Библиографическое описание:

Рамазанова Б. С., Кылышбеков Т. Маңғыстаудың мешіттері мен медреселері // Молодой ученый. — 2014. — №8.1. — С. 17-19.

Мешіт пен медресе — екеуі де діни орындар. Алайда, бұл екеуінің арасында мазмұндық жағынан айырмашылықтары да жоқ емес. Айталық, Мешіт — құдайға құлшылық ететін орын. Онда күніне бес уақыт намаз оқылады. Ертеңгісін азан шақырылады. Мешітте азан шақырылғанда мұсылман қауым «өлі төсекте» жатпауға тиісті. Мұсылманша оқу білетіндер намазға жығылады да, намазшының немесе азаншының мақамына ере, оның сөздерін іштей қайталап отырады. Ал оқи білмейтіндер іштей өз білгенін айтып, азаншыға ілесе ишарат жасап отыруға тиісті.

Мешіттің атқаратын өзге жоралғылары да жеткілікті. Соның бірнешеуін оқушы назарына берсек, олар мынадай:

Ең алдымен өлікке арналған рәсімдерді атқарады. Өлген адамның «киімін пішеді», жаназа оқиды. Өлік шыққан үйдің сауалына қарай марқұмға құран бағыштайды. Мешіт қызметкерлерінің тағы бір атқаратын ісі — діни мерекелердің қашан болатынын айқындап отыру. Себебі, құрбан айт,ораза айттардың жыл сайын қайталап келуінде өзгерістер болып отырады. Оның дәл мезгілін анықтайтын орын осы — мешіт. Діни жоралғы бойынша оразаны біреу ерте, біреу кейін бастамағаны мақұл. Сол сияқты құрбан айттың мерзімін анықтау да айтқа арнап жоралғылар өткізу де осы мешіт қызметкерлерінің жұмысы.

Діни мейрам кездерінде адамға пітір, малға зекет төленеді. Бұл мал мен жанның аман болуы үшін алдын-ала берілген «Құдай жолы» жоралғы. Оның белгіленген мөлшері болмайды, әрбір жанұя өз тіршілігіне байланысты ораза айтты кезінде пітір төлейді. Осылардан келіп мешіттегі түрлі шараларға қажетті қаражат жиналады. Мешіт — бұл қаражаттан жарлы-жақыбайларға көмек те беріп отырған. Сонымен қатар мешітте пайғамбарлардың өмірінен үгіт-жарамалар да беріліп-таралатын болған. [1]

Медресе — діни мамандарды даярлайтын оқу орны. Онда дін жолын қалаған жастар ұзақ жылдар бойы оқиды. Әр жыл сайын шәкірттерге үйрететін тиісті сабақтары болады. Шәкірт қай сабақты бітірсе, соған қарай тиісті құжат алады.Медресе бітіргендердің білімі осы алған құжаттарымен өлшенеді. Мысалы, біреу «Иманшартты» бітіріп, екіншісі «Құран тағлымын» аяқтауы мүмкін. Мұндай жағдайда олардың білімдісі-соңғысын аяқтаған адам екенінде дау жоқ. Діни мейрам күндері басты азаншы да сол құран жүйесін аяқтағандар.

Енді Маңғыстау өңіріндегі мешіттерге келсек, бұл аймақта мешіттер өте көп болған.Бірақ солардың басым бөлігі молдалардың бас қосып, құдайға құлшылық ететін орны емес, керісінше, шәкірттерге дәріс беретін орындар.

Мешіт жөнінде сөз қозғағанда негізгі әңгіменің Бекет атадан басталары хақ. Қасиет иесі болған Бекет ата кезінде төрт жерден мешіт ашып, шәкірттерді арабша сауаттандырған, имандылыққа баулыған. Алайда, Маңғыстау өңіріндегі мешіттердің түп-төркіні тым әріде жатыр. Оларға Шақпақ ата, Шопан ата, Қараман ата, Масат ата, Сұлтан епе мешіттері жатады. Бұлар — орта ғасырдың екінші сатысындағы дүниеге келген діни орындар немесе білім ұялары. [1]

Бұдан байқалып отырғаны, мұсылмандық рухқа тәрбиелейтін орындардың өте ертеде пайда болуына орай, бұл түбекті «362 әулие отаны» — деп атаған.

Түбек төсіндегі мешіттер жөнінде жазба деректердің болуы да ықтимал. Оларды мешіт ұстаған діни адамдар жазып қалдырған да шығар. Бірақ кешегі кеңестік замандардағы діннің қуғынға түсуі,арабша кітаптардың өртелуі сандаған маңызды нәрселердің ұмтылуына себепкер болды. Соған орай білім ұяларының көпшілігі ел есінен шықты. Дегенмен де, оқушылардың өткен ғасырларда және одан бергі кезеңдерде дүниеге келген мешіттерден мағлұматтар алуы да қажет.

Тұщықұдықтағы Айдар ишанның мешіті көнеден келе жатқан орындардың бірі.

Айдар ишан

Мәткерімге қол беріп,

Ақиқат түзу жол көріп,

Ең бірінші Адайда

Білім-ғылым мол теріп,

Тастемірдің Айдары

Ақ жолынан таймады.

Өзін де пірдей сыйлады

Сол бір жұрттың аймағы.

Тәуекел етіп тәңірге,

Тарихат жолдан таймады.

Медресе,мешіт салдырды,

Надандарды үйретіп,

Білімге басын байлады,

С.Жанғабылов. Халық ақыны.

Ержанның Тұщықұдық жерінде Айдар ишан мешітінен оқып,алғашқы білім нәрімен сусындағанын жоғарыда айтқанбыз.Иә, сол Айдар ишан деген кім еді?

Айдар ишан Шайқыисламұлы Жары Назардың Тастемір тақтасынан. Ол 1848 жылы туып,1922 жылы дүниеден өткен. Дін жолы мен адамгершілік жолын берік ұстанған. Бұхарада оқып,діни білім алған. Елге орлағаннан кейін мешіт ашып,балаларға дәріс береді. Оның мешітінің сорын сұлбасы Тұщықұдық басында әлі бар. Айдардың қарақалпақ пірі Мәткәрімге қол бергендігі де маңғыстаулықтар арасында айрықша әңгіме. Қол берудің мағынасы: пір білім тереңдігін аңдайтын,айқындайтын алуан түрлі сұрақтар қояды. Бұған қол беруші дұрыс жауап берген жағдайда ғана қол беру рәсімінің дегеніне жеткені, ықыластың қабыл болғаны болып табылады. Мұндай кісіге жоғары білімді,оқыту,үйрету шеберлігі жеткілікті делінген шатырхат (диплом) беріледі. [3]

Айдар ишаннан дәріс алған шәкірттер көп болған. Өйткені, оның бала оқытқан кезінде оған кесел болар ешкім жоқ еді, қайта бүкіл жұртшылық қолдап, көмек беріп

отырды.Оның мешітін аса қадір тұтты.Ержан Бұхарадан оқу бітіріп келгеннен кейін осы ұстазының жолын жалғастырып, оның мешітін жөндеуден өткізіп, бала оқыта бастайды. Ел арасында үлкен жақтардан көріп келген үлгі, өнегелі істерді таратуды мақсат етеді. Білім нәрін егумен қатар, жерге егін егуді де үйрете берген болатын.Бірақ, әрине сталиндік қуғын-сүргін мұсылманша білімділердің де соңына шам ала түсіп, Ержекеңнің арманын жалғастыруға мүмкіншілік бермеді...

Айдар ишан өзінің қажыр-қайратының мол кезінде мешіт ашумен қабат, ел арасындағы әр түрлі дауларға төрелік еткен. Асып-таспауға бірлікке уағыздаған. Әсіресе, пақырдың қақын мықтылардың орынсыз пайдаланып кетуіне, үстемшілік көрсетуіне жол бермеген. Қазірде Тұщықұдық аулында тұратын сексеннен асқан Жамос ақсақал жарлы әкесі Маманның: — «Мықтыда кеткен алажақ малымды Айдар ишан төрелік етіп алып беріп еді» деген естелік әңгімелерін айтады. [3]

Ишанның білімпаздығымен қоса көріпкелдік қасиеті де болған. Айдар ишан мешітінде бала оқытып отырған бір сәтінде: — «Бір жарық келеді ғой, қараңдаршы», — деген екен. Сондай-ақ Айдар ишанның Ержанға деген ықыласы аса зор болғанын Ақтау қаласында тұратын Әбілхан Бөрібаев былай дейді: [4]

-                     Айдар ишанның Әбдіғапар,Әбдіжапар,Салық,Әбділлә деген балалары болған.Мен Әбділләмен пікірлес болдым. Әбділлә айтушы еді. Мешітте Әбдіжапар, Салық және Ержанды жақсы көретінін байқаушы едік. Ақшақұдық ол кезде тепсең көл еді. Бір күні Ержанның әкесі Төлеген атпен асығыс келіп, Айдар ишаннан баласын егін салу үшін жер жыртуға көмекке алып кеткісі келетінін айтады. Сонда Айдар ишан: — Сен Ержанды оқуынан бөлме. Анау тұсаулы ала атты жетектеп алып кет.Соқа тартуға мықты. Ержаннан гөрі саған сол аттың көмегі көп болатыны сөзсіз, — деп, баланы жібермей қалыпты.

-                     Ишан: — Түсімде ақ киім киіп,бес қару асынып жүр екенмін, бізге уақыт алыс болмас. Ақ киім ақыреттік белгісі болар, бес қару — бес уақыт намазға келер деген жоруы өмірінде дәлмә-дәл келгені аян. Айдар ишан Меккеге қажылыққа да сапар шеккен. Бірақ, уақытында нақты жағдайы белгісіз, мемлекет арасындағы келіспеушілікке байланысты ма, шекарадан өте алмай елге қайтулы.

-                     Өзінен дәріс алған, діни жол ұстанған балалары Салық пен Әбдіжапар кешегі 1937–1938 жылдардағы сүргінде Сібір айдалып кеткен. Сол кеткеннен Салық оралмады. Әбдіжапар 18 жыл айдауда, түрмеде болып, 1956 жылы елге аман келіп, жеті-сегіз жылдықта дүниеден өтті.

-                     Әбдіжапар ұстаудан келген соң, көп ұзамай Ержанды әуелі танымай қалып, дауысынан ғана айырып, жұрт аяғы басылғанда, екеуі күні-түні оңаша бөлмеде, ұзақ-ұзақ шер тарқатыса әңгімелескен көрінеді. [4]

-                     Осындай шәкірттер оқытқан,діни жолға бағыштаған.

Бисмил-лаһи р-раһмани раһим. [4]

Еліне еңбегі сіңіп, төңірегіне имандылық нұрын сепкенін, адалдық пен ақтықтың, пәтуа мен пәктіктің үлгісі болғанын бүкіл Маңғыстау жұртшылығы, көнекөз қариялар тамсана айтып отырады.

Ержан Төлегенұлы 1887 жылы Маңғыстау үш түбегінің бірі Бозашының Сорқұдық деген жерде орта дәулетті отбасында дүниеге келген. Әкесі Төлеген діндар,еңбекқор әрі өзгелерге қамқор ақ-адал адам болыпты. Балаларын оқуға беруге аса құштар ол үш баласын да ауыл молдасына оқуға берген. Ержанды бала шағында Мырзайыр деген жерде Әбді ахуннан бір жыл оқытып, хат танытты. Одан кейін Тұщықұдықтағы Айдар ишанның мешітіне Ермұхамбет (Ержан) пен Нұрмұхамбетті (Шегірейді) оқуға береді. Осы Айдар ишан мешітінде Ержаннан кіші Шегірей де оқыпты.Оқуға аса жүйрік екен, бірақ жастай қайтыс бопты. Ел ішінде оны тілігіп мерт болған деседі. [2]

Төлегеннің Ержанын атақты батыр, би Иса Тілембайұлы болыс болып тұрған шағында өзіне хатшы етіп алады.Көп кешікпей Шоңай Шайқы, Көрпе Оразмағанбет,Жары Ержан тағы да бірнеше жас жігіттер ішінде Төлеп Жұмабай, тастемір Нәрік т. б. бар, оқу іздеп Бұхараға аттанады. Бұхарадағ оқудың қиындығына, қоятын талабына төзе алмай, басқа да жағдайлармен осы үшеуінен басқасы елге қайтып кетуге мәжбүр болыпты. Оқуға зейін салып оқып жатқан үш жастың алар білімі діни білім жолы болғанмен, тереңдете оқытатын саласын үшеуі үш түрінде қалап алған. Сонымен Оразмағанбет кенбайлық табу ғылымын, Шайқы билік бөлімін, ал Ержан молдалық-бала оқыту жүйесін бітіргендігі туралы шатырхат (диплом) алып, елге оралады. Бұл 1926 жыл еді.Осы алған білім деңгейі бойынша, имам атанған Ержан оны «Ержекең» атаған және «қазірет» атауын қосып айтатын. [2]

