Аутизмге шалдыққан балалармен жүргізілетін ойын терапиясы | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Несмотря на коронавирус, электронный вариант журнала выйдет 11 апреля.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Балмаханова С. З., Оспантаева А. А., Иса Ж. С. Аутизмге шалдыққан балалармен жүргізілетін ойын терапиясы // Молодой ученый. — 2020. — №9.1. — С. 7-8. — URL https://moluch.ru/archive/299/67881/ (дата обращения: 01.04.2020).



Елімізде соңғы уақыттарда аутизмге шалдыққан балалардың саны күрт өскені белгілі. Ерте балалар аутизмі үш жастан байқалатын психикалық дамудың күрделі түрі. Бұл синдромның клиникалық сипаттамасы полиморфты және қарама-қайшылықтар түрінде К.С. Лебединская, О.С. Никольская [1], О.С. Никольская, Е.Р. Баенская, М.М. Либлинг [2] еңбектерінде берілген.

Ерте балалар аутизмі синдромына тән ерекшеліктер:

- басқа адамдармен және заттар әлемімен қарым-қатынасқа түсе алмаушылық, әлеуметтік дамудың ерте кезеңінде байқалатын күрделі кемшілік;

- тәртіптің стереотиптілігі;

- сөйлеу тілінде кемшіліктердің ерекше түрдегі байқалуы (мутизм, эхолалия, стереотипті монологтар, сөйлеудің болмауы);

- сенсорлық жағдайларға деген сезімталдықтың сензитивтілігі [3, 218 б.].

Дегенмен ерте балалар аутизміне шалдыққан балалар интеллектуалдық жағынан дамыған болып келсе, ақыл-ой дамуы кешеуілдеген, дарынды бала болуы да мүмкін.

Аутизмге шалдыққан балалар ойыншықтарға қызығушылықсыз қарайды. Олар ойынды пайдаланбайтын, бірақ сенсорлық әсер беретін бөгде заттармен айналысуды қанағат тұтады. Бұл балалар өз беттерімен, бөлектеніп ойнағанды ұнатады.

Ойын терапиясы – бұл «ойынмен емдеу», көмек көрсетудің жолы. Ойын терапиясы баланың көптеген сұраныстарын қанағаттандырады. Бұл баланың көңіл-күйін және танымдық қабілетін дамытуға бағытталған, медициналық, психологиялық, педагогикалық әдіс болып табылады.

Ойын терапиясының мақсаты – баланың психикалық қалпын тепе-теңдікке келтіру.

Ойын терапиясының ерекшеліктері:

- алдын ала жоспарланбайды, баланың кенеттен пайда болған көңіл-күйіне байланысты;

- психолог немесе дефектолог маманның қатысуымен жүзеге асырылады;

- тыныш ортада: үйде немесе арнайы оқу мекемесінде жүргізіледі.

Ойын терапиясының өткізілу ережелері:

- бала эмоциясы мен сезімін көрсеткенде қолдау көрсетіңіз;

- ойын баланың жас ерекшелігіне және мүмкіншілігіне сәйкес келу керек және балаға үнемі көмек көрсетілуі қажет.

- ойын терапиясы барысында балаға оның іс-әрекеті жайында баяндау;

- бала сеніміне кірген соң, оның мінез-құлқын әлеуметтік нормаға сәйкес эмоцияны көрстеудің жаңа жолын үйрету керек;

Ойын терапиясының түрлері:

А) Дәндермен ойнау. Бұл ойынға қажетті материалдар: ұсақ көлемді, дыбыс беретін қолға ұстағанда сезілетін құралдар болуы тиіс. Бұл ойынға ыңғайлы орын - ас бөлмесі болып табылады (Мысалы: «Жаңбыр және бұршақ» ойыны, т.б.).

Ә) Мақтамен ойнау. Мақта өте жұмсақ материал болғандықтан, сенсорлық ойындарға қолдана аласыз. Мақта балаға терапиялық түрде әсер етуі мүмкін. (Мысалы: «Қар жауды», «Қар атыспақ» ойыны және т.б.).

Б) Ескі газетпен және журналмен ойнау. Ескі газет пен журнал ауаға ұшқанда ерекше дыбыс береді. Сол себепті журналдан ұшақ немесе құс жасап, оның ұшқанын бақылау балаға қызықты ( Мысалы: «Құстар ұшады» ойыны).

В) Сумен ойнау. Сумен ойнау сенсорлық ойын түріне жатады. Бала суды ұстап, сұйық зат екендігін сезінеді және судың көлемін анықтай алады. (Мысалы: «Су шашу» ойыны).

Г) Жастықпен, сүлгімен және жіппен ойнау. Аутизмге шалдыққан балаларда келесідей ерекшеліктер байқалады: олар өздерін жарақаттайды, көбінесе бастарын жарақаттайды. Мұндай жағдайларда баланы ойынға тартыңыз. Баланың агрессиялық іс-әрекетін ойынға ауыстыра аласыз (Мысалы: «Кім мықты?», «Жастықпен күрес», «Бекініс» ойыны және т.б.).

Қорытындылай келе, осы аутизмге шалдыққан балаларға ойын терапиясының өзге терапиялармен салыстырғанда маңызы зор. Ойын терапиясын әр кезде және әр жерде ұйымдастыруға болады. Ол белгілі бір қомақты қаражатты, міндетті түрде белгілі бір арнайы орталыққа баруды қажететпейді.

Алғыс білдіру

Ғылыми-зерттеу жұмысы «Болашақ» Ғылыми-зерттеу институты жанындағы Әлеуметтік мәселелерді психологиялық және дефектологиялық зерттеуорталығының «Мүмкіндігі шектеулі балалармен жүргізілетін түзету жұмыстары» университетішілік жобасы шеңберінде орындалып, университет құрылтайшысының қаржыландыруымен жарық көрді.

Әдебиет:

1. Лебединская К.С., Никольская О.С. Диагностика раннего детского аутизма. – М.: Просвещение, 1991. – 53 с.

2. Никольская О.С., Баенская Е.Р., Либлинг М.М. Аутичный ребенок. Пути помощи. – М.: Теревинф, 2015. – 289 с.

3. Төребаева К.Ж., Балтымова М.Ф. Арнайы педагогика. – Ақтөбе. 2011. – 300 б.



Задать вопрос