Библиографическое описание:

Абдраманова Г. Б., Жусупова Э. У. Инновациялық технологияларды педагогикалық процесте пайдалану // Молодой ученый. — 2015. — №7.2. — С. 42-43.

ХХІ ғасыр – әлемдегі өзгерістерге негізделген білімнің дәуірлеу ғасыры, өйткені, ол қазіргі кезеңде мемлекеттің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде, әлемдік қоғамдастықтағы орнын анықтап, халықтың өмір сүру сапасы мен деңгейін анықтауда негізгі көрсеткіш болып табылады.

Қазақстан Республикасының тәуелсіздік алуына байланысты әсіресе соңғы кезде педагогика саласына түбегейлі өзгертулер, жаңалықтар енгізілуде. Еліміздің экономикалық және әлеуметтік даму деңгейі, ең алдымен, олардың білім жүйесімен, азаматтарының білімділігімен анықталады.

Әлемнің жетекші елдерінің көпшілігі білім беру жүйесін, білім берудің мақсатын, мазмұны мен технологияларын оның нәтижесіне қарап бағалайтын болды. Білім берудің қазіргі негізгі мақсаты білім алып, білік пен дағды, іскерлікке  қол жеткізу ғана емес, солардың негізінде дербес, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке – ақпаратты өзі іздеп табу, талдау және ұтымды пайдалану, жылдам қарқынмен өзгеріп жатқан бүгінгі дүниеде лайықты өмір сүру және жұмыс істеу болып табылады.

Бүгінгі күні әртүрлі елдер үшін білім беру мен тәлім-тәрбиені дамыту бағытында ортақ қиыншылықтардың туындағанына қарамастан, олар бір-бірінен білім беру мәселелерін шешу жолдары, әдістері және мақсаттары тұрғысынан елеулі дәрежеде ерекшеленіп отырғандығы байқалады. Мұндай айырмашылықтар адамның ролі мен оны жетілдірудің маңызын, осыдан барып қоғамның жекелеген мәселелерін шешудегі, оның қажеттіліктерін қанағаттандырудағы және жалпы қоғамды дамытудағы білім беру жүйесінің міндеттерін әртүрлі түсінуден келіп шығады. Осыған байланысты, әртүрлі қоғамдық-саяси жүйелерімен ерекшеленетін елдерде білім беру саласына жаңалықтар әртүрлі мақсаттармен, әртүрлі тәсілдермен және әртүрлі атаулармен енгізіледі де, олардан әртүрлі нәтижелер күтіледі. Әртүрлі елдердегі бірдей жаңалықтар әртүрлі қызметтерге ие болып, оларды қолдану нәтижелері де түрліше бағаланады. Нарық экономикасының қажеттіліктерін қанағаттандыру және экономиканың, өндіріс салаларының дамуына сай жастарды құзыретті тұлға ретінде қалыптастыру үшін оқытудың инновациялық технологияларын пайдаланып, ғылыми - техникалық ілгерлеуін жетілдіруді  жүзеге асыра алуы қажет. Себебі, мемлекет дамуының негізі болып табылатын инновациялық саясат кез - келген бәсекеге қабілетті мемлекеттегі ғылым дамуының бағытын анықтайды. Сондықтан да ғылыми - техникалық процесс бүкіл әлемде «инновациялық процесс» - ұғымымен тығыз байланыста болуды талап етеді.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеті - оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» -  деп атап көрсеткендей, қазіргі кезеңде әрбір мұғалімнің алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі- оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияны меңгеру [1,5].

Білім беру мекемелерінің алдына қойып отырған мақсаты - инновациялық оқыту технологиясы арқылы оқу мен тәрбие жұмысын дамыту, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында жеке тұлғаға жүйелі, нақты білім беру. Инновациялық білім беру үдерісінің мән-маңызы, оның инновацияны бастау, жаңа өнімдер мен мәмілелерді дайындау, оларды нарықта сату және одан әрі қолданысқа енгізу жөніндегі мақсатты іс-әрекеттер тізбегін қамтитындығынан көрінеді.

Инновациялық технологияларды қолдану оқу процесін сапалы түрлендіруге, жаңашыл жобаларды енгізуге, оны тиімді басқаруға негіз болып, әрбір білім мекемесінде өзіндік даму жолын табуға, әрбір мұғалімге өзінің әдістемелік жүйесін құруға септігін тигізер еді. Сондықтан қазіргі кезеңде оқытудың инновациялық технологияларын оқу орындарының практикасына белсенді түрде ендіру – қоғам талабы.

Инновациялық білім беру үдерістерін басқаруды кәсіби қалыптастырудың тиімділігін бағалау критерийлеріне инновациялық білім беру үдерісінің шынайылығы, жүзеге асырылғыштығы (ресурстық қамтамасыз етілу деңгейі), басқарылғыштығы, инновациялық деңгейі, гуманитарлығы, өңделгендігі және таралу мүмкіндігі жатады.

Қазақстан Республикасында білім беру саласындағы педагогикалық инновация мен оқытудың жаңа технологиясы мәселелерімен Ш.Т.Таубаева, С.Н.Лактионова, Е.З.Батталханов, Қ.Қ.Қадашева, Т.О.Балықбаев,  Ж.А.Қараев, Г.К.Нұрғалиева, К.Бұзаубақова, С.Д.Мұқанова, Н.И.Хван,  Л.Е.Румянцева, З.У.Имжарова, М.М.Мұқаметқалиқызы  және т.б. педагог ғалымдар айналысты [2-6].

 «Инновация» сөзі латын тіліндегі іn (ішіне) novus (жаңа) сөздерінен құралып, жаңару, жаңалық, өзгеру деген мағынаны білдіреді. Инновация ұғымының шығу кезеңі мен тарихын дәл анықтау мүмкін болмаса да, бұл ұғым қоғамдық ғылымдарға жаратылыстану ғылымдарынан келген деп есептеледі. Өйткені, инновациялар көбіне экономика, техника, агрономия, өнеркәсіп және медицина салаларында кеңінен қолданылады. Инновациялар қоғамның пайда болу кезеңінен бері жүзеге асырылып келе жатса да, педагогикалық категория ретінде ХХ ғасырдың 70-80 жылдарында ғана қолданысқа енгізілді. Мұның басты себептерінің бірі – олардың мағынасының түрліше түсінілуінде. Қазіргі кезеңде батыста білім беру саласындағы технологияны белгілеу үшін «білім беру технологиясы» - ұғымы пайдаланылып жүр. Осы ұғымның  ғана мейлінше аясы кең, білім берудің түрлі салаларында  қолданылатын кез келген технологияны қамти алады. Сондықтан, «білім беру технологиясы» - терминін бүкіл білім беру жүйесін технологияландыру заңдылықтарын зерттейтін ғылыми пәнге қатысты қолданған дұрыс болар еді. Бірақ, әзірше бұл термин көп жағдайда тек мектептегі  оқыту процесі төңірегін сипаттауда ғана қолданылып жүр [7]. Еліміздегі жоғары оқу орындарында білім мен ғылымдағы ең алуан түрлі және болашағы зор қазіргі заманғы білім беру технологиялары ендірілуде. Оқытудың кредиттік жүйесін, қашықтан оқыту формасын енгізуді, маман даярлаудың көпсатылы құрылымына көшуді, оқу үдерісінде қазіргі заманғы білім беру технологиялары мен сабақ берудің озық әдістерін қолдануды атап айтуға болады.

Қазіргі кезде педагогикалық инновацияның білім беру жүйесіндегі маңызды мәселелерінің бірі – жаңалықтарды топтастыру. Мұғалім үшін ашылған жаңа әдісті жан-жақты түсіне білу үшін, бұл жаңалықтың басқа жаңалықтардан ерекшелігін, айырмашылығын, артықшылығын көре білу қажет. Оқыту процесін жандандыру білім алушылардың оқу материалының теориялық мазмұнын игеру жөніндегі еңбегін тиімді ұйымдастыру және олардың практикалық іскерлікті мен дағдыларын қалыптастыру болып табылады.

Оқу процесінің тиімділігі мен сапасы мұғалімнің әдістемелік дайындығы және сабақ жүргізу тәсілдері мен әдістеріне, инновациялық технологияларды игерулеріне тікелей байланысты болады. Сондықтан білім алушылардың ынтасын арттыруға арналған әдістемелік құралдардың жүйесі мен амалдары әр мұғалімнен оларды терең игеруін, іске асыруын және оған сай болатын іскерлікті талап етеді.

 

Әдебиет:

1.      Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Астана, 2000.

2.      Беспалько В.П. Программированное обучение. Дидактические основы. – М., 1970(11).

3.      Бұзаубақова К.Ж. Жаңа педагогикалық технология. Алматы, 2004, 21-бет (5).

4.      Сарбасова Қ.А. Инновациялық технологиялар. Алматы, 2006.

5.      Жанпейсова М.М. Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде. Алматы, 2002

6.      Таубаева Ш.Т., Лактионова С.Н. Педагогическая инноватика как теория и практика нововведений в системе образования. Алматы, 2001.

7.      Щуркова Н. Е. Педагогическая технология. М., 2002. С. 12.

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle