Бүгінгі күні білім беру саласындағы өзекті мәселелердің бірі — оқушыны сапалы қарым-қатынасқа даярлау. Бұл оқушылардың ана тілінде жатық, таза сөйлеуіне, өз ойын жүйелі, анық жеткізуге әсер етеді. Білім сапасын жақсартуда, әсіресе, ана тілінің атқаратын ролі зор. Бұған А.Байтұрсыновтың: «Тіл тазалығы — ана тілдің сөзін басқа тілдің сөзімен шұбарламау, өзге тілдің сөзін тұтыну қажет болса, жұртқа сіңісіп, құлақтарына үйір болған, мағынасы халыққа түсінікті сөздерді алу» [1] — деген пікірі дәлел. Қазіргі кезде бастауыш мектептің алдына оқушылардың сөздігін байыту, әдеби тіл нормасында сөйлеуге үйрету, ауызша және жазбаша сөйлеу дағдыларын қалыптастыру, тілдік мәдени деңгейін арттыру талабы қойылып отыр.
Сөйлеу — әрекет, адамның әрекеті, яғни қарым-қытынас жасау үшін, ойын, білімін, сезімін екінші біреуге жеткізу үшін тілді қолдану болып табылады [2, 15 б.]. Оқушының сөйлеу әрекетін қалыптастыратын тілдік дағдыларға мыналар жатады: тыңдалым, айтылым, жазылым, оқылым.
Дереккөздермен жұмыс барысында оқушы дереккөздегі мәтіннен нақты ақпаратты алу, оқылым нәтижесінде түсіну, оны ауызша және жазбаша сөйлеу тілінде пайдалана білуге жаттығады. Дереккөздерден лексикалық бірліктер туралы дәл, ғылыми-сенімді ақпаратты тез және оңай алу мүмкіндігі болады. Дереккөз дегеніміз не?
Қазақстан Ұлттық энциклопедиясында: «Дереккөз-хабар-ошар. 1) Әдетте, бұрыннан көпшілікке белгілі, таныс нәрсе туралы мағұлматқа, жаңалыққа, т.б. қатысты қолданылады; 2) Ғылымдағы ізденіс нәтижесі, табылған мәлімет, оқиғалар дәйегі, ғылыми дәлел; 3) логика мен ғылым методологиясындағы эмпириялық білімдердің түйіні,айрықша ой қорыту бітімі».- деп көрсетілген [3, 202 б.]. Дереккөздер негізгі және қосымша болып бөлінеді. Негізгі дереккөз — фактілерге тікелей дәлел бола алатын адам немесе құжат. Ол айтылып жатқан оқиға немесе тұжырымдамаға жақын дереккөз. Бұған көбінесе оқиғаға қатысқан немесе бақылаған қатысушыдан алынған мәтін жатады. Ол журналисттің оқиға жерінен жасаған репортажы, ресми жариялау немесе автобиографиялық шығармалар болуы мүмкін.
Ал қосымша дереккөз бір немесе бірнеше негізгі дереккөздерді сипаттайды. Ғылыми мақала және кітап түріндегі қосымша дереккөздер ғылыми баспалардан мұқият тексеріліп шығады. Мазмұны сенімді мәліметтерден тұратындықтан, оны беделді дереккөздер ретінде қолдануға мүмкіндік береді [4].
Біздің қарастыратынымыз — ғылыми баспалардан мұқият тексеріліп шыққан қосымша дереккөздер, яғни анықтамалықтар, әртүрлі сөздіктер, энциклопедиялар.
А. Е. Супрунның: «Сөздік — жаттығулар жинағы емес, анықтамалық мәлімет беретін құрал», — дейді. М. Р. Львов «Словарь-справочник по методике русского языка» атты оқу құралында: «Мектептегі сөздік жұмысы — орыс тілі әдістемесінің негізгі саласы, ол оқушылардың жаңа сөздер мен олардың мағынасын, сөздің эмоционалды-экспрессивті реңкін меңгеруін, олардың қолданыс аясын, көп мағыналығы мен ауыспалы мағыналығын, синоним, антоним, пароним, омонимдерді меңгеруін, сөздік қорын белсендіру жұмыстарын қамтиды. Бала осылайша жаңа меңгерілген сөздерді өзінің әңгімелеу барысында қолдануға, сондай-ақ сөздік қорын диалектілік, көнерген, былапыт сөздерден тазартуға дағдыланады. Сөздік жұмысын жүргізу жүйесі күніне 3–10 дейін жаңа сөздерді меңгертуді, сонымен қатар сөздердің мағыналарын нақтылау жөніндегі тұрақты жұмыс жүргізуді, олардың мәнерлілік мүмкіндіктерін айқындауды, оларды сөздік қорға енгізіп, белсенді қолдануын білдіреді» [5],– деп көрсетеді.
Мектептегі түрлі пәндерден оқушылар білім алумен қатар, сол пәндерге тиісті көптеген таныс емес сөздерді игереді. Мұндай сөздер оқушылардың қазақ тілінен алған білімдерін қорландырып, сөздік қорын байытып, сөйлеу дағдысы мен жазу шеберлігін ұстартатыны сөзсіз.
Қазақ бастауыш сыныптары үшін тіл дамыту жүйесінің тұтас ғылыми жүйесін жасаған ғалым — С.Рахметқызы оқушылардың тілін дамыту үшін ең алдымен олардың сөздік қоры мол болуы қажет екендігіне тоқталып, осы мәселе жөнінде: «Сөздік қоры өте аз оқушылар арнайы бақылау жұмыстарында қатені де көп жібереді және сөйлем құрастыра алмайды. Оқушылар біршама жеткілікті сөздік қор жинау үшін күніне барлық сабақта 20–30 жаңа сөз үйренуге тиіс», — деп жазды. Ғалым балалардың тілін дамыту жұмыстарында сөздік жұмысы сөйлем құрау үшін де, байланыстырып сөйлеу үшін де негіз болатындығы, ал әңгіме айтуға дайындық жасау сөз бен сөйлемсіз іске асуы мүмкін еместігіне тоқталып, оқушының тілін дамытуда мұғалім мынадай мақсатқа сүйенуі керектігін атап көрсетеді: «Мұғалім белгілі бір тақырыпты оқытқанда ондағы түсініксіз сөздерді үйрете отырып, баланың сөздік қорын дамыту, жаңа сөздер жасайтын формаларды меңгерту барысында оларды байланыстыра сөйлем құрауға, сөз тіркесіне, сондай-ақ ойларын ауызша, жазбаша сауатты, жүйелі, дұрыс жеткізуге, сөйлей білуге үйретуді мақсат етеді» [6].
Ә.Е. Жұмабаева «Тіл дамыту әдістемесі» еңбегінде сөздік жұмысын жүргізуге байланысты мынадай пікір айтады: «Сөздік жұмысын жүргізуде алға екі түрлі мақсат қойылады: бірі — оқылған сөздің мағынасын түсіндіру, сол арқылы оқушыларды саналы оқуға баулу, олардың ойлау қабілетін жетілдіру; екіншісі — жаңа сөздер үйрету арқылы оқушылардың сөздігін байыту. Сондықтан оқушыларға жаңа сөздер үйрету, үйренген сөздерінің мағынасын меңгерту, көркем шығармалардағы бейнелі сөз тіркестерімен таныстыру және оның барлығын баланың активті сөздігіне айналдыру маңызды да күрделі, жауапты жұмыс болып табылады. Мұнда, яғни сөздік жүргізу барысында, әсіресе, синонимдер, антонимдер, көп мағыналы сөздер мен қанатты сөздерге көңіл аударылады» [7, 57–58 бб.].
Дереккөздер сөз мағынасын неғұрлым дәл табу үшін көмектесіп және таңдау жолы арқылы сөздің қолдану ерекшеліктерін көрсететін мысалдарды береді. Оқушылардың сөйлеу әрекетін дамытуда түрлі лингвистикалық сөздіктермен (түсіндірме сөздік, этимологиялық сөздік, синонимдер, омонимдер, антонимдер сөздігі, фразеологиялық сөздік, орфоэпиялық, орфографиялық т.б сөздіктер) жұмыс жүргізудің ролі ерекше.
Қорыта келгенде, бастауыш сынып оқушыларының сөздік қорын молайтып, тіл мәдениетін арттыратын, сөздерді ауызша және жазбаша орынды қолдана білуге үйретуде түрлі дереккөздермен жұмыстың мәні мен маңызы ерекше екендігібайқалады. Дереккөздермен жұмысжүргізу негізінде оқушылар түсініксіз сөздердің мағынасын анықтап, оны сөз тіркесі, сөйлем ішінде және өз сөйлеуінде қолдану білік, дағдысын қалыптастырып, ауызша, жазбаша еркін меңгеруіне мүмкіндік жасалады.
Әдебиет:
- Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. — А.: Ана тілі, 1992. — 143 б.
- Рахметова С. Р. Бастауыш сыныптарда қазақ тілін оқыту әдістемесінің негіздері. –Алматы, 2011. — 223 б.
- Қазақстан Ұлттық энциклопедиясы. 3 том, Г-Ж. — Алматы, 2001. — 719 б.
- Уикипедия. Дереккөз деген не?
- Львов М. Р. Словарь-справочник по методике русского языка. — М.: Просвещение, 1985. — 190 с.
- Рахметова С. Қазақ тілін оқыту әдістемесі. — А.: Өлке, 2005.
- Жұмабаева Ә. Бастауыш сауат ашу кезеңінде жүргізілетін тіл дамыту жұмысының әдістемесі. Пед. ғыл. канд. дисс. — Алматы, 1998. — 136 б.