Мақалада жазушы Дәурен Қуат әңгімесінің көркемдік ерекшелігі талданады. Шығармада қазақтың байырғы әдет-ғұрыпын, салт-дәстүрін жаңғырту арқылы жазушы пәлсапалық көркем ой түйеді. Қаһарманын қайсарлыққа, табандылыққа, батырлыққа ел тарихын, жер қадірін білуге баулиды.
Кілт сөздер: қисса, ертегілік-аңыздық сюжет, көне мұра, айқындау, теңеу, көнерген сөздер.
В статье анализируются художественные особенности повести писателя Даурена Куата. В произведении писатель посредством возрождения древних казахских обычаев и традиций создает философско-художественную идею. Он научил своего героя настойчивости, стойкости, героизму, знать историю страны, ценить родную землю.
Ключевые слова: рассказ, сказочно-легендный сюжет, древнее наследие, определение, метафора, устаревшие слова.
Көркем туындыдағы негізгі ойды көне әдебиет нұсқаларымен байланыстыру арқылы жеткізу, тың пайымдаулар жасау — Дәурен Қуат әңгімелерінде жиі қолданылатын тәсіл. Ол көркем туындыларында адамның өмірге деген құштарлығын танытып қазақтың байырғы әдет-ғұрыпын, салт-дәстүрін жаңғырту арқылы пәлсапалық көркем ой түйеді. Қаһарманын қайсарлыққа, табандылыққа, батырлыққа, ел тарихын, жер қадірін білуге баулиды. Жазушының «Аспан таулар аясында» шағын әңгімесінен осыны аңғаруға болады. Дәурен Қуаттың «Аспан таулар аясында» әңгімесіне ертегілік-аңыздық сюжетке құрылған «Бозжігіт» қиссасы негіз болады. Қайсыбір кезеңде де қаламгерлердің фольклорлық сюжетке назар аударуы арқылы қоғамдағы өзекті мәселені көтеруді мақсат ететіні белгілі. Жыр мазмұны жағынан Шығыс елдері дастандарына ұқсас. Дастанда Бозжігіт пен Қарашаштың адал да берік махаббаты жырланады. Махаббат жолында қандай қиындықтардың бәрін жеңіп, сүйгенін тапса да қыз әкесінің қатал, рақымсыз қыңырлығын жеңе алмай мерт болғаны тебірініспен баяндалады. Қазақ фольклорының дәстүрлерімен ұштасып, төл шығарма болып кеткен эпос.
«Бозжігіт» жыры — ауыз әдебиетінің дәстүріне жақын жазылған қиссалардың бірі. Ғалым Алма Қыраубаева оның арнасы түркі әдебиетінде жатқанын «Ғасырлар мұрасы» атты еңбегінде айтқан болатын. Түркі халықтарының арасында көп тараған ғашықтық дастан «Бозжігіт» жыры — шығарманың мотиві.
ХІІІ-ХІҮ ғасыр әдебиетінде жанданған нәзира дәстүрі Оянушылық дәуіріндегі көне антикалық мәдениетті жаңғырту идеяларымен үндес келді. Нәзираның негізгі тақырыбы ежелгі шығыс сюжеттері, жанры қисса-дастандар болды. Қисса араб тіліндегі әдеби үрдіс ретінде тарап, парсы әдебиетінде жалғасты. Парсы тілді әдеби мектеп қалыптасты. Осы мектептің өкілі — иран елінің ұлы мұраттарын жырлаған Фирдоуси, әлемге әйгілі ойшыл Әл-Фараби, әзербайжанның ұлы ақыны Низамилер болатын. Олардың шығармашылығы Түркі оянушылығына оң әсерін тигізді. Автор түркі өркениетінің тарихы мен мәдениетін ұрпақ санасына сіңіру арқылы отаншылдық сезімін оятуды көздейді.
Әңгіменің сюжеті отбасындағы үш жан: көкесі, апасы және Дәрменнің «Бозжігіт» қиссасын оқуы арқылы өрбиді. Екінші, автор үйге келген қонақтар әңгімесі арқылы тарихтың қатпар парақтары мен құпия сырларын ашады. Қисса-дастандағы «Түйе неге боздайды? — Ботасы оның жоқ шығар.
Жылқы неге кісенейді? — Құлыны оның жоқ шығар»,-деген жыр жолдары Дәрменгетаныс әуен, апасы күнде айтатын. Бала Дәрмен қиссаны тыңдап жатып түс көреді. Автор ерте замандардан бізге жеткен түс көру желісі арқылы оқиғаны дамытады. Түсінде тас үй, тас қора дегені кең сарай екен. Көкесі таққа жайғасқан, анасы алтын-күміске малынып, күймеде кетіп барады. Дәрмен батыр Бозжігіт екен дейді деген көркем ой арқылы ерте дәуірдегі ел мәдениетінен ақпарат береді. Қиссадан рухани азық алған Дәрмен басқа бір әлемде жүргендей өзін батырдай сезінеді. Қой күзеткен Дәрмен — батыр. Ол: «Үй орнындай үлкен кесеге толтырып құйған қымызды төбесіне бір-ақ төңкерген екен... батыр болып шыға келді. Батыр адам анау-мынау шыны-шәйнекті қолына ұстамайды. Қырық өгіздің еті қабат сыятын қазаннан ас ішеді. Әйтпесеаш өзегі толмайды. Ал, міне, үстінде мұз сауыт. Басында дулыға. Көкесі оқитын кітаптардан көрген..».. [1, 47–48 бб.] Міне, бала Дәрменнің қиялы. Қиял-ойды жетелейді, ой-батылдыққа баулиды.
Батырдың астында қас батырлардың серігі болатын қара қасқа тұлпар. «... Ақ маңдайы жарқырап бір қыз шығады» деген қиялымен қызды ауылға тарта бергенде, қойлар үркіп бала қиялынан шынайы өмірдегі іс-әрекетке көшеді. Батыл қимыл жасап «Қасқыр, қасқыр дегенге қасқая берме, қасқа тісіңді қағып алып, қағатын жеріңе қағып жіберемін!» деп қойларды құтқара бастайды. Міне, халықтық мұраның көркемдік қуаты осындай. Бала Дәрмен бүгін қойдың қас жауы қасқырмен шайқасса, ертең ел басына күн туса елін қорғар батыр боларына күмән жоқ.
Бүгінгі ұрпақ халықтың асыл қазынасы сөз өнерімен қоректенбейді. Бұл — қоғам қасіреті. Түп-тамырымыздан рухани нәр алмаған ұрпақ — жігерсіз. Осы олқылықтың орнын толтырудың жолы — ежелгі түбі бір түркі халқының елдікті, ерлікті ардақтаған көзқарастарын өнеге тұту. Әңгіменің кейіпкері Дәрменнің фантастикалық ой-қиялы арқылы автор бала мен ата- ананың арасындағы махаббат пен сүйіспеншілік қарым-қатынасты баяндайды. Әңгімеде Дәрмен — мейірімді бала, үлкендерді қадірлей біледі.
Дәурен Қуат осы қиссаға негіз болған діни аңыздық желіні баяндау арқылы ұлттық ерекшеліктеріміз бен құндылықтарымызды жаңғыртуды мақсат тұтқан. Ол –әке тәрбиесінің маңызы, туған жерді сүю мен қорғау.
Қазіргі қазақ әдебиетінде көптеген мәселелердің қайта таразылануы, әдебиет пен өнердің рухани байлық ретінде жаңғырып, толығуы, өресінің биіктеуі, тұрақталып қалған жағдаяттардың өзін қайта елеп-екшеу және оларды әлемдік руханият деңгейіне көтеру қажеттілігін түсінген автор ауыздан-ауызға көмескіленбей, сараланып жеткен қисса-жырдың мәніне терең үңіледі, оны шығармашылықпен пайдалану суреткердің өзіндік даралағын көрсетеді. Жазушы қисса сюжетінен өзіне етене жақын детальді талғап алған. Жаңаға ұмтылу, өзгеріске жету мен рухани дамуды фольклордағы оптимизммен қабыстырған.
«Дәурен адам психологиясын жетік меңгерген. Сондықтан былайғы жұртқа қалыпты болып саналатын көріністерді ол сәл өзгеше сөйлетеді: «Көлеңке көкесінен әлдеқайда зор. Көкесі сәтке қозғалса, ол да әрі-бері көшіп, тыным таппайды. Байқатпастан бас салардай ту сыртынан жабысып алған». Сөйтіп, автор суреттеген кәдімгі көлеңке бір сәтке кейіпкерді жайына қалдырып, оның болмысынан сытылып шығып, өзі ғана қозғалысқа түсіп кеткендей әдемі әсерге бөлейді. Бұл да — қызық тәсіл», — дейді [2, 8 б.] академик Бауыржан Омаров.
