Библиографическое описание:

Сегизбаева Д. У., Арынова Л. Д. Қазақстан Республикасындағы гендерлік теңдік және гендерлік реттеу саясаты // Молодой ученый. — 2017. — №8.1. — С. 41-44. — URL https://moluch.ru/archive/142/39984/ (дата обращения: 19.04.2018).



Аннотация. Əйелдер мен ерлердің теңсіздігі мемлекет пен қоғамға экономикалық тұрғыдан да тиімсіз, өйткені, ол адам капиталының дамуына кедергі келтіреді, экономиканы дамыту, кедейлікті жою, жұмыссыздықты қысқарту жобаларының тиімділігін төмендетеді. Гендерлік теңсіздік елдің, азаматтық қоғам институттарының, жергілікті өзін өзі басқарудың əлеуметтік-саяси дамуын тежейді. Осыған орай, гендерлік теңдікке қол жеткізу және гендерлік теңдік саясатын жасау әдістері мен жолдары сипатталады.

Негізгі сөздер: гендерлік теңдік, аймақтық саясат, гендерлік қатынастарды реттеу.

Республикадағы гендерлік тең құқықтылыққа қол жеткізу саласындағы мемлекет қызметі гендерлік саясаттың негізгі төрт басымдығын іске асыруға бағытталған:

1. əйелдердің саяси үдерістерге тең қатысу мүмкіндігін қамтамасыз ету;

2. əйелдерді экономикалық тұрғыда ілгерілету;

3. əйелдердің жəне олардың отбасыларының денсаулықтарын жақсарту;

4. əйелдерге қатысты зорлық көрсетуді түбірімен жою.

Гендерлік теңдіктің даму жолындағы қозғалыс гендерлік айырмашылықтардың болуы мен оның қайта пайда болуына талдаулар жасауды, негізгі өршу себептерін анықтауды, ерлер мен әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған іс-шараларды жасау және оны реттеу нүктелерін анықтауды жүргізуді ұсынады. Қоғам өмірінің және аймақтардың барлық салаларында гендерлік айырмашылықтардың арнайы шарттарын қалыптастыру есебімен жасалған іс-шаралар механизімін жасау маңызды орын алады [1,45].

Қазіргі кездегі гендерлік теңдік түсінігі-бұл ерлер мен әйелдердің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірге араласуында пайда болған, ерлер мен әйелдер арасындағы қатынастар. Бұл қатынастар сипаты гендерлік қатынастардың қоғам өмірінің әртүрлі салаларында пайда болып, қалыптасқан ерлер мен әйелдердің мәртебелік ұстанымдары мен орындайтын қызметтеріне негізделген қатынастары болып табылады. Берілген жағдайда гендерлік қатынастарды экономикадағы, саясаттағы, әлеуметтік салалардағы ерлер мен әйелдердің жағдайын сипаттайтын әртүрлі сандық және сапалық көрсеткіштер қатынасы деп түсінуге болады.

Гендерлік қатынастарды реттеу тек кең тармақталған құралдарды қолдануды ғана ұсынбайды, сонымен бірге гендерлік сипаттардың территориялық айырмашылықтарын да ескеру керек.

Гендерлік реттеу саясаты аймақтық бағытталған екі құрылымдық сипаттан тұрады: орталық билікпен жүргізілетін - ұлттық және жергілікті органдармен жүзеге асырылатын – аймақтық [1, с 23].

Ұлттық –жекелеген аймақтарда гендерлік қатынастардың дамуындағы жалпы ұлттық гендерлік саясаттың негізгі принциптерінің жүзеге асуын ұсынады, аймақтық-территориялық ерекшеліктерге байланысты гендерлік реттеудің нақты іс-шараларын жасауды ұсынады.

Аймақтағы гендерлік саясаттың маңызды компоненті болып әртүрлі деңгейде жасалатын іс-шараларды үйлестіру табылады (сурет 1).

Сурет 1. Аймақтық гендерлік саясат моделі

Гендерлік теңдік саясатын жасау әдістері мен жолдарын анықтауда гендерлік реттеуде үлкен тәжірибесі мен оң нәтижелері бар шетелдік практиканы қолданған дұрыс. Шетелдік практиканы талдау гендерлік саясаттың басымдықтарын анықтауға және қолданылған құралдардың тиімділігін бағалауға, басқа елдердің тәжірибесін еліміздің жағдайына қарай бейімдеуге мүмкіндік береді.

Батыстың дамыған елдерінің гендерлік теңдік саясатының жетістіктері жұмысбастылық және еңбек қатынастары шеңберіндегі жыныстар теңдігін қамтамасыз етуге, әлеуметтік қамтамасыз ету, саясат шеңберінде және мемлекеттік басқару жүйесінде теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған.

Батыс елдерінде жұмысбастылық саласындағы теңдікті қамтамасыз етуде еңбек саласында алалаушылыққа қарсы саясатты жасау мен өңдеуге, әйелдердің алға жылжуы мен кәсіби оқытуы бойынша бағдарламаларды жүзеге асыруға, еңбекті ұйымдастырудың икемді формаларын кеңінен қолдануды ынталандыруға негізделеді.

Батыс елдеріндегі гендерлік теңдік саясатының маңызды элементі мемлекеттік және саяси құрылымдарға әйелдерді кеңінен тартуда негізгі құрал болып табылатын гендерлік квоталарды құру болып табылады. Көп жағдайда орнатылған квоталарды қолдану мемлекеттік және жергілікті деңгейлерде атқарушы және заң шығарушы органдарға әйелдер өкілдерін тартуды бірнеше есе ұлғайтады. Практика жүзінде гендерлік квоталарды қолданған елдерде әйелдердің мемлекеттік және жергілікті басқаруға қатысу көрсеткіштерінде маңызды табыстарға қол жеткізгендігін байқауға болады [3, с 12].

Адамзаттың орнықты дамуы­ның негізгі фактор­ларының бірі – гендерлік теңдікке қол жеткізу. Қа­зақстанда Конституция және бар­лық ұлттық заңнамалар өмір­дің жә­не қызметтің барлық сала­ларын­да ерлер мен әйелдердің тең құқы­ғын көздейді.

Қазақстандағы әйелдер экономикалық және әлеуметтік үдерістерге қатысып, әйелдердің 70-80%-ы әлеуметтік салаларда жұмыс жасағанымен де, әзірге ЖІӨ-нің 40%-ын ғана құрап отыр. Ел экономикасы жақын арадағы онжылдықта кем дегенде 30%-ға көтерілуі тиіс. Сондықтан, ЖІӨ-гі әйелдер салымдары гендерлік баланс 40%-дан өсуі тиіс, яғни ол 9,2-дан 15 трлн. теңгеге өсуі қажет.

Қазақстанда шағын және орта кә­сіпкерліктегі заңды тұлғалар өкіл­дерінің арасында 50 пайыз­дан астамы, жеке кәсіпкерлердің 66 пайызы әйелдер [4].

Қазіргі қоғамда бүкіл әлемде үкіметтер әйел кәсіпкерлігін да­мытуға кедергі келтіретін мәсе­ле­лерді арнайы бағдарламалар ар­қылы шешуге ұмтылуда. Бү­гінде гендерлік аспектілер мем­ле­кеттің саясатында ескеріле бас­тады.

Қазіргі таңда гендерлік үдерістерді реттеуге бағытталған Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарының негізгі күші жұмысбастылық саласындағы гендерлік теңсіздікті өзгертуге қажетті жағдайларды жасауға және экономика мен әлеуметтік салалардағы гендерлік қатынастарды қалыптастыруға бағытталуы тиіс. Бұл төменгі бағыттағы іс-шараларды қамтуы тиіс:

-шағын кәсіпкерлікті дамыту және халықтың өзін-өзі жұмыспен қамту жағдайларын жақсартып, нығайту;

-аймақтық кәсіби білім беру және қайта даярлау қызметін ұйымдастыру жүйесін жетілдіру;

-әлеуметтік серіктестік механизмін дамыту.

Гендерлік қатынастарды реттеу іс-шараларының басым бөлігі мемлекеттік органдардың ақпараттық қамтамасыз етілуін нығайтуға бағытталуы тиіс.

Қоғамның гендерлік сипаттарын мемлекеттік реттеу механизімін тиімді қалыптастыру ұйымдық құрылымдар жүйесінің дамуы мен қалыптасуын және өзгермелі әлеуметтік-экономикалық жағдайлар мен гендерлік қатынастар динамикасына сәйкес реттеу әдістерін қолдануды ұсынады. Көрсетілген әдістер мен құрылымдарды жетілдіру үдерістері белгілі жиынтық принциптерге негізделуі тиіс. Гендерлік қатынастарды мемлекеттік реттеу механизмін жетілдірудің негізгі принципі төмендегілерге сүйенеді:

- барлық салаларда ерлер мен әйелдердің жауапкершілігі мен құқықтарының теңдігін тану;

- ерлер мен әйелдердің жеке және экономикалық еркіндігін тану, жынысына тәуелсіз таңдау құқының болуы;

- ерлер мен әйелдердің қоғамдық игіліктерге, ресурстарға, қоғамның әртүрлі құрылымдарына теңдей мүмкіншіліктерінің болуы [1, с 56].

Еңбек саласында гендерлік теңдік мүмкіндіктері жұмысбастылықты кеңейтумен ғана шектелмейді, көп жағдайда еңбек ұсынысының гендерлік құрылымын реттеуге де байланысты. Еңбек ұсынысын реттеу қажеттілігін бағалаудың жеткіліксіздігінен жекелеген гендерлік топтар арасында, әсіресе кәсіби-біліктіліктің гендерлік құрамын құрайтындар арасында жұмыссыздықтың ұлғаюына әкелуі мүмкін. Бұл жағдайды болдырмас үшін, еңбек ұсынысының аймақтық құрылымын қалыптастыру гендерлік сегменттеу мен еңбек нарығын болжауды жүзеге асыру негізіне сүйену тиіс. Еңбек нарығында болжау мен гендерлік сегменттеуді жүзеге асыру арқылы «ерлер» мен «әйелдердің» көптеген басым кәсіптері мен жұмыс түрлері, экономикалық даму бағыттарына сай олардың болжамды сандары анықталады. Сонымен бірге, ол ерлер мен әйелдер арасында кәсіби рөлдерді бөлу туралы қоғамдық стереотиптерді қалыптастырады.

Еңбек нарығын болжау мен гендерлік сегменттеу әдістері бірнеше этаптардан тұрады:

1-ші этап аналитикалық этап, бұл этап аймақтағы жұмыс орындары мен ваканцияларды гендерлік талдауды ұсынады. Бұл жұмыстарды орындауда төмендегілер жүзеге асырылады:

- жұмыс орындарының біліктілік талаптары және сипаттамалары бойынша мәліметтер жиналып, талдаулар жасау;

- кәсіби ұқсастық белгілері бойынша жұмыс орындарын топтау;

- жұмыс орындарында және кәсіп түрлерінде «ерлер» мен «әйелдердің» басым жақтарын анықтау.

2-ші этапта жекелеген кәсіп топтары бойынша ерлер мен әйелдер үшін жұмыс орындарының құрылымдарын болжау және жұмыс орындарының гендерлік құрылымының өзгерісі анықталып, жүзеге асырылады. Ол үшін:

- қарастырылып отырған уақытта кәсіби топтар бойынша «ерлердің» және «әйелдердің» жұмыс орындары санының өзгеру бағыттары анықталады;

- жақын уақыт аралығындағы «ерлердің» және «әйелдердің» жұмыс орындары санының өзгеруін болжау;

- гендерлік-кәсіптік бөлікте жұмыс күшіне деген сұраныс туралы мәліметтерді ұсыну.

3-ші этапта жұмыс орындарының гендерлік құрамына ұзақ мерзімді болжаулар жасалады. Бұл мақсатта төмендегідей жұмыстар атқарылады:

- аймақтың қалыптасқан экономикалық даму бағдарламалары мен бағытарын талдау, соған сай жаңа кәсіп түрлері мен қызмет түрлерін анықтау;

- ерлер мен әйелдердің кәсіби рөлдерін бөлу туралы қоғамдық ұйғарымдар өзгерісінің бағыты мен сипатын талдау, бір гендерлік категориядан екіншісіне берілетін (немесе гендерлік-нейтралды) кәсіпті анықтау [3, с 10].

Осы тұрғыда жасалған гендерлік сегменттеу мен болжау әртүрлі гендерлік топтардың еңбек ұсынысындағы кәсіби-біліктілік құрылымды қалыптастыру негізін жасайды.

Әдебиеттер:

  1. Шеденов У.К., Мухамеджанова А.Г. Социальная политика и человеческий капитал Республики Казахстан: теория и практика. Кызылорда, 2008 г., с.17.
  2. Рынок труда /под общей редакцией: Буланова В.С., Волгина Н.А. Москва, 2000.
  3. Нугыманова Н. Гендерные исследования в экономической теории: автореферат дис.к.э.н: 08.00.01. -А., 2001. 30 с.
  4. Абдимомынова А.Ш., Махамбетова М.А., Жусупов А.Е.
    Гендерная структура занятости в Казахстане: проблемы дискриминации
    Международный журнал экспериментального образования. 2015. № 3-3. С.370-372.

Ключевые слова

гендерлік теңдік, аймақтық саясат, гендерлік қатынастарды реттеу

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle
Задать вопрос