Библиографическое описание:

Насимов М. О. Әлеуметтік желілер: SWOT-талдау // Молодой ученый. — 2014. — №20.1. — С. 20-21.

Бүгінде қоғам мүшелерінің көпшілігі өз өмірлерін әлеуметтік желілерсіз елестете алмайтын жағдайға жетті. Әлеуметтік желілер толықтай бүкіл әлемді қамтып, танымалдылығы жоғарылап жатыр және оның нақты жас ерекшелік немесе кәсіби шектеулері жоқ. Сонымен бірге, әлеуметтік желілер қазіргі заман азаматтарының тұлғалық әлеуметтенуіне ерекше ықпал жасайды. Әлеуметтендіру үдерісі барысында білім берудің технологиялары, әдіс-тәсілдері қолданылатындығын ескерсек, өзекті мәселелер берілген тақырыппен ұштасады.

Жалпы әлеуметтік желілерде жазылған заңдылықтар жоқ. Десек те, әлеуметтік желілер отбасы, мектеп, дос-жарандар секілді әлеуметтендірудің классикалық институттарын қарқынды түрде ығыстыру қаупін туындатып отыр. Виртуалды қауым қалыптастыру шын мәнісінде әлеуметтендірудің дәстүрлі уәкілдерін ауыстыруға ықпалы мол. Бірақ, пайдаланушылардың виртуалды әлемде игеретін жағымсыз қасиеттері шын өмірге келгенде әлеуметтендірудің нақты процесін күрделендіріп, қалыптасқан қоғамдық ережелерді күйретуі мүмкіндігін ұмытпауымыз қажет. Өйткені, әлеуметтік желілерде ішкі тәртіптерге негізделген нормалар мен ережелер қоғамдық стандарттармен сәйкес келе бермейді және оны бұзғаны үшін шын жауапкершілікке тартылатындығын кеш түсініп жатамыз.

«Internet World Stats» агенттігінің кезекті зерттеу нәтижесіне мән берсек. Ондағы мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 5,6 миллион адам әлеуметтік желілерді күнделікті пайдаланады. Ең танымал әлеуметтік желілердің қатарында күніне 1 млн 125 мың рет қаралатын «Мой мир», 558 мың рет қаралатын «Одноклассники», 525 мың рет қаралатын «В контакте», 410 мың рет қаралатын «Facebook»-ті жатқызуға болады.

Күніне 350 мың қазақстандық ұялы телефонмен «mail.ru agent»-ке кіреді. Өйткені, бұл ақпарат алмасудың тиімді әрі арзан жолы. Агенттік ұсынған тағы бір қызықты дерек, әлеуметтік желілердегі әрбір екінші адам өзі жайында өтірік мәлімет жазады. Тарқатып айтсақ, олардың 29 пайызы есімі мен жасын, 23 пайызы отбасылық жағдайын, 22 пайызы түр-әлпеті және қызығушылықтары туралы, 17 пайызы білімі мен жұмысына қатысты өтірік айтатын болып шыққан [1]. Әрине, бұл нәтижелер көпшілікті ойландыруы қажет деген пікірдеміз.

Бүгінгі таңда еліміздегі қызмет атқаратын кез келген мекемелер ғаламторға өз сайттарын орналастырумен қатар, кері байланысты қалыптастыруда әлеуметтік желілер көмегіне сүйенеді. Әрине, әлеуметтік желілер арқылы өз қызметтерін насихаттау немесе сілтемелер беру арқылы жағымды жақтарын көрсетуде оның беретін көмегі орасан зор. Сонымен бірге, кез келген азаматтың электронды жәшігі болғандықтан оның ішкі сезімі өзгелер секілді виртуалды әлемге енуді қалайды. Әлеуметтік желілердің электронды шақыру хаттары да қызығушылық туындатады.

Бұл ғылымның түрлі салаларындағы желілік, әсіресе, әлеуметтік желі ықпалына назар аудартып жатқандығын көрсетеді. Себебі, аталмыш ұғым кейбір қауымдастық мүшелері арасындағы кешенді өзара қатынастарды реттеуде қолданылады. Бүгінгі ғылымда әлеуметтік желілер әдістемесінің адам мінез-құлқына ықпалын зерттеумен қатар, ғылым салаларындағы инновациялық және мәдени ықпалдастығы қарастырылған жөн.

Қазіргі әлемдегі саяси және қоғамдық өмірдегі әлеуметтік желілердің рөлін анықтау мақсатында SWOT-талдау жасалды және оның нәтижелері төмендегідей:

Әлеуметтік желілердің жағымды жақтары: компьютерлік сауаттылықтың жоғарылығына байланысты ақпарат алу, алмасу жылдамдығы артады; халықтың билік органдары блогтарына хабарласуы арқылы кері және өзара байланыс орнатуға жол ашылады; іздестіру жүйелері арқылы кез келген тақырыпта ақпарат алу және пайдалану; тиімді пайдаланған жағдайда білімін толықтыру; сыныптастар мен курстастарын, ескі достарын табу және хабарласу; тек компьютер арқылы ғана емес, ұялы телефондар арқылы да желіге ену; өз мүддеңе сай келетін азаматпен виртуалды тілдесу.

Әлеуметтік желілердің жағымсыз жақтары: бос уақыттың жұмсалуы; оппоненттің манипуляциялық тәсілдеріне мән бермей, алдауына түсу; ақпараттың ақиқаты мен жалғандығын айыра алмау, кез келген ақпараттың ұсынылуы; қоғам құндылықтарына жатпайтын лас сөздерді пайдалану, теріс пиғылды азаматтардың өз мүддесін жүзеге асыру үшін мүмкіндігінің болуы; ақпаратты кез келген тұлғаның өз мүддесі үшін пайдалануы; толықтай электронды бағыныштылық.

Әлеуметтік желілердің мүмкіндіктері: ақпарат алмасуда сурет, бейне, блогтар мен микроблогтар, қауымдастық, чат және т.б. көздер арқылы қажетті мәліметтерді кеңінен пайдалану; өз профиліңді құру және автор туралы мәлімет ұсыну; мүдделері бойынша ортақ виртуалды достармен қатар, өмірдегі достар, туысқандар, әріптестер, сыныптастар мен курстастар бірлестігін құру; халық пен мемлекеттік органдар арасындағы өзара байланысты блогтар арқылы күшейтеді; кез келген жерде қажетті ақпаратты өз уақытында алу және пайдалану.

Әлеуметтік желілердің қатерлері: орналастырылған ақпаратты кез келген азамат оңай тауып және өз қажетіне пайдалана алады; ұсынылған ақпаратты жұмыс берушілер, ата-ана, балалары, қылмыскерлер, құқық қорғау органдары кез келген шараларға қолдана алады; әлеуметтік желілерге тәуелділік; ауызша, жазылмаған заңдар басшылыққа алынады; заңнамалық базаның әлсіздігі; виртуалды тілдесуге байланысты сөйлеу, ақпараттың жылдам алынуы және жеке ізденістің жоқтығына байланысты ойлау қабілеті кемиді, дүниетанымы төмендейді; компьютерлік тролльдер қақпанынна түсу.

Әлеуметтік желілердің кеңес берушілік қасиеттерін ғылыми зерттеуде төмендегідей мәселелер қарастырылуы тиіс деп ойлаймыз: қоғам мүшелері бос уақыттарын қалай өткізетіндігін анықтау; жаһандық Интернет желісін қолданушылардың жас ерекшеліктеріне қарай өзгешеліктерін анықтау; пайдаланушылардың әлеуметтік желі ұғымы бойынша түсініктерін зерттеу; азаматтар қандай мақсаттармен әлеуметтік желілерді пайдаланатындығын сараптау; пайдаланушылардың демалыс уақытын ұйымдастырудағы әлеуметтік желілердің беретін көмегін айқындау; желідегі қарым-қатынас шын тілдесуге лайықты өзгерістері мүмкіндіктерін анықтау; әлеуметтік желілерде кеңінен таралатын әлеуметтік нормалар мен құндылықтарды зерттеу; әлеуметтік желілерде таратылып жатқан нормалар мен құндылықтардың ықпалын айқындау.

Зерттеу жұмысы көрсеткендей, бүгінгі күнде Интернет жаһандық өрмегі адамзаттың қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық өмірінде ерекше орын алады. Алдағы уақытта зерттелуі қажет мәселелері де жетерлік. Әсіресе, жасанды қоғам құру заманының жағымды жақтары мен жағымсыз жақтары, мүмкіндіктері мен туғызатын қатерлері пысықталып, зерделенуі керек. Қашып құтыла алмайтын ақпараттандыру ғасырындағы әлемдік білімді қалыптастыру барысында әлеуметтік желілерді пайдаланудағы білім қоғамын құру мақсатының тиімді тұстарын айқындау қажет.

 

Әдебиет:

 

1.       Әлеуметтік желілерді күніне 5,6 миллион қазақстандық пайдаланады // [Электрондық ресурс]. – Көру режимі: http://www.baq.kz/news/18917

 

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle