Библиографическое описание:

Жанайбекова Ж. Тәрбие жұмысын ұйымдастыруда тәрбиелік шаралардың мазмұнын жетілдіру және сапасын арттыру // Молодой ученый. — 2015. — №8.1. — С. 36-37.

Қазіргі кезде өсіп келе жатқан ұрпақты тәрбиелеудегі негізгі мақсат қоғамға пайдалы үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола алатын, жан- жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Біз өмір сүріп отырған ХХІ ғасыр ғылым мен технологияның қарыштап дамыған уақыты. Ақпараттандыру, жаһандану мен интеграция ғасырында жаңа дүние үшін күрес жолында адамзат баласына білім беру бірінші кезекке қойылатыны сөзсіз.Қазір қоғамдық көзқарастар да күннен- күнге өзгеру үстінде .Әрбір ақпарат құралдарының жұмысындағы барлық шектеулер алынып, ақпарат тарату еркіндігіне кең жол ашылуы балалардың сана- сезімі мен рухына әсер етуде. Тәрбиенің қандай бір саласы болмасын бір арнаға тоғысуы керек.Сондықтан да қазіргі кезде алдымызда тұрған үлкен міндет ұрпағымызға адамгершілік құндылықтар арқылы тәрбие беру болып отыр.Осы тұста жас ұрпақты тәрбиелеуде халқымыздың сан ғасырлық тәжірибесі бар екендігі баршамызға аян.Сол тәжірибені пайдалана отырып тәрбие жан тазалығына , адамгершілік игі қасиеттерге, парасаттылыққа, елжандылыққа негізделуі тиіс.

Өскелең ұрпақ қарыштап дамып келе жатқан қоғамымыздың болашағы. Сол келешек қоғам иелерін жан - жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени- ғылыми өрісі озық етіп тәрбиелеу барша қоғам алдындағы парыз болып табылады.

Қазіргі өмір талабына сай оқушыларға белгілі бір дәрежеде білім беру мен қатар оқуға, өзбетінше ізденіс жұмыстарын жүргізуге деген ынтасын арттыру негізгі міндет.

Тәрбие жұмысын жүргізу барысында шәкірттердің білім алуға құштарлығын арттыру, ойлау қабілетін жандандыру, еңбек етуге баулу, жалпы оқушы бойында жауапкершілік сезімін қалыптастыру күн тәртібіндегі басты талап.Әртүрлі жұмыстар ұйымдастыру оқушыларды белсенділікке, шығармашылық ойлауға ұйымшылдық пен жолдастық сезімді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ынтасын арттырады.

Тәрбие жұмысын ұйымдастыруда мына нәрселерді ескерген дұрыс:

> Мазмұнының оқушылардың қызығушылығына талап-тілегіне сәйкестігі.

> Оқушылардың жас ерекшелігіне байланысы

> Сынып оқушыларының іс- шараның мазмұнын қабылдай алуға оған қатысуға психологиялық дайындығы

> Дер кезінде басталуы

> Мазмұнның мақсатқа сәйкестігі

> Нақтылығы, жоспарланған жұмыстың реттілігі

> Өткізу, ұйымдастыру формалары, әдістері

> Топтық, жеке жұмыстардың үйлесімділігі

> Педагогтың сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы

> Ұйымдастырушының аяқ астынан болған жағдайларда тапқырлығы

> Жоспардың қоғам талаптарына мақсатына сәйкестігі

> Өмірмен тығыз байланыстылығы

> Жан- жақтылығы, тәрбиенің барлық салаларын қамтуы

> Тәрбие жұмысының формалары оқушының жасына, тәрбиелік деңгейіне сәйкестігі

> Жоспардың нақтылығы

Жұмыс ұйымдастырылғанда үнемі бір сарынды болмай ,әртүрлі формада, яғни, дебат, сайыс, ойын, саяхат,әңгімелесу, тренинг, қойылым т.б түрінде өткені дұрыс.Бұл жұмыстардың өзінде әртүрлі әдіс- тәсілдерді қолданған жұмыстың сапасын арттырады және баланың қызығушылығын оятып, белсенділігін дамытады. Шығармашылық қабілеті ашылады.Өзім тәрбие жұмыстарын ұйымдастырғанда топтау, салыстыру картасы, автор орындығы, жарнама, венн диограммасы әдістерін жиі қолданамын. Балаға жазып беріп мынаны жаттап кел дегеннен гөрі тақырп беріп соған байланысты әңгіме оқы, тақпақ, өлең жатта немесе өзің өлең шығар немесе мақал- мәтел жатта, сөзжұмбақ, ребус құра деп тапсырма берген дұрыс. Бұған бала қызығады, себебі: орындап келген тапсырмасын сыныптастарының алдында айтып беру бала үшін зор мақтаныш. Қызыға орындалған тапсырма мазмұнды да сапалы болып, бала есінде ұзақ сақталады. Әсіресе топқа бөліп,топ мүшелерін толық қатыстырып, сайыс түрінде өткізілсе, ендігіде одан да күрделі жұмыстар орындауға тырысады.Өзім өткізген тәрбие жұмыстарына тоқталсам. «Денсаулық- салауатты өмір кепілі» атты тәрбие сағатын сайыс түрінде өткіздім. Онда жарнама, жалғасын тап,яғни, автор орындығы, бетпе- бет әдістерін қолдандым. Бетпе- бет әдісі өте жақсы шықты. Дәрігер мен сұқбатты жүргізуші «Тұмау» ауру туралы қысқаша да түсінікті етіп мәлімет берді.Балалар шын көңілмен рольге енен алды. Осы жұмыс кезінде ақыл- кеңестерді айтуда теледидар макетін пайдаландым. Теле жүргізуші теледидардан көргендерін айнытпай салуға тырысты. Дауыс ырғағы әсерлі болды. Бұл балаларды шабыттандыра түсті, «келесіде мен де рольде ойнайыншы» деген ұсыныстар да болды. « От досың, от- жауың» атты жұмысты дебат түрінде өттім. Жақтаушы топ, даттаушы топ болып сынып оқушыларын екіге бөлдім. « Өрт -тілсіз жау» бөлімінде оттың пайдасы, зияны туралы тартысты пікірлер айтылды. Оқушы өмірден көргенін айтты.Сақтық шараларын өздеріне құрғыздым. Жап- жақсы жасады. Сосын өзім толықтырулар енгіздім. «Қонақ сыйлау- салтымыз» атты өнеге сағатында ситуациялық жағдай енгіздім. «Үйіңде үлкендер жоқ еді үйіңе қонақ келіп қалды не істейсің?» деген тапсырма бердім. Оқушылар жарыса ата- аналарынан көргендерін айтты. Көбісі көрпе жайып, төрге шығарамын деген пікір айтты. Бұл баланың ойын шыңдау, ізденіске үйрету болса, екінші жағынан мәдениеттілікке тәрбиелеу.

Міне осылай ұйымдастырылған жұмыстың мақсаты болуы керек. « Сиқырлы сөздер» тренингін өткізгенде топтау әдісін қолдандым. Бұл жұмыста ұлдар бір топ, қыздар бір топ болып жұмыс жасады.«Жақсы сөздер» , «жаман сөздер» топтамасын жаздырдым да мағынасын, қай жерде қолданылатынын сұрадым. Бұл сыпайылыққа тәрбиелейтін мақсатта жасалды.

Жоспары дұрыс құрылған жұмыс әрқашанда өз нәтижесін береді. Үндемейтін бала да, тентек сабақ өткізуге мүмкіншілік бермейтін бала да өз пікірін айтып, қолынан келетін жақсы істерін көрсетуге тырысады.

Міне, осылайша тәрбие жұмыстарын ұйымдастыруда жоспарды жүрдім- бардым жасамай жауапкершілікпен қараған дұрыс. Ол үшін көп ізденіс қажет. «Ізденген жетер мұратқа» дегендей төккен теріңнің нәтижесін балалардан көргенде риза боласың.Балада да қуаныш сезімі пайда болып, қанаттана түседі. Келесі тәрбие жұмысын асыға күтеді.

 

Әдебиет:

1.      «Қазақстан Республикасы үздіксіз білім беру жүйесіндегі тәрбие тұжырымдамасы» Астана. Білім және ғылым министрлігінің №521 бұйрығы. 2009 жылы 16 қараша.

2.      Әбенбаев С.Ш. «Тәрбие теориясы мен әдістемес»і. - Алматы. 2004.

3.      Болдырев Н.И. «Мектептегі тәрбие жұмысының әдістемесі». – Алматы:.Мектеп, 1980.

4.      «Тәрбие бағдарламасы». – Алматы, 2006.

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle