Библиографическое описание:

Оразымбетова М. О., Аяганова Г. А. Мектеп оқушыларының шығармашылық дарындылығын дамыту // Молодой ученый. — 2015. — №6.2. — С. 45-47.

Қазіргі жаһандану заманында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, индустрияның қарыштап өсуі, мәдени дамудың әлемдік деңгейіне көтерілуге бет бұру кезеңінде, қоғамның сұранысы өсіп тұрған шақта дарынды балалардың интеллектуалдық дамуын қанағаттандыруын қамтамасыз етудің маңыздылығы артуда.

Оқу тәрбие процесінде әр түрлі әдіс-тәсілдерді қолдана отырып, оқушылардың қабілетін арттыруға бағытталған жұмыс түрлерін ұйымдастыру кезек күттірмейтін міндеттердің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда жаңа талап, жаңа заманға сай оқушыларға тәлім-тәрбие мен білім берудің басым бағыттарында дарындылықты айқындау, ақыл-ой, интеллектуалдық шығармашылығын дамытуға баса назар аударылуда.

Адам қабілеттілігінің даралық ерекшеліктеріне дарындылық, шеберлік, талант, данышпандық, шабыт кіреді [1].

Өз қызығулары бағытында дарынды адамдар қайтпас қажырлылық таныта алады. Бұл қасиеттің адамдағы көрінісі 2-3 жасар баланың бір іспен үзбей шұғылдана алу уақыты, басқа қатарларымен салыстырғанда әлдеқайда ұзақ болады. Дарынды бала өзін қызықтырған іспен бірнеше сағат шұғылданып, қажет болса, оған бірнеше күндер бойы қайта оралып, көздегеніне жетпейінше, әрекетін тоқтатпайды.

Дарындылықтың дәрежесінің артуы қажетті білімдер мен ептілік, дағдыларды игеріп, жетілдіріп дамытуға тікелей тәуелді.

Дарындылықтың өзіндік ерекшелігі ең алдымен қызығушылық бағдарға байланысты.

Дарынды балалар - жалпы және арнайы дарындылығын (музыкаға, сурет, техникаға т.б.) байқатқан балалар. Дарындылыққарқыны бойынша басқадай жағдайлар бірдей болғанда баланың өз құрдастарының озықтық дәрежесі бойынша диагностикалау қабылданған (ақыл-ой дарындылығы тестері осыған негізделген).

Мұндай көрсеткішті асыра бағалауға болмайды, өйткені ақылдық шығармашылық жағының бірінші дәрежелі маңызы бар. Басқалардан бұрын балалардың көркемдік дарындылығын (музыка саласындағы, одан соң сурет салуда) байқауға болады. Ғылым саласында бәрінен гөрі математикаға дарындылық тезірек байқалады. Баланың жалпы ақыл-ой деңгейі мен неғұрлым арнайы қабілеттіліктің көркемдігі арасында алшақтық болатын жағдайлар аз емес. Ақыл-ой қабілеті тым ерте дамыған, ерекше айқын жетістіктерге жеткен балаларды вундеркиндтер деп атайды. Алайда, баланың тіпті ең үздік деген жетістіктерінің өзі болашақ таланттың жеткілікті кепілі бола алмайды. Туа біткен бейімділіктер индивидумдық психологиялық ерекшеліктердің қалыптасуының күрделі процесінің бір шарты ғана, оның бәрі қоршаған ортаға байланысты. Балада ерекше қабілеттіліктер болуының нышандары оның жасынан ажырағысыз: олар көбіне кемелдену қарқынына және жастық өзгерістерге байланысты.

Баланың дарындылығы деп - бірдей өмір шартында, өз құрбыларымен салыстырғанда оқуға қабілеттілік және шығармашылық құбылыстары жоғары болып табылуы түсіндіріледі.

Оқушының шығармашылық мүмкіндіктерін тиімді әдіс - тәсілдермен дамыту мұғалімнің шеберлігі мен біліктілігіне байланысты. Мұғалім оқу мазмұнын түсіндіруде оқушы санасына «ұғыну», «ой операцияларын» меңгертеді және оқушыны танымдық белсенділігі мен өздігінен білім алу жолдарына қалыптастырып, оларға бағыт беріп, жолдарын көрсетуі керек. Қарама-қарсы нәрсені салыстыра алушылық, түсініксіз жағдайды таба білушілікпен өз бетімен жұмыс істеуге оқушы үйренеді.

Дарынды балаларды теориялық деңгейде оқыту үшін арнайы бағдарлама мен білікті мұғалім қаншалықты қажет болса, соншалықты оқу- танымдық қызметін шебер ұйымдастыруға болатыны сөзсіз.

Білім беруде заман талабына сай жаңа педагогикалық технологияларды ендіре отырып, оқыту үрдісін демократияландыру және ізгілендіру, субъект- субъект қатынасын қалыптастыру, жалпы білім беретін орта мектеп оқушыларына білімнің эмпирикалық деңгейден теориялық деңгейдегі білім алу әдіс-тәсілдерін меңгеру процестері басты назарға алынуда. Осы орайда, әр оқушыға тән даралық - интеллектуалдық және шығармашылық қабілеттерін, бейімділіктерін ашу және дамыту сияқты мәселелер бірте-бірте шешілуі тиіс.

Жалпы, дарынды балалардың дамуына жақсы ықпал ету - оқыту процесін тиімді ұйымдастырып жүргізумен тығыз байланысты. Соның бір мәселесі ретінде оқушылардың теориялық ойлауын дамыту әдістері арнайы қарастырылып, ол әдістердің жан-жақты қырларын тану және ойлауын тереңдете дамыту мақсаты алға қойылып отыр. Мектепте оқитын балалар мен дарынды балалардың өзіндік ерекшеліктері бар болғандықтан, оларды бірге оқыту керек пе немесе мектептегі оқу бағдарламасы дарынды балалардың жан-жақты қабілетін дамытуға ықпал ете ала ма деген сұрақтар әлі күнге дейін көптеген зерттеуші-ғалымдардың назарында жүр. Дегенмен, білім беру саласындағы практиктер мен ғалымдар қабілеті жоғары, танымы мен ойлауы дамыған балаларды оқыту өзгеше болу қажеттілігін негіздеуде.

Дарынды балаларды оқыту бағдарламасы олардың мүмкіндіктері мен талаптарына және осы деңгейдегі оқушыларды оқыту мақсатына сәйкес келуі тиіс. Сондықтан, ең бірінші оқыту мазмұнының басты деген талаптарына тоқталайық:

- оқу пәндерінің сандық және сапалық ерекшеліктері;

- оқыту мазмұны әрбір оқу пәнінің мазмұны шығармашылық жұмыстарға бөлінуі;

- тақырыптық тараулар мол мазмұнды және зерттеушілік сипатта болып келеуі;

- әр тарау көлемі мәліметтер қорына байланысты түрлі мөлшерде берілуі.

Бұл тәсіл оқытудың негізгі бағыттарына, яғни білім, білік, дағдыны шығармашылық тұрғыда меңгерулеріне жақсы әсер етеді. Мұндай әдіс оқытудың жаңа бағыттарын шешуге, яғни балалардың қабілетін жүйелі ой санасының шығармашылық ойлауын ашып, одан әрі дамытуға мүмкіндіктер беретіндей болуымен маңызды.

Бағдарлама бөлімдері арасында және пәндер арасында өзара мазмұнды қарым-қатынас болмауы оқушының жүйелі ойлауы мен шығармашылық қабілеттерінің дамуына кері әсер етеді. Нәтижесінде баланың дүниеге деген тұтас, жалпы көзқарасын қалыптастыруда қиындықтар туады. Мұндай балалардың абстрактылы идеялар мен теорияға қызығушылығы мектеп бағдарламасынан тыс қалуы баланың сабақтан жалығуына ықпалын тигізеді.

Шығармашылық дарындылықты дамыту үшін оқыту мазмұнын ұйымдастырудың4 негізгі принципін айта аламыз:

1)   тақырыптық тараулар бойынша мазмұндық сипатының толықтығы;

2)   ғаламдық, кең таралған тақырыптар мен мәселелерді оқыту;

3)   дарынды балалардың білімге құштарлығын оятатын мазмұнды тақырыптарды оқытуға, шығармашылық қабілеттерін арттыруға, дүниенің дамуына байланысты тапсырмаларға деген пәнаралық көзқарасты қалыптастыру;

4)   мазмұндық өзара ішкі байланысты қалыпқа келтіру, білім саласына байланысты өзекті оқыту мәселелері мен тақырыптарының бірігуі.

Оқыту мақсатына сәйкес бағдарламаларды екі түрге бөлуге болады:

- бірінші тобына, жоғарғы ойлау үрдісін, яғни логикалық ойлау, мәселені шеше білу қабілетін дамытуға бағытталған барлық бағдарламалар жатады. Мұндай бағдарламалар баланың шығармашылық, интеллектуалдық мүмкіндіктерін одан әрі дамытуға әсерін тигізеді. Оларды кез келген мәселелерді шеше білу қабілеттілігімен «қаруландырады»;

- екінші тобына, өз мәселелері ретінде жеке-эмоционалды даму саласын қарастыратын бағдарламаларды жатқызуға болады. Жеке-эмоционалды даму жоспарының қиындықтары: өзін-өзі төмен бағалау, сескену, өз-өзіне сенімсіздік білдіру. Осы қасиеттер баланың қабілеттерінің дамуына кері әсер етеді. Сондықтан, өзін-өзі тану қабілетінің дамуына ерекше назар аударылу қажет. Мұндай бағдарламалардың тиімділігі көп жылдық шетел тәжірибелерінде дәлелденген. Соңғы онжылдықта осындай бағдарламалар біздің елімізге де келіп жетті.

Шығармашылық ойлап - табудың әр түрлі тәсілдерін үйрене отырып, дарынды балалар пәндерді оқу барысында өздерінің «шығармашылық қабілеттерін» қолданып, К.Урбан айтқандай, нақты ғылыми зерттеулер мен дивергенттік ойға тікелей әсер етудің шексіз мүмкіндіктерін көрсетеді [2].

Демек, жеделдете дамыту да, мектеп курсын тереңдету де, тренингтік бағдарламалар да барлық оқыту мәселелерін және дарынды балалар дамуын толық қамтамасыз ете алмайды. Бұл мәселелер тек қана оқыту мен дамыту бағдарламасында ғана шешіледі. Өйткені бұл бағдарламалар балалардың дамуына ықпалын тигізіп, оқытудың барлық тәсілдерін жүзеге асыру мүмкіндіктерін ашады.

Оқыту мен дамыту бағдарламалары баланың қабілеттерінің дамуы мен білімді меңгеру бағыттарын бірдей дамытатын бағдарламалар болуы қажет. Бұл тәсілдердің оқыту процесіне енгізу мысалы ретінде Д.Б.Эльконин - В.В.Давыдовтың дамыта оқыту теориялары негізінде жасалғанбағдарламаларды келтіруге болады [3,4].

Мектеп дарынды балаларды оқыту, дамыту ортасы болу үшін оқыту процесі осындай бағдарламалар талаптары негізінде құрылуы тиіс.

Оқу мазмұнын арттырудың бірінші тәсілі, әр тақырыпты терең, шығармашыл сипатта меңгерту болып саналады. Ал екіншісі - тиімділік принципі, пән бойынша идеялар мен түсініктерді ортақ сапа ретінде қолдану оқу материалын тиімді меңгертуге, оқу процесінің тиімділігін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Зерттеушілер пікірінше, дарынды балаларды осы жүйемен оқыту тиімді деп саналады. Дегенмен, дарынды балаларды оқыту жөнінде сөз қозғалған кезде бұл жүйенің мүмкіндіктері баланың дүниеге деген тұтас көзқарасын, жаңа мәселелерді қабылдауын дамытуға жеткіліксіз.

Сонымен, дарынды балаларды оқыту мен тәрбиелеуді өз деңгейінде жүзеге асыруды мақсат етсек, олардың білімге деген құштарлығын, мүмкіндіктері мен абстрактылы теориялар мен ойларға қызығушылығын дарынды балалардың ерекшеліктері тізіміне енген барлық жайларды ерекше назарға алуымыз қажет.

 

Әдебиет:

 

1.    Бабаев С. Жалпы психология. – Алматы: Дарын, 2005. – 352 б.

2.    Урбан К. Университетский вопрос. – Избр. пед. соч., 1953. – 357 с.

3.    Давыдов В.В. Принципы обучения в школе будущего. – М., 1974. – 295 с.

4.    Эльконин Д.Б. Возрастные и индивидуальные особенности младших подростков. – М., 1947. – 234 с.

 

 

 

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle