Библиографическое описание:

Орманова М. А. Педагогикалық өлкетанудың маңызы // Молодой ученый. — 2014. — №1.2. — С. 69-71.

Бүгінгі таңда ХХІ ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат ұрпаққа тәлім – тәрбие және білім беруді жетілдірудің басым бағыттарын айқындау педагогика ғылымы мен озат тәжірибенің көкейкесті мәселелерінің бірі болып отырғаны анық.  Әрбір жеке тұлғаның бойында елжандылық сезімді қалыптастыру – білім саласының басым бағыттарының бірі.

Бірде-бір ұлт өз елінің тарихын, мәдениетін сыйламайынша, өз өлкесінің тарихи және рухани мұрасын қайта қалыптастырып өркендетпейінше, азаматтық және рухани тәрбие жүргізбейінше дамып, өмір сүруі мүмкін емес. Өлкетану деректерін оқыту мәселесінің тарихынан  сөз қозғағанда, алдымен ауызға, әл-Фараби, М. Қашқари,  Ж.Баласұғын, Асан Қайғы, Бұхар жырау, Я.А. Коменский, К.Д.Ушинский, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытов, М. Жұмабаев секілді ойшыл ғалымдар түседі. Бұл ғұлама ғалымдар туған өлкені балаларға таныту арқылы олардың Отанға сүйіспеншілігін, қызығушылығын ояту мәселесі тұрғысында маңызы мен мәні жайында жоғары пікірлер мен ой-тұжырымдар айтқан.    

Мысалы, әл-Фараби жетілген тұлғаны тәрбиелеу үшін «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім - адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның барлық өміріне апат әкеледі», «Оқыту адамдар мен халықтарға теориялық қайырымдылық дарыту болады, ал, тәрбие - білім-білікке негізделген өнер арқылы оларға этикалық қайырымдылық дарыту тәсілі. Оқыту тек сөз арқылы жүзеге асырылады, ал тәрбие кезінде адамдар мен халыққа білімге негізделген қасиеттерден шығатын әрекеттерді жасауды дағдыға айналдыру үйретіледі...»-деген ұстанымдарды басты қағида ретінде ұсынды. Ғұлама ғалым тек білім арқылы ғана толыққанды адам қалыптасатынын айта келе, еңбегінде «Өз елімнің басы болмасам да, сайының тасы болайын», «Елінен безген оңбайды, көлінен безген қонбайды»- деп, туған жердің қадір-қасиетін асқақтатады.

Түркі өркениетінің шежіресін жазып, өз есімін мәңгілік еткен данышпан ғалым, кемеңгер ұстаз Махмұт Қашқаридің «Түрік сөздігі» еңбегін оқып-үйрену және теориялық тұрғыдан талдау негізінде бұл тек сөздік, немесе тілтану мәселелерін ғана қарастырған еңбек еместігін, онда біздің ата-бабамыздың ұрпақ тәрбиесі бойынша тәжірибесі жинақталып, түркі халқының педагогикалық тұжырымдамасы негізделгенін айқын көруге болады. Ғұламаның тәлім-тәрбиелік идеялары өнегелі өмір сүру үшін жас ұрпаққа саналы тәрбие мен сапалы білім берудің маңыздылығын дәріптеуге бағытталған [3]. Сондықтан оның педагогикалық тұжырымдамасының негізгі өзегі - орта ғасырдағы түркі баласының бейнесі - «ұлылыққа ұмтылған», «білімділікті іздеген», «даналықты таңдаған», «біліктіге серік болған», «бабалардың әдеп-ақлақты насихатын ұстанған» ірі тұлға. Сонымен қатар сөздікте біршама туған жерге байланысты мақал- мәтелдер де берілген. Атап айтқанда, «Бөтен елде сұлтан болғанша, Өз еліңде ұлтан бол», «Ит тойған жеріне, Ер туған жеріне» мақал - мәтелдері өскелең ұрпақты туған жерді құрметтеуге, сүюге неше ғасырдан бері тәрбиелеп келеді.

Туған жер туралы ой-пікірлер қазақ халқының жыраулары мен шешендерінің шығармаларында көптеп орын алады. Мысалы, Асан Қайғының:

Көлде жүрген қоңыр қаз,

Қыр қадірін не білсін!

Қырда жүрген дуадақ

Су қадірің не білсін!

Ауылдағы жамандар

Ел қадірің не білсін!

Көшіп-қонып көрмеген,

Жер қадірің білмесін! - деп жер қадірі мен ел қадірін толғауында жоғары бағалаған. 

