Ұлы дала көшпенділерінің дүниетанымы қазақ ұлттық ою-өрнектерінде айшықтануы | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Молодой ученый Қазақстан

Опубликовано в Молодой учёный №14 (356) апрель 2021 г.

Дата публикации: 03.04.2021

Статья просмотрена: 845 раз

Библиографическое описание:

Айдарханова, С. Т. Ұлы дала көшпенділерінің дүниетанымы қазақ ұлттық ою-өрнектерінде айшықтануы / С. Т. Айдарханова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2021. — № 14 (356). — С. 308-312. — URL: https://moluch.ru/archive/356/79731/ (дата обращения: 16.12.2024).



Кілтті сөздер: палеолит дәуірі, ұлттық ою-өрнек, көшпенділер дүниетанымы, халықтық өнер, рухани мұра.

В данной статье рассматривается отражение мировосприятия и культуры древних кочевников Великой Степи в казахском орнаментальном искусстве.

Ключевые слова: эпоха палеолита, национальный орнамент, мировоззрение кочевников, народное искусство, духовное наследие.

Қазақ халқының ұлттық ою-өрнектері — сан мыңдаған ғасырларды қамтыған тарихы бар, өзіндік мәдениеті мен өнері қалыптасқан, кең байтақ аумақты алып жатқан Ұлы дала шежіресі. Олай дейтін себебіміз, біздің ата-бабаларымыз рухты да, қажырлы көшпенді халық болғаны белгілі. Ұлы даланың сақшылары тәрізді ұйқы көрмей туған жерінің байлықтарын қорғап, халықтың мәдени құндылықтарын сақтап, болашақ ұрпақтары үшін бар ғұмырын сарп етті. Қазақ халқы ежелден еркіндікті, тәуелсіздікті аңсады, мың өліп, мың тіріліп, сан рет тарихтың әділетсіздігін бастап кешіріп, өмірдің суығы мен жылуын қатар сезе біліп, үш жүз жылдай өзге елдің отарында болды. Заманның, әлемнің дамуымен бірнеше жылдарды артқа ысырып, өткеніміз тек қана тарих беттерінде парақталды. Күні бүгін осынша кедергілерді бұзып өтіп, қазақ елі өзінің бостандығына қол жеткізіп, бейбіт ғұмыр кешуде.

Көшпенді халықтың дүниетанымы, түйсік-талғамы, арман-мүддесі қазақ ұлттық ою-өрнектерінде көрініс тапты. Өрнектеу өнері халықтың ғасырлар бойғы тұрмыс-тіршілігінен, қазақ халқының рухани жетістігінен белгі береді. Ою мен өрнек қазақтың қосалқы екі ұғымынан пайда болған. Екі ұғым біріге келіп, латынның «ornament» ұғымынан туған екен. «Әсемдеу, сәндеу» деген мағынаны береді. Олай болса, «қазақ ұлттық ою-өрнегі» дегеніміз — адам өміріне қажетті заттарды, бұйымдарды, архитектуралық құрылыстарды сәндеуде, халықтың тыныс-тіршілігін, қоршаған ортаға көзқарасын, одан алған эмоционалдық-эстетикалық әсерін және ой-арманын, тілек-мүддесін әлем талғаммен өзара үйлесімділікте бейнелі жеткізуге ықпал ететін нақыштар екені сөзсіз. Ал «қазақ ұлттық ою-өрнек өнері»- бұған қарағанда кең ұғым. Өйткені, қазақ ұлттық ою-өрнектері қазақ халқының өнерінің барлық түріне қатысады және әр түрінде әр түрлі өрнектелу әдістерімен ерекшеленеді. Ол — қазақ қолөнерінің қазығы, бейнелеу өнерінің үлкен бір арнасы десек те артық болмас. Қазақ қолөнері өзіндік көркемдік нышандары мен жасалу тәсілдерін сонау қола дәуірінен бастап, скиф-сақтардың даналық өнерінен нәр алған. Бұл қолөнер Ұлы Дала топырағынан ғана көктеп, жаттың өнерін жапсырмай, жамауын қабылдамай, айдының іздеген бұлақтай жақпар тастың тесігіне тамырын жіберіп, күннен қуат алған, тау шынарындай сыртқы күштерден қысым көріп, иілсе де сынбай, жоғалмай бізге жетті. Сұлулыққа, әсемдікке деген сүйіспеншіліктен, табиғатқа байланысты наным-сенімнен, көшпенділердің тұрмыс-тіршілігінен пайда болған қолөнер — әлемдік мәдениеттің мол қазынасы. Бұл өнер ұрпақтар толқынымен есейді де, ержетті. Дей тұрғанмен, бейнелеу өнерінің түпкі бастауы халықтың қолөнерінен өрбігендіктен, оған қоса қазақ халқының ою-өрнектері ежелден-ақ қолөнердің өркендеуіне сәйкес дамығандықтан, ою-өрнек қолөнердің негізгі саласы болып табылатыны сөзсіз.

Қазақ халқының ою-өрнек өнерінің пайда болуы ежелгі тас дәуірі, қола дәуірінен бастау алды. Олай дейтін себебіміз, соңғы палеолит дәуірінің ескерткіштерінен-ақ жануарлардың толық бейнесінің қатарында алғаш рет онша анық емес, бірақ символдық мағынасы біздің заманымызға дейінгі адамның ойлауын көрсете алатын әр түрлі белгілерді байқауға болады. Неолит дәуірінде Қараүңгір үңгірінің тұрғындары керамикалық ыдыстарды қолмен жапсырып жасау әдісін игерді. (сурет 1) Онда табылған бұйымдарды көбінесе сызықтар, геометриялық фигуралар өрнектелген деген деректер де бар. Қола дәуіріндегі Қазақстан аумағында қоныстанған тайпалар жылтырата тегістеу әдісін, сәндік заттар жасауды, қаруларды жасауды өте жақсы білген және де олар да бұйымдарға өрнек сала білген. Бұл деректерді қорытындылай келе сол кезеңдегі өрнектелген белгі-таңбалар қазақ халқы қолөнерінде кездесетін ою-өрнектерге үқсас дей аламыз. Бұл мәліметтер Ә. Марғұланның, К. Ақышевтің, т.б. ғалымдардың еңбектерінде келтірілген. [1, 2]

Описание: C:\Users\Айгерим\Desktop\Biot579Photo-L.jpg

Сурет 1. Керамикалық ыдыстар

Мысалы, Саңғыру қорымынан қазып алынған қыш ыдыстарда бейнеленген айқаспа бейнелі дөңгелектер қазақ халқының киіздеріне салынатын өрнектерді айтуға болады. Бәрімізге белгілі «қошқармүйіз» — қазақ халқының байырғы оюларының бірі, кезінде Андронов ескерткіштерінде бейнеленгендігі жөнінде К. Ақышев өз деректерінде жазып қалдырған. Сондай-ақ, Есік қорғанынан табылған «Алтын киімді адам», көне замандағы Жетісу сақтарының өмірі мен тұрмысын танытатын, сақ көсемінің киімінде, бұйымдарында бейнеленген нақыштар, ою-өрнектер мысал бола алады. (сурет 2) Академик Ә. Марғұлан қазақ халқының қолөнерінің бернеше түрлерін археология, этнография тұрғысынан зерделеп, өте құнды мәліметтер береді. Ою-өрнек өнеріне де аса мән беріп, Пазырық қорғанынан табылған қолөнер бұйымдарында бейнеленген ежелгі ою-өрнек нұсқаларын ғылыми тұрғыда саралайды.

Біздің ата-бабамыз саналатын түркі қағанаты дәуірінде де тастан, металдан жасалған бұйымдарында геометриялық, өсімдік тектес және зооморфтық мотивтер қолданылды. Қазақ халқы ою-өрнектерінің ежелгі замандардан-ақ сүранысқа жоғары екендігін байқауымызға болады.

Описание: C:\Users\Айгерим\Desktop\078432e8e336510721f2ae5f1eb7d44c.jpg

Сурет 2. Алтын Адам

Оңтүстік Қазақстандағы ежелгі қалашықтарда ораласқан Отырыр, Тараз, Түркістан, Сығанақ, Сауран қалаларындағы мешіт, кесене, моншаларда ою-өрнектер өте кең қолданыста болған. Ою-өрнек өнері дами отыра қазақ жерінде ғұмыр кешкен қарлұқ, қимақ, қыпшақ және т. б. тайпалардың қолөнерінде жалғасын тапты. Қазақ халқы өзге елдің отарында болғаны бәрімізге белгілі. Сол замандағы төңкерістерден кейін, Қазақстанда көптеген шеберханалар, ұстаханалар, көркемдеу өнеркәсіптерінің бой көтеруіне байланысты ою-өрнектер жаңа түр, жаңа мазмұнға қол жеткізді. Қазір де ою-өрнектер дамыған технологиялар арқылы жүзеге асуда. Қазақ ұлттық ою-өрнектерінің қалыптасып, дамып отыруына бірнеше факторлар әсер етеді. Соның ішінде әлеуметтік-экономикалық жағдайлар, табиғаттың әсері, халықтың рухани өмірі ықпал етеді. Мысал ретінде қарастыратын болсақ, көшпелі қазақ халқы ежелден мал шаруашылығымен айналысады. Оларды өз өмір тіршілігінде қажеттілік ретінде қолға алып, асырып бағады. Төрт түліктің жүнінен, терісінен киіз үйге қажетті жасауларды жасап, тіпті, киетін киімдерін, ішер асын да алып отырған. Олармен байланысты түсініктерін де ою-өрнектер арқылы бейнелеп отырған. «Қошқармүйіз» — қошқардың мүйізі тәріздес ою. Бұл оюдың пайда болу тарихы мал шаруашылығымен тығыз байланыста. «Қошқармүйіз» оюы көптеген бүйымдарды кеңінен әсемдік ретінде қолданылған. Онымен текеметті көрнекті болу мақсатында безендірген. Бұл безендірудің де өзіндік мағынасы бар. Ол сол замандағы қазақ халқының туған жерінде отар-отар қой толсын деген мақсатта пайдаланылған. «Омыртқа» — мал шарушылығымен тығыз байланыста туған, малдың дене мүшесіне қатысты өрнек. Бұл ою — қайраттылықтың, ерліктің белгісі. Көп жағдайда ер адамдардың, батырлардың киімінің, кеуде құрлардың щеттеріне салынатын болған. Осыдан-ақ әр өрнектің, оюдың өзіндік мән-мағынасы бар дей аламыз.

Ендігі ою-өрнектердің түрлеріне тоқтала кетейік. Олар түрлі әдістер арқылы белгілі бір ырғақпен қайталанып, белгілі бір ойды аяқтап, ою мен өрнек арқылы жазылған мұраларымыз — өшпей жаңғырып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыз, байлығымыз. Жоғарыда айтқанымыздай, әрбір ою-өрнек белгілі бір ойды білдіріп, болашаққа жазылған хат-шежіре іспеттес. Қазақ ұлттық ою өрнектері: зооморфтық ою-өрнектер; өсімдік тектес ою-өрнектер; геометриялық ою-өрнектер; космогониялық ою-өрнектер болып бірнеше топтарға бөлінеді. Зооморфтық ою-өрнектерді кейде жан-жануар ою-өрнектері дейді. Бұл ою халықтың негізгі кәсібі мал шаруашылығы мен аңшылықтан бастау алған. Әуелде зооморфтық ою-өрнектерді бейнелеу тәсілдерінде, суретте, жауынгердің қаруларында бейнеленген. Археологиялық қазбалар барысында табылған ертедегі сақ тайпалары мен Дешті Қыпшақ шеберлерінің қолынан шыққан алтын бұғылар, қанатты арғымақтар, даусыз.(сурет 3)

Бұл жәдігерлерде бейнеленген ою-өрнектер «аң үлгісі» деген атпен тарихта қалған. Көркен дүниенің барлығы даланың, табиғаттың сұлулығынан алынғанына ешкім күмән келтіре қоймас. Зооморфтық ою-өрнектерге: арқармүйіз, қошқармүйіз, маралмүйіз, сынықмүйіз, қосмүйіз, тарақмүйіз, құсқанаты, құсмойын, құс жолы, құс қанаты, түйемойын, түйеөркеш, сыңарөркеш, омыртқа, т.б. жатады.

Описание: C:\Users\Айгерим\Desktop\01.jpg

Сурет 3. Аңдық стиль

Көне сақ тайпаларының жауынгерлері өз қалқандарына аң мен құстың немесе қорқынышты аңдардың бастарын салғызып жауға аттанған. Бұл суреттер жауға қорқыныш, үрей әкеледі, ал жауынгерлерге қуат пен күш-жігер береді деп есептеген. Орта ою-өрнектердің бәрі де белгілі бір оқиғаларды баяндап, ұлттық сананың дамуына ықпал жасады. Ою-өрнектердегі түстер де табиғаттан алынып, оқиғаның мағынасын ашуға көмектеседі. Қарама-қарсы түстердің ұлттық санаға қосқан үлесін байқатады, әр түрлі реңдер өнер адамдарына шабыт беріп, сұлулық әлеміне құштарлығын арттырады. Аң үлгілерінің белгілері қайырымдылық пен жауыздықтың, өмір мен өлімнің мәңгілік күресін бейнелесе, гүл-жапырақ пен жер-суға байланысты ою-өрнектер туған жерге деген махаббат пен сағынышты аңғартады. Мысалы, «Атбасы» оюы зооморфтық ою түріне жатады. Көшпелі халық үшін жылқы малы — төрт түліктің ішіндегі ең қасиеттісі. Оның сүті — ем, еті — дәрі. Жылқы малы — алысты жақындататын көлік, жаугершілік заманда ер қанаты, серігі блған. Ұлы даланың шежіресі ат тұяғы арқылы жасалған, малды ертеде қанаты бар пыраққа балаған. Сол себепті қазақ халқы шеберлері өздерінің ою-өрнектерінде жылқы малын бейнелеуді парыз санаған. Бұл ою-өрнек алаша, кілем, төсек жапқышта, киіз үй бұйымдарын жасауда қолданылады. Сондай-ақ, «төртқұлақ» оюы да зооморфтық оюдың бір түрі. Бұл ою қошқармүйіз үлгісінде жасалған кілем, алаша, тұскиіз, сырмақтардың ортасында кездеседі. Сәулет өнерінде қабырғаларды қаптау үшін қолданылады. Бұл оюдың мағынасы дүниенің төрт бұрышын көрсетсе, оның екінші мағынасы төрт жағы түгел, молшылық, береке деген ұғымды да береді. Сонымен бірге, қыз-келіншек киімдерінді, тұскиіздер де, жас балалардың киімдерінде «құс қанаты»оюы жиі кездеседі. [3] Халық шеберлері өз халқының сөздік қорларында кездесетін «қанатым» деген сөзді есіне алып, өздерінің өнер шеберханасында дүниеге алып келген. Өмір есігін жаңа ашқан сәбиге де «Қанат» деп есім қояды. Ата-анасы бұл есімде көбінесе тұңғышы мен кенже балаларына қойған. «Қартайғанда қанатым болсын, өзіміз жетпеген жетістікке жетсін, өзімізге қуат болсын»-деп тілейді екен. Осындай сеніммен бұл ою-өрнек түрін көп жағдайда балалар киімдерінен байқай аламыз. Міне, бір ғана ою-өрнек түрінің өзі бірнеше атаудан, бірнеше ұғым мен түрден тұрады.

Геометриялықою-өрнектер туралы айтар болсақ, археологиялық қазбалар бойынша олар біздің ғасырымызға дейінгі екінші мыңжылдықта пайда болған. Сол кезеңде саз бадшықтан тұрмысқа қажетті заттарды, құмыралар, ыдыстар жасап, өрнектерді сызықтармен әсемдеу әдістері кең таралған. Қазақ халқының сәулет өнерін зерттеуші ғалым Т. Бәсенов геометриялық фигуралар мен жазық денелердің қалай пайда болғанын айта келіп, бәрі де еңбек тәжірибесінен шыққан, өмір қажеттілігінен туған деп тұжырымдайды. Көшпенді халықтар өмірдегі құбылыстардан, жан-жағындағы заттар, тіпті, жер көлемінің геометриялық денелерден тұратындығын аңғарған. Малшылардың жазғы жайлауы, қысқы қыстауы да осындай белгілі бір шекаралық сызықтардан тұрған. Осы ойды белгілі жазушы Мұрат Әуезов те қазақ халқының ою-өрнектеріне, сәулетіне зер салып, өз ойын былай деп тұжырымдаған: «Көшпелі халық ұрпақтары бар өмірін ат үстінде өткізген. Ат үстінде ұйықтап, ат үстінде оянған. Атқа мініп, жолға шықса шалғынға атын қоя беріп, бұлақтың суын ішіп алып, өзі де жасыл құраққа жата кетеді. Ол сол кезде нені көреді? Төңкерілген аспан — ол жарты шар, ал өзі жазық далада жатыр, ол — жер. Жер көлемі көкжиекпен астасып жатыр, көз көрім жердің айналасы шеңбер сияқты». Міне, осы көріністерден геометриялық денелердің бізді қоршап жатқанын байқаймыз. Қазақ халқының қолөнерінде геометриялық ою-өрнектер кейде гүлжапырақ оюларымен, зооморфтық оюлармен қабаттасып, біте араласып кеткені анық. Қазақ ою-өрнектеріндегі түзу, қисық, доға, ирек сызықтардың да түрлерін кездестіріп жатамыз. «Тұйық» оюы –геометриялық ою түріне жатады. Оюдың мағынасы — мәңгілік пен шексіздіктің белгісі. Сондай-ақ, ол — рухани биіктік пен тектіліктің символы. Ерте кезде бұл оюды батырлардың иығына, билердің жауырын ортасына, яғни, қоғамға белгілі, ақсүйектердің киімдеріне бейнелейтін болған. «Тұйық» оюы — барлық түркі тектес халықтардың ортақ оюы. Қазақ ою-өрнегінде геометриялық үлгінің жекелеген түрлері өте көне заманнан бері сақталған. Өзінің бастапқы сиқырлы мағынасын жойған бұл дәстүрлі бейнелеу түрлері осы күнге дейін кең қолданылып келеді. «Қос дөңгелек» өрнегімен негізінен, қыз бұйымдарын, текеметтерді, сырмақтарды әшекейлеген. Бұл оюдың төркіні «қосағыңмен қоса ағар» деген ана тілегінен шықса керек. Кейде әжелер, құдағилар қос дөңгелек сақинаны саусағына салғанда осыны аңғартады.

Ою-өрнектердің келесі түрі — космогониялық ою-өрнектер . Сонау ерте заманда ата-бабаларымыз Ай мен Күнге, жымыңдаған жұлдыздардың орналасуына, қозғалысына назар салғанын білеміз, олар аспан денелері арқылы уақытты, жыл мезгілдерін, бағыт-бағдарды біліп отырған. Сондай-ақ олар балаларына аспан белгілерін таныстыруды мақсат етіп, аспан сырын сол кездегі өздерінің дүниетанымдарына сәйкес түсіндіріп отырған. Мұндай ою-өрнектерге күн көзі, шыққан күн, шұғыла, айшық, айгүл, үш айшық, төрт айшық, жұлдыз, топ жұлдыз, т.б. өрнектер мысал бола алады. Күннің шығуына табынған, ай туғанда тағзым еткен, жұлдыздарға тамсанып тілек тілеп, жұлдыз ағып түскенде бір жарық өшті, бір қатер болады деп қауіптенген қазақ халқы күн, ай, жұлдыздарды жер бетіндегі жарық дүниелер деп қастерлеген. Космогониялық ою-өрнектердің қазақ халқы қолөнерінде кең қолданылғанын аңғаруға болады. Көздің жауын алатын, жібектей жарқырайтын күннің де үнемі шуағы шашырап тұруын аңсаған халық оны нұрлы да шаттық үмітпен өздерінің қолөнер шығармаларында пайдаланды. «Күн» оюы көбінесе жүзік, білезіктерде бір дөңгелек не қос дөңгелек түрінде безендіріледі. Бір дөңгелек күн белгісін «күніміз ашық болсын» деген тілекпен салған. Қос дөңгелек — мейірімділік пен әділеттілік белгісі. Қалың қос дөңгелекті әдетте қолбасшы адамдарға сыйлайды. Мұндай жүзіктер мөр ретінде де жүрген. Тас көздің бетіне кейде адам аты да жазылған. Мұнан басқа да мөр жүзіктен екі есе кішкене қос дөңгелекті құдағи жүзік болған. Құдағи жүзік айтқа, тойға, мейрамға барғанда салынады. Қазір де үлкендер құдағи жүзігі бар адамды көрсе, «шіркін, ақ ниетті әділ адам екен» деп қызығып, ізет білдіріп, төрге отырғызатын болған. «Жұлдыз» оюының өзіндік символдық мәні бар, аспан әлемі шырақтарын тұспалды бейнелеу мағынасын білдіреді. Бұл ою негізінен кілемнің орта тұсында жиі кездеседі. Ол «жұлдызың жоғары болсын!» деген ана тілегінен туса керек. Бұл — қыз жасауының бір бөлігі. «Темірқазық» ойы да космогониялық ою-өрнектердің бірі. Ол — жолаушылар мен керуеншілердің жұлдызы. Бұл ою сәулет өнерінде ағаштан ою ойғанда кездеседі. Бақтың ішіне хауыз жасағанда қолданылады. Сонау заманнан ата-бабамыздың аспан денелеріне табынуынан, оларға деген сенімінен өнердің бір саласы қалыптасқанын байқаймыз.

Өсімдік ою-өрнектері де қазақ қолөнерінде кеңінен қолданылды. Бұл ою-өрнектің негізін салушы — әйел адамдар, яғни аналар. Олар даланың гүлін тере жүріп, дала бояуын өсімдіктердің тамырларынан жинай жүріп балғын балалығын, туған жерін еске алғанда, сырмақ пен тұскиізге, кілем мен алашаға оюларын оюлап, көңіл-күйінің пернелерін кестелей білген. Ақ арманын ақ орамалға түйіп жүретін аналар өзінің ақ тілеуін жалғастырушы қызына арнап гүлдердің, аспанның түсін, судың ағысын көрсететін өмір өрнектерін шежірелеп жазған. Оюларда елдің арманы, көңіл-күйі бейнеленген. Иә, халық шеберлері жер-су, тау мен даланы, ұшқан құсты, жүгірген аңды арқау етіп, ою-өрісін, арманын өрнектеген. [4, б. 83] Өсімдік ою-өрнек үлгілерін зергерлер мен оюшы, өрнекшілер тұрмыста көп қолданған. Халық шеберлері гүлдің сабағын, жапырағын жиі пайдаланды. Үш жапырақ, бес жапырақ, жармагүл, жауқазын, раушан гүлдерін оюда, кестелеуде пайдаланса, оларға жаңадан ат қойып, әр шебер «орайгүл», «қауыз», «сабақша», «жапырақ», «өркен», «бүршік», «бұтақ», «бұтақ» деп айдар тағып, ою-өрнектердің түрін молайта берген. Өсімдік ою-өрнегін кейде «гүлжапырақ» деп те атаған. Осы оюлар кілем мен алашаның ортасында орналасқан. Бұл туған жерін сағынғанда даланың гүлдерін көз алдыңа әкелетін қыз жасауының ішіндегі қымбат дүниенің бірі болған. Қыз бала төркінінен келген бұл кілемді ерекше қадірлеген. Бұл мүлікте туған жердің табиғаты, құрбылардың қол белгісі, арман-тілегі жазылған деп білген. «Бұтақ» оюы өсімдік тектес ою-өрнекке жатады. Ол шет оюда — кілем, тұскиіз бен қыз-келіншектердің, жас балалардың киімдерінде кездеседі. Ою-өрнектің мағынасы өсіп, есейген жастықты білдірсе, екіншіден ұрпағы үзілмесін дегенді аңғартады. Демек, осы ою-өрнек бұтақ жайып, өсіп-өнген ұрпақты аңғартса, бұтағы жан-жаққа тарап еліне қамқор болған, ел есінде қалған азаматтардың ұрпақтары туралы ою-өрнекпен жазылған шежіре деп ұғамыз. Сондай-ақ, «бесжапырақ» ойы бұйымның ортасында немесе айналасы мен шет жағында орналасады. Тұскиіз бен кілемде, әйел киімдері мен орамал жиектерінде кездескен. Бұйымға ерекше сән келтіреді. «Төртгүл» оюы дүниенің төрт жағынан хабар берсе, екіншіден төрт жағы түгел шаттыққа толы деген ұғымды білдіреді. Бұл ою-өрнек қыз баланың төсек тұсына ілінген тұскиізде, төсек жапқышта, орамал ортасында кездеседі. «Шыныгүл» ою-өрнегі гүлді тұспалдап тұрады. Ол айға, мүйізге, жапыраққа ұқсас элементтерден құралады. Екі мүйіздің қайырылған екі ұшына жапырақ қондырылған, сол жапырақтар бірнеше рет сатыланып, қайталанып отырады. [5]

Қорыта келе айтатын болсақ, халқымыздың ұлттық ою-өрнегі кең даланы мекендеген талай тайпалар өнерінің әсері мен замандар бойы қалыптасып, белгілі бір мұраларынан нәр алды. Ұлттық ою-өрнектер халықтың бай мұрасы, оның мәдениетін көрсететін белгісі, шеберлердің туындыларының үлгісі болып саналады. Ою-өрнексіз қазақ халқы қолөнерін елестету қиын. Демек, біздің мақсатымыз — ұлттық өнердің негізгі саласы ою-өрнектерді болашақ ұрпақ санасында қалыптастыру, ғасырлардан бізге жеткен мұраны сақтау.

Әдебиет:

  1. Ақышев К. Археологиялық аса бағалы ескерткіштер. Ежелгі мәдениет куәлары. — Алматы, 1966.
  2. Маргулан А. Казахское народное прикладное искусство. Т. 1, 2, 3. — А.: Өнер, 1986.
  3. Асанова Б., Птицина А., Әбдіғапбарова Ұ. «Қазақ ұлттық ою-өрнектерінің тарихы және теориясы». — 2008.
  4. Тілеубекұлы Т. «Қазақтың ою-өрнектері мен зергерлік бұйымдары». — Астана, 2012.
  5. Әбдіғапбарова Ұ. М. Қазақтың ұлттық ою-өрнектері. — А.: Өнер, 1999.
Основные термины (генерируются автоматически): мена, бар, пена, ола сол, оса.


Ключевые слова

палеолит дәуірі, ұлттық ою-өрнек, көшпенділер дүниетанымы, халықтық өнер, рухани мұра

Похожие статьи

Ұңғыманы пайдалануда құм көріністерімен күресу әдістері

Мақалада мұнай-газ өндіру саласындағы өзекті мәселелердің бірі қаралды. Құм көріністерімен күресудің заманауи әдістеріне, олардың артықшылықтары мен кемшіліктеріне талдау жасалды.

Ұшқышсыз көліктердегі жұмыс принциптері мен қоршаған ортаны тану алгоритмдеріне шолу

Бұл мақалада қазіргі жобалар мысалында пилотсыз көлік құралдарының жұмысына енгізілген қазіргі кездегі принциптер мен тұжырымдамалар қарастырылады.

Егемендік дәуіріндегі Қазақстан сәулет өнері; Нұрсұлтан қаласының мысалында

Қазақстан — Еуразия құрылығының орталығында орналасып, Еуропа мен Азия елдерінің арасындағы мәдениет көпірінің рөлін ойнайды. Елорда өзінің сәулетінде азиялық, батыс және кеңестік стильдерді біріктіре келе, ерекше өзіндік мазмұнға ие. Бұл мақалада ег...

Алматы қаласының жаңбыр суларын тазалау мәселелері және шешу жолдары

Бұл мақалада Алматы қаласының алабында пайда болатын жаңбыр суларын әкетудің және тазалаудың тиімді технологиясы ұсынылған.

Дизартриясы бар мектеп жасына дейінгі балаларда етістік лексикасын кеңейту негізінде белсенді сөздікті қалыптастыру

Берілген мақалада мектепке дейінгі баланың сөйлеу тілінің кезеңдерінің дамуы туралы қарастырылады.