Көркемдеу құралдарының бірі — айқындау.Ол ұғымға, нәрсеге бейнелілік, нақтылық сипат береді. Жазушының фольклорға және негізгі ойға тән көркемдегіш сөздерді қолдануына назар аударсақ, әңгімеде мынадай айқындаулар кездеседі: «бурыл қабақ», «аппақ қар жамылған аспан», «қара нөпір», «тәкәппар тау», «қара күмізек», «жез құман», «келте тон», «кенеп сулық», «адырайған шың», «білтелі шам», «ақтүтек боран», «ыңыранған сиыр», «тас үй», «тар қора», «кең сарай», «мұз сауыт», «тас шоқы», «оппа қар», «қара қасқа ат», «тік құлақ көкшулан ит», «қызыл іңір», «уайымшыл жан», «шолақ мылтық», «қара сұр бұлт», «ақбасқан боран», «жансыз әскер»,«қысқа, шолақ дыбыстар», «қалың тұман», «жым-жырт табиғат» «найза мүйіз ақ серке», «қоянжон бел», «тұп-тұнық ауа». Бұл айқындаулар әңгіменің тұздығын келістіріп, көрікті ойлар беріп тұр. «Жау қара бұлттай түйіліп келіп жабылғанмен» дегенде «қара бұлттай», «қашқан қасқарды қатынындай сыбады», «бурыл қабақ бұғыдай кісі» — теңеу сөздері де Дәрменнің ауыз әдебиетіндегі кездесетін батырбейнесін сомдап тұр. Теңеуді автор өзінің ойын бейнелей, айшықтай түсу үшін алады да, тура мәнінде пайдаланады. Мәселен, «Мына неме тау арасында жалғыз жүріп боқтық сөзді қайдан, кімнен үйренген? Қашқан қасқырды қатынындай сыбады. Қасына таянғанымша тоқтамай, жортар жарықтықтың жон терісін сыпырды келістіріп. «Жә, жетер» дегенімше боратты ғой». Апасы мейірлене тіл қатты: «Батыр болды деген осы, жарығым» [1, 49 б.]. Бұл «Бозжігіт» жырын тыңдаған — Дәрменнің әрекеті. Бала күннен қисса-дастандар мен ертегі-аңыздарды тыңдап құлақ құрышы қанған Дәрменнің ой-өрісі, дүниетанымы жоғары. Осы әсірелей суреттеу арқылы автор бүгінгі ұрпақтың жан-дүние болмысына эстетикалық қуат беріп, ұлттық-азаматтық көзқарасын айқындай түседі. Өйткені жыр да Дәрменнің жан әлеміне әсер етіп, түйсігін оятады. Өзі де Бозжігіттей батырға ұқсағысы келеді. Тіпті түсінде де батырға еліктеп жатады. Суреткер қолдануындағы тұрақты тіркестерді де, балама, айқындау, теңеулерді де фольклорлық қырынан қарағанда, дәстүрлі қалыпта топтай алған. Көнерген сөздер мен табу сөздерді («дөде», «жортар», «асадал», «ақсөңке», «бәйіт» т.б.) қолдану арқылы да қаламгер діни наным-сенім мен салт-дәстүрімізде де ата-бабаларымыздың өміршең аманаттары жатқанын аңғартады.
Әңгімедегі екінші бір деталь — өгізші шалдар әңгімесі. Бұл әңгіме тарихтан сыр шертеді. Елінен, туған жерінен үдере көшкен ел тағдыры баяндалады. «Бурыл қабақ бұғыдай кісі күндердің күнінде Алтын шаңырақ тауының басынан түсіп әңгіме айтатын шығар» дейтін қиялында Дәрмен бала. Анығында сол кісі Қызайбек ата болғаны ғой. Міне, ол жерін тастап ауған елдің тағдырын сыңарынан айрылған сәбидің көргені етіп баяндап отыр» дегендегі Қызайбек бала — Дәрмен.
Әдебиет:
- Дәурен Қуат. Бөрісоқпақ: Әңгімелер жинағы. — Алматы: Атамұра, 2018. — 268 б.
- Омаров Б. Биікке бастаған «Бөрі соқпақ» // Бөрісоқпақ: Әңгімелер жинағы. — Алматы: Атамұра, 2018. — 268 б.