Іс әрекеттегі зерттеу: 8 «Е» сынып оқушыларының түсініп оқу дағдыларына жоғары деңгейлі сұрақтар қалай ықпал етеді? | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 4 мая, печатный экземпляр отправим 8 мая.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Сапаргали, М. Д. Іс әрекеттегі зерттеу: 8 «Е» сынып оқушыларының түсініп оқу дағдыларына жоғары деңгейлі сұрақтар қалай ықпал етеді? / М. Д. Сапаргали. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2016. — № 10.4 (114.4). — С. 62-64. — URL: https://moluch.ru/archive/114/29979/ (дата обращения: 20.04.2024).



Менің іс-әрекеттегі зерттеу жүргізуіме 8 «Е» сыныбында ішкі жиынтық бағалаудың нәтижесі бойынша оқылым дағдысының көрсеткіші басқа дағдыларға қарағанда төмен екендігі себеп болды. Сондықтан да бұл мәселені бойынша сыныпта оқылым дағдысы бойынша қандай қиындықтар бар екенін анықтауды жөн көрдім.

Бұл жағдайда не істеу керек деген сұрақ туындап, зерттеу жұмысына кірістім. Оқушылардың оқылым дағдыларын және түсініп оқуын дамыту үшін «Action Research» педагогикалық зерттеу әдісін таңдадым.

Тақырыпты таңдамас бұрын оқушылардан оқылым кезінде неден қиындық көретіні жөнінде сұхбат жүргіздім. Бұл менің зерттеу тақырыбымды тұжырымдауыма бағыт берді.

Мәселені анықтауда түсініп оқу дағдыларын жетілдіріу керектігін түсіндім. Себебі оқушылар мәтінді оқу кезінде түсініп оқуға мән бермейді.Сондай-ақ оқушылар мәтінді мұқият оқымайды, кейбір оқушылар мәтінді оқымастан бірден тапсырмаларды орындауға кіріседі. Сол себепті ұсынылған тапсырмаларды дұрыс орындамайды.

Қазақ тілі сабақтарында 8 «Е» сыныбында кейбір оқушылар оқылым дағдысы бойынша жеке жұмыс кезінде сенімсіздік танытып, басқалардың көмегін қажет етеді. Топтық жұмыс барысында сыныптастарының көмегіне жүгінгендіктен, бұл мәселе байқалмайды. Ал жеке жұмыс жасағанда қиналады. Мәтінді оқиды, бірақ түсінбейді. Мәтінді түсінбегендіктен, тапсырмаларды орындауда қызығушылық танытпайды. Тіпті кейде мәтінді оқуға ынталанбайтын кездер де болады. Сондықтан оқылым дағдысы болмағандықтан, ішкі жиынтық бағалауда төмен нәтиже көрсетеді.

Мәселені шешу үшін «8 «Е» сынып оқушыларының түсініп оқу дағдыларына жоғары деңгейлі сұрақтар қалай ықпал етеді?»тақырыбын зерттеуді жоспарладым. Осыған сәйкес зерттеу жоспарын жасадым.

Зерттеудің келесі кезеңінде қалай зерттеймін деген сұрақ туындады.Әдебиеттермен жұмыс жасай отырып, оқылым дағдыларын қалай жетілдіруге болады? Қандай әдістер тиімді болады? деген сұрақтарға жауап іздеп көрдім. Әдебиеттермен танысқаннан кейін,

шетел тілін оқытуда оқылым әрекетіне үйрету жолдарын қарастырып, тәжірибеме енгіздім. Оқылымның мақсаты — жазбаша түрде берілген мәтіннің мазмұнын түсіну, яғни жазбаша мәтіндегі ақпаратты қабылдау. Тіл үйрену барысында білім алушы оқылымның мына түрлерін меңгеруі керек: көрсетімдік, ізденімдік,танымдық, зерделік. Осының ішінде зерделік оқылымға тоқталдым. Себебі оқылым барысында білім алушы берілген материалды немесе мәтінді толық барынша дәл түсініп,талдап жан-жақты зерттейді. Күнделікті өмірде өзімізге қажетті ақпаратты алу үшін мәтіннің мазмұнын толығымен түсініп оқып, қабылдаған ақпаратты есте сақтауды қажет етеді (intensive reading).

Оқылым әрекетін меңгерту түрлі жолдармен жүзеге асады. Мәтінге дейінгі кезеңде оқылым әрекетіне дайындық жүргізіледі, яғни тілдік қиыншылықтармен жұмыс жүргізіледі. Мәтіндік кезеңде оқушылар оқылым барысында жаттығулармен жұмыс жасайды.Бұл кезеңде коммуникативтік іскерлік дамиды. Оқушылар бір-біріне сұрақтар қойып, жауап береді. Мәтіннен кейінгі кезеңде оқылым кезінде алған білімдерін сөз әрекетінің түрлі жағдайларда пайдаланады.

Мәселені зерттеу үшін мынадай әдістер мен жұмыс түрлерін таңдадым.

Біріншіден, сөздік қорын байыту. Сөздік қорының аздығы да түсініп оқуға кедергі келтіреді. Оқушы сөздерді білмегендіктен, қорқыныш сезіміне бой алдырып, түсінбейтіндігін алдын-ала болжап отырады.

Екіншіден, оқылым мәтінін таңдауда деңгейлік оқытуды ескеру. Оқушыны оқуға ынталандыру үшін алдымен қарапайым түсінуге жеңіл мәтіндер ұсынған дұрыс деп ойлаймын. Сонда өзінің табысқа жете алатынына көзі жетеді.

Үшіншіден, жоғары деңгейлі сұрақтарды қолдану. Қарапайым сұрақтар қызығушылық туғызбайды. Оқушыны ойландыратын сұрақтар қойылса, жауабын табу үшін мәтінді мұқият түсініп оқуға мәжбүрлейді.

Мәліметтерді жинақтау барысында сауалнама алынды және әңгімелесу әдісі жүзеге асырылды. Оқылым қиындық туғызатын оқушылармен жеке әңгіме жүргізілді. Олардың оқылым кезінде неден қиналатыны анықталды. Көп жағдайда мәтінді түсінбейтіндіктерін, соның нәтижесінде негізгі ойын анықтау қиындық келтіретінін, сұрақтарға жауап бере алмайтындығын айтты. Мәтінді түсіну үшін аудару керектігін, ал ол өз кезегінде көп уақыт алатынын айтты. Бұл жағдай ішкі жиынтық бағалауға кері әсер етеді деп қорытынды жасалды.

Тәжірибеде мынадай жұмыс түрлері жүргізілді:

Сабақ сайын сөздік жұмысын ұйымдастыру. Карточкаларға меңгерілетін сөздерді жазып, олармен жұмыс жасау. Оқушының білетін сөздерін бір бағанға, таныс емес сөздерін жеке топқа бөлу. Кейін оларды қаншалықты меңгергендігі қайта тексеріледі. Келесі жолы жаңа сөздерді қосып отырамыз. Осылайша сөздік қорын молайтамыз. Оқушы өзі үшін «Сөздік қалтасын» (конверт) жасайды. Сөйлемдер құрастырады.

Оқушыларды жоғары деңгейлі сұрақтар қоюға үйрету. Жоғары деңгейдегі сұрақтар ойлауды, талдауды қажет етеді. Бұлар неге, не себепті, қаншалықты, қалай, егер... түріндегі сұрақтар. Мәтінді түсінгендігін байқау үшін жоғары деңгейлі сұрақтар қоямын немесе оқушы өзі құрастырады. Сонда сұраққа жауап беру үшін мәтінді мұқият оқу қажеттілігі туындайды. Оқушы мәтінді түсініп оқығанда, ақпаратты өңдей алады.

Бақылау нәтижесінде мынадай қорытындығы келдім. Оқылым дағдысын дамытудағы тиімді тәсілдердің бірі — «Сөздік қоржын». Оқушылар үйренген сөздерін карточкаларға жазып, бір-бірін тексереді. Үнемі қайталанып отырғандықтан, сөздер есте жақсы сақталады. Бұл әдіс жүйелі түрде түрде қолданылса, нәтижелі болады. Сонда оқушы оқылым кезінде қиындық көрмейді.

Зерттеудің нәтижесінде оқушылардың сөздік қоры біршама молайды. Мәтінде таныс сөз кездескенде оқушы тарапынан қорқыныш болмайды. Кілт сөздерді тауып, жоғары деңгейлі сұрақтар құрастыра алады. Оқыған мәтінге және алған ақпаратына қатысты өз қөзқарасын білдіре алады. Бірақ синтаксистік құрылымдағы лексикалық бірліктер әлі де толық түсінуге кедергі келтіреді.

Оқушы тарапынан жеке дайындық болмаса, яғни сөздерді жаттамаса, әрі қарай жетілдіруде қиындықтар туындайды. Сондықтан сөздердің сөйлем ішіндегі конструкциясын тани алмайды. Бұл зерттеу барысында қиындық келтірді.

Алдағы уақытта оқылым дағдысын дамытудың басқа да тиімді тәсілдерін қарастырып, тәжірибеде қолдануды жоспарладым. Оқушыларға жоғары деңгейлі сұрақтар қою арқылы ізденімдік оқу дағдыларын жетілдіре аламыз. Оқылым күрделі сөйлесім әрекеті. Сондықтан әлі де жан-жақты қарауды қажет етеді.



Задать вопрос