Бөкей ордасында жергілікті бюрократиялық элитаның қалыптасуы (ХІХ ғасырдың екінші жартысы) | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 4 мая, печатный экземпляр отправим 8 мая.

Опубликовать статью в журнале

Автор:

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №1 (81) январь-1 2015 г.

Дата публикации: 06.01.2015

Статья просмотрена: 182 раза

Библиографическое описание:

Токболат, Сейилхан Токболатулы. Бөкей ордасында жергілікті бюрократиялық элитаның қалыптасуы (ХІХ ғасырдың екінші жартысы) / Сейилхан Токболатулы Токболат. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2015. — № 1.1 (81.1). — С. 83-85. — URL: https://moluch.ru/archive/81/14863/ (дата обращения: 26.04.2024).

1845 жылы Жәңгір хан дүние салғаннан кейін жергілікті сұлтандар тобы Бөкей ордасында хандық билікті сақтап қалып, оны мұрагерлік жолмен әрі қарай жалғастыруды ойластырған болатын. Тіпті хандық таққа дайын мұрагер де бар еді. Бірақ патша әкімшілігі Жәңгірдің баласы Сақыпкерейді Петербордағы оқуын аяқтасын немесе Орынборда әкімшілік басқарудың қыр-сырларын меңгерсін деген желеулермен Бөкей ордасына жақындатпауға тырысты.

ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде патша өкіметі бүкіл қазақ жеріндегі хандық билікті жойып қана қоймай, әкімшілік территориялық реформалар жүргізіп үлгірген еді. Осыған байланысты Бөкей ордасында хандық билік формасын сақтап қалу Ресей империясының жоспарына сай болмады. Осылайша 1846 жылы хандық биліктің орнына Орынбор шекара комиссиясына тікелей бағынышты Уақытша кеңес құрылады. Жаңа әкімшілік басқару мекемесі бұрынғы ханның құзырындағы істерді атқарып, тікелей Орынбор әкімшілігіне есеп беріп, сол аймақтың генерал-губернаторының бақылауына көшті. Бірақ Бөкей ордасында билік реформасын қолға алысымен көптеген басқарудағы қиыншылықтарға соқтықты. Оларға басқару жүйесінің сәйкестік таппауы, билеуші ақсүйек топтарынан ішінен империялық мүддеде қызмет атқаратын кадрлардың жетіспеуі, салық жүйесіндегі ерекшеліктер және жергілікті халықтың тұрмыстық өзгешелігі болатын. Дегенмен ХІХ ғасырдың бірінші ширегінде Кіші және Орта жүз аймағында хандық билікті жойып, реформалар жүргізуде тәжірибе жинақтаған патша өкіметі Бөкей ордасында шұғыл іс-әрекеттерге барды. Осындай алға қойған міндеттерінің бірі жергілікті бюрократиялық элитаны қалыптастыру еді. Бұл үдеріс Жәңгірдің кезінде де жүзеге асырылып отырса да, хандық билік жойылғаннан кейін кең сипат алды.

Хандық билік кезеңінде әкімшілік қызметтерге сұлтандар, Жәңгірге жақын ақсүйектер тобының өкілдері тағайындалып отырды. Осы кездің өзінде патша өкіметі жергілікті сұлтандарды өз жағына тартып, мәртебелі марапаттар мен сыйлықтар ұсынып, әлгілердің жұрт алдында ықпалын күшейтті. Мысалға, Сұлтан Меңдікерей Бөкейханов 1827 жылы 9 желтоқсанда Орынбор Шекара комиссиясынан марапат қағазымен, 1832 жылы Анна лентасындағы алтын медалмен марапатталды. Сұлтан Тоғым Шығаев 1829 жылдың 9 желтоқсанында құрмет қағазымен, 1841 жылдың 31 мамырында Хорунжий шенімен марапатталды. Би Шомбал Ниязов 1826 жылы Анна лентасындағы алтын медалмен, 1829 жылы Орынбор Шекара комиссиясының құрмет қағазымен, 1841 жылы Хорунжий шенімен марапатталды. Сұлтан Құшақғали Шығаев 1834 жылы Хорунжий шенімен, 1837 жылы Орынбор шекара комиссиясының құрмет қағазымен, 1841 жылы сотник шенімен марапатталды [1, 63-п.]. Дегенмен де Жәңгірдің билігі тұсында патша әкімшілігінің берген мәртебелі марапаттаулары қазақ ақсүйектер тобы үшін аса маңызды рөл атқарған жоқ. Ресей билеушілерінің марапаттаулары сұлтандар үшін аса маңызды болмауының себебі Жәңгір жергілікті рубасқарушылар мен старшындарды тағайындауда автономиялықты сақтап тұрған еді.

1845 жылдан бастап жергілікті жоғарғы билік патша әкімшілігінің қолына көшкеннен кейін Бөкей ордасындағы саяси жағдай мүлдем өзгерді. Уақытша кеңестің басқару Ережесі бойынша лауазымды орындарды тек Ресей әкімшілігіне жақсы жақтарымен танылған, ешқандай қылмысымен көзге түспеген жергілікті қазақтар иелене алатындай болды. Патша өкіметінің Бөкей ордасында жүргізген марапаттау саясаты да күшее түсті. Өйткені мұндай шаралар жергілікті халықты патшалыққа адал қызмет көрсетуге ынталандырды.

Мұрағат құжаттарынан осыған байланысты көптеген деректерді кездестіруге болады. Мысалыға, 1854 жылы Ноғай руы басқарушысы сұлтан Дәулеткерей Шығаевтың жанындағы хатшы Мұхамедғали Сұбханқұловтың бірнеше жылдан бері өз жұмысын адал атқарып, өз қызметімен патша өкіметіне жақсы жағынан танылғаны үшін шенін көтеру арқылы басқа да хатшыларға үлгі ретінде көрсету көзделді [2, 1-п.].

Бөкей ордасында бюрократиялық жаңа буынның өмірге келуіне әсер еткен 1841 жылы Хан ордасында негізі қаланған орыс-қазақ мектебі еді. Ресей империясы қазақ жастары арасынан патшалыққа адалдықпен қызмет ететін шенеуніктер дайындап, жалпыимпериялық басқару жүйесін тереңдете енгізу мақсаты негізгі мәселелердің бірі еді. Сондай-ақ Орынбордағы Неплюев әскери корпусы империяның Азияға бағытталған отарлау саясатына қызмет жасайтын кадрлар дайындауда маңызы зор болды. Осы оқу орнын бітіріп шыққан бөкейлік қазақ жастары мемлекеттік басқару орындарында жұмыс жасауына кепілдік алды. Оған дәлел ретінде 1860 жылы 10 қазанда Уақытша кеңес Қалмақ қисымын (округ) басқарушы Дәулеткерей Шығаевқа берген мәлімдемесінде Орынбор генерал-губернаторының ұйғарымы бойынша Неплюев кадет корпусын бітірген қазақтар ғана қисым басшыларының көмекшілері қызметін иелене алатынын анық жеткізеді [3, 1-п.].

Уақытша кеңес басшысының кеңесшісі қызметіндегі полковник М.И. Иваниннің Ішкі орданы әкімшілік-территориялық бөлшектеуге қатысты 1853 жылы дайындаған жобасында: «Орданы 5 немесе 6 округке бөлсек, Неплюев корпусының қазіргі немесе келесі бітірушілері арасынан және орыс-қазақ мектебінің түлектерінен рубасқарушыларға көмекші қызметіне бекіту арқылы жаңа кадрлар дайындауға болады» – деп өз ойын жеткізеді [4, 1-2-пп.].

Ресей әкімшілік басқару жүйесінің қазақ даласында терең енетінін сезінген ханның тұсында қызмет жасаған жергілікті ақсүйек тобы мен старшындар өздерінің балаларын Ресейдің жоғары оқу орындарында оқытуға құлшыныс білдіргені түсінікті жағдай еді. Оған мысал ретінде Ноғай руының рубасқарушысы, Жәңгір ханның жақын серігі би Шомбал Ниязов баласы Жүсіп Ниязовты Неплюев әскери корпусында оқытып, кейін Орынбор Шекара комиссиясының басшылығынан баласын сол мекемеге қызметке алуын өтінеді [5, 1-п.]. Жүсіп Ниязов Неплюев кадет корпусын үздік бітіріп, сотник шенін алады. 1851 жылдың 9-қазанында Орынбор Шекара комиссиясында Ішкі ордаға қатысты істерді атқарды [6, 1-2-пп.]. Уақыт өте келе патша өкіметі халықты басқару үшін тек сұлтандарға ғана сүйенбей, қара бұқараның ішінен шыққан беделді саяси топ өкілдеріне сүйене бастады. Оған 1860 жылғы бүкіл Ішкі ордаға жүргізілген әкімшілік-аумақтық реформадан кейінгі жағдайдан аңғаруға болады. Осы жылы беске бөлінген қисымдарды басқаруға жақсы жағынан танылған қазақтарды тағайындады [7, 7-8-пп.].

Империялық бюрократиялық басқару жүйесін қамтамасыз етуде патша билігі алғашқы кезде ел ішіндегі сұлтан, ақсүйектерді аса шеберлікпен пайдаланды. Оларға әуелде әлеуметтік жеңілдіктер жасап, алым-салықтардан босатты. Бөкей ордасында да Қазақстанның басқа аумақтарындағыдай патша әкімшілігі жергілікті элиталарды өздеріне тірек тұтты, соларға сүйеніп жұмыс жүргізді. Осылайша ХІХ ғасырдың екінші жартысында Бөкей ордасында Ресей мемлекетіне қызмет ететін жергілікті қазақтардан құралған бюрократиялық элита қалыптасты.

 

Әдебиет:

 

1.    ҚР ОММ. 78-қор, 4-тізбе, 178-іс.

2.    ҚР ОММ 78-қ., 2-т., 1087-і.

3.    ҚР ОММ 78-қ., 3-т., 705-і.

4.    ҚР ОММ 4-қ., 1-т., 5607-і.

5.    ҚР ОММ 4-қ., 1-т., 5541-і.

6.    ҚР ОММ 78-қ., 4-т., 208-і.

7.    ҚР ОММ 4-қ., 1-т., 6036-і.



Задать вопрос