Библиографическое описание:

Озбекбай Е. С. Арал өңірінің балық шаруашылығы тарихы (ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың 80 жылдары аралығы) // Молодой ученый. — 2014. — №2.1. — С. 17-20.

ХІХ ғасырдың ортасында Түркістан өлкесіне орыс қоныстанушыларының келуіне дейін жергілікті тұрғындар балық аулау ісімен кәсіп түрі ретінде айналысқан емес. Сыр бойы мен Солтүстік Арал теңізі маңын мекендеген жергілікті ру-тайпалар балықты тұрмыс кешудің қосымша көзі қылып пайдаланған. Ерте дәуірде және орта ғасырларда осы аймақты мекен еткен рулар қол жабдықтармен, торлы дорбамен және шанышқымен күнделікті азық үшін ғана балық аулаған. Қазақ жері патшалық Ресейдің қол астына өткеннен кейін Сырдария өзені мен Арал теңізі орыс зерттеушілерінің басты зерттеу нысанына айналады. Осы кезеңде Арал балығы туралы алғашқы ғылыми мәліметті 1820 жылы Г.Мейндорф ұсынған болатын [1]. 1848 жыы патша әкімшілігінің арнайы тапсырмасы бойынша келген орыс теңіз офицері А. И. Бутаков Арал теңізінде зерттеулер жүргізіп, бұл теңіздің толық картасын қағаз бетіне түсіреді. Ал 1857-1872 жылдары белгілі орыс зерттеушілері Н.А.Северцов пен А.П. Федченко Сырдария өзеніндегі зерттеу жұмыстарын одан әрі жүргізеді [2]. 1874-1879 жылдары К.Ф.Кесслердің басшылығымен Арал-Каспий экспедициясы жұмыс істеді [3]. Кешенді түрде Қазақстандағы ихтиофаунаны зерттеуге үлкен үлес қосқан ғалым Л.С. Берг болып табылады. Ол 1899 жылы Арал мен Сырдария өзенінің ихтиофаунасын зерттеуге төрт жылын жұмсайды. Нәтижесінде 16 томнан тұратын «Аральское море» атты еңбегі жарық көреді [4]. Осы өңірдегі зерттеу жұмыстарын 1920-1921 жылдары Ф.А.Спичаков жалғастырады. 1929-1940 жылдары Шу, Іле, Сырдария өзендері мен Арал теңізінде мекен еткен балықтарды танып білуге үлес қосқан Г.В. Никольскийдің ғылыми еңбектерінің алатын орны ерекше болып табылады. 1940 жылы професссор Г.В. Никольский Арал теңізіндегі балықтардың түрі мен олардың қандай терендікте мекен ететіні жөніңде арнайы карта жасайды [5].

ХІX ғасырдың 40-жылдарында Ресей капиталистері Арал теңізіне Сырдарияның құяр тұсына жақын жерден қызыл балық аулау үшін өндіріс кәсіпорнын құрады. Алайда бұл кәсіпорын шаруашылығының дұрыс ұйымдастырылмауынан және өндіріс орнынан шалғай орналасуына байланысты табысқа жете алмайды. Өңірдегі балық шаруашылығы Сырдария мен Әмудария бойында 1875 жылы Орал казактарының келуімен жандана бастайды. Сырдың Арал теңізіне құяр тұсы олардың негізгі балық аулау орнына айналады. Сондай-ақ орыс көпестері ауланған балықты көптеп сатып алып, ішкі Ресей губернияларына жеткізіп отырды. 1876 жылы Ресейдің көпестері ағайынды Ванюшиндер Арал теңізіне 3 ірі және 10 кіші кеме түсіріп, дауыл кезінде екі кемесінен айрылуына қарамастан алғашқы жаз айларында Арал теңізінің оңтүстік бөлігі мен Әмударияның құяр тұсынан 26000 дана шабақ өндіреді. 1880 жылы ағайынды Ванюшиндер патша әкімшілігіне бүкіл Арал теңізі мен Әмудария бойын өздеріне жалға беру туралы өтініш білдіреді, бірақ бұл өтініштері жауапсыз қалады. XIX ғасырдын 80-90 жылдарында Арал теңізі мен Сырдария өзендерінде балық кәсіпшілігі қалыптасып, балық өңдейтін ірі кәсіпорын пайда болады. Нәтижесінде мұнда тұрмыстық, шаруашылық құрылыстары орналасқан тұрақтар пайда болады. Кейіннен осы тұрақтар балықшылар ауылына айналады.

ХХ ғасырдың алғашқы жылдарында балық кәсіпшілігі өркендей бастады. Орынбор-Ташкент темір жолының салынуына байланысты балықтың мол байлық көзіне ішкі Ресей аумағынан балықшылардың алғашқы легі келді. Каспий мен Азов теңіздерінен, Дон жағалауларынан, Қара теңіз бен Ақ теңіздерден, Қиыр Шығыстан балықшылар ағылып келе бастады. Өңірдегі балық шаруашылығы орыс өнеркәсіп иелерінің қолдарына көшті. Кеңес мемлекеті құрылғаннан кейін өңірдегі балық шаруашылығы мемлекет қарамағына өтеді. Қазақстанда 1919 жылы Гурьев қаласында Жайық-Жем балық аулау және аңшылық басқармасы, Арал қаласында Түркістан өлкелік балық шаруашылық басқармасы құрылады. Кейін бұл сала тұтынушыларға тағамдық белоктың жиырма пайызын беретін, қуатты аулау кемелерімен жабдықталған, өндірістік үдерістері механикаландырылған аса іргелі тамақ индустриясының саласына айналады. Балық шаруашылығында бағалы тұқымдық балықтарды өсіріп, көбейтетін балық өсіретін питомниктер, көл және тоған шаруашылықтары, машина-мелиоративтік станциялар, арнайы оқу орындар, балық сататын фирмалық дүкендер пайда болды.

Тез арада жаңа үш кәсіпшілік, екі қабылдау пункті ашылды, жаңа құз қоймалары салынды. Қолданылған шаралардың арқасында 1922 жылдың өзінде-ақ Арал теңізінде балық аулау 2,2 есе көбейді. Осылайша Сыр бойы мен Арал өңірінде балық шаруашылығы жаңа қарқын алады. Балық аулау еселеп артты. Мысалы, социалистік құрылыстың алғашқы екі бесжылдығында 3 миллион 131 мың центнер балық ауланса, Ұлы Отан соғысының алдындағы үшінші бесжылдықта 2,5 миллион центнерден артық балық өнімін алады [6, 7-б.].

1929 жылы Арал қаласында Бүкілодақтық балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Арал балық шаруашылығы станциясы құрылуы өңірдегі балық шаруашылығының дамуына зор зерпіліс береді. Бұл станция Арал теңізінің гидрологиялық және гидрохимиялық режимін зерттеп, балық жемінің көбеюі және балық қорын анықтау қызметімен айналысты. 1957 жылы Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің 22 қазан айындағы қаулысына сәйкес Арал балық шаруашылығы станциясы Қазақ КСР-і Ғылым Академиясының қарамағына беріліп, Зоология институтының Арал ихтиологиялық бөлімшесі деп аталды. 1959 жылы Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының құрылуына байланысты Арал бөлімшесі осы институттың бақылауына көшеді.

 1933 жылы Арал балық шаруашылығы станциясының ғылыми еңбектерінің бірінші жинағы шықты. Бұл ғылыми еңбекте Г.В. Никольский Арал бекіресінің Сырдария өзенінде уылдырық шашатын орындарын зерттеген жұмыс қорытындыларын жазды. Осы жылы станцияның ғылыми еңбектерінің екінші жинағы шықты. Бұл жинақта М.И. Маркун Арал және Түркістан қаяздарының систематикасы, биологиясы және аулану мерзімдері туралы мағлұмат берді. С.Я. Ягудина Арал теңізінен 1921-1933 жылдары ауланған балықтың түрлерін және көбею динамикасын көрсетті. Арал теңізі туралы өте құнды еңбек Г.В. Никольскийдің «Арал теңізінің балықтары» монографиясы 1940 жылы баспадан шықты. Бұл ғылыми еңбекте Г.В. Никольский теңізде мекендейтін 20 балықтың систематикасы және биологиясы туралы толық мағлұматтар келтіреді [5, с. 65]. Аталған ғалымдар өлкенің балық шаруашылығының тиімді жұмыс жүргізуіне негіз қалайды.

