Қазақ жеріндегі түркі руна жазба ескерткіштерінің сипаты | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Токболат, Енсегенулы. Қазақ жеріндегі түркі руна жазба ескерткіштерінің сипаты / Енсегенулы Токболат. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2021. — № 5.1 (347.1). — С. 9-11. — URL: https://moluch.ru/archive/347/78378/ (дата обращения: 19.12.2024).



Талас өңіріндегі мүсін және жазба тастарды тауып жария етуде және ондағы жазуларды оқып аударуда патшалы Россияның зиялы адамдары мен ғалымдары, өзге де шетел зерттеушілері ертеректен-ақ қолға алып, біршама жұмыстар атқарды. Талас бойындағы мәдени ескерткіштердің алғаш назарға ілігіп, өзге елдерге таныла бастағанына бір ғасырдан астам уақыт болды. Дәл көрсетер болсақ, Қазақ халқының жеріндегі Әулиеата өңірін басқарған (городской и уездной начальник) Василий Андреевич Каллаур 1888 жылы жазған «Әулиеатадағы тас мүсіндер» деген мақаласында Талас өзені бойындағы ежелгі ғасырлардан сыр шертетін, сол замандардың куәгері — көптеген мәдени ескерткіш тастар жайлы көзбен көрген, көңілге түйген қалпында баяндаған. Әрі сол мәдени мұралардың өзіндік сипатын ашып, тануға айрықша назар аударыпты.

Биліктің жауапты да мықты тұтқасын ұстаған В. А. Каллаурдың ондай іспен айналысуы, біздіңше, қызықтаушылық немесе еріккендік емес — Россия империясының көпқырлы саясаттарын мүлтіксіз орындауға берілгендіктің белгісі еді. Өйткені орыс патшасы Петр Бірінші (1672–1725 жж.) 1682 жылы ресми түрде патша тағына отырғаннан кейін Россияға бағынышты аймақтардағы көне мәдени мұраларды тауып игеру жөнінде арнайы тапсырма береді, содан бастап нақты іс-шаралар жүзеге асырыла бастады. Сол тұстан бастап орыс саяхатшылары шет аймақтағы халықтардың қымбат бұйымдарын Россия жеріне таси бастады. Талас жерінен табылған көптеген көне мұралар да талауға түсіп, қолы жеткендердің еліне жол тартты. Мәселен, Әулиеата уезінің бастығы В. А. Каллаур өзі жазған мақаласында бірнеше тас мүсіндерді сол уез басқармасы орналасқан кеңсе ауласына жеткізілгенін, тағы біразын Ташкенттегі Түркістан әуесқой археология үйірмесінің мұражайына жібергенін еркінси мәлімдейді. Біздің бұл айтқанымызды Жамбылдық мәдениеттанушы, журналист К. Байбосынов пен М. Рысдәулеттің: «Кейбір деректер бойынша тас мүсіндердің басын сындырып алып, лауазымды адамдарға сыйлық ретінде беріп отырған. Ол ол ма Шу ауданы Төлеби ауылында алғашқы орыс қоныстанушылары бір үйдің іргесіне 8 тас мүсінді қалап жіберді деген сөз бар. Ертеде Жамбыл жерінен табылған тас ескерткіштер Ташкент, Санкт-Петербург, Мәскеу асқан», — деп жазғаны нақтылай түседі [1].

Осы келтірілген деректің айқындылығына С. Е. Маловтың «Ашықтас елді мекенінен (қырғыз, тау жотасы) табылған руна белгісімен жазылған ағаш таяқша мемлекеттік эрмитражда сақтаулы», — деп мәлімдегені негіз болады [2, 12 б.]. Орыстар қазақ халқын ұзақ уақыт «қырғыз» деп атағаны белгілі. Россия федерациясы шетелдерге әр түрлі жолмен өтіп кеткен өздерінің мәдени мұраларын үлкен-кіші демей ресми түрде қайтарып алып жатқанын күнде оқып, көріп отырмыз. Өз жерімізден табылған, өзге ел асып кеткен сондай қымбат көне дүниелерді неге қайтарып алуға әрекет жасамасқа? Әулиеата уезінің бастығы В. А. Каллаурдың Талас өзені бойындағы мәдени ескерткіштердің бірсыпырасын өзі басқарған қала орталығына жинағанын, бұл іс әрі қарай жалғасын тапқанын С. Е. Малов: «По сообщению А. К. Боровкова, камень с рунической надписью находился тогда во дворе «Дворца труда» вместе с двумя каменными бабами, двумя колонками и еще с каким-то предметом, который им назван «каменным креслом», — деп баяндайды [3, 57 б.].

В. А. Каллаур Талас өзені өңірінен табылған мәдени ескерткіштердің қаншалықты маңызды мұра екенін білуді де айрықша есте ұстап, сол мәдени ескерткіштердің сыр-сипатын нақты анықтау үшін Россиядан арнайы мамандар мен ғалымдарды шақырыпты. Бұл мәліметтің растығына К. Байбосынов пен М. Рысдәулеттің: «Ол 1894 жылы В. В. Бартольдқа тапқан таңғажайыптары туралы хабарлап, оны Тараз жеріне шақырған. Атақты шығыстанушы Әулиеата жеріне келіп, балбалдарды көріп, таңданған», — деп жазғаны негіз болады [1]. В. В. Бартольдтың «таңданғаны» рас шығар. Себебі, ол руна жазуын аударумен айналыспаған.

Ал академик В. В. Радловтың Талас бойындағы жазба тастарды аударуға өз үлесін қосқаны анық, бұл жайлы бірнеше нақты деректер бар. Соның ішінде С. Е. Маловтың: «Жазбаның мәтіні жөнінде В. В. Радлов тарапынан істелгені: «Әулиеата уезінің Кенкөл болысындағы «Айыртам-ой» шатқалынан табылған тастағы көне түркі жазуы талданылды», — деп жазғанын атап көрсету қажет-ақ [3, 57 б.]. Орыс билеушілерінің бірі В. А. Каллаурдың Талас өзені өңіріндегі көне заманнан жеткен мүсін және жазба тастарды да еркін иемденіп, өз билігін жүргізгені — жоғарыдан жеткен тапсырманың әсері болар.

Талас өзені бойынан табылған тастардағы көне түркі руна жазуларын аударуға бірсыпыра шығыстанушы ғалымдар ертеден-ақ белсене араласты. Бұл бағыттағы айтпақ ойымызды С. Е. Маловтың: «В 1896–1897 гг. в бассейне р. Талас (Казахская республика) около города Аулие-Ата, теперь г. Джамбул, В. А. Каллауром и финляндским археологом Гейкелем (вместе с Мунком и Доннером) было найдено пять камней с рунами (V-VI вв.). Переведены и изданы В. В. Радловым П. М. Мелиоранским, А. Гейкелем, Ю. Неметом и С. Е. Маловым», — деп жинақтап жазған сөзімен білдіруге болады [2, 12 б.]. Енді осы тізіп аталған зерттеушілердің бір-екеуінің Талас жазбаларын аударуда, жария етуде қандай дәрежеде жұмыс жасағанын бағалау, саралау қажет-ақ.

Талас өзені бойынан осы кезге дейін көне түркі руна алфавитімен жазылған он бір мәдени ескерткіш табылып, халықаралық түркітанушы мамандарға, ғалымдарға белгілі болды. Кейінгі кезде бауырлас қырғызстан жерінен тағы бірнеше көне түркі руна жазба мұралары табылғаны белгілі. Қырғыз зерттеушілері жария еткен сол мәдени дүниелер де Талас жазба ескерткіштері тобына жатады. Бұл өңірден табылған, танымал болған он бір жазба ескерткіш бір санынан бастап қатарласа он бір санмен номерленіп (Т1-Т11), әрқайсысы жеке сандық белгіге ие болған.

Талас бір жазба ескерткішін (Т1) Әулиеата уезінің бастығы В. А. Каллаур 1896 жылы Талас өзені өңіріндегі Айыртам-ой шатқалынан тауып жария етті. Осы жазба тасты алғаш көріп, біліп хабарлаған кім екені жөнінде біршама талас пікірлер болды. Мысалға, Ташкент қаласынан шығатын «Правда Востока» газетінің 23 қыркүйек 1925 жылғы, № 214 (814) санында редакция атынан жарияланған хабарда бұл жазба ескерткішті экспедицияда болған М. М. Логинов пен Б. П. Денике тауып, мәлімдегені жазылған. Бұл дерекке профессор С. Е. Малов келіспейтінін білдіреді.

Ташкенттегі Орта Азия мемлекеттік университетінің шығыстану факультетінің студенті, кейін өзбекстанның белгілі ғалымы атанған А. К. Боровков профессор С. Е. Маловтың өтініші бойынша сол тастағы жазуды сызып көшіреді. Осы мәселеге байланысты А. К. Боровков 1926 жылы 20 шілдеде С. Е. Маловқа жазған хатында руна жазуы бар сол тас Әулиеата қаласындағы «Еңбек сарайы» деп аталатын мекеменің ауласында өзге де бірнеше мәдени ескерткіштермен қатар сақтаулы тұрғанын, бұл жазба тас жайлы жергілікті тұрғын халық арасында аңыз әңгіме тарағанын мәлімдейді. Сол хаттағы келтірілген дәлелдерге сүйеніп С. Е. Малов руна жазулы тасты алғаш тапқан В. А. Каллаур екеніне сенетінін білдіреді [3, 58–60 бб.]. Бұл бағытта С. Е. Малов пікірін қолдауға толық негіз бар. Басқа мәліметтерді атамай-ақ, Әулиеата уезінің бастығы В. А. Каллаур ХІХ ғасырдың аяғында Талас өзені бойындағы мәдени ескерткіштер жөнінде өзі жазған еңбек қалдырғанын айтсақ та жетер.

Қорытып білдірсек, Талас бір жазба тасты тауып жария етуде және сондағы жазудың көшірмесін жасауда Әулиеата уезінің бастығы В. А. Каллаур, фин елінің археологы А. Гейкель елеулі еңбек сіңірді. Талас бір ескерткішіндегі көне түркі руна жазуын аударуға белгілі ғалымдар В. В. Радлов, Ю. Немет, С. Е. Малов және түркия зерттеушісі Х. Н. Оркун белсене араласты, әрқайсысы өздерінше тәржімалауға ұмтылғаны танылады. Осы тастағы жазуды аударуда профессор С. Е. Маловтың еңбегі өте зор. Ол Талас бір ескерткішіндегі жазуды үш рет аударған. С. Е. Малов әуелгі тәржімасында кемшілік жібергенін мойындап, бұл жұмысқа қайта кіріседі.

Бұл бағытта ол академик В. В. Радловтың аударма жасау тәсілін басшылыққа алып, Ю. Немет тәржімасы мен өз аудармасын салыстырып отырып жұмыс жасағанын ашық білдіреді. Осы айтқанымызға С. Е. Маловтың: «Менің Ю. Неметтен негізгі айырмашылығым, ол менімен салыстырғанда екінші қатарды кері бағытта оқыды. Жалпы барлық ерекшеліктерді талдап қарағанда мен В. В. Радловтың оқып, аудару тәсіліне жақынырақ барамын. Менің қазіргі аудармамның бұрынғыдан айырмашылығы, екінші қатарды қайта түзеп аудардым» [3, 58–60 бб.], — деп жазғаны айғақ.

Талас екі жазба ескерткіші (Т2) де бұрынғы Дмитриевск елді мекеніне жақын жерден табылды. Бұл жазба ескерткіштің көшірмесін аударма жасалмаған қалпында бірінші рет 1898 жылы профессор П. М. Мелиоранский, екінші рет А. Гейкель 1918 ж. арнаулы басылымдарда жариялады. Талас екі мәдени ескерткішіндегі көне түркі руна жазуын 1926 жылы Ю. Немет, 1936 жылы С. Е. Малов, 1939 жылы Х. Н. Оркун аударып жария етті.

Талас үш жазба ескерткішінің (Т3) көшірмесін аудармай алғаш арнайы басылымда жария еткен фин ғалымы А. Гейкель. Осы жазбаны 1926 жылы Ю. Немет, 1936 жылы С. Е. Малов, 1939 жылы Х. Н. Оркун аударып, жұртшылық назарына ұсынды. Ал Талас төрт жазба ескерткіші профессор С. Е. Маловтың аудармасымен көпшілікке танылды. Талас бес жазба ескерткішінің тастағы көшірмесін алып, алғаш жария еткен фин ғалымы А. Гейкель. Осы ескерткіштегі көне түркі жазуын 1926 жылы Ю. Немет оқып аударма жасаса, профессор С. Е. Малов 1936 жылы, түркия ғалымы Х. Н. Оркун 1939 жылы оқып аударып жария етті. Сондай-ақ, Талас алты (Т6) жазба ескерткіші Терек-сай аңғарындағы шыңның қабырға тасына ойып жазылған. Талас жеті жазба ескерткіші сол өңірдегі «Ашықтас» деп аталатын жерден табылды. Мұнда көне түркі руна жазуы төрт қырлы ағаш таяқшаға ойып түсірілген. Қазақ ғалымдары бұл мәселеге әлі тікелей араласқан емес.

Алғыс білдіру

Ғылыми-зерттеу жұмысы «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты жанындағы «Руханият» ғылыми-зерттеу орталығының «Сыр бойының рухани мұрасы» университетішілік жобасы шеңберінде орындалып, университет құрылтайшысының қаржыландыруымен жарық көрді.

Әдебиет:

  1. Байбосынов Қ. Рысдәулет М. Тас мүсіндер тарихымыздың тамыры // Егемен Қазақстан. — 2002. — 27 ақпан.
  2. Малов С. Е. Памятники древнетюркской письменности. — М.-Л.: АНСССР, 1951. — 210 с.
  3. Малов С. Е. Памятники древнетюркской письменности Монголии и киргизии. — М.-Л.: АНСССР, 1959. — 111 с.
Основные термины (генерируются автоматически): талас, оса, россия, руна, V-VI, Немет, профессор, Ташкент.


Задать вопрос