Әдебиеттану ғылымындағы мотив мәселесі | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Узакова, Б. Б. Әдебиеттану ғылымындағы мотив мәселесі / Б. Б. Узакова, Ж. Б. Бекмаганбетова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2017. — № 51.1 (185.1). — С. 32-33. — URL: https://moluch.ru/archive/185/47502/ (дата обращения: 17.12.2024).



Мотив категориясының әдебиеттану теориясы мен тәжірибесінде маңызы зор. Әрбір мотив – белгілі бір жағдайларға байланысты қалыптасқан тарихи өмір негізінде пайда болған, тұрақты мағыналар жиынтығы деген пікір белгілі, бірақ бұл әлі де болса зерттей түсуді қажет етеді. Аталмыш ұғымның ғылыми айналымға енгеніне біршама уақыт өткенімен, оны әдебиеттанудың жетекші категорияларының бірі ретінде арнайы зерттеу негізінен XIX – XX ғасырларда жүзеге аса бастады.

Ғылыми әдебиетте мотивке берілген түсініктер мен анықтамалар әр қилы. Әдебиет теориясы мен әдебиет тарихының қазіргі даму деңгейі мотивті көркем шығарманың аса бір өнімді, тиімді элементтерінің бірі ретінде қарастыруды талап етіп отыр. Көркем әдебиеттегі мотивті әр тұрғыдан зерттеу оның ерекшелігін, маңызын анықтауға негіз болады. Поэзияда мотивтің мәні көп міндет атқаратын, жиі кездесіп отыратын, ерекше мағыналық жүкті көтеретін арнайы тірек сөздерде болады. Лирикада мотивті анықтаудың өз жолдары бар. Прозадағы мотивті бөліп қарастыру оның әдебиеттің басқа тектеріндегі мотивтерге қарағанда прозадағы өзіндік белгілерін, қызметтерін ажыратады. Оның ішінде әңгімелерді зерттеу нысаны етіп алу әдебиеттің басқа да жанрларын мотив тұрғысынан зерттеудің үлгісі бола алады. Көркем мәтіндегі мотивті сюжет және композициямен байланыстыра отырып талдау жасау шығарманың көркемдік ерекшеліктерін анықтауда, автор идеясын ашуда реттілік тудырып, жалпы оның әдебиеттанудағы рөлін көрсетуге ықпал етеді.

ХХ ғасырдың бас кезінен кейінгі кезеңдер ретімен зерттелсе қазақ әдебитіндегі мотивтің даму үдерісін көруге болады. Сондықтан бұл жағдайларда сол кезеңдегі әдеби тоғысулар, ауысулар мотивтердің де әр түрлі деңгейде көрініс табуымен байланысады. Сол арқылы бір ғасырдағы қазақ прозасының ұлттық мотивтерін нақтылауға мүмкіндік туады.

«Мотивтердің негізгі жиынтығы – кездесу – айырылысу – іздеу – табу – адамзат құбылыстарының сюжеттілік көрінісі болып табылады»[1, 192], – деген көзқарас сюжет пен мотивтерді көркемдік сипатта байланыстырудың қажеттілігін негіздейді.

Мотив – тақырыптық сарын, қалыптасқан дәстүрлі тақырыптық әуен оқиға желісіндегі кезең. Біренше жазушының шығармасында, әр түрлі әдеби нұсқаларда, әр дәуірдің әдебиетінде белгілі бір сарындар қайталанып келеді [2, 232].

Мотивті әр түрлі белгілеріне қарай отырып, негізінен мынадай топтарға жіктеген:

  1. интермәтіндік;
  2. ішкімәтіндік;
  3. сюжеттік;
  4. лирикалық;
  5. алломотивті манифестация.

«Мотив» (латыннан қозғалу, қозғалысқа енгіземін, қозғалтамын және «топос» деген мағынаны да білдіруі мүмкін) әр түрлі қайталалаулардың, көптеген нюанстардың көмегімен дамитын тақырып, образ немесе кейіпкер» [3, 123], - деген анықтаманың да мотивтің мазмұндық формасын, астарлы мағынасын, нақты қызметін айқындауға көмектесетін пікір ретінде қабылдауға болады.

«Тез өсу мотиві құтқарушы кейіпкердің дүниеге келуімен байланысты. Қиыншылық уақытта дүниеге келеді де, бірден құтқаруға кіріседі... Осыдан кейін тез өсу мотиві туындайды». Осындай ауыспалы сарындардың тағы біреуі – «түс көру». Түс көрудің ауыз әдебиетіндегі, жазба әдебиеттегі қызметі бірдей емес. Мысалы, М.Әбдуов: «Түс көру мотиві: тілек бойынша көру, бұл алғашқы бағытқа қарағанда өте сирек кездеседі, өйткені өмірдің өзінде де мұндай жағдай ілуде – шалу. «Қобыланды батыр» жырындағы Тоқтарбайдың көрген түсінде осындай бағыттың елесі бар» [4, 82], - деп эпостық жырлардағы түс көру мотивінің рөлін көрсетеді.

ХХ ғасыр прозасында қазақ бойжеткенінің өз сүйгеніне қосылмай, әке – шешенің қалауымен, солардың құдаласқан адамына шығу дәстүрі көп шығармаларға арқау болады. Яғни, «құда болу», «қыз ұзату», «келін түсіру» мотивтері шығармаларда түрленіп, жаңғырып әр сапада көрінеді. «Құда түсу» мотивімен іліктес, сабақтас болатын оқиғаны дамытуға ерекше қызмет ететін мотивті атап көрсетуге болады. Ол «қатал әке». Бұл «Шұғаның белгісі», «Қамар сұлу», «Қалың малда» ұқсас сипатта көрінсе, М.Әуезовтің «Кім кінәлі» әңгімесінде мүлде басқаша өрістеген.

М.Әуезов бұл әңгімеде Ғазизаның трагедиялық өмірінің негізінде құда болуға «әке қаталдығы» мотивінің қосылуы трагедиялық жай тудырады, яғни бұл әңгіменің композициялық құрылымын мотивтер айқындайды.

Ал, бұл ақырында «күнә», «жазық» деген мотивтермен байланысады. Оның ар жағында себеп – салдарлы байланыс жатыр.

«Махаббат тақырыбы кездесу – танысу – тану – табысу сияқты сарындардан тұрады, бұлар әр түрлі мазмұнда, құрамда бірігіп, бірлесіп, қайталанып айқындайтын

Бұл шығарма мотивтерінің композициясы М.Әуезовтің «Кім кінәлі» әңгімесінде де ретімен баяндалған. Айырылысу кезеңін қыздың өлімімен аяқтауы автордың мотивті түрлендіруінің көрінісі десек те болады. Махаббат тақырыбын құрайтын тұрақты мотивтердің әңгімедегі құрылымдық бірлікті қалайша жүзеге асыратындығын М.Әуезовтің «Кінәмшіл бойжеткен» әңгімесі арқылы көруге болады. Әңгімедегі байлаулы мотивтің: а) танысу; ә)кездесу; б)табысу; в) айырылысу сияқты төрт кезеңін бөліп көрсетуге болады.

М.Жұмабаевтың «Шолпанның күнәсінде» «бала тілеу» мотивіне байлаулы басқа мотивтер араласқан. Ол әулие – әмбиелерге жалбарыну, бақсыларға үшкірту түрінде көрініс тапты. Яғни, автор баланы қалау мотивін басқаша түрлендіреді. Енді автор мотивті кейіпкерінің ойына балалы болудың тек өздеріне байланысты екені туралы ой салу арқылы дамытады. Бірақ дәстүрлі мотивтер арқылы қалай қаласа да бола алмайды. Әрі қарай сюжеттің дамуына автор тың желі қосады. Ол мотивтің негізі мына монологтан көрініп тұр:

«Шолпанның әлі күнге бала көтермеуі, кім біледі, оның шын әйел бола алмағандығынан шығар, ермен жатқанда, барлық қазақ әйеліндей қаннен – қаперсіз, жай бір жұмыс істегендей салқын жатуынан шығар» [8, 99 ].

М. Жұмабаевтың әңгімесіндегі «күнә», «қиянат» сияқты жетекші, интегралдық мотивтермен қоса қазақ әдебиетінде осымен семантикалық вариация құрайтын тағы да бір топ мотивтер бар. Солардың біріне Ж.Аймауытовтың «Күнікейдің жазығы» шығармасындағы жазық лейтмотиві жатады.

Әдебиет:

  1. Тюпа В. Аналитика художественного. – М.: Лабиринт, 2001. - 192 с.
  2. Әдебиеттану. Терминдер сөздігі. / Құраст. З.Ахметов, Т.Шаңбаев. – Алматы: «Ана тілі», 1998. – 232 б.
  3. Сатпаева Ш. Казахская литература и Восток. – Алма – Ата: Наука, 1982.- 123 с.
  4. Әбдуов М. Діни эпостағы дәстүрлі мотивтер // ҚазҰУ хабаршысы Филол.сериясы. – 2006. -№2. – 82 б.
  5. Пірәлиева Г. Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері. – Алматы: «Алаш», 2003. – 328 б.
  6. Қазақ фольклорының тарихилығы / Жауапты ред. С.Садырбаев. – Алматы: Ғылым, 1993. – 240 б, 256 б.
  7. Есембеков Т. Әдеби талдауға кіріспе. – Қарағанды: КарГУ, 1991. – 67 б.
  8. Жұмабаев М. Абылай хан // Шығармалар жинағы: 3 томдық. – Алматы: Білім, 1996. – 2 т. – 98 б, 99 б.


Задать вопрос