Қ.Жұмаділов шығармаларындағы киім-кешек атауларына қатысты көнерген сөздер | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 27 апреля, печатный экземпляр отправим 1 мая.

Опубликовать статью в журнале

Авторы: ,

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №20 (79) декабрь-1 2014 г.

Дата публикации: 03.12.2014

Статья просмотрена: 2975 раз

Библиографическое описание:

Нурсултанкызы, Жазира. Қ.Жұмаділов шығармаларындағы киім-кешек атауларына қатысты көнерген сөздер / Жазира Нурсултанкызы, Турар Дуйсенова. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2014. — № 20.1 (79.1). — С. 66-67. — URL: https://moluch.ru/archive/79/14090/ (дата обращения: 19.04.2024).

Әр этностың ұлттық киімі өзінің шаруашылығын, тұрмыстық өмірін, ұлттық дәстүрін, мәдени ерекшелігін, ұлттық мінезін, ұлттық дүниетанымын танытады. Киім-кешек адамдарға әлеуметтік және этикалық қызмет атқарады. Адамның үстіндегі киіміне қарап әлеуметтік жағдайын, жыныстық ерекшелігін, жас мөлшерін, этникалық ортасын аңғаруға болады. Осыған байланысты қазақ халқының ұлттық киімдері жас және жыныс ерекшеліктеріне сәйкес мынадай түрлерге бөлінеді: сәби киімі (иткөйлек, сылау тақия), бала киімі (кепеш, малақай, құлақшын, жейде, дамбал, шалбар, етік, бешпент, шапан), бозбала киімі (тақия, етік, жейде, шалбар), бойжеткен киімі (желбіршекті көйлек, тақия, кәзекей), қалыңдық киімі (сәукеле, желек), келіншек, бәйбіше киімі (көйлек, кимешек, жаулық, камзол, кебіс, мәсі, көкірекше), күйеу, жас жігіт, ақсақал киімдері (шапан, ішік, бешпент, сырма шалбар, ақ жейде, дамбал, саптама етік, кебіс, мәсі) т.б. Сол сияқты той, жиын, аза кезінде киетін киім түрлері де болған. Киім сонымен бірге этникалық (рулық, жүздік, аймақтық т.б.) және жалпы ұлттық ерекшеліктерді бейнелейді.

Қ.Жұмаділовтың «Тағдыр», «Соңғы көш», «Дарабоз» романындарында кездесетін көптеген киім-кешек атаулары лингвистикалық, лексика-семантикалық және этнолингвистикалық  талдау жасауға негіз береді және этнос мәдениетін танудың бір жолын көрсетеді. Қазақ лексикасындағы киім-кешек атаулары – қазақ халқының әсем тұрмысын табиғи сұлулықта жарастыра білген мәдени өмірін, әр кезеңнің тарихын, эстетикалық талғамын танытады. Бұның барлығы сан ұрпақтың санасына тек этнографизмдер арқылы жетіп отыр. Жазушы шығармаларында кездесетін кейбір киім-кешек атауларына қатысты көнерген сөздерге талдау жасасақ.

Сәукеле – ұзатылған қыз киетін аса қымбат бағалы, кәделі әрі әсем баскиім. Сәукеленің өн бойы қымбат маталармен қапталып, оның сыртына алтын, күміс, інжу, маржан, меруерт, ақық сияқты асыл тастардан жасалған моншақтар түрлі-түсті қымбат жіптермен тігіледі.

Cәукеленің тігілуі туралы ғалым Ө.Жәнібек былай дейді: «Сәукелеге ұқсас баскиімдерді археологтар ерте ортағасырлық мүрделерден де кездестірген. Үйлену салтына арнап, қалыңдықты жасандырғанда, әдетте оның басына маңдайлық, желкелік жанамалар қыстырылатын қаңқа ретінде биіктігі 20-30 см-дей келетін бағалы аң терісімен көмкерілген «сүйрік бөрік» кигізетін де, үстіне сәукеленің өзін қондыратын болған. Ол беташар айтылғанда қалыңдықтың жүзін, бүкіл денесін жауып төгіліп тұратындықтан, қыздың дене пішімін өте нәзік, сымбатты етіп көрсететін» [1, 16]. Cәукеле сөзінің шығу төркіні туралы Е.Жанпейісов былай дейді: «Қырғыз тілінде «шөкүлө» - богото украшенное конусобразное свадебная шапка невесты. Сәу «sau, сағ» выражает значение целой, всецело, цельный, чистый, а компонент келе «күлө, kula» название головного убора связан с его основным признаком конусообразностью, относительной удлиненностью» [2, 7].

Бұрын ауылда киетін қос етек көйлек, оқалы камзол, асыл тасты биік сәукелесін тастап, қала сәніне, оның ішінде татар қыз-келіншектерінің киім үлгісіне қарай бейімделе бастаған («Соңғы көш»).

Үстіне қос етекті торғын көйлек, кестелі қызыл қатипа қамзол, басына асыл тастары шам нұрына шағылған, ақ жібек кіреукелі, биік суәкеле киген Айжан мен мұндалап, көзге оқшау шалынады («Тағдыр»).

Қазақ халқы әйелдерінің бас киімінің бірі – кимешек. Жас келіншектерден бастап егде әйелдерге дейін киетін дәстүрлі ұлттық баскиім. Ақ матадан, жібек матадан тігіп, әртүрлі әшекеймен безендіріледі. Қазақтың салт-дәтүріне сәйкес жас келіншек балалы болғаннан кейін кимешек киюге тиіс. Төменгі бөлігі – кимешек, жоғарғы бөлігіне жаулық оралады. Кимешек кеудені, иықты, жонды жауып тұрады, бет-әлпеті көрінетін жері ойық келеді. Кимешек – «ақ матадан тігіліп, омырауы мен арқасын жауып тұратын, беті ойылып жасалған әйелдің ұлттық баскиімі» [ҚТТС,34]. Қазақ әйелдері тұңғыш баласын туған соң оның басынан желегі алынып, кимешек кигізіледі. Ә.Марғұланның көрсетуінше, кимешекті 25-40 жастағы әйелдер киген. Ал В.В.Радлов: «kiмäшäк» [kir.] – головной убор старых женщин» деген түсінік береді. Кәрі әйелдер мен кемпірлер бастарына кимешек үстінен байланатын үлкен ақ шаршы орамал – шылауыш тартады немесе кимешектің үстінен сәлде сияқты, бірақ жалпақ етіп орайтын ақ мата – күндік киеді.

Аппақ шатырдай кимешек-шаршысына өмірі қылау түспейтін, қызыл күрең қатипа камзолының екі өңірінде қапсырмалы күміс түймелер үймелеген, екі қолының салалы саусақтары алтын жүзіктерге толы Ажардың қазіргі сәні де жұрттан өзгеше («Соңғы көш»).

Қазір ол да жұқарып, ақ кимешек астынан қамшының шолақ өріміндей сұлбасы ғана шалынады («Дарабоз»).

Жаулық ‒ әйелдердің басына салатын, тартатын орамал. Академик Ә.Марғұлан «жаулықты қазақ әйелі өмірінің үшінші кезеңінде, мосқал тарта бастағанда киеді. Әбден қартайған, кемпір болған кезде басына күндік салады, бұл форма әйелдің баскиімінің ең соңғы түрі болып саналады» дейді [3, 49]. Жаулық сөзінің этимологиясы туралы екі пікір бар. Өзбек тілінің маманы М.Асамутдинова осы атаудың төркінін «jan» (покрывать, укрывать) түбірінен таратады [4, 69]. Ал В.В.Радлов сөздігінде «иағлық» сөзі осы атаудың мағынасын беріп, йақ (масло, жир) және -лық сөз тудырушы аффикс деп көрсетеді [5, 52-53]. Жаулық түркі тілдерінің біразында орамал мағынасында, кейде баскиімнің түрі қызметінде қолданылған. Мысалы, aзербайжан тіліндегі жаулық - жібектен тоқылған баскиім, ұйғырларда - қолорамал, ал қазақ тілінде егде әйелдің баскиімін танытады.

Ауылдың әр тұсынан ақ жаулықты әйелдер түндік ашып, шаруаға шөгел кей жерошақ бастарынан жұлындай болып түтін көтерілді («Дарабоз»).

Бешпент – жеңілдеу тігілген астарлы шапан. Бұл сөздің төркінін Ә.Нұрмағамбетов парсы тіліндегі «пәшм» – жүн, жабағы, ал «пәшминә» – жүннен жасалған мата сөзімен байланыстырады  [6, 51].

Шекпен – түйенің немесе қойдың жүнінен тоқылған жаздық сырт киім. Түйе жүнінен тоқылған шекпен дәулетті адамдардың ғана қолына түсетін болған. Ал шамасы келмеген кедейлер шекпенді қой жүнінен тоқып киген. Шекпеннің де бірнеше түрі болған. Мысалы, бозшекпен (боз түйе жүнінен тоқылып тігілген шекпен), биязы шекпен (түйе жүнінен түйін қосып тоқылған шекпен), шидем шекпен (түйе жүнінен тоқылып астарланған, сырып тігілген шекпен), име шекпен (биязы жүннен сәндеп тоқылған жеңіл шекпен), қаптама шекпен (сырты тысталған қалың киім), мая жүн шекпен (түйе жүнінен тоқылған, жауын-шашында киетін ұзын сырт киім).

Ұзын түйежүн шекпенін желбегей жамылған батырдың нар тұлғасы қазір төбе басында тіпті зорайып көрінеді («Дарабоз»).

Күпі - матамен тысталған тері тон не жабағы киімді қазақтар осылай атаған. Іздене қарағанда «күпі» сөзінің алғашқы мағынасы басқаша болғандығын анықтайтын тіл деректеріне кез боламыз. Хакас тілінде «күп», якут тілінде «көп» тұлғалас сөздер «жұмсақ», «үлпілдеген»  немесе «түкті, жүндес» мағыналарында қолданылады. Осыларды еске алсақ, алғаш түкті, жүндес мағынасында қолданылған «күп» не «көп» сөзі, кейін сондай заттардан жасалған киімге атау есебінде ауысқан. Айырмашылық – тек -і жұрнағының қосылып, қазақ тілінде «күпі» тұлғасына дейін жетуі ғана [6, 51].

Көкжал Барақтың қаперіне ештеңе келер емес, күпісін жамылып қорылдаған қалпы дүниені басына көшіріп жатыр («Дарабоз»).

Қазақ халқының ұлттық киімінің бірі - ішік. Ауқатты адамдар қыз ұзатқанда жасауына түлкі ішік беріп, құдаласу кезінде түлкі тон, түлкі ішіктерді бас құдаларға киітке де бергені жайлы деректер кездеседі. Ата-бабасынан бері қарай бүркіт салған ауыл түлкі ішік, тондарды төрге іліп қояды. Бұл «Сонша жыл бүркіт салғанда бір пұшпақ та жоқ екен» деген сөзден сақтанудан шыққан.

Демежанның үстінде қасқыр ішік, түлкі тымақ, мол саптама етігі бар («Тағдыр»).

Қорыта келгенде, Қ.Жұмаділов романдарында жоғарыда аталған көнерген сөздер белгілі бір авторлық мақсатты көздейді. Автор қазақы тұрмысты, ұлттық дүниетанымды, болмысты білдіретін қолданыстан шығып бара жатқан қазақтың байырғы сөздерін жаңғыртып шығарма сюжетіне енгізіп отырған.

Жазушы көркем прозасындағы көнерген сөздер біріншіден, жазушы суреттеп отырған дәуірдің тұрмыс-тіршілігін дәл, нақты көрсеткен, екіншіден, жазушы шығармалары тілінің лексика-семантикалық қабаттарын байытқан. Жазушы шығармаларында көнерген сөздер қазақ тілінің байырғы сөздерін жаңғырту, қолданысқа енгізу, сөздік қорды байыту мақсатында алынған.  

 

 

Әдебиет:

 

1.    Жәнібек Ө. Қазақ киімі. – Алматы: Өнер, 1996. – 192 б.

2.    Жанпейісов Е. Этнокультурная лексика казахского языка. – Алматы, 1991. -288 с.

3.    Марғұлан Ә. Ежелгі  мәдениет куәлары. – Алматы: Қазақстан, 1966. – 212 б.

4.    Асамутдинова М. Название одежды и ее частей в узбекском языке. АКД. – Ташкент, 1969. - 22 с.

5.    Радлов В. Опыт словаря... – Санкт-Петербург, 1910. - т. 3. - 1176 с.

6.    Нұрмағамбетов Ә. – Алматы: Санат, 1994. – 304 б.



Задать вопрос