1946 жылы Арал теңізінен 23432 тонна балық ауланған. Аралдың солтүстік бөлігінде 5 балық зауыты, 1 балық комбинаты, 45 балық қабылдау пункті құрылады. Ал Өзбекстан Республикасы аумағында орналасқан Аралдың оңтүстігінде 5 балық зауыты, 30-дан астам балық қабылдау пункті жұмыс жүргізді. [7, c. 82]

1967 жылы тыран, сазан, торта, шемая балықтарының уылдырық шашатын өрісінің ауданы 5 есе тарылды. Сазан, тыран, торта балықтарының бір бөлігі бұрын теңіз суының тұздылығы 10,6-11,6 пайызы кезінде уылдырығын теңізге шашатын. 1968 жылы теңіз суының тұздылығы 11,9-13,4 пайызға дейін көтерілгенде аталмыш балықтардың уылдырық шашатын өрісінде сол балықтардың уылдырығын жейтін майда жыртқыш балықтар көбейіп кеткені байқалды. Бұл өзгеріс аталған құнды балықтардың құрып кетуін тездетті. [8, c.165]

Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Арал бөлімшесі 1960 жылдан бастап теңізде балықтың қорын сақтау мақсатында бірінші кезеңде Арал қаязын, ал алпысыншы жылдардың аяқ кезеңінде сазан, шабақ, ақ балықтарды қолдан ұрықтандырып өсіру биотехникасын іске асыруға кіріседі.

Ал 1968-1972 жылдары Н.С.Бабаев ақ балықты зауыттық тәсілмен қолдан ұрықтандырып өсіру биотехникасын іске асырып, өндірісте қолдануға мүмкіндік берді. 1971-1976 жылдары Арал теңізі бассейніндегі балықтардың өсіп-өнуіне Сырдария және Амудария өзенінен ауыл шаруашылығына судың көп алынуының әсері жөнінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл зерттеулердің қорытындысы бойынша Арал теңізін гидрологиялық, гидрохимиялық режимдері, балықтың табиғи өсіп-өнуінің жағдайы, балық қорын анықтау және дамытудың келешегі және балық жемінің күй-жағдайы, көбеюі туралы мағлұматтар алынды [8, с.166].

Жерсіндіру жұмыстары нәтижесінде 1927 жылдан 1972 жылға дейін Аралға 17 түрлі жаңа балық жіберілгенімен, оның 14 ғана толық жерсіндірілді. Теңіз ихтиофаунасындағы балықтың саны 20-дан 34-ке көбейгенімен, өндірістік маңызы бар балықтардың құрамы аз өзгерді [9, с.95].

 1980 жылы Арал теңізінің орташа тұздылығы 18 пайыздан асқан кезде теңіз өзінің толықтай балық шаруашылықтық маңызын жоғалтты. Арал ихтиофаунасының құрамында тек өндірістік маңызы жоқ балықтар ғана қалды. Олар теңіздің байырғы балығы – арал шаншар балығы, жерсіндірілген балықтар – бұзаубас балықтар, каспий атеринасы және балтық майшабағы. Тек Сырдария және Амудария өзендерінің құяр сағасында өндірістік маңызы бар балықтардың ересек түрлерінің бірең-сараңы ауланды.

 ХХ ғасырдың 70-жылдарының орта шенінен бастап Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты Арал бөлімшесінің қызметкерлері теңіздің гидрологиялық және гидрохимиялық режимдерінің өзгеруін негізге ала отырып тұздылығы жоғары суларда өмір сүре алатын балықтармен тәжірибе жұмыстарын жүргізеді. Тәжірибе сынақ жұмыстары көрсеткендей 17-60 пайыз тұздылықта өмір сүре алатын азов түйетабанының Арал теңізінде жерсіндіру мүмкіндігі бар екенін көрсетті.

1976-1977 жылдары азов түйетабанының Арал теңізінің әр түрлі тұздылықтағы суында тіршілік етуін тәжірибелік сынақтан өткізді. Тәжірибе сынақтарының қорытындысы бойынша азов түйетабанын Арал теңізіне жерсіндіру туралы биологиялық негіздеме дайындалды. 1979-1987 жылдары азов түйетабаны Арал теңізіне Азов теңізінен әкеленіп жіберілді. Азов түйетабаны Арал теңізінде жақсы жерсініп, саны жағынан көбейіп, сол кездегі теңіздегі өндірістік маңызы бар жалғыз балық болды [10, с. 65].  

Арал теңізінің экологиялық жүйесінің осындай тоқырауға ұшыраған кезеңде, теңізге азов түйетабан балығының жерсіндірілуі үлкен жетістік еді. 80-жылдардың аяқ кезенінде Арал теңізінде түйетабан балығының өндірістік қоры өсіп жетілді. Алайда Кеңес Одағының тарқауы және Қазақстан Республикасындағы экономиканың тоқырауы Арал теңізіндегі түйетабан балығының қорын толық игеруге мүмкіндік бермеді [11, с.43].

Қорыта келгенде балық шаруашылығымен айналысқан теңіз төскейінің тұрғындары толқыны арнасынан асқан Арал теңізінен мол несібеге кенелген. Балық шаруашылығы өркен жайған өткен ғасырдың 60-70 жылдары Арал бассейнінде балық шаруашылығы жоғары қарқында дамыды. Сол уақыттарда өңірде  балық аулайтын және өңдейтін ірі шаруашылықтар жұмыс істеп, балық аулау техникасы мен технологиясы жоғарғы деңгейге дейін өсіпті. Алайда теңіз суының тартылып, тұзы көбеюі салдарынан балық қоры күрт төмендеді.

Әдебиет:

1.      Мейендорф Е.К. Путешествие из Оренбурга в Бухару / предисл. Н.А. Халфина. – М., 1975. – 180 с.

2.      Жизнь красной рыбы в уральских водах. // Журнал Министерства Государственных Имуществ. 1863. – т.83. – Вып.2. – С. 92

3.      Кесслер К.Ф. Ихтиологическая фауна Туркестана //Известия Общества любителей естествознания. СПб. – 1872. – Т.10. – Вып. 1. – С. 47-79.

4.      Берг Л.С. Рыбы Туркестана // Известия Туркестанского отдела Русского Географического Общества. // Научные результаты Аральской экспедиции. СПб. – 1905. – Т.4. – Вып. 6. – 262 с.

5.      Никольский Г.В. Рыбы Аральского моря. // Бюллетень МОИП. Нов. серия. Отдел зоол. – 1940. - Москва, 1940. – Вып.1. (XVI) – 216 с.

6.      Күленов К. Аралдың озат балықшылары. – Алматы. – 1952. – 48 б.

7.      Яблонская Е.А. Кормовая база осетровых Южных морей//Труды ВНИРО. Т. LIV. Сб.2. Осетровые Южных морей Советского Союза. - М., 1964. - 112 с.

8.      Ермаханов З., Глотова Р.М. Особенности изменения гидрофауны Аральского моря под влиянием антропогенных факторов. // Вестних с-х наук Казахстана. 1994. - №5. – С.163-170.

9.      Филиппов А.А. К вопросу о солеустойчивости донных организмов Аральского моря // Тр. зоол. ин-та РАН.- СПб, 1995.- Ч.1.- С.65-102.

10.  Андреев Н.И. Ихтиофауна Аральского моря в связи с выселением новых видов и его регрессий //Омск. гос. пед. ун-т.- Омск, 1996.- С.126.- Библиогр.: С.191.- Рус.- Деп. в ВИНИТИ, № 821-В 96.

11.  Андреев Н.И., Лим Р.М., Ермаханов З. Акклиматизация рыб в Аральском море // Омск. пед. ун-т.- Омск, 1995.- С.51.- Библиогр.: С.89.- Рус.- Деп. в ВИНИТИ,  № 2318-В 95.

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle