Домбыра аспабын орындауда оқушының шеберлігін арттыру | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 28 декабря, печатный экземпляр отправим 1 января.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №5 (109) март-1 2016 г.

Дата публикации: 07.03.2016

Статья просмотрена: 2174 раза

Библиографическое описание:

Байгазин, Нуржан Диханбайулы. Домбыра аспабын орындауда оқушының шеберлігін арттыру / Нуржан Диханбайулы Байгазин. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2016. — № 5.3 (109.3). — С. 6-8. — URL: https://moluch.ru/archive/109/26748/ (дата обращения: 17.12.2024).



 

Ұлттық дәстүр мен салт-сана тағылымын жас жеткіншек бойына дарытып, оның жан дүниесін оятуда, өнерге деген ынтасын арттыруда қазақтың киелі домбырасының атқаратын орны ерекше.

Қазақ халқының ұлттық болмыс-бітімі мен сана-сезімінен нәр алып, киелі рухани үрдістен жаралған дәстүрлі өнеріміздің ішіндегі күрделі ойлы, тоқсан толғаулысы — күй өнері. Ұлттық мәдениеттің ең құнарлы арнасының бірі болып саналатын күй өнері сан ғасыр бойы небір біртуар дарын иелерінің өміршең туындылармен толыса дамып, құйма- құлақ күйшілер арқылы ұрпақтан-ұрпаққа ауысып келеді [1].

Күй — музыкалық ойлаудың құралы, музыкалық фольклор — ол адам әлемінің оның руханилығының, көркемдік сезімінің өрнегі. Күй тілі халықтың қажетті жетістіктері, ел мәдениетінің қабаттарын сақтаушы, халықтың психологиялық рухани тәжірибесі, музыканың озық үлгілерінің негізі, осы негіз әлемдік мәдениеттің жемісі. Біздің міндетіміз атадан қалған асыл мұраларымызды оқушылардың санасына сіңіре білу.

Бала тәрбиесі ең алдымен, аға ұрпақтың жас жеткіншекке деген сүйіспеншілігі мен қамқорлығынан, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан адамгершілік ізгі қасиеттердің жиынтығынан туындайды. Атадан балаға ұласатын ұлттық құндылықтар үлкендердің әңгімесінен, іс-қимылынан танылып, сезім арқылы жүректен-жүрекке беріліп отырған. Сондықтан егеменді ел жастарының санасында осы ұлттық ұлағатты қасиеттерді сіңіре білудің маңызы зор. Яғни, мұғалім мамандығының иелеріне болашақ ұрпақты тәрбиелеуде үлкен жауапкершілік жүктелген.

Н. А. Добролюбовтың «Мұғалім өзіне шәкірттердің қаншалықты жоғары бағалап қарайтынын есінде сақтаса, оның балаларға тигізетін ықпалы соншалықты күшті болады, соншалықты оның мақтауы балаларды шаттандырады, оның әрбір ескертуі баланың жүрегіне терең орнығады. Демек барлық тәрбие жұмысы игілікті болады» — деп айтқанындай, баламен кездескен сәттен бастап, оның үйіне қайтатын уақытына дейінгі кезеңде баламен тікелей қарым-қатынаста екенін, онымен ішкі сезімі байланысты болатынын бір сәт естен шығармағаны абзал [2]. Сонда ғана ұстаз білікті, парасатты, жан-жақты жетілген жеке тұлғаны тәрбиелеу ісінде едәуір табыстарға қол жеткізе алады.

Музыкалық тәрбиенің негізі мақсаты — оқушының ерекшеліктерін, мүмкіндіктерін ескеріп, орындалатын репертуарды түрлендіріп отырып үйрету. Домбыра аспабын тартуды үйрете отырып, әрбір баланың бойында шығармашылық даралығын қалыптастыру, ол оқушының сенімін арттыру, баланың бойында жақсы бастаманың барына сеніммен қарай білу. Әр оқушының айтқан ойын, пікірін талдап, қолдау. Қоғамдық орындарда өзін-өзі ұстай білу, мәдениетін қалыптастыру, этика негіздерін үйрету. Оқытушы әрқашанда оқушының бастамаларын қолдап, оның шығармашылығының дамуына бағыт-бағдар беріп отыруы қажет.

Алдымен оқуытушы балалар қалай ойнайтынын, ол күйдің немесе шығарманың шығу тарихы жайында, қай бөлігімен көп жұмыс жасау қажеттігін айтып түсіндіруі қажет. Сонда ғана оқушыға күйді немесе шығарманы меңгеру жеңіл болады. Оқытушы күйдің немесе шығарманың мазмұнына, мінезіне, түрлі орындаушылық әдіс-тәсілдеріне қарай, оң және сол қолды қалай пайдалану керектігін түсіндіріп, көрсету қажет. Үй жұмысына берілген тапсырманы оқушы дұрыс үйреніп келді ме, жоқ па, орындау әдістерін көрсете ала ма, осыларға бақылау жасауы қажет.

Болашақ домбырашы неғұрлым кәсіби орындаушылардың орындауындағы үнтаспаларды көбірек тыңдаса, музыкалық әдеби кітаптарды көп оқитын болса, жалпы күйді немесе шығарманы түсінуі жоғары деңгейде болады.

Музыка сауаты — музыканың көңіл күйін анықтауды, музыканың көркемдік құралдарын, қарапайым түрлерін ажыратуға үйретеді.

Оқытушының бірінші мақсаты күйдің мазмұнына, орындалу ерекшелігіне баса назар аудару. Оқушымен күйдің мазмұнын талдау.

Оқытушы оқушыға өз бетімен жұмыс істеуге көмектесуі қажет. Сабақ кезінде орындалатын музыканың мінезі, стилі, формасы, ырғақтық ерекшеліктері жайлы оқушыдан сұрау, оның шығармашылық белсенділігін дамытады. Жаңа үйренетін шығарманың бір бөлігін оқушыға өз бетімен талдауды тапсырудың маңызы өте зор. Ол оқушыға көрсетілген зор сенім.

Оқушының жалпы орындаушылық мүмкіндігін өсіруде оның есіне, есіне сақтау және музыкалық ырғақтан ауытқымау қабілетін барынша жетілдіру жағына аса көңіл бөлінуі қажет. Оқушының аспапта орындау шеберлігін арттырудың бірнеше жолдары бар.

Күйді немесе шығарманы алғаш үйреткенде, оқытушы басынан аяғына дейін өзі орындап беруі қажет. Мұның үлкен мәні бар. Алғашқы орындалу арқылы оқушы шығарманың жалпы мінездемесімен танысады, шығарма әуені оның музыкалық сезіміне әсер етеді.

Екіншіден, ол оқушымен сол шығарманы жәй екпінде талдау, шығарманың орындалуға қиын болатын бөлімдеріне көбірек тоқталып, оқушыға оның игеру жолдарын түсіндіру, музыкалық құрылысы, ырғағы, әуен ерекшелігін әңгімелеп таныстыру. Оқытушы оқушыға шығарманы түгел жатқа ойнатуды мақсат етіп қоймау қажет, оған оқушы біртіндеп дайындап, шығарманы бөлімдерге бөліп жаттауы керек. Шығарманы осылай басынан бастап соңына дейін жаттауға болады [3].

Орындаушының шеберлігін дамыту, ол сатылай, асықпай, бірте-бірте күрделі шығармаларға көшу, оны әсем дыбысымен, динамикалық белгілермен орындай отырып көрерменге жеткізе білу. Осы шеберлікке жету үшін, оқушы өз бетінше ізденіп, ойланып, көп дайындалуы қажет. Оқушының өз ойы, өзінің шығармашылық белсенділігі, өзіндік көзқарасы болмаса, ол нағыз орындаушы бола алмайды.

Оқытушы мұны әр уақытта ескеріп отыруы қажет. Оқушыға қайсы шығарманы болса да өз сана сезімімен, өзінің музыкалық дағдыландыру, мұғалімнің негізгі принциптерінің бірі болып саналады.

Әрбір сабақта күйді үйренуде орындалу элементтерінің бір бөлігін ғана игеру тән болып табылады. Содықтан, оқушы көптеген тапсырманы бірдей қамти алмайтын болғандықтан, педагог бірнеше ойнау тәсілдерін бірдей үйретпеуі тиіс. Сонымен қатар, жаңа тапсырмаларды мұғалім ноталық сауаттылық деңгейінде жеткізе білуі керек.

Алғаш аспаппен танысқан оқушыға мұғалім түсінікті тілмен қазақтың халық аспаптарының шығу тарихын айтып қана қоймай, сонымен қатар күйлер мен фортепиано сүйемелдеуіндегі шығармалар және алғаш құрылған Құрманғазы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің орындауындағы бірнеше күйлер мен шығармаларды күйтабақтан тыңдатқаны жөн.

Орныдаушының орнықты әрі ыңғайлы отыруы, қолдарын еркін қимылдатып, домбыраны дұрыс тартуына мүмкіндік береді. Сондықтан оқушы ең алдымен оң аяғын сол тізесінің үстіне қойып, орындыққа тік, еркін отырып жаттығуы қажет. Мұндағы сол аяқтың тізеден бүгілуі дұрыс болуы керек. Әр оқушының орындығы өз бойына сәйкес болуы қажет. Домбыраны ұстағанда екі иық төмен немесе жоғары көтерілмей, бір деңгейде болғаны жөн [4].

Оқушы қағыстарға біраз жатыққаннан кейін сол қол саусақтарымен бірге қосып ойнауды үйренеді. Сол қол саусағы домбыра мойнының кіші тиек тұсынан пернеге тақап басылады. Ал перне басуға қатыспай, бос тұрған саусақтарды шашыратпай, домбыра мойнының астына жасырмай, қойылымдық қалпын сақтап ұстауы қажет. Пернеден пернеге (дыбыстан-дыбысқа) ауысарда сәл босатып, ішекті бойлай сырғыта жылжыту қажет. Қолдың әрлі-берлі қозғалысы кезінде иық, шынтақ буындарын жоғары немесе төмен көтермей, білезік буынын бүкпей, алақанды домбыра мойнына тигізбей ұстағаны жөн. Перне басатын саусақтар, қағыстар сияқты өз алдына аранайы таңбамен белгіленеді. Халықтық орындаушылық дәстүрлердегі қағыстар тәрізді пернелердің «қашаған перне», «түркімен перне», «Сейтек перне», «Адай перне» сияқты тағы басқадай өз атаулары бар.

Кезінде халық арасынан шыққан күйді орындаушылар күйді бірінен-бірі тыңдап, есте сақтау арқылы үйреніп, дәстүрлі мұра ретінде меңгерген. Шәкірттің есте сақтау, тез ұғу қабілеттерін дамытып, орындаушылық шеберлігін жетілдіруде мұның өзіндік мәні болғаны белгілі [4].

Төкпе күй үйрену кезінде домбыра мойнындағы буын, сағаларды біртіндеп меңгеруге жаттығулар, этюдтер, күйлер беру қажет. Шертпе күйлерді меңгергенде шертпе қағыстары мен дәстүрлік сол қол саусақтарын қолдану ерекшеліктерді сақтау керек.

Домбыраның құлағын туралау, аралық әуендерді орындау болашақта оқушының өз бетінше аспапты баптауына мүмкіндік береді. Тіпті мектептен тыс жерлерде немесе сахнада өнер көрсеткен кезде бұл оқушының аспапты өз бетінше баптай алатындығын дәлелдейді және бұл оның шығармашылық қадамы мен бастамасына жол ашады.

Концерттік қойылымдар оқушының шығармашылық ынта-жігерін дамыта отырып, оның өз жұмысына, ойындарына шығармашылық тұрғыдан қадам жасауына ықпал етеді. Мұндай жұмыстар оқушының болашақта талантты музыкант, өнерлі өнерпаз болуы үшін өте маңызды.

Домбырашы мұғалімінің бірден-бір масаты — болашақ орындаушы-музыкантты көп ұлтты музыка рухында тәрбиелеп, баулу. Ол үшін оқытушы музыкалық-эстетикалық сезімін жетілдіре түсуі қажет. Жас музыканттарды аса көрнекті композитролардың творчествосы ретінде оқыту, үйрету қазіргі кездегі әрбір домбырашы мұғалімнің маңызды міндетті болып табылады.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

  1.   Момбеков Т. Салтанат., Алматы., 1995.
  2.   Добролюбов Н. А. Основные законы воспитания. 1859.
  3.   Тастанов Х. Домбыра сабақ беру методикасы. Алматы., 1996.
  4.   Жайымов А., Бүркітов С., Ысқақов Б. Домбыра үйрену мектебі. Алматы., Өнер, 1992.
Основные термины (генерируются автоматически): немес, мена.


Задать вопрос