Берілген мақалада автор Мағжан Жұмабаев лирикасының, соның ішінде табиғат лирикасының көркемдік қырын талдайды.
Кілт сөздер: поэзия, лирика, пейзаж, табиғат.
В данной статье автор анализирует художественный аспект лирики Магжана Жумабаева, в том числе его лирики о природе.
Ключевые слова: поэзия, лирика, пейзаж, природа.
Мағжан Жұмабаев жаңа қоғамның қазақ жеріне орнауына мүлде қарсы шыққан жоқ. Керісінше, ақын ел басына түскен ашаршылық пен ауыртпалыққа жаны ауырып қиналса да, қайсыбір жаңалықтарды (елді сауаттандыру, әйел теңдігі) қуана қарсы алды. Келер ұрпақ ел тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ұлттық сезімін жоғалтып алмаса деген көзқарасты ұстанды. Бұл көзқарас оның суреткерлік концепциясына ұласты. Сол себепті қазақтың рухын көтеретін шығармалар жазды. Олар халықтың ұлттық тәуелсіздік жолында бірауыз болып бірігуін қалады.
Халықтың игі дәстүрлерін таптап, елді, жерді бөлшектеп келген отаршылдық Мағжан үшін жат еді. Бұл тек ақындар ұғымына ғана емес, халықтың өміріне ауыртпалық әкелді. Ақындар алғашқы кезеңдегі шығармаларында ұлтының өткен күндерін аңсап, алдағы армандарына ой жібереді. Сөйтіп, жалпы шығармашылық тұрғыларын енді басқа факторлармен байытады.
Бұл тұста Мағжан, қазақ халқының тағдырын, ел тағдырын жер тағдырымен байланыста нақты жырлайды. Оның сол замандардан бергі көне мекенінің бөлшектенуін, ел қабырғасының ыдырап сөгілуін елге, жерге деген сезім күйіне бөлейді. «Өткен күн» өлеңінде ол:
Еділ, Жайық, Сырдария -
Белгілі жұртқа екі су,
Тәтті, дәмді тармақты
Ұзын Ертіс, Жетісу.
Осы бес су арасы
Сарыарқа деген жер еді,
Туып-өскен баласын
«Айбынды ер алаш» дер еді, — [1, 89 б.]
деп, ел тұтастығын жер тұтастығымен сабақтас суреттейді. Осы тұтастықты бұзып, елді бөлшектеген саясатты айыптайды. Ақынның лирикасындағы табиғат пен тағдыр концепциясы осылай қалыптасады.
Ақын халқымыздың өзге ұлтқа ұқсамас, өзіндік ерекшелігін танытатын өмір құбылыстарын сағынады. Сәулеті мен дәулеті келіскен мамыражай тіршілікті аңсайды. Сағынып, аңсап қана қоймайды, жүрегі сыздай отырып жыр толғайды:
Сылдырап аққан өзенге
Үй тігіп дереу қонысып,
Бұрала басып былқылдап,
Әзілдесіп, сыңқылдап,
Жас келіншек, жас қыздар
Кереге жайып, уық байлар,
Үйден үйге жүрісіп.
Өткен күнді ойласам,
Ойға терең бойласам,
Кешегі қайран қазақтың
Сәулеті мен дәулеті
Көз алдыма келеді... [1, 92 б.].
Қазақ халқы сонау ықылым заманнан бері өзін табиғаттың бір бөлшегімін деп ғұмыр кешіп, көшіп-қонған шағында қоршаған ортаны көзінің қарашығындай қастерлеп, экологиялық биік мәдениеттілік танытқан. Түтін түтетіп отырған отауын (киіз үйін) «отыз омыртқа, қырық қабырға, бәрін ұстап тұрған ауыз омыртқа» — деп жұмбақтап, бөбегін де «айым», «күнім», «жарығым», «ботам, қозым, құлыным» деп еміреніп, төрт-түліктің де рухани қызығын иелене бермей, жайылым-қонысын жиі ауыстырып, құлпырта өсіріп, күтіп-баптауды да білген.
«Қазақтың тұрмыс-тіршілігі, өмірі көшпенді мәдениет жағдайында табиғаттың ашық аспаны астында, тағдыр мен табиғаттың жаттанбаған, табиғи бірлігі аясында өтіп келгені бегілі. Табиғатты жанымен сезініп, жүрегімен қабылдайтын халқымыздың ерекше қасиеті мен сұлулықты құрметтейтін жоғары талғамы мен танымы қай ісінен де мен мұндалап тұрады. Табиғатта бір-бірінен ажырамайтын заңдылық бар. Ол заңдылықты Мағжан әрқашан жадында ұстады» [1, 23 б.].
Елін, жерін, туып-өскен қасиетті қонысын қысастық қиянатынан қорғап, оның бүкіл бақ-дәулет, игілігін болашақ заманға арулап табыс ету парызы Мағжан шығармашылығында ерекше мән алады. Табиғат байлығын ысырапсыз, қамқорлықпен, ұқыпты игеруді, жан-жануар, жасыл дала, орман-өсімдік, жайылымдарды көзінің қарашығындай аялауды, өзен-көлдердің мөлдір тазалығын сақтауды талап етеді. Содан өзі бақыт табады, жаны рахат сезімге бөленеді. Бұл келісім бұзылған жағдайда, ақын жаны табиғатпен бірге күйзеледі.
Мағжан қазақтың өзіне ғана тән тұрмыс-тіршілігін, дәстүрін көп жырлаған, даласын, тек даласын сүйіп өткен, сүйіп қана емес, жырлап өткен, қорғап өткен ақын.
Білмейімін, дала естен шығар ма екен?
Даласыз көңіл шіркін тынар ма екен?! — деп, басқа өмірге көндіге алмайтындығын айналасына сездіріп отырады.
Қырдағы жылқышылар ұйқы көрмес,
Қолынан қулық бие құлындатып, — [1, 105 б.] деп, дәстүрлі тақырыбына айналып соғып отырады.
«М. Жұмабаевқа тән алғашқы ортақ ерекшелік алғашқы туындыларын туған жер табиғатына арнаған. Туған жер табиғаты — ақынның тұла бойындағы абзал адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына және ақындық жанының шыңдала түсуіне тікелей ықпал жасайды. Өйткені адам бойындағы барлық қасиеттер киелі туған жердің табиғатымен тікелей тамырласып, үндесіп жатады. Қазақтың мықты сөз зергерлерінен бастап екі ауыз өлең құрайтын оқушысына дейін сөзінің алдын еліне, жеріне деген махаббатын айтудан бастайды» [2, 56 б.].
Мағжанның Қазан төңкерісіне дейін жазған өлеңдерінің бірі — «Жатыр». Өлең 1911 жылы жазылған, әдебиет ауласына автордың азамат ақын ретінде енгенін дәлелдейтін туындысы. «Жатыр» өлеңінде ашық айтылған ойларды ақын «Шын сорлы» өлеңінде табиғат суретіне бөлеп толғайды:
Күн суық, қатты аяз шыдар емес,
Қар борап, соққан желмен қылып егес.
Кедейлер үсіп-тоңып дір қақтырар,
Жылы үйде байлар жатар, уайым жемес [1, 204 б.].
Жаратылыс көрінісін бейнелеу арқылы заман шындығын қаз-қалпында жеткізеді. Бұл — оның жанымен терең сезінген ақындық дүниетанымы, көзқарасы, көркемдік ізденісі. Өлең қалқасынан сығалап жетім көңіл, кіреуке сезім, қайғы қасірет көрінеді. Адам баласының қоғамдық мұң-мұқтажы, әлеуметтік тынысы, адам жанын сыздатар ауыр, азапты өмірі ақынды шығармашылығының алғашқы кезеңінен бастап-ақ толғандырғанын көреміз. Мағжан табиғат лирикасына саяси-әлеуметтік сипат береді. Осылайша Абай қалыптастырған көркемдік әдісті Мағжан ақындығының алғашқы алымында-ақ шебер пайдаланады.
Табиғат — ақынның алғашқы оқытушысы, рух берушісі. Табиғатты сүйе білу — ақындық рух, ақындық шабыттың алғашқы адымы десек, Мағжан ақындық көзін табиғатты жырлаумен ашқан.
Қазақ халқының ұғымында адам мен табиғат ежелден егіз болып қалыптасқандықтан, ақындар табиғат арқылы елінің, жерінің, халқының тағдырын көреді, күйзелістері де табиғатпен арақатынасы нәтижесінде туындайды. Табиғатты жырлауда Мағжан лирикасы мұңдылығымен, әуезділігімен ерекшеленеді. Ақынның балалық шағы мен құрбы-құрдастарымен көңіл сырын бөліскен жері — Сасықкөл. Ақын үшін ол ұжмақпен бірдей. Одан көркем, одан сұлу жер жоқ. Сондықтан болар ақын көл суретін ерекше шабытпен суреттейді:
Алыстан мұнарланып шалқыған көл,
Бетінде күннің нұры балқыған көл.
Жарысып саф күмістей ақ көбігі,
Мап-майда мөлдірінде қалқыған көл [1, 142 б.].
Табиғат та, оны мекен етіп отырған халық та жанға жайлы мамыражай тірлік кешуде. Қаймағы бұзылмаған сұлу табиғат. Байлар да, оның қамқорлығындағы кедейлер де тыныш тіршілік етуде, қарын тоқ, қайғы жоқ. Сонда да болса, ақын көңіліне кірбің ұялайды.Айтпауға дәті шыдамайды. Өлеңнің соңғы шумағында ұлтына қара бұлттай үйіріліп келе жатқан қамытқа деген қарсылығын, алаңдаушылығын көрсетеді. Қазағының басынан да, оның туған табиғатынан да бақ құсы ұшып кетер күннің жақындағанын сезіп, жаны ауырады. Сонымен қатар, өлеңде ақынның туған жерге деген сағынышы да берілген. Еліне, жеріне деген аңсау мен алаңдаушылық өлең бойында қатар өрілген.
Ақынның нәзік жүрегі, қымбат сезімі туған өлкенің тағдырымен бірігіп, біте қайнасып кеткен. Лирикалық өлеңде ақынның сезімі мен түйсігі ғана емес, түсінігі мен танымы да бой көрсетеді. Біз оның дарын қуатын да, ой-өрісін де интеллект дүниесін де, мақсат-мүддесін де шығармасы арқылы танимыз, бағалаймыз.
Жиырмасыншы жылдар шығыс елдерінің жаппай отар болған кезі. Үндістан, Ауғаныстан, Парсы, Түрік, Араб жұрттарын ағылшындар сорып келсе, Европаның ірі мемлекеттері Қытай, Жапония елдеріне көз тігумен болды. Ал Ресей қол астындағы түрік тұқымдары патша үкіметінің отары болып келді. Бұл — талай жылғы ғасырлар жемісі. Бұл саясат ақындар өлеңдерінде көрініс тауып жатты.
Мағжан ақындық жолының алғашқы кезеңінде қазақтың ұлттық сезімін ояту үшін күрессе, сол кездегі аумалы — төкпелі заманда жеке ұлтшылдықтың өрісі тарылғандығын көріп, түрікшілдікке бой ұрады. Әдебиетімізде батыс пен шығысты бір біріне қарсы қою тенденциясы пайда болғаннан кейін Азияның, Күншығыстың ақыны болып, батысқа сөз көтереді.
Әй, сен, кесел Күнбатыс!
Бұл жатуың қай жатыс?
Жоғал жылдам жалымнан!
Болмаса, қорықсаң елімнен
Үмітің болса өмірден
Ұста менің қолымнан! [1, 123 б.].
М. Жұмабаев табиғат пен тағдыр жарасқан немесе тайталасқан белгілі бір сезімді ишара тұспалмен аңғартумен шектелу арқылы да поэзия қуатын арттырады. «Қараңғылық қоюланып келеді» өлеңінде ақын алдымен өмірдегі шын қараңғылықтың қоюлануын суреттейді де: Ой басты ма? Әлде көзім талды ма, Мөлт-мөлт етіп көзіме жас келеді, — деп, лирикалық кейіпкер жанын да қою қараңғылық жайлап алғандығын айту арқылы көркемдік көзқарасының жаңа бір қырын ашады.
Қажыдым енді, күш бітті,
Көңілсіз салқын күн бұлтты,
Жел бұйығып тербелед.
Әлдекімнің өлгенін,
Оны қалай көмгенін,
Әңгіме ғып күңіренед.
Жел, күңіренбе, жасың тый,
Өлім күйі-тәтті күй.
Балқиды жаным бұл күйге.
Мені де, өлім, әлдиле...
Әлдиле, өлім, әлдиле!.. [1, 125 б.].
Бір арнадан екінші бір жаңа арнаға ауысу процесі оңайға түспейді. Дарыны болмашы, принципі босаң жандар болмаса, хас суреткер шығармашылығындағы бұл процестің күрделілігі, дүниетанымындағы психологиялық ағымдардың өзгерісі — нағыз дарын иесін үлкен шығармашылық концепция биігіне көтеретіні, тіпті бірқатар қиындықтарға әкелетіні сөзсіз. Принциптері берік, сенімі тұрлаулы, концепциясы тұғырлы қаламгер саясат өзгергеннен гуманизмге, қастерлі мақсатқа, әділет жолына деген таным-түсінігін жаңа, ресми өкіметтің ығына жыға салмайды. Мағжан романтизмінің тереңдей түсуі, мұңды әуенге айналуы — ұлттық дүниетанымының, кеңес шындығымен үйлесе алмауынан туындап отыр. Тергеуге берген жауабында М. Жұмабаевтың өзі де «Жалпы менің жазғандарым үгіт, насихаттан гөрі адам жан-дүниесінің, сезім-сырларының болмысынан туатын менің шындығым олардың шындығына үйлесе қоймағаны мәлім» [3, 92 б.] деген екен. Бұл пікірін ол өлеңдері арқылы нақтылай түседі.
Әдебиет:
- Жұмабаев М. Шығармалары. Т. 1. — Алматы: Қазақ университеті, 2012. — 312 б.
- Кекілбай Ә. Көш бастаған көрнекті ақын. Кітапта: «Өлеңім-өмірім менің». — Алматы: Санат, 1997. — 576 б.
- Кәкішев Т. Мағжан — Сәкен. — Алматы: Қазақ университеті, 2014. — 615 б.