Ақпараттық қоғам дәуіріндегі мемлекет имиджі | Статья в журнале «Молодой ученый»

Отправьте статью сегодня! Журнал выйдет 4 мая, печатный экземпляр отправим 8 мая.

Опубликовать статью в журнале

Авторы: ,

Рубрика: Спецвыпуск

Опубликовано в Молодой учёный №2 (61) февраль 2014 г.

Дата публикации: 01.02.2014

Статья просмотрена: 288 раз

Библиографическое описание:

Абуталип, А. Н. Ақпараттық қоғам дәуіріндегі мемлекет имиджі / А. Н. Абуталип, Мереке Далбабай. — Текст : непосредственный // Молодой ученый. — 2014. — № 2.1 (61.1). — С. 24-26. — URL: https://moluch.ru/archive/61/9105/ (дата обращения: 23.04.2024).

Қазіргі ақпараттық қоғам дәуіріндегі саяси имиджді қалыптастыру билік қатынастары жүйесіндегі өнер ретінде қарастырылады. Бұл контекске орай нақты айқындалған технологиялық тетіктер мемлекеттің имиджін қалыптастыруда ерекше мәнге ие. Алғашында мұндай тәсілдер биліктегі жеке тұлғаларға қолданылды. Кейінірек бұл жүйе бұқарамен ашық байланыс орнату барысында саяси жүйенің жетілдірілуіне оң ықпал тигізу ниетінде мемлекеттің даму стратегиясында пайдаланыла бастады.

Қазақстанның халықаралық саяси аренадағы позициясын ақпаратпен қолдау көрсету шараларының қажеттілігі мемлекеттің оң имиджін қалыптастырудың негізі болып табылады. Аталған мәселенің шешімін табуда отандық ғалымдар бірнеше міндеттерді шешуі қажет. Дегенмен, еліміздің сыртқы саясаттағы имиджінің қалыптасуы мен дамуы тетіктерін айшықтайтын арнайы ғылыми жұмыстар аз [1]. Сонымен қатар, мемлекетіміздің ақпараттық саясаты шеңберіндегі халықаралық аренадағы имиджі теориялық жағымен қатар, тәжірибе жүзінде толықтай зерттелмегені де шындық.

Бүгінде Қазақстан Республикасының дамуын жаһандық кеңістіктен тыс қарау мүмкін емес. Елдің мемлекеттік құрылыс тәжірибесі көрсеткендей, бүгінгі шарттардағы маңызды мемлекеттік шешімдерді қабылдауда жаһандық халықаралық үрдістерді ескеру қажет. Өйткені, қазіргі халықаралық саяси және экономикалық қатынастардың жаһандануы шарттарында еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өзекті болып табылады.

Сондықтан мемлекет имиджі – бұл мемлекеттік жүйенің сипаттамалық белгілеріне ие өзара объективті байланыстар шегіндегі экономикалық, географиялық, ұлттық, демографиялық қарым-қатынастардың кешені. Ол әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, ұлттық-конфессиялық үрдістердің үдерістерін айқындайды. Мемлекет бейнесі сыртқы әлеммен байланыстар нәтижесіндегі әлемдік қоғамдастықтың санасында қабылдануының өзіндік көрсеткіші іспеттес.

Ақпараттық қоғам кеңістігінде имиджелогияның өзіндік ерекше орны бар. Мемлекет имиджін қалыптастыруға байланысты қойылатын талаптар қоғамдық өмірдегі ақпараттық технологиялардың өсуімен байланысты. Имидж толықтай ақпараттық өнімге айналды. Имиджеология – бұл имидждің қалыптасуы мен оны жүзеге асыру технологиялары мәселелерін зерттеуге әлеуметтану, психология, мәдениеттану, философия және саясаттану секілді ғылымдарды тоғыстырған теория. Ол – ақпараттық қоғамдағы мәдени шараларды жүзеге асырудағы маңызды қызмет атқаратын гуманитарлық технология.

Жалпы мемлекет имиджі оның құрылымын құрайтын бірнеше элементтерден тұрады: Қазақстан демократиясының бейнесі; билік имиджі; Қазақстан экономикасының имиджі; Қазақстан Қарулы Күштерінің имиджі; Қазақстанның сыртқы саясаттағы имиджі; мемлекеттің ақпараттық саясат имиджі.

Қазақстан демократиясының бейнесі. Елімізді демократияландыру барысында мемлекеттік реформаларды жүзеге асыру сәтті жүргізілді. Ашық ақпараттық қоғам құру демократия жолындағы маңызды қадам болып табылды. Қазақстандағы соңғы жылдардағы реформалардың негізгі мақсаты болып елді демократияландыра түсу саналады. Осы шарттардағы саяси дамудың негізгі заңдылықтарын пайдалана отырып, тиімді жаңғырулардың орын алуына, алдыңғы қатардағы әлеуметтік-экономикалық деңгейге шығу саяси жүйенің барлық күштеріне байланысты. Реформалар үдерісі жалпылай қоғамды қамтып, экономика, әлеуметтік сала, рухани мәдениет пен саяси жүйенің динамикалық өзгерістері негізінде шешімі табылуы тиіс жағдайларға да ықпалын тигізеді. Еліміздегі жаңғырған қоғамды азаматтық қоғам, құқықтық мемлекет пен нарықтық экономиканың өзара бірлігі ретінде анықтаймыз.

Билік имиджі. Мемлекет бейнесінің қабылдануын түсіну үшін ең алдымен билік пен азаматтар арасындағы қарым-қатынастарды айқындау қажет. Биліктегі азаматтардың тұлғалық имиджінің бағалануы олардың халықпен жақындығымен өзара байланысты. Бұқаралық сананың биліктің тиімді қызметін бағалауы имидждің сипаттамалық белгісінің бір бөлігі болып табылады. Билік бейнесі мен сыбайлас жемқорлық мәселесі де мемлекет имиджінің құрамдас бір бөлігі. Сыбайлас жемқорлық барлық адами және қоғам құндылықтарының даму үдерісіне кедергі жасайтын дерт екендігі белгілі. Бүгінгі күні қоғамымызда кездесетін теріс жағдаймен тек құқық қорғау орындары ғана емес, ел болып күресу қажеттілігі туындап отыр.

Қазақстан экономикасының имиджі. Мемлекет имиджінің негізгі аспектілерінің бірі ретінде биліктің экономикалық саясатты жүргізудегі тұрғындардың қатынасын атап өте аламыз. Қазақстан экономикасының оң имиджін қалыптастыру барысында еліміз көптеген маңызды ресурстарға ие болмақ. Тек жағымды имидж ғана ұлттық экономиканың бәсекелестік деңгейін жоғарылата алады.

Қазақстан Қарулы Күштерінің имиджі. Азаматтардың Қарулы Күштерге көзқарасы – мемлекеттің ішкі имиджіне ықпал ететін қарым-қатынасы. Бұл – күшті әскери державалық мемлекеттің қалыптасуына оң ықпал ететін факторлардың бірі. Телеарналардағы отансүйгіштікке тәрбиелейтін әскери хабарларды көбейтумен қатар, көрші Ресей түсіріп отырған өзімізге тән әскери фильмдер түсіру орынды болар еді.

Қазақстанның сыртқы саясаттағы имиджі. Қазақстан беделді халықаралық ұйымдардың қатысушысы ғана емес, осы уақытқа дейін ТМД, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, АӨСШК секілді аймақтық ұйымдардың төрағалығын сәтті атқара білді. Еліміздің былтырғы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымға төрағалығы ел имиджін жоғарылатқаны анық. Еліміздің ЕҚЫҰ төрағалығын иеленген посткеңестік республикалар арасында ғана емес, Азиядағы және мұсылман әлеміндегі тұңғыш мемлекет екендігін әрқайсымыз мақтан етуіміз керек. 11 жылғы үзілістен соң жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдық және жаңа әлемдік шарттарда Астана Саммитін өткізу еліміздің жетістігі ғана емес, ЕҚЫҰ-ның да жетістігі деп атап көрсетті көптеген сарапшылар. Саммиттің жемісті өтуі Қазақстан Республикасының әлемдік имиджін жаңа деңгейге көтерді.

Мемлекеттің ақпараттық саясат имиджі. Бұқаралық ақпарат құралдары – ақпараттық саясат ұйымдастырудағы билік пен мемлекеттің бейнесін қалыптастыратын негізгі саяси идеяларды жүргізетін маңызды коммуникациялық құрал. БАҚ қоғамдық пікірді қалыптастырып, тұрғындар мен биліктегілер арасындағы өзара қатынастарды реттеуге септігін тигізеді. БАҚ-та берілетін ақпараттар қоғам қажеттілігіне сәйкес дайындалуы тиіс. Осы себептерге байланысты ақпаратты таратушы барлық хабарламаны тұрғындар мүддесіне сәйкес дайындаулары тиіс [2].

Тәуелсіз Қазақстанның саяси дамуы, ішкі саяси реформаларының сипаты бүгінде әлем елдеріне үлгі саналады. Қазіргі Қазақстанның негізгі міндеті серпінді экономикалық даму, тұрақтылықты сақтау арқылы саяси және экономикалық жаңғыруды жалғастыра дамыту екендігі анық. Сондықтан Қазақстан Республикасындағы саяси тұрақтылық мемлекет имиджін қалыптастырудың негізі болып табылады.

Әдебиет:

1.      Насимов М.О. Image of the country and the city on the example of the Republic of Kazakhstan and Astana // Молодой ученый. – 2013. - № 5. – С. 564-566.

2.      Насимов М.Ө. Жаһандық ақпараттық кеңістік шарттарындағы тәуелсіз Қазақстанның имиджін қалыптастыру мәселелері // Егемен Қазақстан. – 2011. – 22 ақпан.



Задать вопрос