Маңғыстау өңірінде де алай-дүлей дүрбелең дауылы басталып кетті. Діни мектепте бала оқытқаны үшін «айыпкер» болған Ержекең 1932,1936,1937 және 1941 жылдары төрт рет жауапқа тартылып, қамаудың кермек дәмін азды-көпті тартқанын ҰҚК архивінен тауып көрдім. [5]

Ержан — Маңғыстау өңірін мекендеген Адай тайпасынан оқу іздеп, діни жоғарғы білім алып, оны еліне таратуға күш салған, еліне елеулі азамат болып, Қазірет атанған ардақты жан. Оның бейіті Шақпақ-ата қорымында.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Біз –тегіміз түрік, дініміз — Ислам екенін ұмытпауымыз керек.Ол үшін қасиетті кітап Құран Кәрімді насихаттауды естен шығармауымыз керек.Ислам-тек дін ғана емес,ол біздің мәдениетіміз»- деген сөздерінде үлкен мән бар. Егерде Елбасымыз айтып кеткендей, халыққа Құранды насихаттар болсақ, шетелдің сұмдық әдеттерінен аулақ болар едік.   

Дін — ғылымның анасы, Дін — ғылымның әкесі. Ғылым — діннің баласы, Дән — ғылымның көкесі! Ғылымда бар дінде бар, Адам ата өлмесін, ақырзаман келмесін, қол қусырып құдайға, ғылым мен дін бірге бар, -ақын Мұқағали жырлағандай, соңғы жылдары жүректері Аллаһ деп соғып, Хаққа ұмтылған халқымыздың көпшілігі — жастар, колледж оқушылары. Азды көпті үлкен кісілеріміз де жоқ емес. Жастардың дінге деген құштарлығы сондай жұма сайын мешітке асығып, құдайға құлшылық жасауға ұмтылып тұр. Бұл әрине, қуанышты жағдай.

Халыққа кеңінен танымал қазақтың атақты жазушысы, әрі кемеңгер ғалымы Мұхтар Әуезовтың «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген дұғалы сөзі, сонымен қоса «Баланы жастан.».. және «Біздің заманымыз — өткен заманның баласы, келер заманның атасы», — деген секілді аталы сөздер қаншалықты дұрыс айтылған десеңізші. Келешегіміз жарқын баянды болсын десек, балаларды, жас жеткіншектерді діни-рухани жағынан тәрбиелеуге қатты көңіл бөлгеніміз жөн. Атам қазақ ежелден Исламдық тұрғыда білім беретін мектеп медреселерде тәлім-тәрбие алып өскен, соның бірі әрі бірегейі Абай атамыз, өз жырында «Баламды медресеге біл деп бердім».., деп жырламайды ма?

Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ елі Ислам діні мен араб жазуын қабылдағаны ҮІІІ ғасырдан басталады. Мұсылман мешіттері мен медреселерінің өріс алуы ІХ-ХІІ ғасырлар аралығында келді. Х ғасырдың басында қазақ жерінің ұлы перзенті «Шығыс Аристотелі» атанған әл-Фараби Отырар медресесінде білім алған. Бұл мектептерде сауат ашу жолы «Иманшарттан» басталған, екінші оқу жолы «Әптиекті», яғни Құранның жетіден бір бөлігін жаттап, арабша жазу үйренген. Медреселер тек мұсылман рәсімдерін таратушы ғана емес, ірі мәдени орталық қызметін де атқарған.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.      Маңғыстау. Е.Өмірбаев.1980ж

2.      Маңғыстау энциклопедиясы.1997ж

3.      Алтын ұя. 2007ж. О.Қосай.

4.      Маңғыстау мен үстірттердің киелі орындары. С.Қондыбай. 2000ж.

5.      Қарашаңырақ. 2011ж 2 басылым.

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle