Қазақ және ағылшын тілдеріндегі «билік» концептісінің көрінісі және аударма мәселесі | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Молодой ученый Қазақстан

Опубликовано в Молодой учёный №35 (273) август 2019 г.

Дата публикации: 31.08.2019

Статья просмотрена: 352 раза

Библиографическое описание:

Есенгалиева, Ж. Т. Қазақ және ағылшын тілдеріндегі «билік» концептісінің көрінісі және аударма мәселесі / Ж. Т. Есенгалиева. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2019. — № 35 (273). — С. 176-179. — URL: https://moluch.ru/archive/273/62234/ (дата обращения: 16.12.2024).



Мақалада көптеген тілдердегі негізгі концептілердің бірі болып табылатын және басқа да тірек ұғымдарды біріктіретін және жинақтайтын «билік» концептісінің қазақ және ағылшын тілдеріндегі ұлттық-мәдени ерекшеліктері талданып, аударма мәселелеріне назар аударылады. Бұл екі тіл туыстас болмағандықтан, менталитет, әлемнің тілдік бейнесі, концепт қалыптасуының тарихи себептері де өзгеше деген тұжырымға келуге болады. Мақалада ұлттық-мәдени ерекшеліктерді анықтау үшін салыстырмалы-салғастырмалы әдіс қолданылса, аударма мәселелерін айқындауда аударма трансформациялары қолданылды.

Кілт сөздер: концепт, билік, лингвомәдениет, репрезентация, аударма.

В статье анализируются национально-культурные особенности концепта «власть» на казахском и английском языках. Данные языки не имеют родства, поэтому можно предположить, что менталитет, языковая картина мира и исторические причины формирования концепта различаются.

Ключевые слова: концепт, власть, лингвокультурология, репрезентация, перевод.

Қазіргі кезде әр түрлі салаларда кеңінен қолданылатын ортақ терминдердің бірі — концепт. Концепт туралы зерттеулерді көне заман философтары — Аристотель, Платон, Канттың еңбектерінен көруге болады. Ал 1920-жылдары бұл терминді алғаш рет С. А. Аскольдов өз мақаласында қолданған. Алайда бірқатар кедергілердің болуы себебінен концептті зерттеу біраз жылдарға тоқтап қалады. Тек XX ғасырдың 70-жылдарында антропоцентристік парадигма нәтижесінде ғылымда когнитивті лингвистика бағыты пайда болып, концептілерді зерттеуге жаңа мүмкіндік туды. Осылайша концепт когнитивті лингвистиканың негізгі, түбір идеясына, бірлігіне айналды.

Бүгінгі таңда концепт бірнеше бағыттарда, атап айтқанда логикалық (концепт тілдің логикалық бірлігі ретінде), когнитивті-семантикалық (категоризациялау және концептуализациялау мәселелері, концепт түрлері), когнитивті-дискурстық (концептінің дискурстық тұрғыдан қарастырылуы), лингвомәдени (мәдениет, адамның менталды әлемі, тіл) бағыттарда қарастырылып келеді [1, 116–118 бб].

Концепт терминін қарастырған авторлар көп болғанымен де, оның бірыңғай анықтамасы әлі де берілмеген. Бірқатар ғалымдар, соның ішінде Ю. С. Степанов, оны “мәдениеттің негізгі көзі”, яғни топтық сананың, ондағы білім мен тәжірибенің көрінісі ретінде қарастыра отырып, концептілердің әр уақытта өзекті болатын зерттеу мәселесі болатындығын алға тартады. Бұл ыңғайда тіл концептілердің көрінісін берудің құралы ретінде қарастырылады. Ал Д. С. Лихачев, Е. С. Кубрякова сынды басқа зерттеушілер “концепт тілдік мағыналардың ұлттың жеке тәжірибесімен тоғысқандығының нәтижесі” дегенге сүйенеді [2, 46 б].

Концептілерді зерттеуге ұсынылған ыңғайлардың жанаспайтын тұстары болғанымен, олардың ортақ бір идеясы бар: концепт — ұлттық мәдениет шоғырының тілдік бейне ретінде көрініс табуы.

Аударма саласында концептілер өзекті мәселелердің бірі болып табылады, себебі әрбір ұлт объективті әлемді өзінше қабылдайды және ұғынады. Соның нәтижесінде концептосфера, яғни концептілерді қамтитын орта пайда болды. Д. С. Лихачев бұл терминді ноосфера, биосфера секілді терминдердің үлгісі бойынша енгізген. Оның пікірінше, ұлттық мәдениет, әдебиет, өнер, ғылым, тарих, дін және діл неғұрлым ауқымды болса, оның концептосферасы да соғұрлым бай болады [3, 153 б].

Қазіргі кезде концептілердің алуан түрлі классификациялары бар. Солардың қатарында қолданылу аясына байланысты әмбебап, топтық, ұлттық және жеке концептілерге бөлінуі айрықша көңіл бөлуді талап етеді. Бұл жіктелуге сүйенсек, әмбебап концептілер қалған категорияларды да қамти алады, яғни мұндай концептілер ұлттық әлем бейнесіне де, топтық сана-сезімге де, жеке түсінікке де ортақ бола алады. Осындай әмбебап концептілердің бірі — «билік».

«Билік» көптеген ғылым бағыттарындағы мәселелерді көрсете отырып, әр түрлі салалардағы зерттеушілердің назарын аударады. Бұл концепт ежелден бері көптеген ойшылдарды қызықтырған және қоғамның қоғам болып қалыптасуында ерекше рөл атқарды. Көптеген зерттеулерде «билік», ең алдымен, саясат, саяси күш, мемлекет, үкімет секілді ұғымдармен қатар жүреді.

«Билік» концепт ретінде саяси философияда көп зерттелген. М.Фуко (билік барлық жерде), М. Вебер (билік — қоғамдық аморфтық дүние) секілді философтар осы салада «билікті» ұғынуға өз концепцияларын берген [4, 111–124 бб]. Дегенмен оларға ортақ нәтиже — «билік» қоғамдық конструкт және қарым-қатынаста көрініс табады. Сондай-ақ Р.Даль да 1959 жылы жазған “The concept of power” атты мақаласында бұл ұғымды адамдар арасындағы қатынас ретінде суреттейді. Оның ойынша, «билік» — бұл басқалардан артық күштің болуы және нәтижесінде оларды бірнәрсені істеуге мәжбүрлеуге мүмкіндік беретін қабілет.

Ал «биліктің» тіл білімінде зерттелуін А. А. Шабанова, Е. А. Касаткинаның диссертациялық жұмыстарынан, Е.Шейгал, О. В. Любимова, В. В. Гогенконың мақалаларынан көруге болады. Алайда бұл жұмыстарда «билік» ағылшын және орыс тілдері тұрғысынан қарастырылады. Қазақ тіліндегі «биліктің» концепт ретінде зерттелуін Г. Е. Дүйсембинаның ғана мақаласынан табылды. Онда зерттеуші «биліктің» қазақ баспасөзіндегі репрезентациясын ашып, концептінің құрылымындағы ядросына, жақын және шеткері перифериялардағы семаларды үйлестіреді [5, 83–94 бб].

Аталған жұмыстарда «билік» лингвомәдени немесе саяси концепт ретінде зерттелгенімен, аударма мәселесі ретінде қарастырылмайды. «Билік» тілдік әлем бейнесінде әр халықта әр түрлі көрініс табатындықтан, аударма барысында қандай қиындықтар, немесе аударма тілімен айтқанда лакуналар пайда болатындығын анықтау, «биліктің» екі тілдегі вербалды репрезентацияларының айырмашылықтарын белгілеу, «биліктің» ұлттық-мәдени ерекшелігін ашып көрсету осы жұмыстың басты мақсаттары болып табылады. Осы мақсаттарға жету үшін салыстырмалы-салғастырмалы әдіс пен аударма трансформациялары қолданылатын болады.

Қазақ және ағылышын тілдері туыстас болмағандықтан, объективті дүние мен ондағы құбылыстарды концептуализациялануы да ұқсас емес. Сол себептен, «биліктің» қабылдануы да өзгеше болатындығы айқын. Мысалы, бұл концептінің сөздіктерде берілуін салыстырайық.

Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде билікке мынандай анықтама беріледі: 1) Басқарушылық, басшылық, әкімшілік; 2) Үкімет, мемлекетті басқару органы; 3) Мансап; 4) Билердің айтатын төрелігі, шешімі; 5) Қылмысты іс жөнінде шығарылған сот үкімі; 6) Жарлық, бұйрық, әмір; 7) Ерік, ықтияр; 8) Тағдыр, кесім [6, 234 б].

English Oxford living dictionaries онлайн-сөздігінде берілген ағылшынша анықтамасы: power (noun) — 1) The ability or capacity to do something or act in a particular way. 2) The capacity or ability to direct or influence the behaviour of others or the course of events. 3) Physical strength and force exerted by something or someone. 4) Energy that is produced by mechanical, electrical, or other means and used to operate a device. 5) The rate of doing work, measured in watts or less frequently horse power. 6) The product obtained when a number is multiplied by itself a certain number of times. 7) A large number or amount of something [7].

«Билік» ағылшын тілінде, ең біріншіден, қабілет немесе мүмкіндік ретінде бейнеленсе, қазақ тілінде ол тікелей басқарумен және бақылаумен байланысты. Сондай-ақ, қазақ тілінде ол мансап, өмір және бұйрық ұғымдарын да қамтиды. Алайда, ағылшын тілінде сөздіктегі анықтамаға сүйенсек, концепт мұндай мәнге ие емес, керісінше, мұнда «power» деп алынған балама тек қана күш пен басқаруды ғана білдіріп қана қоймай, сонымен қатар физика, математика сияқты салаларда да қолданылатынын атап өткен жөн. Бұл «power» сөзінің көпмағыналылығын көрсетеді.

Осы анықтамаларды негізге ала отырып, «билік» концептісінің келесі когнитивтік белгілерін анықтауға болады: қазақ тілінде — 1) билеп-төстеу, 2) үкімет; 3) шешім; ағылшын тілінде — 1) қабілет, 2 күш, 3) бірнәрсенің туындауы.

Алайда сөздікте берілген анықтамалар ол сөздің концепт ретіндегі ұлттық-мәдени бояуын, ерекшеліктерін толығымен ашып көрсете алмайды. Сондықтан бұл жағдайда оны әлемнің тілдік бейнесі тұрғысынан талдаған жөн.

«Билік» концептісі ұлттық сана-сезімде тарихи жағдайлар арқылы өзгеріп, бір мәнінен айырылып, бір мәнге ие болып отырғанын байқауға болады. Мысалы, орта ғасырлардағы қазақ қауымында бұл концепт би, билермен байланыстырылды. Этимологиялық шығуын қарап отырсақ та, «билік» сөзінің түбірі «би» екенін байқаймыз. Бұрынғы уақыттары дау-дамайларды шешіп, әділ шешімдерін айтып отырған билер болғандықтан, осыған байланысты бірнеше мақал-мәтелдер пайда болған. Мысалы, «Байлық не керек, Адалдан жимасаң. Билік неге керек, Әділдік құрмасаң!»; «Төр кімдікі болса, билік соныкі»; «Әулекі би ат үстінен билік айтар»; «Билік айту оңай, Біліп айту қиын».

Ал ағылшын тілінде «билік» фразеологиялық бірліктер ретінде көп кездеседі. Мысалы, «a/the power behind the throne» фразасы В.Питт I Лордтар Палатасында сөйлеген сөзінде алғаш рет қолданылып, кейін бұқара халық арасында кең қолданысқа түсті. Мұнда «билік» — көзге көрінбей, саяси істерге араласып, өз дегендерін істейтін адамдар. Ал «corridors of power» фразасы ағылшын жазушысы Ч.Сноу Британиядағы Уайтхолл министрлеріне қолданған және жоғарыдағы билігі көп адамдар жүретін жерлерді білдіреді. Байқасақ, «билік» бұл тілдерде халықтың қоғамдық тәжірибелерін көрсетеді.

Кез-келген концептінің концетосфераға кіруі үшін белгілі бір құрылымы болуы керек. З. Д. Попова мен И. А. Стернин атап көрсеткендей, концептінің мазмұны және құрылымы болады және оларды ажырата білген жөн. Концептінің мазмұны өрістік белгі бойынша орналасқан және ядро, жақын және алыс периферияларды қамтиды. Концептінің белгілі бір аймақта орналасуы санадағы белгілердің жарқындығымен айқындалады. Концепт ішкі жағынан бейне, ақпараттық мазмұн және интерпретациялық өріс секілді негізгі құрылымдық компоненттерден тұрады [8, 80 б]. Бейне сөздердің лексикографиялық, психолингвистикалық мағыналарында көрініс табуы мүмкін, яғни бейне — бір концептінің ең жарқын үлгісі, ең көп кездесетін ассоциациясы деп айтуға да болады. Бейне де ұлттық-мәдени бояуға ие. Ақпараттық мазмұн концептінің ең маңызды қырларын, оның негізгі қызметін, құрылымдық бөліктерін жинақтайтын белгілерді көрсетеді. Интерпретациялық өрісте ақпараттық мазмұн интерпретацияға, яғни талдануға түсетін когнитивтік белгілер қамтылады. Бұл өріс энциклопедиялық, утилитарлық, реттеуші, жалпы баға беру, қоғамдық-мәдени, паремиологиялық секілді бірнеше аймақтарға бөлінген [8, 78 б].

Аударма саласында ұлттық-мәдени сипаты бар концептілерді аудару үлкен мәселелердің бірі болып табылады. Себебі бұл тұрғыда аудармашы концептінің шығуын, оның концептосферадағы орнын және тілдегі вербалды репрезентацияларының қолданылуын білуі қажет. Алайда күні-бүгінге дейін концептілерді аударудың бірыңғайландырылған тәсілдері әлі берілмеген. «Билік» концептісінің ағылшын және қазақ тілдерінде аударылу мысалдарын келтірсек:

1) Калькалау арқылы аудару.

The lady I was sent to was a power behind the throne.

Мен жұмысқа орналасуға барған әйел нағыз тақ артындағы күш болып шықты [9, 462 б].

Бұл аударма мысалында жоғарыда айтылған a power behind the throne фразасы берілген. Ол ағылшын халқының тарихи жағдайларымен байланысты болғандықтан, ұлттық мәнге ие. Сондықтан оның қазақ тілінде тура баламасының болмауы түсінікті. Осыны есепке ала отырып, концепт калькалау тәсілімен аударылған. Аударма сәтті шыққанымен де, ол дәл сондай прагматикалық әсерді туғызып тұрған жоқ.

2) Балама табу тәсілі.

I have been told by the powers that be that they do not allow their younger members to marry before they have established themselves abroad.

Мүйізі қарағайдай ағалар маған өздері аяқтанып, өз қолы аузына жетпейінше жасы кішілерге үйленуге рұқсат бермейміз деді [9, 462 б].

The powers that be идиомалық фразасы алғашында діни мәтінде жоғары күшті сипаттауда қолданылған. Уақыт өрісімен бұл да ауызекі тілге еніп кеткен және кейде сатиралық мәнге боялады. Әрине, фразаның шығуы ағылшын халқының наным-сеніміне байланысты шыққан, әйткенмен де оған ұқсас сөздер қазақ тілінде жоқ емес. Мысалы, «дүниенің тұтқасын ұстап тұрғандар», «сөзі өтімді ағалар», «ығайлар мен сығайлар» және т. б. Ал берілген аударма түпнұсқаның мәнін аша алды деген ойдамыз.

3) Түсіндірме аударма беру тәсілі.

Басының билігі жоқ адам.

A person who lacks competency, in the sense of being unable to make his or her own decisions.

Бұл мысалда қазақ халқына тән сөз тіркесі берілген. Ағылшын тілінде «билік» басқа қатысты қолданылмайды, сол себепті оны тек түсіндірме аударма арқылы беруге болады.

Қорытындылай келе, концепт ұғымы когнитивті лингвистиканың негізгі бірлігі болып табылады. Ол ұлттың концептосферасын құрайды және әлемнің тілдік бейнесінің негізін жасайды. «Билік» концептісі жалпыадамзаттық әмбебап концептілер қатарына жатады. Дегенмен мұндай концептілердің де белгілі бір ұлт, мәдениет арасында қолданылуына байланысты өзіндік ерекшеліктері болады. Осы белгілерді тіл қабаттарынан байқаймыз. Қазақ және ағылшын тілдерінде түрлі себептерге байланысты пайда болған «билік» концептісін бейнелейтін фразеологизмдер, мақал-мәтелдер көп. Оларды аударғанда табылған басты мәселе концептіні қабылдау ерекшеліктерінен, оның қалыптасуының тарихи жағдайларынан туады және бұл сәйкессіздіктер шығыс мәтіндегі прагматикаға да әсерін тигізеді. «Билік» концептісінің вербалды репрезентацияларын аударғанда калькалау тәсілін, балама табу, ұқсастық табу, түсіндірме аударма беру секілді тәсілдер қолданылады.

Әдебиеттер:

  1. Дзюба Е. В. Когнитивная лингвистика: учебное пособие для высших учебных заведений / Е. В. Дзюба; Урал. гос. пед. ун-т. — Екатеринбург: [б.и.], 2018. — 280 с.
  2. Маслова В. А. Когнитивная лингвистика: учеб. пособие / 3-е изд., перераб. и доп. — Минск: ТетраСистемс, 2008. — 272 с.
  3. Лихачёв Д. С. Концептосфера русского языка // Русская словесность. От теории словесности к структуре текста: Антология. — М.: Academia, 1997. — С. 147–165.
  4. Ледяев В. Г. Современные концепции власти: аналитический обзор // Социологический журнал, 1996. Том. 0. № 3–4. C. С. 109–126.
  5. Дюсембина Г. Е. Қазақ баспасөзіндегі «Билік” концептісінің репрезенттелуі // М.Өтемісов атындығы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің 85 жылдығына арналған және Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” стратегиялық мақаласы аясында өткен «Түркі жазуы мен түркі мәдениеті: түркі жұртының бірегейлік негізі" атты республикалық ғылыми-тәжіриебелік конференция материалдар жинағы. — Орал, 2017. — Б. 83–94
  6. Қазақ сөздігі (Қазақ тілінің біртомдық үлкен түсіндірме сөздігі) / Құраст.: Н.Уəли, Ш.Құрманбайұлы, М.Малбақов, Р.Шойбеков жəне т. б. –– Алматы: «Дəуір» баспасы, 2013. — 1488 бет.
  7. www.en.oxforddictionaries.com/definition/power
  8. Попова З. Д., Стернин И. А. Семантико-когнитивный анализ языка. Монография. Воронеж: изд-во «Истоки», 2007. — 250 с.
  9. Кеңесбаева Ү. Ағылшынша-қазақша фразеологиялық сөздік. English-Kazakh dictionary of idioms. Алматы: Парасат-KZ баспа үйі, 2010. — 772 б.
Основные термины (генерируются автоматически): концепт, Когнитивная лингвистика, мена, оса.


Похожие статьи

Ағылшын тіліндегі идиомаларды аудару барысында туындайтын мәселелер

Мақалада мәдени таңбаланған сөздердің қатарына кіретін идиомалардың ерекшеліктері көрсетілген. Ағылшын тіліндегі идиомаларды қазақ тіліне аудару барысында туындайтын мәселелер қарастырылады және отандық және шетелдік ғалымдардың тұжырымдары кеңінен т...

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құрылымында заманауи басқару технологияларын енгізу тетіктері

Бұл мақалада мемлекеттік билік органдары, сондай-ақ жетекші отандық және шетелдік компаниялар пайдаланатын персоналды басқарудың заманауи технологияларын қолдану тәжірибесі қарастырылады. Осы орайда ғылыми ізденістің нәтижесі бойынша заманның ағымына...

Мектеп математика курсында графтар теориясын қолдана отырып комбинаторлық есептерді шешуді оқыту әдістемесі

Комбинаторлық есептерді шешуді оқытудың ерекшеліктері негізгі мектептегі графикалық әдіс және олимпиадалық тапсырмаларды таңдау зерттеу тақырыбы. Ғылым мен практикада жиі кездесетін міндеттер бар, оларды шешу біреуіне немесе екіншісіне бағынатын әртү...

Тіл меңгерушілер арасында әлеуметтік лингвистикалық құзіреттілікті қалыптастыру

Аталған мақалада кез-келген шет тілін үйрену,меңгеру,жетік білу мақсатында қалыптастыра алатын әлеуметтік және лингвистикалық деп аталатын екі түрлі құзіреттіліктерді қалыптастыру жолын үйренеміз.Жалпылама түрғыдан адамзаттың сөйлеу тілі дегеніміз- л...

Жасанды нейрон желісі негізінде символдарды оптикалық тану

Символдарды оптикалық тану бейнеден символдарды тану және жіктеу ісіне ие. Тану дәл болу үшін белгілі бір топологиялық және геометриялық қасиеттері есептеледі, олардың негізінде символ жіктеледі және танылады. Сонымен қатар, адам психологиясы олардың...

Кәсіпорын менеджері ақпараттық жүйені қалай тиімді пайдалануы қажет

Соңғы жылдары компьютерлік ақпараттық технологиялар саласындағы жетістіктер менеджерлер шешім қабылдау мен іске асыруда қолданылатын жүйелердің алуан түрлілігіне әкелді. Жалпы алғанда, бұл жүйелер нөлден бастап нақты мақсаттар үшін жасалды және мәлім...

Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білімді қажет ететін балаларды әлеуметтендіру

Мақалада инклюзивті білім беруді жүзеге асыру аясында ерекше білімді қажет ететін балалардың әлеуметтік дамуы қарастырылған. Ерекше білімді қажет ететін баланың жеке басын әлеуметтендіру процесі мұндай балаларды қоғамға біріктірген жағдайда тиімді бо...

Көркем мәтін талдау лингвистикасының жан-жақты парадигмасы және оқыту үрдісіне бейімдеу

Мәтіннің өзге бірліктерден жоғары тұрған сөйлеу бірлігі ретіндегі мәртебесі ХХ ғасырдың орта шенінде ғылыми тұрғыдан мойындала бастады. Бүгінде мәтін лингвистикасы ғылыми ой-сана өркениетінің бір белесінен хабар береді. Мәтін талдау лингвистикасы ант...

Әлеуметтік желілердегі сөйлеу этикеті

Қазіргі заманда бір күнімізді әлеуметтік желілерінсіз елестету мүмкін емес. Әлеуметік желілерді пайдалану адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас орнатуы үшін сөйлесудің ең қолайлы, тиімді, оңай және тез жолы болып табылады. Әлеуметтік желілер XXI ғасыр...

Ұлттық-аймақтық компонент шетел тілін оқытуда әлеуметтік-мәдени құзыреттілікті қалыптастыру құралы ретінде

Мақала шет тілін оқыту үдерісіне ұлттық-өңірлік компонентті интеграциялау арқылы білім алушылардың әлеуметтік-мәдени құзыреттілігін қалыптастырудың негізгі тәсілдеріне арналған. Автор көркем әдебиеттің аудармалары, мәдениет туралы шетелдік мақалалар,...

Похожие статьи

Ағылшын тіліндегі идиомаларды аудару барысында туындайтын мәселелер

Мақалада мәдени таңбаланған сөздердің қатарына кіретін идиомалардың ерекшеліктері көрсетілген. Ағылшын тіліндегі идиомаларды қазақ тіліне аудару барысында туындайтын мәселелер қарастырылады және отандық және шетелдік ғалымдардың тұжырымдары кеңінен т...

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің құрылымында заманауи басқару технологияларын енгізу тетіктері

Бұл мақалада мемлекеттік билік органдары, сондай-ақ жетекші отандық және шетелдік компаниялар пайдаланатын персоналды басқарудың заманауи технологияларын қолдану тәжірибесі қарастырылады. Осы орайда ғылыми ізденістің нәтижесі бойынша заманның ағымына...

Мектеп математика курсында графтар теориясын қолдана отырып комбинаторлық есептерді шешуді оқыту әдістемесі

Комбинаторлық есептерді шешуді оқытудың ерекшеліктері негізгі мектептегі графикалық әдіс және олимпиадалық тапсырмаларды таңдау зерттеу тақырыбы. Ғылым мен практикада жиі кездесетін міндеттер бар, оларды шешу біреуіне немесе екіншісіне бағынатын әртү...

Тіл меңгерушілер арасында әлеуметтік лингвистикалық құзіреттілікті қалыптастыру

Аталған мақалада кез-келген шет тілін үйрену,меңгеру,жетік білу мақсатында қалыптастыра алатын әлеуметтік және лингвистикалық деп аталатын екі түрлі құзіреттіліктерді қалыптастыру жолын үйренеміз.Жалпылама түрғыдан адамзаттың сөйлеу тілі дегеніміз- л...

Жасанды нейрон желісі негізінде символдарды оптикалық тану

Символдарды оптикалық тану бейнеден символдарды тану және жіктеу ісіне ие. Тану дәл болу үшін белгілі бір топологиялық және геометриялық қасиеттері есептеледі, олардың негізінде символ жіктеледі және танылады. Сонымен қатар, адам психологиясы олардың...

Кәсіпорын менеджері ақпараттық жүйені қалай тиімді пайдалануы қажет

Соңғы жылдары компьютерлік ақпараттық технологиялар саласындағы жетістіктер менеджерлер шешім қабылдау мен іске асыруда қолданылатын жүйелердің алуан түрлілігіне әкелді. Жалпы алғанда, бұл жүйелер нөлден бастап нақты мақсаттар үшін жасалды және мәлім...

Инклюзивті білім беру жағдайында ерекше білімді қажет ететін балаларды әлеуметтендіру

Мақалада инклюзивті білім беруді жүзеге асыру аясында ерекше білімді қажет ететін балалардың әлеуметтік дамуы қарастырылған. Ерекше білімді қажет ететін баланың жеке басын әлеуметтендіру процесі мұндай балаларды қоғамға біріктірген жағдайда тиімді бо...

Көркем мәтін талдау лингвистикасының жан-жақты парадигмасы және оқыту үрдісіне бейімдеу

Мәтіннің өзге бірліктерден жоғары тұрған сөйлеу бірлігі ретіндегі мәртебесі ХХ ғасырдың орта шенінде ғылыми тұрғыдан мойындала бастады. Бүгінде мәтін лингвистикасы ғылыми ой-сана өркениетінің бір белесінен хабар береді. Мәтін талдау лингвистикасы ант...

Әлеуметтік желілердегі сөйлеу этикеті

Қазіргі заманда бір күнімізді әлеуметтік желілерінсіз елестету мүмкін емес. Әлеуметік желілерді пайдалану адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас орнатуы үшін сөйлесудің ең қолайлы, тиімді, оңай және тез жолы болып табылады. Әлеуметтік желілер XXI ғасыр...

Ұлттық-аймақтық компонент шетел тілін оқытуда әлеуметтік-мәдени құзыреттілікті қалыптастыру құралы ретінде

Мақала шет тілін оқыту үдерісіне ұлттық-өңірлік компонентті интеграциялау арқылы білім алушылардың әлеуметтік-мәдени құзыреттілігін қалыптастырудың негізгі тәсілдеріне арналған. Автор көркем әдебиеттің аудармалары, мәдениет туралы шетелдік мақалалар,...

Задать вопрос