Библиографическое описание:

Муратбаева Г. А., Смайлов М. О. Өнім сапасының экономикалық категориясы және менеджмент объектісі ретіндегі теориялық проблемалары // Молодой ученый. — 2015. — №6.2. — С. 11-13.

Сапа проблемалары – халықтың өмір сүру деңгейін арттырудың, экономикалық, әлеуметтік және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңызды факторы болып табылады. Сапа – қызметтің барлық жақтарының (стратегия жасау, өндірісті ұйымдастыру, маркетинг және басқалар) тиімділігін сипаттайтын кешенді түсінік. Сапа жүйесінің аса маңызды құрамдас бөлігі өнімнің сапасы болып табылады. Әдебиеттерде және практикада сапа түсінігіне әртүрлі анықтамалар берілген [1].

Сапа бұл ең алдымен философиялық категория екенін атап өткеніміз жөн. Ең алғаш рет біздің эрамызға дейінгі ІІІ ғасырда Аристотель сапа түсінігіне талдау жасаған. Мысалы, сапаға Гегельдің (ХІХ ғ.) берген философиялық анықтамасы бар: «Сапа бұл ең алдымен болмыспен теңестірілген айғақтық, яғни бұл қандай да бір нәрсе өзінің сапасын жоғалтқанда, өзі де жоқ болады деген сөз.» Осыған ұқсас көптеген философиялық анықтамаларды атауға болады. Сапа категориясы – объектінің объективті болмысының маңызды жағы айғақтықты қарастырады. Объект сапасы – оның белгілі бір қасиеттерін ғана қарастырмайды, ол объектіні толық қамти отырып, бөлінбейтін біртұтас сипатта қарастырады. Сондықтан да сапа түсінігі зат болмысымен байланыстырылады.

Басқарудың жаңа әдістерін алғашқы рет іс жүзінде табысты қолданған жапондықтар болды. Олар ірі фирмаларды дезинтеграциялау саясатын белсенді жүргізе бастады. Басқару иерархиясын қарапайымдандыру оларға инновациялық процестерді тездетуге және тиімділікті арттыруға мүмкіндік туғызды. Ал жоғарғы аталғандардың барлығы өнім сапасының жақсаруына, өндіріс және эксплуатациялық шығындардың төмендеуіне, жапон фирмаларының дүние жүзілік нарықта позицияларының күшеюіне әкелді [2].

Адамзат тәжірибесінде қоршаған өмірдің болмыстық шынайлылығының құбылыстары мен объектілерінің сан түрлілігіне байланысты күнделікті сапа түсінігі толық емес, көп түрлі, нақты емес, бірақ соған қарамастан әрбір жағдайда нақты қарым – қатынас талаптарына жауап береді. Қазіргі әлемдік өндірістің басым бөлігі тауар өндірісімен айналысады. Сондықтан да, қандай да дайындалатын өнімнің тұтыну құны да, өзіндік құны да болады. Бұдан сапа фирма қызметінің барлық жақтарының тиімділігін бейнелейтін кешенді түсінік деген пікір туындайды. Өнімнің сапасы экономикалық категория ретінде кәсіпорын жұмысының экономикалық көрсеткіштері - өзіндік құнмен, бағамен, пайдамен, рентабельділікпен және тағы басқаларымен тығыз байланысты және белгілі бір шамада оларды қалыптастыруға ықпал етеді. Өнім сапасын арттырудың мәнін макродеңгейде және микро деңгейде, яғни кәсіпорын деңгейінде қарастыру қажет. Өткізу нарықтары үшін күресте сапа тауардың бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ететін құрал болып табылады. Ол өнімнің техникалық деңгейі мен тауардың тұтынушы үшін пайдалы функционалдық, әлеуметтік, эстетикалық, эргономикалық және экологиялық қасиеттері арқылы қалыптасады. Сонымен, бәсекеге қабілеттілік тұтынушының қажеттілігін қанағаттандыратын тауардың сапалық және құндық ерекшеліктерінің жиынтығын анықтайды. Егер осындай ұқсас тауарлар көп болса, тұтынушының шығарған шығындары бойынша ең пайдылысы бәсекеге қабілетті болады. Сапаны арттыру әрине қосымша шығындарға әкеледі, бірақ бұл тауарды өткізген уақытта түскен пайдамен өзін ақтайды [3]. Нарықта лидер болу үшін жаңа (жетілдірілген, жақсартылған) тауар жасап, игермесе болмайды. Сапаны арттырудың маңызы әр алуан деп айтуға болады. Бұл пробелманы макродеңгейде шешу жалпы экономика үшін маңызды, өйткені салалар мен салалар арсында жаңа және прогрессивті пропорциялар орнатуға мүмкіндік туғызады. Мысалы, ондай пропорция металлургия өндірісі мен машина жасау арасында болуы мүмкін. Бұл пропорцияларға машина жасау құрылысы саласының өнімін өндірудің технологиясын жетілдіру және оның үнемділігін арттыру жолымен қол жеткізуге болады. Машина жасау құрылысы саласының өнімінің сапасын арттыруға басқа салалардағы өндірістік процестерді автоматтандыру үшін маңызды. Өнімнің сапасы әрқилы меншік түріндегі кәсіпорынның ең маңызды көрсеткіштерінің бірі болып табылады. Нарықтық жағдайда жұмыс істеп тұрған кәсіпорын үшін тұрақты түрде сапалы өнім шығару аса маңызды болып табылады. Ең алдымен бұл кәсіпорын мәртебесін қалыптастырады. Кәсіпорынның мәртебесі жоғары болса, бұл атақтылық, даңқтылық, әйгілік, танымалдылық, тұтынушылардың фирмаға, оның тауарларына, фирмалық белгілеріне, жарнама құралдарына және т.б. жағымды қатынасы. Тұтынушы сатып алған құрал-жабдықтың сенімділігінің жоғары болуы өндіріс процесінің қалыпты жұмыс істеуіне әкеледі, ал бұл жабдықтардың ақаулық және жоспардан тыс істен шығуын, «тар» орындардың туындауын болдырмайды. Егер сапаға дұрыс мән берілмесе, ақауларды жөндеуге әжептәуір қаражат керек болады. Ақауларды болдырмау туралы ұзақ мерзімдік бағдарлама жасау арқылы үлкен жетістікке жетуге болады. Кешегі күнге дейін, сапа мәселесімен арнайы ұйымдар айналысуы керек деген пікір қалыптасқан еді. Нарықтық эканомикаға көшу жоғары сапаға жету үшін әлемнің жетекші компанияларының тәжірибесін пайдаланудың қажеттілігін көрсетті. Сапаны арттыруда тұтынушылар талаптары мен бағалауына және есептеулерге зор мән беріледі. Әлемнің бірқатар елдерінде жүргізілген зерттеулер, сапаға дұрыс мән бермеген кәсіпорындардың уақытының 60% астамы ақауларды жөндеуге кететіндігін анықтаған. Сапа жүйесі ұйымды басқару жүйесінің мақсатты бір тармағы болып табылады. ИСО халықаралық стандарттары бойынша, сапа жүйесі дегеніміз – жалпы сапаны басқаруды жүзеге асыру үшін қажет ұйымдық құрылымдардың, әдістердің процестер мен ресурстардың жиынтығы. ИСО халықаралық стандарттары бойынша, сапаны жалпы басқару дегеніміз – сапа саласындағы мақсаттар мен жауапкершілік деңгейін анықтайды және осы құралдардың көмегімен сапа жүйесі шегінде сапаны жоспарлау, сапаны басқару, сапаны қамтамасыз ету және сапаны арттыруды жүзеге асырады. Сапаны оперативті басқару ИСО халықаралық стандартында «сапаны басқару» терминімен анықталады. «Сапаны басқару» - бұл сапаға қойылатын талаптарды орындау үшін қолданылатын, оперативті сипаттағы қызмет әдістері мен түрлері. Сапаны ұзақ мерзімдік басқару және оны жалпы ұйымдастыру ИСО халықаралық стандарттарында «сапаны жалпылама басқару» терминімен анықталған. Бұл сапаны жақсартуға ұйымның барлық мүшелерінің атсалысуына бағытталған және тұтынушылардың талаптарын қанағаттандыру арқылы ұзақ мерзімді жетістікке жетуге және ұйым мүшелері мен қоғам үшін пайда алуға бағытталған басқару болып табылады [4].

Аталған процестердің әрқайсысы көптеген операцияларға, процестерге және орындаушылардың қызметіне бөлінеді. Сонымен бірге сапаны басқару процесіне қатысты процестер мен қызметтердің нақты бекітілген мақсаттары, бақылау (стандарттар) критерийлері, кері байланыс каналдары, талдау процедуралары және әсер ету әдістері нақты белгіленген. Сондықтан, сапаны басқару жүйесі мен нақты процесс басқарудың өзара байланысты күрделі жиынтығын құрайды. Қазіргі кезде сапаны басқару бойынша жұмыстар өнім өндірілгеннен кейін жүргізілген жағдайда ол тиімді деп саналмайды; бұл қызмет өнім өндірумен қатар жүргізіліп отыруы қажет. Сонымен қатар сапаны қамтамасыз ету бойынша жұмыстарда маңызды болып саналады, ол өнім өндіру процесінің алғы шарты болып табылады. Сапаны басқару төмендегі түсініктермен тығыз байланысты: жүйе, орта, мақсат, бағдарлама және т.б. Сапа менеджментінің басқа да концепциялары бар. Біз олардың сапаның басқару объектісі ретіндегі ең маңызды бөлігін ғана бердік. Аталған концепциялар TQM әдістемесінде әртүрлі сапа мәселелерін шешу үшін қолданылатын әдістердің негізі болып табылады. Қазіргі фирмаларды басқаруда TQM – нің зор маңызы бар.

Басқарушы жүйе жоғарғы буынды басқарудан басталады. Жоғарғы буынды басқарғанда фирма өткенімен салыстырғанда үлкен жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндігі бар деген стратегияны жетекшілікке алуы қажет. Фирманың ұйымдастырушылық құрылымда сапаны басқару бойынша жұмыстарды координациялаумен айналысатын арнайы бөлімдері бар. Сапаны басқарудың арнайы функцияларын бөлімдердің арасында бөліп беру фирма қызметінің көлемі мен сипатына тәуелді жүргізіледі.

Менеджмент объектісі ретінде сапа үшін менеджменттің барлық құрамдық бөлімдері тән: жоспарлау, талдау, бақылау [5].

Сапаны басқарудың қазіргі тәжірибесінде келесі бес кезеңді атап көрсетеді:

1. «Не өндіру туралы» шешім қабылдау және техникалық жағдайларды жасау;

2. Өндірістің дайындық деңгейін тексеру және ұйымдастырущылардың жауапкершіліктерін бөлу;

3. Өнімді жасау немесе қызмет көрсету процесі;

4. Ақауларды жою және анықталған ақауларды болашақта болдырмау мақсатында өндіріс және бақылау процесін кері байланыс арқылы ақпаратпен қамтамасыз ету;

5. Сапа бойынша ұзақ мерзімді жоспар жасау.

Аталған кезеңдерді жүзеге асыру фирманың барлық бөлімдері мен басқару орындарының өзара әрекетестігін қамтамасыз етпей мүмкін болмайды. Мұндай өзара әрекеттістікті сапаны басқарудың біртұтас жүйесі деп атайды. Бұл сапаны басқарудың жүйелік тұрғысын қамтамасыз етеді.

Бірінші кезеңде сапа фирманың тауарлары немесе қызметтері оның ішкі техникалық жағдайына сәйкес келетін деңгейді білдіреді. Бұл сапа аспектісі сапаның техникалық жағдайларға сәйкестенуі деп аталады.

Екінші кезеңде құрастырудың сапасы бағаланады. Сапаны фирманың бұйымды құрастыру бойынша техникалық талаптарға жауап береді, бірақ құрастырудың өзі жоғарғы немесе төменгі сапалы болуы мүмкін.

Үшінші кезеңде сапа фирманың өнімін тұтынушылардың нақты қажеттілігін қанағаттандыратын деңгейде болады.

Фирма тауарлары ішкі техникалық жағдайларға сәйкес келуі мүмкін (бірінші кезең); бұйымның құрастырылуының өзі тамаша болуы мүмкін (екінші кезең); қызмет немесе бұйым тұтынушының нақты қажеттілігін қанағаттандырмауы мүмкін (үшінші кезең). Сапаны басқару тәжірибесінде осы үш кезеңді қарастырудың маңызы бірдей және осылардың кез – келген біреуі бойынша дұрыс жұмыс жүргізілмесе жұмыс алға баспауы мүмкін.

Өнімнің сапасы экономикалық категория ретінде кәсіпорын жұмысының экономикалық көрсеткіштері - өзіндік құнмен, бағамен, пайдамен, рентабельділікпен т.б. тығыз байланысты және белгілі бір шамада оларды қалыптастыруға ықпал етеді. Өнім сапасын арттырудың мәнін макродеңгейде және микро деңгейде, яғни кәсіпорын деңгейінде қарастыру қажет. Макродеңгейде өнім сапасын арттыру төмендегі жағдайларға мүмкіндік береді:

-          тауарлар мен қызметтердің экспортын көбейтуге;

-          экспорт құрылымын жақсартуға;

-          ғылыми – техникалық жетістікті үдетуді жүзеге асыруға;

-          қоғамдық өндірістің тиімділігін арттыруға (өйткені өнім сапасын жақсартудың нәтижесінде еңбек құралдары мен заттарын, жұмыс күшін және қаржы ресурстарын пайдалану жақсы жолға қойылады);

-          халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға (өйткені, өнім сапасын жақсартудың нәтижесінде нақы еңбекақы көбейеді);

-          жоғарыда аталған жағдайлардың әсерінен мемлекеттің мәртебесі артады;

-          халықты жақсы рухта тәрбиелеуге және т.б. жағдай жасайды [6].

Қорытындылай келе айтарымыз, өнім сапасының жоғары болуы мемлекет үшін ғылыми-техникалық жетістіктің дамығандығын, қоғамдық өндіріс пен экспорттық тиімділіктің артқандығын, бір сөзбен айтқанда қуаттылық пен гүлденуді білдіреді. Сондықтан да мемлекет шығарылатын өнім сапасын арттыру және сол деңгейде ұстап тұру саясатын жүргізу қажет, ал ол үшін оның барлық мемлекеттік тетіктері, ең алдымен құқықтық негіздері іске қосылуы қажет.

 

Әдебиет:

1.      Ильенкова С.Д. Управление качеством: Учебник. - Москва: Банки и биржи, ЮНИТИ, 1998. – 69 с.

2.      Виханский О.С. Наумов А.И. Менеджмент: Учебник. – Москва: Фирма Гардарика, 1996. – 416 с.

3.      Сигарев М.И., Курьяков И.А., Кантуреев М.Т. Совершенствование экономичекого механизма хозяйствования современных сельхозформирований. Проблема агрорынка. – Алматы, 2000. – Т.1. – С.35-40.

4.      Казанцев А.К., Кабаков В.С., Николенко А.А. и др. Общий менеджмент: Дайджест учебного курса. - Москва: ИНФРА-М, 1999. – 252 с.

5.      Кравченко А.И. Социология менеджмента: Учебное пособие. - Москва: ЮНИТИ, 1999. – 366 с.

6.      Пикулькин А.В. Система государственного управления: Учебник. – Москва: Закон и право, Юнити, 1997. – 352 с.

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle