Библиографическое описание:

Оспанова Г. У., Беккадам Г. А. Бастауыш мектеп оқушыларына ұлттық тәрбие беруді қалыптастыру // Молодой ученый. — 2015. — №7.2. — С. 52-54.

Қазіргі кезде мектептің тұтас педагогикалық үдерісінде халық педагогикасын пайдалану бойынша мол тәжірибе қалыптасқан. Негізгі мақсат - жас ұрпаққа қазақ халқының әдет-ғұрпын, салт-санасын, ұлттық өнерін, дәстүрлерін меңгерте отырып, оларды оқушылардың бойына дарыту, ұлттық мінез-құлық, қадір-қасиетін қалыптастыру. Өйткені еліміз үшін жас ұрпақтың өнерлі, іскер, жігерлі, намысты өсуі айрықша маңызды болып табылады.

Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің негізгі бағдарлы идеялары еліміздің Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан - 2030» халыққа жолдауында: «...біздің ұрпақтың келер ұрпақтар алдында орасан зор жауапкершілік жүгін арқалайтыны...» туралы баса атап арқалайтыны...» туралы баса атап көрсетілген болатын [1].

Ұлттық тәрбиеге ықпал жасайтын әлеуметтік факторлар сан қырлы. Оған ұлт тарихы, ұлттық материалдық және рухани мәдениет, халық фольклоры, дәстүрлер мен салт-жоралғылар, ұлттық психологияның элементтері, саясат пен қоғам идеологиясы әсер етеді. Осы тұрғыдан ұлттық тәрбиені қалыптастыратын мәселелердің өрісі жайлы айтылып жүр. Мұның арасынан тек мектеп оқушылары ғана емес, жоғары білімді мұғалімдерді ұлттық тәрбие беруге дайындаудың теориясы мен практикасының қолға алынуы құптарлык нәрсе. Дегенмен, осы кешенді құбылыстардың арасынан ұлттық тәрбие үдерісінде ұлттық психология үлесінің қомақты екендігі дау тудырмаса керек. Мұның өзі - қазіргі егеменді тәуелсіз еліміздің әлеуметтік-саяси және экономикалық жағдайында ерекшеленіп отыр. Оған нарықтық қатынастар дәуірінің өмір салтының психологиялык, дәстүрлік өзіндік қасиеттері қосылады. Соған орай көптеген тарихи-дәстүрлік белгілер жаңа рухымызға, ұлттық тәрбиеге үйлесімді жүзеге асуы қажет [2].

Тарихи мәдениет, оның өрістері ұлттық рухтың көзі болғандықтан тәрбие үдерісіне әсері жүйелі әрбір әлеуметтік топтың жас ерекшеліктеріне қарай жүргізілгені дұрыс. Сондықтан бала бақшалардағы, мектептің әрбір сыныптарындағы ұлттық тәрбиенің барысы ерекшеленіп тұруы қажет. Мұндағы ескерілетін жағдай-еліміздің көп ұлттылығында. Әсіресе, мектептердегі қазақ және орыс сыныптарына арналған міндетті оқу құралдарының ұлттық тәрбиеге байланысы мен мазмұны негізі жатса пайдалы болар еді. Осы мәселенің ара жігін дәл анықтап тәрбиенің құралына айналдыра білу де әдіснамалық міндеттердің бірінен саналады. Басты бағдар-барлық ұлт балаларының елімізге деген ортақ сүйіспеншілік сезімін, мүдделерін қалыптастыру. Тек оқу үдерісі емес, мәдени-көпшілік шаралары да оқушыларға ұлттык тәрбие беруде түрлі тәсілдердің шебер әрі ұтымды пайдаланылуын іздестіруді талап етеді.

Бастауыш сынып тұлғасының ұлттық психологиялық ерекшелігі ұлттық психикалық құрылымға байланысты. Ұлттық психикалық құрылым үш компоненттен тұрады: ол ұлттық сезім, ұлттық салт-дәстүрлер және ұлттық мінез-құлық. Осы үш бірлестік ұлттық мәдени ерекшеліктің шартты белгілері болып табылады.

Ұлттық тәрбиені тар мағынасында, белгілі бір ұлттың халықтық педагогикасы арқылы оқушыны тәрбиелеуді көздейтін салыстырмалы түрде мақсатқа бағытталған үдеріс ретінде қарастырамыз. Кең мағынасында, ұлттық тәрбиені - халықтық педагогиканың іс-тәжірибедегі шынайы тәрбиелік мүмкіндіктерін пайдалану арқылы бастауыш сынып оқушыларының ұлттық тәрбиелілігін қалыптастырудың тұтас үдерісі.

Ұлттық тәрбиелілік - бұл адамды белгілі бір ұлттың өкілі, ұлттық дәстүрді, халықтық тәжірибені ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші ретінде сипаттайтын адами қасиет болып табылады, ол ұлттық тұлғаның таным-білімімен, сана-сезімімен және алынған білімді іс жүзінде жүзеге асыра алу дәрежесімен мінез-құлқымен өлшенеді. Демек, бұдан шығатын қорытынды: бастауыш сынып оқушыларының ұлттық тәрбиелілігі өз кезегінде кіріктірілген біртұтас тұлғалық құрылым болып табылатын когнитивті, эмоциялық және мінез-құлықтық компоненттерін қамтиды.

Тұтас педагогикалық үдерістің өзіне тән компоненттері бар. Олар оқыту мен тәрбиенің мақсаты, мазмұны формалары мен әдістері, сонымен қатар нәтижесі. Бұл компоненттер бір-бірімен тікелей байланысты түрде іске асырылады, демек, педагогикалық үдеріс сонда ғана татымды нәтиже береді [3].

Біз үлгі құру барысында тәрбие үдерісінің ерекшеліктеріне де сүйендік. Тәрбие үдерісі - күрделі динамикалық жүйе. Қазіргі теориялық педагогикада тәрбие үдерісі жүйесінің төмендегідей өлшемдер бойынша құрылған моделі белгілі: тәрбие үдерісінің мақсаты мен міндеттері, мазмұны, үдерістің жүру шарттары, тәрбиеші мен тәрбиеленушілердің өзара іс-әрекеті, қолданылатын әдістер, формалардың, үдерістің даму сатыларының, т.б. өзара байланысы.

Психологиялық-педагогикалық зерттеулерде негізінен белгілі бір тұлғалық сапаларды анықтауға қатысты диагностикалық мағлұматтар болады. Осы мағлұматтарды есепке ала отырып, ұлттық тәрбие жұмысын жоспарлау жолдары талданды. Бірақ педагогтар оқушы жеке тұлғасының дербес ерекшеліктерінің сан қырларын оқып-үйренуде әртүрлі қиыншылықтарды бастан кешіріп отыр, мұның өзі бастауыш сынып оқушыларымен ұлттық тәрбие беру жұмысын ғылыми тұрғыдан ұйымдастыруға кедергілер келтіруде.

Бастауыш сынып оқушысының тұлғасын оқып-үйрену жұмысы дербес құрылуы керек. Оның өзіндік ерекшелігі, тума қасиеттері, қабілеттері, қызығушылығы мен бейімділігі, білім дәрежесі, қарым-қатынасы, өзіндік танымы тек нақты өмір жағдайында ғана айқын көрінеді.

Оқу іс-әрекеті бастауыш сынып оқушысы ең алғаш нақты кіріскен қалыпты әлеуметтік іс-әрекет болып табылады. Әрине, өйткені оның ары қарай дамуы «бала мектеп оқуына қандай дайындықпен келгендігіне және екіншіден, оған әсер етіп отырған педагогикалық ықпалдардың жүйесіне» байланысты, оқуға, жаңа әлеуметтік рольді орындауға деген қарым-қатынастың өзі осы кездегі баланың жеке тұлғасы дамуының басты және аса маңызды көрсеткіші болып табылады.

Тұлға дамуының тағы бір көрсеткіші бастауыш сынып оқушысының ұлттық сана-сезімінің дамуы, оның моральдық нормаларға сәйкес ұлттық мінез-құлқын оқу іс-әрекетінде және одан тыс уақытта, айналасындағы адамдармен қарым-қатынас жүйесінде жүзеге асыру қабілеті болып табылады.

Бастауыш мектеп жасында жеке тұлғаның қалыптасуы тәрбиенің басты факторы болып табылатын құрбы-құрдастарының арасында өтеді. Сондықтан бастауыш сынып оқушысының жеке тұлғасының дамуының маңызды үшінші көрсеткіші балалармен қарым-қатынасының сипаты болып табылады [4].

Қорыта айтқанда, біздің ұлттық өнеріміздің, мәдениетіміз бен дәстүрлеріміздің алдыңғы қатарлы үлгілерін жас жеткіншектердің жан дүниесіне сіңіріп, сол арқылы әлемдік рухани өркениеттің өріне шығып, нәр алу - бүгінгі күн талаптарының маңыздысы.

 

Әдебиет:

1.      Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан - 2030» Президенттің Қазақстан халқына жолдауы -Алматы, 1997.

2.      Табылдиев Ә. Ұлттық тәрбие – ұлағатты іс. - Алматы, 1992.

3.      Бөлеев Қ., Ибраимова Л.Н. Қазақ этнопедагогикасындағы отбасылық тәрбие // Оқу құралы. – Алматы: Нұрлы әлем, 2008.

4.      Төлеубекова Р. Бала тәрбиесіндегі халықтық педагогика // Алматы, 1994.

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle