Драмалық туындылардағы мақал-мәтелдердің берілу жолдары | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Драмалық туындылардағы мақал-мәтелдердің берілу жолдары / Ш. А. Жетписбай, Н. Т. Ныгметова, К. М. Хамзина [и др.]. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2017. — № 16.1 (150.1). — С. 14-16. — URL: https://moluch.ru/archive/150/42700/ (дата обращения: 17.12.2024).



Көркем шығарма тілінің көпшілік мойындаған бір құндылығы — онда қаламгердің мақал-мәтелдерді өз орнымен, ретімен қолдануы. Қазақтың мақал-мәтелдері — ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келе жатқан ауыз әдебиетінің философиялық ойға құрылған ерекше бір саласы, олар ғасырлар бойы қалыптасып, халықпен бірге жасап келе жатқан халық даналығының мол қазынасы. Қазақ халқы өткір де терең мағыналы бір ауыз сөзге тоқтап отырған. Мақалдар мен мәтелдер үлкен ойдың, толғаныстың қорытындысы, ұзақ әңгіменің қысқа айтылатын тұжырымы. Қазақ халқына тән дүниетаным мен сананың дәлелі ретінде ұлттық менталитетіміздің тілдегі маңызды да, мазмұнды өрнегі болып саналады. Ата-бабаларымыз айтайын деген ойларын аз сөздің аясына сыйдыра білген. Мақал-мәтелдерді тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні деп бекер айтпаған.

Тіл білімінде мақал-мәтелдер тұрақты сөз тіркестерінің аясында қарастырылатыны белгілі. Тіл мамандары Р. Сәрсенбаев, Ғ. Тұрабаева, Ө. Айтбаев, Ә. Қайдар т. б. мақал-мәтелдердің тұрақты тіркес ретінде атқаратын қызметін, мағыналық даму заңдылығын, қолданыс ерекшеліктерін қарастырды. Мақал-мәтелдердің ерекшеліктеріне арналған түрлі ғылыми зерттеулерде олардың құрамдық, мағыналық даму заңдылықтары, қолданыс тәсілдері, ауыспалық мағыналары, эмоционалды-экспрессивтік реңктері т.б. қарастырылған. Мақалдар мен мәтелдер — сан жағынан да, мағына-мазмұн жағынан да, құрамы мен тұлғасына қарай да сан түрлі болып келетін тілдік құбылыстар. Ғалым К. Аханов мақал-мәтелдер құрылысы жағынан әрі ықшам, әрі көркем, мағынасы жағынан терең ой, кең мазмұнды қамтитын, асқан шеберлікпен жасалған сөз өрнегі екенін айтады [1, 223 б.].

Белгілі ғалым Ә. Қайдар мақал-мәтелдердің халықтың өткен өмірі мен бүгінгі болмысын танып білуде дүниетанымдық, логикалық, этнолингвистикалық жағынан мәні өте зор екенін атап өтеді [2, 142 б.].

Қаламгерлер мақал-мәтелдерді жайдан-жай қолданбайды, белгілі бір стильдік мақсатты, ойды жүзеге асыру үшін жұмсайды. Сөз жүйесінде мақал-мәтелдердің қолданылатын реті, өз орны, өз қажеттілігі болады. Мақал-мәтелдер арқылы кейіпкер сөзінің мағынасын ашып, ойды барынша түсінікті, қысқа да нұсқа ұғынықты жеткізуге тырысады. Мақал-мәтелдерде көбіне жақсы адамгершілік қасиеттерге үндеу, тәрбиелеу басым болып келеді, өйткені мұнда өмір шындығынан алынған ой-қорытындылары, халық даналығы бар. Қазақ халқының ұлттық дүниетанымында мақал-мәтелдер кең түрде қолданылады.

Драмалық шығармаларда да мақал-мәтелдер кейіпкер тілінде қолданылады. Мәселен, С. Жүнісовтің драмалық шығармаларында жалпыхалықтық мақал-мәтелдер бастапқы қалпында өзгеріске түспей, не болмаса, өзгеріске түсіп қолданылған түрінде кездеседі. Кез келген көркем сөз шебері қашанда халық даналығы — мақал-мәтелге соқпай өте алмайды.

С. Жүнісовтің драмалық туындыларында өнегелі, жүрекке жылы тиетін, болмаса міндетін дәл орындап, ойын орайлы етіп беретін мақал-мәтелдер көптеп кездеседі.

Мақал-мәтелдерді қаламгер стиль құраудағы тілдік арқауының ұйытқысы ретінде және белгілі бір стильдік мақсатқа орай пайдаланады. Кейіпкер тілінде мақал-мәтелдерді сөзге көркемдік нақыш беру мақсатын көздеп жұмсайды. Айтылған пікірді дәйектеу үшін, бірде пікірлерін толықтыру үшін, енді бірде айтылған ойды жалғастыру мақсатында қолданады. Әрбір кейіпкердің тілі оның жас шамасына, өмірден көрген-түйгеніне, ой-өрісіне лайық болып жатуы тиіс. Осы ерекшеліктер С. Жүнісовтің драмалық шығармаларынан кездеседі. Жазушы халық мақал-мәтелдерін молынан қолдану арқылы кейіпкерінің ой деңгейін, ой-тұжырымын, өзіндік санасын байқатады. Сонымен бірге мақал-мәтелдер айтылған ой-пікірді нығырлай түсу үшін, тыңдаушысының назарын бірден өзіне аудару үшін жұмсалады. Мақал-мәтелдерді кейіпкерлерінің аузына салуынан автордың да ой-өрісінің ауқымдылығын анық байқаймыз. С. Жүнісовтің драмалық шығармаларында мақал-мәтелдер шығарма тілінің көркемдігін арттырып, төмендегідей мақсаттарда қолданылған:

– мақал-мәтелдер кейіпкер тілінде кездесіп, оның бейнесін нақтылау үшін;

– кейіпкерінің бойындағы адамгершілік қасиеттерін аша түсу үшін;

– әлеуметтік ортаны суреттеу үшін;

– драмадағы бір кейіпкерді басқа кейіпкерлерден даралап көрсету үшін.

Мақал-мәтелдер кейіпкерлердің ой-өрісін, өмірге көзқарасын, дүние танымын, ішкі жан-дүниесін көрсетуде автордың айтайын деген ойымен сабақтасып жатады. Қаламгердің сөз шеберлігі, тапқырлығы, сөздік қорының ұйытқысы — халықтың ауызекі сөйлеу тілінің үлгілерін, көбінесе ауыз әдебиетінің мол қазынасынан алынған мақал-мәтелдерді шебер пайдалануынан байқалады. С. Жүнісов кейіпкер бейнесін аша түсу үшін, кейіпкерінің тапқырлығын, шешендігін көрсету үшін де мақал-мәтелдерді орнымен жұмсайды. Автор мақал-мәтелдерді төмендегідей тұрғыда пайдаланған:

  1. Мақал-мәтелдердің жалпы халықтық формада ешқандай өзгеріске түспей, алғашқы қалыптасқан тұлғасында қолданылуы.

Ж а м б ы л. «Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді».Іргелерің сөгіліп, ауызбірліктен кеткен екенсіңдер — онда өз аулыма дем берем деп жүріп, сырттағы жауға жем болдым дей беріңдер [3, 150], бұл мақал жүз жасаған Жамбыл ақсақалдың тілінде, ел бірлігі үшін айтылады.

Қ а т а й. Оның несі күлкі. «Әйелдің қары күлегеш, еркектің қоры күлегеш» [4, 90 б.], Қатайдың сөзіне Бөпіш мән бере қоймай, күле сөйлеседі. ҚатайБөпіштің намысын қажап, Ажарды тілдеп, өзінің айтқан өтірігі сенімдірек шығуы үшін мақал-мәтелдерді қосып айтады.

А т ы м т а й. Жарайды, біз жазықты болсақ та, енді елдің не жазығы бар? «Ерден кетсең де, елден кетпе» демеуші ме еді [4, 362 б.]. Бұл мақал Атымтайдың аузымен Балзияға қарата айтылады. Ел басына күн туған, халықтың мал-мүлкі талан-таражға түсіп жатқан қиын-қыстау заманда туған жерін тастап, басқа елге ауып кетуге мәжбүр болған елді бастап бара жатқан Балзияның өзінің сүйген жары Атымтайдан естігені. Атымтайдың айтайын деген бар ойы осы бір мақалда беріліп тұр.

Мақал-мәтелдер бағалауыштық сипатқа ие болып тұрғанын байқаймыз. Жоғарыда келтірілген мақал-мәтелдердің бойынан қазақ этносының болмысына тән наным-сенімдерді, дүниетаным ерекшеліктерін байқаймыз. Халқымыздың ғасырлар бойы жинақталған үлгі-өнегелері халықтық ұлттық танымнан көрініс табады. Жалпы, қаламгерлердің халық тіл байлығын жетік меңгергенін байқатуда, кейіпкерлерінің тілдік ерекшелігін аңғартуда мақал-мәтелдердің атқаратын қызметі зор. С. Жүнісов те кейіпкерлерінің ішкі жан-дүниесін беруде, адамгершілік қасиеттерін аша түсуде мақал-мәтелдерді ұтымды жұмсайды.

  1. С. Жүнісовтің драмалық шығармаларында халық ұғымында қалыптасқан ұлттық мақал-мәтелдермен қоса орыс тілінің калька жолымен қосылған мақал-мәтелдерін де кездестіруге болады.

О р ы н б а с а р. Жоқ, дәлел жоқ. Сондықтан да орыс мақалымен айтқанда: «Не пойман — не вор» — «ұсталмаған ұры емес!» [3, 61 б.], «Парақорсың, жоспарды орындамайсың» деп айықтырғыштың бастығын кінәлап отырған Орынбасар Амировичтің дегенмен дәлелі жоқ. Кейіпкер мұны орыс мақалы арқылы жеткізеді.

3. С. Жүнісов мақал-мәтелдердің құрамындағы компоненттердің бірін басқа сөзбен, не мәндес сөзбен алмастырып қолданады. Мұндай авторлық қолданыстарға бірнеше мысал келтірейік. Мәселен, Одан да қайла жасамайсыз ба, «Заманың түлкі болса, тазы боп іл» деп пе еді... [4, 66 б.]. Халық тіліндегі «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген мақалдың соңғы «шал» компоненті түсіріліп, оның орнына іл деп қолданылған. Төменде келтірілген мақалдардың да бір компоненттері өзгеріске ұшырап берілген: Енді«Өлі арыстаннан тірі тышқан мықты» демекші, баламның жамбасы жерге тимей жатып, артында қалған ошағына ойран салып отырған жоқ па?! [4, 66 б.]; Міне, осы арада халық мақалын айтуға болады: «Сырлы қасықтың сыры кетсе де, міні кетпейді» [4, 266 б.]. Халықтық қолданыста жоғарыдағы келтірілген бұл мақал-мәтелдер төмендегідей түрде айтылады: «Өлі арыстаннан тірі тышқан артық»,«Сырлы қасықтың сыры кетсе де, сыны кетпейді». Кейіпкерлер тіліндегі жалпыхалықтық бұл мақал-мәтелдер олардың жан-дүниесіндегі күйзелісті, өмірге деген көзқарастарын байқатады.

4. С. Жүнісов драмаларында мақал-мәтелдер түгел айтылмай, ықшамдалып, кейде бір бөлігі түсіріліп қолданылады. Халық қолданысындағы «Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді», «Жау жоқ деме жар астында, бөрі жоқ деме бөрік астында» мақалдары С. Жүнісов шығармаларында түгел айтылмай, қысқартылып беріледі: «Мен о жолы өлімнен қорыққам жоқ. «Ерді намыс өлтіреді» деп, намысқа өртеніп шыққанмын [3, 309 б.]; Әзірше мен берген атпен Сабалақ боп жүре тұрсайшы, жау жоқ деме жар астында [4, 27 б.]. Келтірілген мақал-мәтелдердің барлығы драмалық шығарманың ерекшелігіне сәйкес ықшамдалып берілген, олардың мазмұнына нұқсан келмеген, қайта шығармадағы жағдайға бейімделіп алынған және жалпы мазмұн тұтастығы сақталынған. Халықтық қолданыста олардың ауызекі тұлғасы өзгеріп қолданылуы жиі кездеседі. Өзгеріске ұшырағанда құрамдық бөлшектері кейде қысқарып, кейде кеңейіп отырады. Мақал-мәтелдерді өңдеп, өзгертіп жұмсау тәсілі барлық қаламгерлерде кездеседі. Мақал-мәтелдерді көркемдік мақсатта өңдеп пайдаланудың бірнеше жолдары болады.

Сөзімізді түйіндейтін болсақ, драмалық шығармаларында С. Жүнісов халықтық мақал-мәтелдерді кейіпкерлердің сөйлеу тілінде кейіпкерлердің бейнесін нақтылауда жұмсап, оларды тілдік амалдың бірі ретінде қолданған.

Әдебиеттер:

1. Қайдар Ә. Халық даналығы. — Алматы: Толғанай, 2004. — 560 б.

2. Қайдар Ә. Қазақ тілінің өзекті мәселелері. — Алматы, 1991. — 208 б.

3. Жүнісов С. Көп томдық шығармалар жинағы. ІІ том. Пьесалар. — Алматы: Қазығұрт, 2005. — 416 б.

4. Жүнісов С. Көп томдық шығармалар жинағы. І том. Пьесалар. — Алматы: Қазығұрт, 2005. — 384 б.

Основные термины (генерируются автоматически): мена.


Задать вопрос