Саяси жүйе институттары түсінігі | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №7 (141) февраль 2017 г.

Дата публикации: 16.02.2017

Статья просмотрена: 6829 раз

Библиографическое описание:

Насимов, М. О. Саяси жүйе институттары түсінігі / М. О. Насимов. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2017. — № 7.1 (141.1). — С. 49-50. — URL: https://moluch.ru/archive/141/39766/ (дата обращения: 16.12.2024).



Саяси жүйенің барлық бөлшектері әрдайым өзара байланыста болғандықтан маңызды әлеуметтік қызметтерді жүзеге асыруға ықпал жасайды: әлеуметтік дамудың басым бағыттарын айқындау; қоғамның мақсаттарға жету жолдарын оңтайландыру; ресурстарды тарату; азаматтардың саясатқа белсенді қатысуын қамтамасыз ету; қоғам мүшелері мінез-құлқының ережелері мен қағидаларын әзірлеу; заңдар мен ережелерді орындауды бақылау; қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету.

Саяси жүйеге келесі институтар енеді: мемлекет және оның органдары; саяси партиялар; қоғамдық-саяси қозғалыстар; мүдделі топтар.

Мемлекет - жүйені жиынтықтайтын негізгі бөлшек, ол саяси жүйенің өзге бөлшектерін біріктіреді. Мемлекет - билікке ие және ықтиярсыз көндіру күшіне ие саясаттың ең қуатты субъектісі. Дегенмен, саяси жүйенің кейбір бөлшектері өзара қимылдар жасамауы мүмкін. Мәселен, саяси күштердің күресі нәтижесінде мемлекеттің кейбір органдары жеке қызмет атқаруы ықтимал. Әскердің қарсы шығып, мемлекеттік төңкеріс жасауы саяси жүйенің құлдырауына әкеледі.

Мемлекет және мемлекеттік билік - сайлауда жеңіске жеткен саяси партияның жетістігі. Мұндай саяси жүйелерде дамыған партиялар бар және билікті тиімді бақылау қамтамасыз етілген.

Саяси партиялар - билік үшін күресте ортақ саяси көзқарастары қалыптасқан немесе билікте өз бағдарламаларын жүзеге асыратын ұйым. Ол сонымен бірге, идеологиялық құндылықтары бар одақ. Партия идеологиясы - ұйымның өз қызметінде басшылыққа алатын идеялар жиынтығы.

Идеологиялық қағидаларына байланысты партиялар бөлінеді: консервативтік; либералдық; демократиялық; социал-демократиялық; социалистік; коммунистік, ұлтшылдық.

Партияның тұрақты ұйымдастырушылық құрылымы мен басқарушылары, жарғысы мен мүшелікті міндетті рәсімдеу түрлері болады. Қазақстан Республикасының «Саяси партиялар» туралы Заңының 10 бабы, 6 тармағына сәйкес: «Саяси партияны мемлекеттiк тiркеу үшiн оның құрамында партияның барлық облыстардағы, республикалық маңызы бар қала мен астанадағы әрқайсысында кемiнде алты жүз партия мүшесi бар құрылымдық бөлiмшелерiнiң (филиалдары мен өкiлдiктерiнiң) атынан өкiлдiк ететiн кем дегенде қырық мың партия мүшесi болуға тиiс» [1].

Партияның билікке жеткенде жүзеге асыратын немесе билік партиясы ретінде нақты ұсыныстар қамтылған бағдарламасы болады. Партияның мақсаты - мемлекеттік билікті иелену және ұстап тұру. Егер ұйым мұндай мақсатты ұстанбаса, ол саяси партия емес. Саяси партиялар көбінесе айқындалған әлеуметтік топтардың мүддесін көздейді. Саяси жүйеге қатысты партиялар жүйелік және жүйеден тыс болып бөлінеді. Жүйелік саяси партия саяси жүйенің бөлігін құрады және оның заңдарын басшылыққа ала отырып қимыл жүргізеді. Мұндай саяси партиялар билік үшін күресте заңды әдістерді қолданады. Жүйеден тыс партиялар саяси жүйені қолдамайды, билікке жетуде зорлық-зомбылық тәсілдерін жүзеге асырады. Көп жағдайда олар заңсыз қызмет атқарады.

Саяси жүйедегі партияның рөлі оның беделі және сайлаушылар сенімімен айқындалады. Партиялар басқарушы билік құрылымын иеленген жағдайда мемлекет саясатын жүзеге асырады. Демократиялық жүйелерде партиялардың ауысуы жүреді: билік партиясынан оппозицияға көшеді, ал оппозиция билік партиясына айналады.

Қоғамдық-саяси қозғалыстар саяси жүйелерде мардымсыз қызмет атқарады. Мақсаттарына қарай қозғалыстар саяси партияларға ұқсас, бірақ көп жағдайда олардың нақты жарғысы болмайды және мүшелікке қабылдау орын алмайды. Елімізде қоғамдық-саяси қозғалыстар сайлау науқанына қатыса алмайды.

Мүдделі топтар билікке келуді мақсат тұтпайды. Олардың қатарына кәсіподақтар, ірі кәсіпорындардың бірлестіктері, дін орындары, бұқаралық ақпарат құралдары жатады. Бұлардың негізгі мақсаты - билікке қысым көрсету арқылы нақты мүдделерін қанағаттандыру болып табылады. Жоғарыда аталып өткен барлық бөлімдер, мемлекеттік және мемлекеттік емес институттар тәжірибе нәтижесінде жинақталған саяси қағидалар мен әдістерге жүгінеді.

Әдебиет:

  1. Саяси партиялар туралы. [Online] URL: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z020000344_ (August 08, 2016).
Основные термины (генерируются автоматически): URL, мена, партия.


Задать вопрос