Мұндай толғаулар қазақ халқының егемендігі үшін күрескен Бұхар, Үмбетей, Сыпыра, Ақтамберді жыраулардың еңбектерінде көптеп кездеседі. Бұл жырлар ұрпақты өз елін қорғауға, құрметтеуге тәрбиелеген. Қазақ халқы бала тәрбиесін «балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле»- деген қанатты сөзіне сыйдырған.  «Отан» деген ұлы ұғымның отбасынан, өзі тұрған аймақтан басталатынын ғұлама жыраулар бала санасына жастайынан сіңірген.  Ата-бабамыз қазақ даласының  еркіндігі мен елінің дербестігі үшін жан аямай күресті. Олардың ерлігі бүгінгі күнге жыр, дастан, күй болып жетті.

Қазақ халқының атамекені - халқымыздың ерте заманнан бері мекендеген жері, суын ішіп, өсіп-өніп, өмір сүріп келе жатқан кең байтақ жері. «Атамекен» дегенде көз алдымызға айдын шалқар көлдер мен мөлдір бастау қайнар бұлақтар, сарқырай аққан тасқынды өзен, жасыл желек жамылған тоғайлар, ұланғайыр далалар келеді. Жердің тарихы - Қазақстанның тарихы, баланың өмір жолының хронологиялық тарихы. Мұның өзі өлкетану деректерінің маңыздылығының жоғары екенін дәлелдейді.

Қазақ халқының өлкетану деректерін алғаш жинаған кемеңгер ғалым -Ш. Уалиханов. Ғалым туған өлкені зерттеу ісімен айналысып, қазақ халқының тарихына, фольклорына, тұрмыс - салтына  байланысты көптеген жәдігерлерді жинап, бастырған. Ғалым туған өлкені тану тұрғысында былайша ой қорытады: «Халық шығармашылығының қай түрінде де табиғат құбылысының әсері болатыны анық. Халық табиғаттың әсем құбылыстарын жырға, күйге, ою-өрнекке түсіргенде, алдымен кәсіптік қажеттілігін ойластыра отырып, жарастық, әсемдік жағына да баса көңіл бөлген».  Ш. Уалихановтың тұжырымы И.Г.Песталоцидің «поднять народ к разумной осмысленной жизни  ... дети должны учиться не в классной комнате, а в доме, на дворе, в саду; у них нет уроков, нет учебников – все это заменяется их собственными опытами и наблюдениями, сопровождаемыми и руководимыми живыми беседами учителя» пікірлерімен үндес келеді.

Өлкетану деректерін пайдалануға арналған зерттеу жұмыстарын сараласақ, онда «өлкетану» ұғымын түсіндіруде көптеген авторлар белгілі бір тұлғалар туралы деректер жинау ғана емес, сонымен қоса бір факторлардың екінші факторға әсерін анықтау, яғни сол жердегі өмірдің және табиғаттың кешенді көрінісін беру  екенін дәлелдеуге ұмтылады  Үлкен Совет энциклопедиясында: «Краеведение, изучение природы, населения, хозяйства, истории и культуры какого-либо части  страны, административного или природного района, населения пунктов главным образом силами местного населения»,- деген анықтама берілген [1].

М. А. Солонович «өлкетану» ұғымы туралы «Каждый человек в процессе развития приходит к пониманию того, что он является частью природной и социальной целостности (семьи, дома, класса, школы, улицы, города, края, региона, страны). Познание родного края учащимися происходит в результате разносторонней деятельности, которая связана со школьным (педагогическим) краеведением. Краеведческая деятельность в школе - действенное средство развития у учащихся самостоятельности как ведущей черты личности, выражающейся в умении ставить определенную цель и настойчиво добиваться ее собственными усилиями, добросовестно относиться к своей деятельности, проявляя при этом инициативу, работоспособность, сознательность»,- деп ой қорытады [2].

Балаларға өздерін қоршаған дүние туралы білім беру - оқу-тәрбие үрдісінің негізгі талаптарының бірі.  Белгілі ғалым-географ А.С.Барков өлкетануды «кіші елтану» деп қарастырып, «Өлкетану - бұл мазмұны мен зерттеу әдістері жағынан әр түрлі, бірақ өзінің жеке әдістері жағынан өлкені ғылыми және жан-жақты  тануға жетелейтін ғылыми пәндер жиынтығы»,-деп тұжырымдайды.

г.П.Пирожков  «өлкетану» ұғымы тұрғысында: «Краеведение традиционно рассматривается как изучение природы, населения, хозяйства, истории и культуры какой-либо части страны, административного или природного района, населенных пунктов, главным образом, силами местного населения. В настоящее время оно утверждается как самостоятельная комплексная научная дисциплина, необходимое средство образования и воспитания, подготовки специалиста, которому предстоит жить и работать на территории, изучаемой краеведением. В этом смысле краеведение – суть и наука, и практика, и способ преобразования края.»-деп тұжырымдайды.  

Педагог-ғалым А.М.Текесбаева «Өлкетану – мұғалімнің  басшылығымен оқушылардың туған өлкесінің (мектеп маңын, ауыл, аудан, қала, облыс, өлке, Қазақстан) табиғи, әлеуметтік, экономикалық және тарихи жағдайларын жан-жақты зерттеуі. Осы арқылы оқу мен тәрбиенің өмірмен, қоршаған дүниемен тығыз байланыста қарастыруға жағдай туады» дей келе, өлкетану жұмыстарын төмендегідей түсіндіреді.  «Өлкетанудың зерттеу обьектісі: табиғат, жер, территория, сол жердің халқы, тарихы, шаруашылығы, өнері мен мәдениеті» [3].         

Педагог М.С.Маженақова «Өлкетану қай кезде де мектептегі оқу -тәрбие үрдісінің бір бөлігі болып қала береді. Ол оқу материалын нақты фактілермен толықтыру арқылы оқу процесін қызықтыруға әсер етеді, теориялық білімнің түйсікті қабылдауына әсер етеді., мектепті өмірмен байланыстырады. Бүгінгі күні  өлкетану материалдарының танымдық қызметті белсендірудегі орны айқын дәлелденген кезде өлкетану материалдарын оқу процесінде пайдалану әрбір мұғалімнің міндеті болып табылады» [4].

Демек, өлкетану – туған өлкенің тарихын, салт-дәстүрін, жырлары мен аңыздарын, жер-су атауларының  тарихын  тануға бағытталған жұмыстар жиынтығы.

Кемеңгер педагог Т.Шонанов: «Туған өлкесін білмейтін адам дүниені білмейді»-дей келе, мектепте «өлкетануды» насихаттау формасын және өрісін кеңейту керек, яғни «өлкетану» өсіп келе жатқан ұрпақтардың өз Отанын ойша емес, нақты сүюі үшін аса қажет» -деп жазды.

Ж.Айтмауытовтың бүкіл еңбектерінде ана тілінің тәрбие құралы екендігі, тәрбиенің ұлттық сипатта болуы, ұлттық мектепте ұлттық сипаттағы тәрбие жүйесі болу қажеттігі туралы ойлары жүйеде көрініс тапқан. Ж.Аймауытов «Психология» атты кітабында бала тәрбиесіндегі ата-ананың рөліне, еңбек пен өнер арқылы балаға өнеге көрсетудің ұтымдылығына, туған жер тәрбиесіне кең тоқталады, себебі адам - тәрбиенің жемісі екендігін айтқан. Ол бала тәрбиесіндегі отбасының рөліне ерекше тоқталады. "Баланы бұзуға, яки түзеуге себеп болатын бір шарт -жас күнінде көрген өнеге».  Ол өнеге туған жердің салт-дәстүрі мен әке-шешесінің тәрбиесі арқылы қалыптасады. Ата-ананың берген дұрыс тәрбиесі баланың мінезіне салған ізге байланысты. "Ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі" деп, атамыз қазақ тауып айтқан.

Ғалымдардың пікірлерін қорытындылай келе, өлкетану деректерін оқытудың маңызын біз төмендегіше жіктедік:

1.  Өлкетану деректері оқушыға бұрыннан таныс туған жеріне байланысты болғандықтан, оқушылардың меңгеруіне оңай тиеді.

2.  Өлкені таныстыру Отанды таныстыру болып табылады.

3.  Өз өлкесінің деректерін оқыту оқушылардың туған жеріне деген оң сезімін оятады.

4.  Туған жерінің тарихын, табиғатын, әдебиетін жақсы біліп өскен ұрпақ кейін сол өлкенің жанашыры болып тәрбиеленеді.

Тарих беттерін ақтарсақ, онда қазақ педагогикасында өлкетану деректерін оқыту жұмыстары танымдық, құндылық– бағдарлы, практикалық іс - әрекеттер негізінде оқушыларға өлкетанымдық сапаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. 

Әдебиет:

1.      БСЭ. - М., Большая Российская энциклопедия, 1979. - 584 с.

2.      Солонович  М.А. Школьное краеведение в отечественной педагогике  1917 - 1991 гг.  как средство формирования у учащихся самостоятельности / Автореферат дисс. на соискание ученой степени к. п. н. – Пятигорск, 2009. - 19 с.

3.      Текесбаева А. М. Өлкетану негізінде бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын қалыптастыру. / Автореферат дисс. пед. ғыл. канд. – Алматы, 2004.- 23 б.

4.      Маженақова.М.С. Мектептің педогогикалық процесінде оқушылардың танымдық қызығушылығын өлкетану материалдары негізінде дамыту. / Автореферат дисс. пед. ғыл. канд. – Қарағанды, 2004. - 24 б.

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle