Қазақ жеріндегі ғұламалардың тәлім-тәрбиелік идеялары | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 30 ноября, печатный экземпляр отправим 4 декабря.

Опубликовать статью в журнале

Библиографическое описание:

Байжуманов, Болат Шаймерденулы. Қазақ жеріндегі ғұламалардың тәлім-тәрбиелік идеялары / Болат Шаймерденулы Байжуманов, Талапбай Баубекулы Касенов, Ерлан Мамиров. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2016. — № 8.9 (112.9). — С. 39-41. — URL: https://moluch.ru/archive/112/29232/ (дата обращения: 18.11.2024).



Қазақстан Республикасы егеменді ел болғалы ғылым, мәдениет салаларында жасалып жатқан шаралардың барлығы жастарға жалпы адамзаттық және жеке ұлттық игіліктер негізінде тәрбие мен білім беру ісін неғұрлым жоғары деңгейге көтеруге ықпал етуде. Бүгінгі таңда қоғамдық өмірді демократияландыру және ізгілендіру жағдайында ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын рухани мәдениетімізді жетілдіру қажеттілігі туындап отыр. Отаршылдық езгісі әсер еткен ұлттық менталитетімізді қалпына келтіріп, нығайту және өркениетті елдер қауымдастығы қатарынан орын алу – ұлттық мемлекетімізді қалыптастырудағы басты алғышарттардың бірі. Бұл мәселелер Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында, Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында, «Мәдени мұра» бағдарламасында басты назарға алынған.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің басым міндеттері ретінде ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны - Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу, отандық және әлемдік мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу атап көрсетілген.

Мемлекетімізде ұлттық маңызы бар бірқатар бағдарламалар болса, соның бірегейі «Мәдени мұра» бағдарламасы болып табылады. Ұлт тарихын түгендеу, ұлт руханиятын қайта түлету мақсатында жасалынған бұл бағдарлама ұзақ мерзімге бағытталған кешенді, жүйелі іс-шаралардың мазмұнын құрайды. Бағдарлама елдің рухани және білім беру саласын дамыту, мәдени мұрасының сақталуын және тиімді пайдаланылуын қамтамасыз ету мақсатын көздейді. Бұл мақсаттың тиімді шешімін табуда әлемдік ғылыми ой-сананың, ұлттық мәдениет пен өнердің таңдаулы жетістіктерінің негізінде гуманитарлық білім берудің мемлекеттік тілдегі толыққанды қорын жасау міндеті қойылып отыр [1].

«Мәдени мұра» бағдарламасына қатысты алқалы жиында Елбасы Н.Ә.Назарбаев көшпенділердің әлемдік тарихтағы роліне тоқталып, қазақ жерінің Еуразия Кеңістігінің мәдени мәйегі, рухани түп қазығы болғанын айта отырып: «Қазақстанды Ұлы Дала өркениетінің қара шаңырағы ретінде халықаралық деңгейде танытып, қалыптастыруымыз керек», – деді. Сондықтан халқымыздың өткен тарихындағы озық педагогикалық идеяларды ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар тұрғысынан қарап, бүгінгі ұрпақты жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптастыруға пайдалану керектігі айқын. Біз ең алдымен, өзіміздің тарихымызды нақты айқындап алуымыз қажет, бұл - әрбір ғылымның саласына қатысты мәселе. Еліміз тәуелсіздік алғанға дейінгі саяси жүйеде қазақ ұлтының өткен тарихы, оның барлық кезеңдері мен іргелі мәселелері бұрмалауға ұшырағаны құпия емес. Кеңес дәуірі кезінде қазақ педагогикасы жабық тақырып болғаны анық. Ол кезде Қазақстандағы педагогикалық ойлардың қалыптасуы мен дамуы бойынша барлық ғылыми-зерттеу мен білім беру саласында әл-Фараби, Шоқан, Ыбырай, Абай туралы ғана сөз болды. Ғылымдағы түрлі тұжырымдамаларды қалыптастыруға тікелей ықпалы болған бұл идеологиялық ұстанымның салдары қазақ ұлтының тарихи танымынан анық байқалды: ұлт өзін өркениеттік құндылықтар жаратқан субъект ретінде сезінуден қалды, оның көңіліне өзінің этностық болмысына қатысты күдікті ойлар ұя сала бастады. Ал мемлекетіміздің тәуелсіздік алуының арқасында қазақ қоғамында мүлдем жаңа жағдай қалыптасты. Оны біз «жаңа рухани ахуал» немесе «жаңа рухани күй» деп атаған болар едік. Тұжырымдап айтқанда, заман талабына сай кезекті сапалы өзгерістерге мұқтаж ұлт өз өткенін қайта қорытуға ден қойды [2].

Қазақ халқының сан ғасырлық тарихын академик философ Әбдімәлік Нысанбаев атап өткеніндей, түркілік кезеңнен бөліп қарастыруға болмайды. Сондықтан ата тегіміз болып келетін түркі халықтарының ділі мен дінін, дүниетанымы мен әлемді философиялық тұрғыдан игеру тәжірибесін қазіргі дамуымызда, өркениеттік жолында және ел тәуелсіздігін нығайту тұрғысында толық ескеруіміз керек. Рухани өмірдің бедерсізденуін еңсеру мен қазақ халқының өзіндік санасын жаңғырту міндеттері әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар, әсіресе педагогика ғылымы саласында Шығыс, оның ішінде түркі өркениетінің ерекшеліктері мен тарихи тамырларын дүниежүзілік мәдениетпен салыстыра отырып, кешенді түрде зерттеулер жүргізу қажеттігін туындатып отыр. Шығыстың бай педагогикалық және тәлім-тәрбиелік ой-санасы, оның ішінде қазақ халқының педагогикалық дүниетанымы халық шығармашылығы мен ұлы ойшылдардың тәлім-тәрбиелік идеяларынан құралады. Адам мен дүниенің арақатынасын, адамның өзін-өзі тануын, сөйтіп өзін басқаға танытуын, тұлғаның өмірдегі орны мен ролін әлеуметтік және этикалық тұрғыдан жан-жақты зерделеуге айрықша мән беру қазақ педагогикасының ерекше сипаты болып табылады. Бұл тұрғыдан келгенде, қазақ педагогикасы – шығыстық педагогикадағы, ең алдымен, толық, рухани жағынан жетілген адам болу рухын қастерлеу мен зерделеу дәстүрін жалғастыра отырып, оны өзіндік мазмұнмен байытқан педагогика болып табылады. Қазақ педагогика ғылымының шоқжұлдыздары әл-Фараби, Ж.Баласағұни, М.Қашқариден басталып, олардың бай мұрасы педагогика ғылымындағы ұлттық тарихымыздың бастау көздері болып табылатындығын өркениетті ел болуға аяқ басқан қазіргі кезде батыл айтатын уақыт жетті. Қазақ халқының сан ғасырлар бойы тәлім-тәрбиеге қатысты жинақтаған інжу-маржандарын әлем жұртшылығына танытып, әлемдік педагогиканың қатарынан орын алуына күш салуымыз елдігіміздің басты белгісі екендігін назарда ұстанған жөн деп білеміз.

Күні бүгінге дейін педагогиканың философиядан бөлініп шығуы мен оның ғылыми жүйеге енуі чехтың ұлы педагогы Я.А.Коменский есімімен байланысты болып келгендігі белгілі. Дегенмен де, тарих қойнауына үңіліп қарасақ, мыңжылдық тарихы бар әл-Фарабидің, Ж.Баласағұнидің, М.Қашқаридің еңбектерінде қазіргі педагогика ғылымының негізгі мәселелері қарастырылып, оның ғылыми-әдіснамалық негіздері тұжырымдалғанын анық көруге болады. Сондықтан ұлы ойшылдарымыздың еңбектерінің педагогикалық мәнін ашып көрсете отырып, олардың қазіргі қазақ педагогика ғылымының өзінің зерттеу пәні бар ғылыми білімнің арнайы саласы ретінде қалыптасуының алғашқы көзі болғанын әдіснамалық тұрғыдан айқындау және оны бүгінгі ұрпақ тәрбиесінде қолдану бойынша нақты ғылыми тұжырымдалған ұсыныстарды жасау қажет.

Тәуелсіз Қазақстандағы жаһандану үдерісі әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар алдына түбегейлі реформалау міндетін қойып отыр. Әлемдік өркениетке ену жағдайында түбірлі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің негізінде ұлттық мәдениет пен руханиятты жаңғыртудың мүмкіндіктерін толық жүзеге асыру қажеттілігі туындап, педагогика ғылымын әрбір халықтың ұлттық ерекшелігіне сай жетілдіру мәселесін қарастыру көзделуде.

Кеңес дәуірінде педагогика ғылымы шектен шыққан идеологиялану нәтижесінде үлкен дағдарысқа ұшырағанын жоққа шығаруға болмайды. Педагогиканың идеологиямен етене теңестіріліп, түгелінен мемлекеттік бола түсуі әлеуметтік шындықтың нақты қайшылықтарын сыни және объективті түрде талдау мүмкіндігін шектеді. Педагогика ғылымының тұжырымдамаларын қоғамдық өмірдің ағымын өзгертуге болатын әлеуметтік технология ретінде қолдану бұрынғы кеңес заманындағы педагогикалық білімнің тиісті деңгейде дами алмауына себепші болды.

Педагогика ғылымы саласындағы дағдарыстың себебі болатын тағы бір құбылыс рухани мәдениеттің бедерсізденуі болып табылады. Бұл үрдістер қазақ халқының ұлттық дүниетанымының өзіндік қайнар көздері мен түп-тамырларын елемеуге әкеліп соқтырды. Педагогикалық ілімдер тәрбиенің абстрактылы, қайшылықсыз үлгілері ретінде қарастырылды. Мұндай жағдайлар ресми мәдениеттің идеологияланған кеңістігінде ғана қалыптасуы мүмкін еді. Ал нақты өмірде, әсіресе қазақ халқының бай рухани әлемімен және ұлттық психологиясымен түйіскенде бұл теориялар әр түрлі қайшылыққа толы қорытындылар жасайтыны айғақталды. Сырт көзге дұрыс болып көрінетін абстрактылы қағидаттар халықтың тіршілік әлемінен, тәрбие ортасынан оқшау тұрғандықтан, өзінің дүниетанымдық маңыздылығы мен әлеуметтік құндылығын жоғалта бастады.

Педагогикалық теорияның мемлекеттік идеологияның ықпалында болуы, ұлттық рухани мәдениеттің ерекшеліктерін елемеушілігі отандық педагогикалық ілімнің әлемдік педагогикалық бірлестіктен оқшаулануына алып келді. Әлемдік педагогикалық мектептердің негізгі бағыттарымен идеялық текетірестік жағдайында болу өзара тиімді дүниетанымдық және әдіснамалық үнқатысуды жүргізу мүмкіндігін шектей түскен болатын. Біздің педагогиканың томаға-тұйықтығы тәрбие мен білім беру мәселелерінің практикалық шешімін іздеуде догматизм мен әдіснамалық әлсіздікке әкеліп соқтырды. Екінші жағынан, педагогика ғылымындағы осындай қайшылықтардың тамырлары әлеуметтік жаттану үдерістерімен астасады. Бұл адамның меншіктен жаттануы, өзінің ұлттық тарихы мен халықтық педагогикасынан жаттануы, тіпті адамның өз мәнін, тарихы мен мәдениетін, тілі мен дінін жатсынуы болып табылады. Соның салдарынан адамдар әлеуметтік үдерістердің қарапайым құралы мен объектісіне айналды. Сондықтан қазіргі тәуелсіз Қазақстан жағдайында халқымыздың рухани ахуалына сәйкес педагогика ғылымы өз мазмұнын әлеуметтік жаттануды еңсеру жолдары мен ерекшеліктерін анықтауға бағыттауы тиіс. Мұның өзі біздің ұлттық болмысымызға сай қазақ педагогикасының әдіснамасын жасауды қажет етеді. Қазақ педагогика ғылымы әлемдік педагогика тұрғысынан қазақтың ұлттық рухы, менталитеті мен тәрбие ерекшеліктерінің қалыптасуы мен даму тарихын тұжырымдай отырып, өз бойында әлемдік мәдениеттің жетістіктерін жинақтап, жалпыадамзаттық тәрбие тәжірибесін танытатын ғылым болуы тиіс.

Педагогика ғылымының әдіснамасы философия заңдылықтарына сүйенетіні белгілі.Философиялық ғылымдар педагогикаға тәрбиенің мағынасы мен мақсатын анықтауға, адамзат болмысы мен ойлауының жалпы заңдылықтарының әрекетін дұрыс түсінуге көмектеседі, ғылым мен қоғамда болып жатқан өзгерістер туралы шұғыл ақпарат бере отырып, тәрбиенің бағытын нақтылауға жәрдемдеседі. Философиятабиғат пен қоғам дамуының жалпы заңдарын, түбегейлі мәселелерін зерттейді, өмір шындығын танып білу жөніндегі көзқарастың негізгі жүйесі болып табылады, адамды күшті идеялық сенімге, айқын түсіне білушілікке тәрбиелейді. Педагогика материалистік диалектиканың қарама-қарсылықтардың бірлігі мен күресі, сан өзгерістерінің сапа өзгерістеріне ауысуы және терістеуді терістеу сияқты негізгі заңдарын тәрбие, білім беру және оқыту процестерінде шығармашылықпен пайдалануды көздейді.

Қазақ философиясының қалыптасуын докторлық диссертация көлемінде зерттеген белгілі философ ғалым Ж.Алтаевтың «Бұрын «Қазақ әдебиеті», «Қазақ тарихы» деген ұғымдарды білсек, енді «Қазақ философиясы» деген ұғымның біздің санамызға кіре бастауының теориялық, практикалық маңызы зор» деп айтқанындай, педагогика ғылымында да бетбұрыс жасап, егемендік алғанымыздың он жетінші жылында «Қазақ педагогикасы» ұғымын батыл енгізетін уақыт жетті. Әрбір халық «өз тарихын, философиясын білмейінше және оған белгілі бір көзқараста болмайынша ешқандай мәдениеттің дамуы мүмкін емес» - деген болатын Л.Н.Гумилев [3]. Қазақ педагогикасы ғылымының қалыптасуы мен дамуын зерттеу болашақтағы ұлан-ғайыр ізденістердің бастамасы болуға тиіс.

Әдебиет:

  1. Инновациялық педагогикалық технологиялар негізінде бастауыш сынып мұғалімдерінің даярлығын жетілдірудің теориялық моделі // Жалпы және кәсіби педагогиканың өзекті мәселелері: халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. - 2-бөлім. - Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 2005. - Б.57-60.
  2. Ақпараттық телекоммуникациялық оқыту технологияларын пайдалану ерекшеліктері // Еуразия гуманитарлық институтының хабаршысы. - 2005. - №4. - Б.182-189. (Е.Е.Омарбековпен авторлық бірлестікте).
  3. Математика пәнінен ашық сабақтар. - Зияткерлік меншік объектісін мемлекеттік тіркеу куәлігі. - №322, 14.10.2005 ж. (Қалимаш Сарбасовамен, А.И.Омарбековамен авторлық бірлестікте).
Основные термины (генерируются автоматически): мена, педагогика.


Задать вопрос