Библиографическое описание:

Айдаров О. Т., Байзулдаева Г. О. Қызылорда облысындағы мүмкіндігі бар туристік маршруттар // Молодой ученый. — 2015. — №7.1. — С. 14-15.

Қазіргі кезде туризмнің, туристік миграцияның 30–40 %-ы танымдық бағытта өтуде. Сонымен қатар емдік, спорттық, ағарту бағытында да жүріп жатыр. Бүгінгі таңда туристерді қызықтыратын Қазақстан Республикасының территориясында 9000-нан астам тарихи-табиғи ескерткіштер бар: Қарахан батыр, Айша-бибі, Қожа-Ахмет-Яссауи кесенесі т.б.

Оңтүстік облыстардың ішінде Қызылорда облысында да туристік мүмкіндіктер жоғары. Бүгінгі таңда облыста туризм инфраструктурасы 15 қонақ үй, 36 жеке кәсіпкер — орналастырушылар, 2 сауықтыру орындарымен, 8 балалар сауықтыру — демалыс лагерлерімен, 8 мұражай және 559 тарихи — архитектуралық ескерткіштер мен табиғат ресурстарымен қамтылған.

Сонымен қоса туристерді жіберуге болатын аймақтар анықталған. Олар: Қармақшы ауданы бойынша Байқоңыр ғарыш айлағы, Қорқыт Ата мемориалдық кешені; Жаңақорған аудыны — емдік батпақ пен сумен емдеу «Жаңақорған» санаториі мен Қаратаудағы Қатынқамал, Ақүйік, Бесарық өзендерінің шатқалдары; Шиелі ауданы — Телікөл көлдер жүйесіндегі Қанқожа көлі, Қарғалы қорғалымы; Қазалы қаласындағы ІХ-ХХ ғ.ғ. тарихи қала құрылыстары, Арал ауданы — Кіші Арал теңізі, Көкарал бөгеті, Ақлақ су тоспасы, Қамыстыбас (Қамбаш) көлі.

Ел басы Н. Ә. Назарбаев өзінің халыққа жолдауы мен Қазақстан-2020 бағдарламасында туризмді дамыту жайлы айтқан болатын.

Туризмді дамыта отырып ел экономикасына кіріс келтіретін салаға айналдыру қажет. Ол үшін республикамыздағы туристік мүмкіндіктерді кеңінен пайдалану және туристік инфроқұрылымды халықаралық стандартқа сай жасау.

Біздің Сыр өлкесінде табиғаттың көркем жерлеріне саяхат жасап, серуендеу үшін мүмкіндіктер жеткілікті.

Ұлы Жібек жолының Қазақстандық бөлігінің немесе Солтүстік Түрік бөлігі деп аталатын жол бөлігінің облыс аумағынан өтуі ерекше мән береді. Қазақстан Республикасының "Ұлы Жібек жолының тарихи орталықтарын қайта өркендету, түркі тілдес мемлекеттердің мәдени мұрасын сақтау мен сабақтастыра дамыту, туризм инфрақұрылымын жасау» атты мемлекеттік бағдарлама концепциясына сүйене отырып облыстағы тарихи-мәдени мұралардың туристік рекреациялық ресурстарын халықаралық және республикалық маңызы бар ресурстар деп екіге бөлуге болады [1].

Облысымыздың аумағында кездесетін тарихи және мәдени ескерткіштердің көптігі (қырықтан астам қорған-қалалар), жол қатынастарының тораптары, Батыс Европа — Батыс Қытай, әуе магистральдары, Байқоңыр ғарыш айлағы, Қамыстыбас көлі (жағажай, емдік) т.б. жағдай саяхатшылардың назарын өзіне қызықтырады. 2014 жылдан бастап Қызылорда әуе жолы халықаралық жолға қосылды.

Қызылода облысы Республикамыздың басқа аймақтарынан табиғаты, әлеуметтік-экономикалық және тарихи жағдайларымен ерекшеленеді. Бұл өңір физико-географиялық тұрғыдан Тұран ойпатының шегінде, Қаратаудың батыс баурайында, Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан.

Облыс аумағымен Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы өтіп жатты. Ол арқылы Қытайдың жібегі мен Үндістаннның бағалы тастары Еуропаға, Ұлы Сібір елдеріне жеткізіліп отырды.

Қоныстанған аумақтың қолайлығы, өлкенің Қазақстан мемлекеттік құрылымына, туризмді дамытуға үлкен ықпал етеді.

Ерте орта ғасырда Сыр өңірінде неше бір ұлы мемлекеттер үстемдік етті. Солардың ішінде экономикасы дамыған Оғыз, Дешті-Қыпшақ мемлекеттері болды. Облыс аумағында Оғыздар тұсындағы Жанкент, Баршынкент, Сауран, Өзгент, Аққорған, Қыпшақ мемлекетінің үлкен сауда-саттық және саяси орталығы болған — Сығанақ сияқты қалалардың орындары бар [2].

Туристтердің қызылушылығы мен мамандықтарына қарай облыс аумағында тарихи бағыттағы, мәдени-өнер бағытында, эко және этнотуризмді ұйымдастыруға мүмкіншілік мол.

Қызылорда облысы аумағында төрт мақсаттағы бағытта туристік маршруттар ұйымдастыруға болады. Оның бірінші бағыты: Қызылорда–Қорқыт– Байқоңыр–Қамбаш көлін жатқызамыз. Бұл маршрут бойынша туристер Сыр өңіріндегі ескі қалалармен, Қорқыт Ата кесенесімен, Байқоңыр ғарыш айлағымен танысып, маршрут соңында Қамбаш көлінің жағажайында болып, сол станциядан поезд арқылы елдеріне қайтады. Екінші бағыт: Қызылорда–Жеті әулие-Сығанақ-Сауран-Түркістан бағыты. Бұл бағытта туристер Облыстың оңтүстік бөлігіндегі ескі қалалармен, тарихи ескерткіштермен, қорғандармен танысады. Үшінші бағыт: Қызылорда облысының тарихи қалалары Ақмешіт-Асанас –Жент-Жанкент. Қармақшы ауданының аумағындағы Жеті асарлар мен Қызылдың ішіндегі ескі қала орындары да жатады. Маршруттың басты мақсаты туристерге Сыр бойының тарихи қалаларымен таныстыру. Төртінші бағыты: Қызылорда қаласының мәдени рекреациялық орындарымен танысу. Қызылорда қаласы 1925–1929 жылдар аралығында республика астанасы болған тұста, онда С. Сейфулин, Б. Майлин, І. Жансүгіров сияқты белгілі азаматтар алғашқы қызметтерін бастайды. Мұстафа Шоқай, Темірбек Жүргенов, Ғани Мұратбаев сияқты қазақтың біртуар ұлдары осы Сыр топырағында дүниеге келген. Тұңғыш қазақ театры ашылып, сахнаға М. Әуезовтың Еңлік — Кебек спектакльі қойылды.

Сонымен, Қызылорда өңірінің табиғатының әсем жерлерін, көркем аймақтарына саяхат жасап, серуендеп, демалу немесе тынығу үшін мүмкіндіктер толық жеткілікті десек болады.

Бірақ әлі толықтай өз облысымыздың табиғаты мен әлеуметтік-экономикалық және тарихи тұрғыдан болса мән бермегендігіміз болар, ең алдымен біздегі инфрақұрылыс артта қалған. Облыс аумағымен Ұлы Жібек жолының солтүстік тармағы (Батыс Европа — Батыс Қытай тас жолы) өтіп жатыр. Сол жолмен қазіргі таңда ең болмаса сервистік қызмет көрсету нысандарының санитарлық жағдайы сын көтермейді. Жол бойы жүріп, шаршағанын басатын демалыс орны, немесе қонақ үй, тамақтанатын орындардың тапшылығы. Ал негізінде, Батыс Европа — Батыс Қытай автобамының бойында, халықаралық стандартқа сай әр-бір 50 км сайын, қызмет көрсету орталықтары (СТО, супермаркет, минимаркет, дәмхана, медпункт, қонақүй, сауна т. б.) болуы тиіс, міндетті. Сонда, біздің облыс аумағы арқылы бұл жолдың ұзындығы 822 км болса, барлығы 16 қызмет көрсету орталықтары салынып, сол жердегі елді мекендердің жүзге тарта халқына жұмыс көзі табылады, облыс қаржысына қаншама ақша түсер еді.

Қорыта айтқанда, Қызылорда облысында туристік –экскурсиялық мақсатта пайдаланатын табиғи, тарихи және әлеуметтік-экономикалық рекреациялық ресурстар көп. Тек сол қолда бар байлығымызды, мүмкіндігімізді елдің пайдасына тигізе білу. Бұл туралы көптеген бағдарламаларда бар. Өкініштісі, оның дер кезінде жүзеге аспауында, ондағы көрсетілген іс-шаралар дұрыс қолға алынбай отыруында.

Облыс аумағында туристік саланы дамыту үшін төмендегілерді ұсынамыз:

1.                  Өз мамандарымызды іс-тәжірибеден шет елдерде курстардан өткізу.

2.                  ЖОО оқытушы-профессор құрамының мамандарын даярлайтын арнайы курстар ашу.

3.                  Туристік қызмет бағытындағы мамандар даярлау.

4.                  Облыстық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш орындарын қайта жөндеуден өткізу.

5.                  Облыс табиғатын, тарихын, мәдениетін, шаруашылығын т. б. дәріптейтін жарнамалар сайтын ашу.

6.                  Жарнамалық билбордтарды көбейту.

Егер жоғарыда айтылған ұсыныстар қолға алынса, Қызылорда облысының туризмнің дамуына үлкен үлес қосылған болар еді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.           О Государственной программе Республики Казахстан «Возрождение исторических центр» Щелкового пути, сохраняя и приемственность развития культурного населения тюркоязычных государств, создание ифраструктуры туризма» (собрание Актов Президента Республики Казахстан. 1998. N 6. Стр. 14–58

2.           Г. Б. Тоқтағанова, А.Шырманбаева, О. Т. Айдаров — Қызылорда облысында туризмді дамыту мүмкіндіктері. «ГЕОГРАФИЯ: ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция жинағы. 11–12 желтоқсан 2008 ж. Алматы. әль-Фараби ат. ҚазҰУ

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle