер өнерінің кейбір қырларының өзіндік ерекшелігін сөздік қорын қолдану тұрғысынан және бейнелі жүйенің көркемдігіне және айтыскерлердің лингвистикалық формаларды қолданудың жоғары деңгейіне әсер ету тұрғысынан ашуға тырысады. Қазақтың тіл мәдениеті мен сөз өнерін өркендету, дамыту жолында айтыс өнерінің орны ерекше. «Айтыс — заманында көптеген халықтарда болғанымен, XXI ғасырда тек қазақ пен қырғыз халықтарында ғана сақталып отырған алдаспан өнер. Тәуелсіздік алғалы қазақтың төл өнері өзінің дамуының кемел кезеңдерін бастан кешірді. «Айтыс» — қазақтың байырғы төл сөзі, ежелден айтысу, сөз жарысы, өнер бәсекесі ұғымында қолданып келген. Ерте заманнан-ақ «өнер алды — қызыл тіл» деп сөз өнерін қадір тұтып қастерлеген қазақ халқы жалпы әдеби мұраға, оның ішінде айшықты сөз өрнегі мол ақындар айтысына ерекше мән беріп, соны өзінің рухани өмірінің жарқын көрінісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отырған.
Кілт сөздер : тіл мәдениеті, шешендік өнері, сөз жарысы, әдеби мұраға, айтыс өнері.
Статья, посвященная сравнительному анализу особенностей ораторской речи биев и айтыскеров, является актуальной сегодня, так как ранее их ораторское искусство было всестронне исследовано по отдельности. Автором делается попытка раскрыть своеобразие некоторых граней искусства биев с точки зрения употребления лексики и влияния на художественность образного строя и высокий уровень использования айтыскерами языковых форм. Искусство айтыса занимает особое место в развитии казахской языковой культуры и искусства речи. Айтыс — искусство, существовавшее в свое время у многих народов, но в XXI веке оно сохранилось только у казахов и киргизов. До обретения независимости исконное казахское искусство достигло зрелой стадии развития. «Айтыс» — древнее казахское слово, которое издавна употребляется в значении айтыс, т. е. словесного или художественного конкурса. С давних времен казахи, считавшие, что «Самое важное из искусств — искусство слова», особое внимание уделяли общему литературному наследию, в том числе ярким айтысам поэтов, и передавали его из поколения в поколение как яркое проявление их духовной жизни.
Ключевые слова: культура речи, ораторское искусство, состязание слов, литературное наследие, искусство айтыса.
Қазақтың тіл мәдениеті мен сөз өнерін өркендету, дамыту жолында айтыс өнерінің орны ерекше. Айтыс өнері мен шешендік сөздің табиғи болмыс, бітімінде де өзара бірлік-ұқсастықтар мол. Мұның екеуі де қолма-қол айтылатын шеберлік пен алғырлық, тапқырлыққа құрылып отырады, алайда жеңіске жетудің амал-жол, айла-тәсілдері екеуінде екі түрлі болып келеді. Ақындар айтысында талас-тартыс түйдек-түйдегімен ағытылатын ұзын сүре дәлел, бұлтартпас уәжге құрылса, шешендік сөздерде дау түйіні көбіне-көп жұмбақ аралас келетін жүйелі бір ауыз сөзбен шешіліп отырады. Егіздің сыңарындай бұл екі өнерге де, ең алдымен, ойдағы алғырлық пен қалт жібермес көрегендік, қырағылық қажет.
Қазақ әдебиетінің классигі, заманымыздың заңғар жазушысы, академик Мұхтар Әуезов: «Айтыс өлеңдер» атты көлемді зерттеу мақаласында: «Айтыс өлеңдері қазақ ауыз әдебиетіндегі ең мол жанрдың бірі. «Айтыс» деген атау — айтысу, тартысу, дауласу немесе жарысу, сынасу мағынасында қолданылады. Бұрын үлкенді-кішілі даулар, кезінде шешендер айтысы болған. Ақындар айтысы өлеңмен айтыс. Анығында өлең жарысы, өнер жарысы есебінде қолданылды» — деп айтыс жанрына жоғары баға бергені бар.
Сөз жоқ, жазба әдебиет қалыптаса қоймаған көшпелі елде айтыстың эстетикалық әсері де ерекше. Мұның үстіне ол қолма-қол суырып салып айтатын тапқырлық, өткірлік мазмұнымен де дараланады. Осындай әлеуметтік мәні зор бір алуан айтыстарды сол кездегі ел өмірінің көркем шежіресі деуге де болар еді.
«Айтыс» — қазақтың байырғы төл сөзі, ежелден айтысу, сөз жарысы, өнер бәсекесі ұғымында қолданып келген. Бізде екі адамның бетпе-бет келіп өнер жарыстырып бәсекеге түсуі қара сөз арқылы да (шешендік дау- дамай), белгілі бір аспапта кезектесіп күй тартысумен де, қолма-қол шығарып айтылатын өлеңмен де болуы мүмкін. Мұның бәрі «қиыннан қиыстыратын» кәнігі шеберлік, алғырлық пен тапқырлықты керек етеді.
Ерте заманнан-ақ «өнер алды — қызыл тіл» деп сөз өнерін қадір тұтып қастерлеген қазақ халқы жалпы әдеби мұраға, оның ішінде айшықты сөз өрнегі мол ақындар айтысына ерекше мән беріп, соны өзінің рухани өмірінің жарқын көрінісі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып отырған. Ақындар айтысының бәрі дерлік жұрт бас қосқан ойын-сауық, үлкен жиын, ас-тойларда өтетін болған. Шаршы топта бәсеке сайысына түскен екі ақынның сөзін сарапқа салып, әділ төрелік айтушы да көпшілік, сөз мәнісін білетін көшелі би, абыройлы ақсақалдар. Сол билік айтушылар мен тыңдаушы жұрттың өзі екі дай болып жарылып, іштей өз елінің намысын қорғаушы ақынның жеңіп шығуын тілеп отырса да, төрешілердің қай ақынның болса да тапқырлықпен тауып айтқан уәжді де аталы сөзін мойындамауға немесе билікті көрер көзге бұрып айтуға ешбір хақы жоқ. Сол себепті екі жақ та «сөз тапқанға қолқа жоқ», «аталы сөзге арсыз жауап қайтарады» деген ұлағатты принципті ұстанады. Осы талапқа сай дүбірлі ірі айтыстарға бұрын топтан озып сыналған танымал ақындармен қатар, жаңа талап жас ақындар да қатысатын болған. Осындай жекпе-жек сөз сайысы үстінде ақындар бір-бірін аяусыз сынап-мінеп, шарқ ұрып, сан қилы әдіс-айла қолдану арқылы жеңіске жетудің жолын қарастырады, қапысын тауып қарсыласының ең бір әлсіз, жанды жеріне тиіп, сөзбен буып бұлтартпай тізе бүктіруді көздейді. Рас, бұл жәйт бетпе-бет келіп бәсекелі айтысқа түскен екі ақынның да суырып салма өлеңге жүйрік, ақпа-төкпе жайылып танылатын болған. Бір елеулі жәйт: ақынның қай жерде, кіммен айтысатынын, айтыстың қай тақырыпқа, қалайша өрбіп дамитынын ешкім алдын ала болжап білмеген, сондықтан айтыстан талапкер ақын болашақ қарсыласы — сол кездегі аты шулы ақындардың өмірі мен айтыс тәсілдерін, олардың осал жері мен мықты жақтарын, жалпы ел өміріндегі, ру ішіндегі елеулі де ірі оқиғаларды үнемі есепке алып, соған іштей дайындалып жүреді. Қазақ даласына айтыспен танылған Жанақ, Түбек, Сабырбай, Орынбай, Шөже, Кемпірбай, Әсет, Ырысжан, Ақсұлу, Кеншімбай, Сара, Ұлбике, Мұсабек, Біржан, Сүйінбай, Құлмамбет, Майкөт, Жамбыл тәрізді майталман жүйріктердің өз дәуірінің білікті де білгір, ұшқыр қиялды адамдары болғаны сөзсіз [1].
Бұл орайда өзінің құрылыс-бітімі жағынан айтысқа тонның ішкі бауындай жақын тұрған шешендік дау туралы фольклорист Б. Адамбаевтың: «Шешендік дау ұзын сүре айтыс немесе төрелік сөз болуы шарт емес. Әдетте билер айтыс-дауда ұзақ сөзбен ұтпайды, оймен ұтады», — деген байсалды пікірі ойға оралады. Мұның бәрі түйіп айтсақ, импровизация үлгісін ұстанған ақындар мен өнер адамдарына тән ұтқырлық пен білгірлік, зейін, дарындылыққа келіп тіреледі. Айтыстың тұрмыстағы орны мен табиғи ерекшеліктерін алғаш рет ашып әңгімелеу Шоқан Уәлиханов үлесіне тисе, ал, кейінгі жылдары бұл жанр туралы М. О. Әуезов, С.Мұқанов, Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев, М.Қаратаев, Ә.Тәжібаев, М.Ғабдуллин, Б.Кенжебаев, Р.Бердібаев, М.Дүйсенов, Н.Төреқұловтардың зерттеулер жазғанын атап айтқан жөн [2, 400].
«Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты» атты ғылыми монография еңбегінде ғалым Қ.Д. Асанов: «Ғаламдастыру сияқты үлкен идеялар айтылып жатқан тұста туған халқымыздың тілі мен мәдениетіне үлкен жауапкершілікпен, жанашырлықпен қарағанымыз абзал. Тіл мәдениетін сақтау, оны үкілеп, ажарынан айырмау дегеніміз — ұлттық сананың, дін мен ділдің, салт — дәстүрдің, өнер мен әдебиеттің өшпеуінің, өркендеуінің кепілі». Тіл мәдениетін қалыптастыруда айтыс өнерінің ықпалы зор екенін атап өтті. «Сөз мәдениетін меңгеру дегеніміздің өзі биік дүниетаныммен, ғылым — білімді терең меңгерумен, халықтың тұрмыс-тіршілігін, жөн-жосықтарын жүйрік танумен, жалпы айтқанда, адамзаттың рухани мәдениетінен мол хабардар болуымен, ой-өрісінің кеңдігімен тамырлас». «Сөз — ой өрнегінің мағыналы бөлшектері. Сондықтан қарапайым ой қаңқасы да, айқын ойдың көріктеу бояуы да сөздер дәлдігімен өлшенеді. Бұлдыр ойдың сөздері күңгірт, алыстағы сағым сияқты бұлыңғыр болады. Сөз дәлдігі — ой дәлдігі» [3].
Айтыс табиғатына қарай — ауызекі сөйлеу өнеріне жатады. Дегенмен де, қазіргі айтыс тілін поэтикалық тұрғыдан бағалар болсақ, әдеби тілдік норма қағидаларына сай құрылып жатады. Дәл, анық әр сөзді тура мағынасында қолдану жаңарған айтыс ақындары үшін қалыпты жағдайға айналды.
Әдебиет:
- Жармұхамедов М. Айтыс. II том. -Алматы: Жазушы, 1988.
- Асанов Қ. Айтыс өнерінің публицистикалық сипаты. (Монография). -Астана: Фолиант, 2010. -400б.
- Әбілқасов Ғ.М.Ұлттық тәрбие тағылымы. Қарағанды. -ҚарМТУ,2015