БҚО Орал қаласы, «Мирас» Шаруа қожалығындағы қолдан ұрықтандыру кезінде жіберілетін қателіктер

Жасанды ұрықтандыру- бұл ұрықты тікелей жатырға енгізу арқылы бедеулікті емдеу әдісі. Ғалымдар үй малын тез өсіру жолын жасады. Содан бері жануарлар адамдарға арналған техникаға бейімделе бастады.

Бұқашықтарды жайып семіртудің және бордақылаудың нәтижелері

Шығыс Қазақстан облысы «Нұр» шаруа қожалығында зерттеулер жүргізіліп, мақалада бордақылау және жайып-семірту технологияларын қолдану нәтижелері келтірілген.

Өркендеген дәуірдің сусыз көрінісі

Берілген мақалада еліміздегі ауыз су тапшылығы мәселелері қарастырылады.

Рухани бірегейлік ұғымын қысқаша талдау

Берілген мақалада рухани бірегейлік ұғымына қысқаша талдау жүргізіледі.

Нұр-сұлтан қаласының көше-жол желісінің ең көп жүктелген жол учаскелерін анықтау

Мақалада Нұр-сұлтан қаласының көше-жол желісінің (КЖЖ) ең көп жүктелген жол учаскелерін анықтау бойынша заттай зерттеулер қарастырылған.

Похожие статьи

Ұңғыманы пайдалануда құм көріністерімен күресу әдістері

Мақалада мұнай-газ өндіру саласындағы өзекті мәселелердің бірі қаралды. Құм көріністерімен күресудің заманауи әдістеріне, олардың артықшылықтары мен кемшіліктеріне талдау жасалды.

Ұшқышсыз көліктердегі жұмыс принциптері мен қоршаған ортаны тану алгоритмдеріне шолу

Бұл мақалада қазіргі жобалар мысалында пилотсыз көлік құралдарының жұмысына енгізілген қазіргі кездегі принциптер мен тұжырымдамалар қарастырылады.

Егемендік дәуіріндегі Қазақстан сәулет өнері; Нұрсұлтан қаласының мысалында

Қазақстан — Еуразия құрылығының орталығында орналасып, Еуропа мен Азия елдерінің арасындағы мәдениет көпірінің рөлін ойнайды. Елорда өзінің сәулетінде азиялық, батыс және кеңестік стильдерді біріктіре келе, ерекше өзіндік мазмұнға ие. Бұл мақалада ег...

Алматы қаласының жаңбыр суларын тазалау мәселелері және шешу жолдары

Бұл мақалада Алматы қаласының алабында пайда болатын жаңбыр суларын әкетудің және тазалаудың тиімді технологиясы ұсынылған.

Дизартриясы бар мектеп жасына дейінгі балаларда етістік лексикасын кеңейту негізінде белсенді сөздікті қалыптастыру

Берілген мақалада мектепке дейінгі баланың сөйлеу тілінің кезеңдерінің дамуы туралы қарастырылады.

БҚО Орал қаласы, «Мирас» Шаруа қожалығындағы қолдан ұрықтандыру кезінде жіберілетін қателіктер

Жасанды ұрықтандыру- бұл ұрықты тікелей жатырға енгізу арқылы бедеулікті емдеу әдісі. Ғалымдар үй малын тез өсіру жолын жасады. Содан бері жануарлар адамдарға арналған техникаға бейімделе бастады.

Бұқашықтарды жайып семіртудің және бордақылаудың нәтижелері

Шығыс Қазақстан облысы «Нұр» шаруа қожалығында зерттеулер жүргізіліп, мақалада бордақылау және жайып-семірту технологияларын қолдану нәтижелері келтірілген.

Өркендеген дәуірдің сусыз көрінісі

Берілген мақалада еліміздегі ауыз су тапшылығы мәселелері қарастырылады.

Рухани бірегейлік ұғымын қысқаша талдау

Берілген мақалада рухани бірегейлік ұғымына қысқаша талдау жүргізіледі.

Нұр-сұлтан қаласының көше-жол желісінің ең көп жүктелген жол учаскелерін анықтау

Мақалада Нұр-сұлтан қаласының көше-жол желісінің (КЖЖ) ең көп жүктелген жол учаскелерін анықтау бойынша заттай зерттеулер қарастырылған.

Задать вопрос