Ілияс Жансүгіровтің «Беташар», «Қолбала», «Қуат»,«Кеңес», «Құсбегінің айналасында» және «Мұз қала» поэмалары жайында | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №4 (242) январь 2019 г.

Дата публикации: 31.01.2019

Статья просмотрена: 6302 раза

Библиографическое описание:

Кыяхметова, Ш. А. Ілияс Жансүгіровтің «Беташар», «Қолбала», «Қуат»,«Кеңес», «Құсбегінің айналасында» және «Мұз қала» поэмалары жайында / Ш. А. Кыяхметова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2019. — № 4.1 (242.1). — С. 13-16. — URL: https://moluch.ru/archive/242/56169/ (дата обращения: 17.12.2024).



І.Жансүгіров — қазақ поэзиясында поэма жанрын қалыптастыруда үлкен еңбек еткен ақындардың бірі. Ақынның көп томдық шығармалар жинағының 3-томында (2004) он үш поэмасы берілген [1]. Баспаға әзірлеп үлгермеген, қолжазба күйінде қалған және жоғалып, бізге жетпеген немесе кезінде жарияланып, қазіргі таңда табылмай отырған поэмаларын түгелдей санасақ, ұзын-ырғасы он тоғыз болып отыр. «Мақпал», «Исатай», «Көбік шашқан», «Байкал», «Рүстем қырғыны»,«Құсбегінің айналасында», «Мұз қала» атты поэмалары қолжазба күйінде қалған. Солардың ішіндегі «Мақпал», «Исатай», «Көбік шашқан», «Байкал», «Рүстем қырғыны» поэмалары Ілияс ақталғаннан кейін бірнеше дүркін шығарылған шығармалар жинағына енгізілді. Біз Ілияс ақталғаннан бері (1957) оқырмандарымен қауыша алмай отырған алты поэмасы («Беташар», «Қолбала», «Қуат», «Кеңес», «Құсбегінің айналасында» және «Мұз қала») төңірегінде іздестіру жұмысын жүргіздік. Одан бері де жарты ғасырдан астам уақыт өткен екен.Іздестіру жұмысы нәтижесіз болған жоқ.

Ілияс шығармашылығын зерттеушілердің біразы Ілиястың тұңғыш жинағы «Беташар», 1927 жылы басылып шықты деп жаңсақ пікір ұсынуда. «Беташар» өлеңдер жинағы емес. Ілияс Жансүгіров 1935 жылы 15 қарашада жазылған автобиографиясында (орысша жазылған) жарық көрген 34 кітабын тақырыптық жағынан жүйелеп, хронологиялық тұрғыда тізіп береді. Сол мәліметтің ең басында «Беташар»— поэма, қазақ әйелінің ғасырлар бойғы күңдіктен құтылуы жайлы. Ол 1927 жылы Қызылорда қаласында «Әйел теңдігі» журналының қосымшасы ретінде жарияланған» деп жазылған [2, 339].

31

Сурет 1. «Әйел теңдігі» журналының 5- нөмірінің қосымшасы

Сыртқы мұқабасында«Ілияс. БЕТАШАР. Өлкелік әйелдер бөлімі. Қызыл орда, 1927 жыл» деп жазылған.

Ф.Ғабитова «Ақынның өмірбаяны» атты мақаласында: «Ілиястың бірінші туындысы 1927 жылы «Әйел теңдігі» журналының бесінші санына қосымша болып басылған «Беташар» дейтін 18 беттік кітапша болатын»,- дейді [3, 125].

Осындай деректерді оқығаннан кейін ақынның әр жылдары шыққан өлеңдер жинағын толық қарап шыққанымызда, 1925 жылы жазылған көлемі ұзақ «Беташар» өлеңін кездестірдік. Поэма ретінде берілмеген, бірақ мазмұны қазақ қыздарының күңдіктен құтылуына құрылған. Өлеңнің басы келінге арналған. 1928 жылы Октябрьдің он жылдығына орай шыққан, мазмұны қазақ қыздарының күңдіктен құтылуына құрылған «Қазақ қызы» деген өлеңі поэманың үзіндісі ме деген ойдамыз.

«Сібір оттары» (Сибирские огни) журналының редакторы Высоцкий 1935 жылы 22 қыркүйекте Ілиясқа хат жазады: «В редакционном «запасе» имеются Ваши поэмы «Кюй» и «Кенес». Последняя для нас более интересна, чем первая. Но редакция считает, что значительно выиграла бы от сокращения. Сами мы не решилисьэто сделать. Кроме того, есть несколько неудачных, нечетких и неловких мест,весьма возможно, что это вина перевочика» [2, 329].

1935 жылы 17 қазандағы Қазақстанның 15 жылдығына орай шығарылған кітаптар жайлы берілген Қазақ өлкелік баспасының басшысы К.Павловтың ақпаратында: «І.Жансүгіровтің «Кеңес» атты өлеңдер жинағы шықты» деген мәлімет бар.Ілияс Жансүгіровте 1935 жылы 15 қарашада жазған автобиографиясында «Кеңес» атты өлеңдер жинағының орыс тілінде 1935 жылы Алматы қаласындағы Қазақстан көркем әдебиет баспасынан шыққандығын растайды.

Ілиястың 1937 жылы шыққан «Жаңа жыр» жинағында «Кеңес» поэма ретінде жарияланған. 1974 жылы Баламер Сахариевтің құрастыруымен «Құлагер. Поэмалар мен өлеңдер» деген Ілиястың таңдаулы шығармалар жинағы жарық көрген. Жинақта «Кеңес» поэма деп берілген де, одан кейінгі жарық көрген ақын жинақтарында өлең қатарына ауысып кеткен. Көлемі — 204 жол, яғни 51 шумақ. Есім мен Нұршайдың махаббаты, Ғалидың Есімді кескілеп өлтіруі, Есімнен тұяқ қалып, оның атын Кеңес деп қойып, сол Кеңестің құрметіне колхоз атының қойылуы және «Кеңес» колхозы адамдарының бақытты тұрмысы жайлы жазылған сюжетті поэзиялық шығарма неге «поэма» деген атауынан айырылып қалғандығы түсініксіз жайт. 1958 жылы жазылған мақаласында Сағынғали Сейітов оны поэма ретінде қарастырады.Сондықтан бұл поэманы болашақта өз ауылына қайтару мәселесі туындап тұр.

Ілияс Жансүгіровтің «Қолбала» поэмасы 1964 жылы Алматы облысы, Ақсу аудандық «Өмір нұры» газетінде «Қызыл таң» совхозының тұрғыны Жұмабек Ерболанов деген кісінің аузынан жазылып алынып, жарияланады. 1965 жылы 16 мамырда «Социалистік Қазақстан» газетінде Әзілхан Нұршайықовтың «Ақынның белгісіз поэмасы» атты қуаттау мақаласы жарияланады. 1965 жылы 29 мамырда «Оңтүстік Қазақстан» газетінде «Жаңа табылған поэма» деген редакциялық мақала шығады. (Нұршайықов Ә. Ақынның белгісіз поэмасы // «Социалистік Қазақстан» газеті. 1965 жыл, 16 мамыр).Ол кезде аудандық газеттің редакторы — Тұрсынзада Есімжанов болған. 1966 жылы ел аралай шыққанда осы жаңалық ақын Әнуарбек Дүйсенбиевтің құлағына шалынады. 1974 жылы ақынның сексен жылдығына орай 20 баспа табақ көлемінде «Құлагер» атты жинақ шығаруды орталық баспа Әнуарбек Дүйсенбиевке тапсырады. Ол кезінде аудандық газетте жарияланған поэманы жіберуін өтініп, Жамау Бұхарбаевқа хат жазады. «Қолбала» поэмасы уақытысында баспаға жеткізілмегендіктен, ақынның 6 томдық шығармалар жинағына енбей қалады. Поэма мәтіні толығымен 1974 жылы Ә. Дүйсенбиевтің алғысөзімен «Жаңа табылған шығарма» деген айдармен «Жұлдыз» журналында жарияланады. Кезінде Ілиястың жанында жүрген ақын інісі Ғали Орманов: «Қолбала» дастаны Ілиястың тырнақалды шығармаларының бірі. Бұрын біздің орталық баспаларда жарияланбаған еңбек. Ақынның алғашқы шығармаларының бірі болса да, ақынның өзіндік өрісін айқын танытады. Журналда жариялау өте орынды деп білемін»,- деп ақ батасын берген екен. Осы «Жұлдыз» журналында жарияланған «Қолбала» поэмасының мәтінін жалпы оқырман халық оқысын деген ниетпен облыстық «Жетісу» газетіне жариялаттық.Поэманың көлемі 188 жол, тілі жатық, қай жылы жазылғаны көрсетілмеген [4, 112].

Сейдахмет Мұқаметше «Сұңғыла, сұлу жан» мақаласында Ілиястың 70 жылдық мерейтойына келген Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафинге Ақсу өзені маңын аралатып жүріп айтқан Ғали Ормановтың әңгімесін келтіреді:«Анау тұрған шоқыны «Үкілі төбе» дейді. Оның түбіндегі шұратты Шилікемер деп атаған. Акынның өмір бойы әндетіп жүретін «Шилі өзек, қамыс-ай» әні осы тұста туған. Онда қайнардың Қангелді деген табынан шыққан асқан бір сұлу қыз болды. Ағамыз оған өлердей ғашық еді. Қыздың сотқар ағалары Ілиясты ауылға жолатпай, ақырында қарындастарын басқа біреуге ұзатып тынды. Ақынның «Қолбала» поэмасы осы сәтте туған еді» (С.Мұхаметше. Қазақстан Журналистер одагының мүшесі. Кітапта: Ғабитова Ф. Өртеңде өнген гүл. –Алматы, Атамұра, 1998ж. — 270 б.).

«Қуат» поэмасы кезінде төмендегі басылым беттерінде жарияланған:«Әдебиет майданы» журналы, (1932ж. 1–5 беттер), Кітапта: Көркем әдебиет жинағы. (Орта мектептің 6-оқу жылы үшін. Құраст: І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов. Қызылорда, 1933, 170–174 б.), «Лениншіл жас» газетінде (1934, 7 ноябрь) Сейілбектің атынан «Қуат» туралы» деген сыни мақала да жарияланып үлгерген (Әдебиет майданы. 1934, № 5, 96–105 бб.).

Белгісіз себептермен осы уақытқа дейін жинақтарына енгізілмей қалған. Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың сирек кездесетін қолжазбалар қорынан шаң басып жатқан «Қуат» поэмасын алып келіп, латын қарпінен аударып, аймақтық «Алатау» және республикалық «Қазақ әдебиеті» газеттерінде жариялаттық.

C:\Users\Админ\Desktop\Мои документы\УМКД - КЫЯХМЕТОВА\ПОӘК -2017-2018\ОӘК ІЛИЯСТАНУ -2017-2018\Қуат поэмасы\__дебиет майданы.jpegC:\Users\Админ\Desktop\Мои документы\УМКД - 2017-2018 КЫЯХМЕТОВА\ПОӘК -2017-2018\ОӘК ІЛИЯСТАНУ -2017-2018\Қуат поэмасы\3.jpeg

Сурет 2. «Қуат» поэмасы

Ақынның 1932 жылы жарияланған «Қуат» атты поэмасында социалистік индустрияның өркендетілуі, кеңес адамдарының күрес жолы сөз болады. Ақын поэмада сол кездегі бүкілодақтық электр қуатының ордасы Днепрогэс алыбын жырлаған. Образдарының жалпылама схемалылығымен қатар, жаңа, тың екпін, леп, серпін сезіледі.

C:\Users\Админ\Desktop\Мои документы\УМКД - 2017-2018 КЫЯХМЕТОВА\ПОӘК -2017-2018\ОӘК ІЛИЯСТАНУ -2017-2018\Қуат поэмасы\Газетте Қуат поэмасы.jpeg

Сурет 3. «Қуат» поэмасының кириллица нұсқасы

Латын қарпінен кириллге түсірген — Ілияс Жансүгіровтің әдеби музейінің қызметкері А.Оразбаева.Оқырман қауым поэмамен 86 жылдан кейін қауышып отыр.

«Қазақ Мемлекеттік Орталық мұрағатта 172 жолдан тұратын «Құсбегінің айналасында» дастанының қолжазбасы сақталған. Онда Ілияс «1919 жыл, 9 март» деп қол қойған» деген деректің негізінде іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Әзірге нәтиже болмай тұр. Жинақтарына енбей қалып отырғандықтан зерттеу нысанына да ілікпей отыр.

«Құсбегінің айналасында» (1919) поэмасының басты кейіпкері –құсбегі Дидәк.Дастанның қысқаша мазмұны: Беркімбайдың бес жасар жалғыз қызын бүркіт алып кетеді. Әкесі қызының не өзін, не сүйегін тапқан адам қалағанын алады деп жұртқа жар салады. Бұны естіген құсбегі Нұрдыбек, екінші аты Дидәк қасына тоғыз кісі ертіп, бір өгізге ши мен арқан, азық артып, Сайынбөлек, Сарықара, Қарасырық құздарын бетке алып, қызды іздеуге шығады. Ақыры олар бүркіттің ұясында жатқан қыздың сүйегін тауып, қыранның екі балапанымен қоса алып келеді. Беркімбай жан ашумен, темір тұяқ қанды көздің балама жасаған зұлымдығын мен де балапанына жасаймын деп кездігін ала ақ үрпек балапанға ұмтылады. Сонда құсбегі Дидәк:

—Сіз баламның сүйегін тапқан адамға қалағанын берем деп халық алдында жар салып едіңіз, егер айтқан сөзде тұратын нағыз азамат болсаңыз, менің қалағаным осы екі балапан. Олардың өмірін маған қиыңыз, -дейді.

Сөйтіп құсбегі балапанды баптауға кіріседі. Бір күні кешқұрым Дидәктің үйіне жоқ іздеген бір егде кісі келеді. Қонақ қанаты қатая бастаған қыранға сын көзбен ұзақ қарап:

—Мына адам жегіш алып қыранның балапанын қайдан таптың? -дейді.

—Адамға түсетінін қайдан білдіңіз? — деп Дидәк таңдана сұрайды.

—Оның жотасында уытты қауырсыны бар, мен екі қанатын қысып ұстайын, сен соны жұлып ал, -дейді қария. Құсбегі қарттың айтқанын істейді.

—Енді бұл адамға хауіпсіз болды, -деп қонағы аттанып кетеді.

Міне, шағын ғана оқиғаға құрылған осы поэмасы әлі күнге дейін өз оқырманымен қауыша алмай жатыр.

Ақынның ұлы Саят Жансүгіров «Құлагер ақынның құсасы» [5, 4] атты сұхбатында: Әкемнің «Мұз қала» (1930) атты поэмасы болған, бірақ ол жарық көрмеген. Онда ол кісі 1925 жылы Қазақстан басшысы болып келген Голощекиннің «Кіші Қазан төңкерісін» астарлап, әшкерелеуді мақсат тұтқан. Поэманың оқиғасы мынадай: бір елді басқаруға келген басшы елдің тұрмысын көріп: «мыналар не деген бай халық, түк істемейді! Бұларды бір жерге алып барып, жер жыртқызу керек», — дейді. «Оларға баспананы қайдан тауып береміз?» деген басшылыққа «бұларға баспана не керек, әлгі эскимостар секілді мұздан үй жасап берейік, сонда өмір сүре берсін»,- дейді. Сөйтіп, ол ойын жүзеге асырып, адамдарды бір қап тары беріп, мұздан үй жасап беріп, айдалада тастап кетеді. Содан келесі жазда бір-ақ есіне түскен басшылар хабар алуға келсе, бір қап тарыларын да тауыспастан халық түгелдей қырылып қалыпты.

Сол кезде Жазушылар одағын басқарып отырған Ілияс Жансүгіровтің «Мұз қала» поэмасының астарында жатқан мағына да Кеңес өкіметі қазақ халқының өлігінің үстіне тұрғызылғанын айтып, кейінгі ұрпаққа жеткізу идеясы болды. Себебі, ел ішінде «ананы алып кетіпті, мынаны алып кетеді екен» деген дүрбелең шақ туғаннан-ақ күндердің күнінде өзіне де тықыр таянатынын сезді. Сондай-ақ жазған туындыларының да тағдыры талауға түсетінін де білді. Бірақ сонымен қатар ол өз шығармаларын іздейтін саналы ұрпақтың өмірге келетініне сенді.

«Мұз қала» деген мұрағатта жатқан дастанда айтылатын ой Ілекеннің 1930-жылдардағы ойының қандай болғандығына куә»,-дейді қызы Ильфа Жандосова-Жансүгірова.

«Құсбегінің айналасында», «Мұз қала» поэмаларының мәтіні әлі күнге дейін табылмай отыр.Бірі табылып, бірі табылмай отырған жоғарыда аталған шығармалары жинақтарына енбегендіктен әлі күнге дейін зерттеу нысанына да ілінбей отыр.

Әдебиет:

  1. Жансүгіров І. Көп томдық шығармалар жинағы. 3-том. -Алматы, 2007.-403б.
  2. Жансүгіров І. Көп томдық шығармалар жинағы. 8-том. -Алматы, 2007.-414б.
  3. Ғабитова Ф. Өртеңде өнген гүл. — Алматы: Ғылым, 1992.
  4. Кыяхметова Ш. Ілияс Жансүгіровтің рухани әлемі (монография). -Талдықорған, 2016.-200б.
  5. Жансүгіров С. «Жас қазақ» газеті, 2007ж. 27шілде, № 29 (133).
Основные термины (генерируются автоматически): атта, поэма, Алматы, мена, оса.


Похожие статьи

«Көшпенділер» трилогиясында қолданылған мақал мәтелдер І. Есенберлиннің жеке стилін айқындаушы фактор ретінде

Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясындағы мақал-мәтелдердің ағылшын тіліне аударылуы

Т.Айбергенов поэзиясындағы «Ақ» - «Қара» түстерінің танымдық сипаты

Жоғары сынып оқушыларына «Организмдердің көбеюі мен жеке даму» тарауын оқытуда педагогикалық технологияларды пайдаланудың тиімділігі

Сыр сүлейі Тұрмағанбеттің «Рүстем дастаны»

Ж. Бектұровтың «үш әлекең» тарихи очергінің ғылыми құндылығы

«Мәңгілік ел» ұлттық идеясы негізінде оқушыларда азаматтық — патриоттық тәрбиені қалыптастыру

Тұлғаға бағдарлану тұғырының мектеп жасына дейінгі балалардың еңбек іс-әрекеті субъектісі ретінде тәжірибесін қалыптастыруға әсері

Сыбайлас жемқорлықтың күрделі, көп қырлы әлеуметтік жағымсыз болмыс ретіндегі ұғымы

Қ.Жұмаділов шығармаларындағы киім-кешек атауларына қатысты көнерген сөздер

Похожие статьи

«Көшпенділер» трилогиясында қолданылған мақал мәтелдер І. Есенберлиннің жеке стилін айқындаушы фактор ретінде

Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясындағы мақал-мәтелдердің ағылшын тіліне аударылуы

Т.Айбергенов поэзиясындағы «Ақ» - «Қара» түстерінің танымдық сипаты

Жоғары сынып оқушыларына «Организмдердің көбеюі мен жеке даму» тарауын оқытуда педагогикалық технологияларды пайдаланудың тиімділігі

Сыр сүлейі Тұрмағанбеттің «Рүстем дастаны»

Ж. Бектұровтың «үш әлекең» тарихи очергінің ғылыми құндылығы

«Мәңгілік ел» ұлттық идеясы негізінде оқушыларда азаматтық — патриоттық тәрбиені қалыптастыру

Тұлғаға бағдарлану тұғырының мектеп жасына дейінгі балалардың еңбек іс-әрекеті субъектісі ретінде тәжірибесін қалыптастыруға әсері

Сыбайлас жемқорлықтың күрделі, көп қырлы әлеуметтік жағымсыз болмыс ретіндегі ұғымы

Қ.Жұмаділов шығармаларындағы киім-кешек атауларына қатысты көнерген сөздер

Задать вопрос