Библиографическое описание:

Кенжегараева А. С. Оқыту сапасын арттыруда музыка сабағында критерий арқылы бағалау жүйесін қолдану // Молодой ученый. — 2016. — №12.1. — С. 34-36.



Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан Халқына жолдауында «ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз — белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар. Заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін игерген білікті мамандар ұсынуы маңызды. Оқыту нәтижесі оқушылардың сындарлы ойлау, өзіндік ізденіс пен ақпаратты терең талдау машығын игеру болуға тиіс» деп анық көрсетті [1].

Олай болса, қазіргі қоғамның өзекті мәселелерінің бірі-әлеуметтік, экономикалық өзгермелі жағдайларда өмір сүруге дайын болып қана қоймай, сонымен қатар оны жүзеге асыруға, жақсартуға игі ықпал ететін жеке тұлғаны қалыптастыру. Мұндай тұлғаға қойылатын бірінші кезектегі нақты талаптар — шығармашылық,белсенділік,жауаптылық,терең білімділік,кәсіби сауаттылық.Бұл талаптарды жүзеге асыру үшін оқушы білімін бағалауда жаңа бағытта жұмыс істеу қажеттілігі туындайды.Осы қажеттілікті шешу жолдарының бірі оқушы білімін критериалды бағалау жүйесі бойынша сараптау.Критериалды бағалау жүйесінде ең маңызды нәрсе-оқу процесінің өзі,сол арқылы оқушы өзін-өзі бағалауды үйреніп,өз білімінің артықшылықтары мен кемшіліктерін көріп, әрі қарай қалай даму керектігін түсінеді,яғни бұл жүйеде оқушының қалай жұмыс жасағаны,қалай ойланғаны бағаланады.Бағалауды өткізу үшін,оқушылардың нені білетіндігін және нені істей алатындығын білу қажет.

Критериалды бағалауды енгізудің мақсаты:

 Педагогтардың жеке оқыту ерекшеліктерін ескеретін,білім беру үдерісін өзіндік реттеудің заманауи талаптарына критерийлік бағалауды қолдану дайындығын қалыптастыру;

 Музыкалық оқыту сапасын жоғарылату;

 Оқушылардың білімін халықаралық стандартқа сәйкестендіру.

Критериалды бағалаудың міндеттері:

 Сабақтың әр бөліктеріндегі әр оқушының дайындық деңгейін анықтауға;

 Жеке оқушының даму жетістігін бақылауға;

 Оқушының білім алу барысындағы қателіктері мен олқылықтарын айқындауға;

 Әр түрлі жұмыс барысындағы алған өз бағасының әділдігіне көзін жеткізуге;

 Оқу бағдарламасының тиімділігін саралауға;

 Сабақ үдерісі мен білімнің меңгерілуі туралы оқушы мен оқытушы арасындағы кері байланысты қамтамасыз етуге.

Критериалды бағалаудың маңызы:

Оқытушылар үшін:

 Сапалы нәтижеге жеткізетін критерийлер құрастыруға;

 Өз іс-әрекеттерін саралап және болашақта жоспарлай алатын мәліметтер алуға;

 Сабақ беру әдіс-тәсілдерінің сапасын арттыруға;

 Оқушының жеке музыкалық ерекшеліктерін ескере отырып,оқытудың әр тұлғаға арналған ауқымын жоспарлауға;

 Бағалаудың әртүрлі әдістерін пайдалануға;

Оқушылар үшін:

 Өзін және өзгелерді бағалау арқылы кері байланысқа түсуге;

 Сыни ойлауына, еркін ойын айтуына,өзінің білімін көрсетуге.

 Критериалды бағалау жүйесінің тиімділігі:

 Оқытушыға оқушының оқу жетістіктерін обьективті түрде бағалауға мүмкіндік береді;

 Оқушыларға оқу үдерісі барысында туындаған қиындықтарды түсінуге,бағалауға мүмкіндіктер береді [2].

Төмендегі 5 сынып музыка әдістемесінің І-тоқсаны бойынша «Отан-ана аясында» тақырыбындағы практикалық сабақ үлгісі аталған критерийлерді негізге ала отырып құрылған [3].

Сабақтың тақырыбы: Отан-ана аясында.

Сабақтың мақсаты: Біімділік: 5 сыныптағы өтілетін бағдарламаға негізделген Қазақтың халық музыкалары, тарихи ән-күйлері мен ұлттық музыка аспаптары әлем халықтарының музыкалыры мен шығармалары, аспаптары туралы білім беру.

Тәрбиелік: Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін ұштай отырып,ұлттық өнерді қадірлейтін,музыкалық талғамы жоғары,Отанын шын сүйетін білімді де өнерлі тұлға болып қалыптасуларына тәрбиелеу.

Дамытушылық: Шығармашылық-ізденіс жұмыстарымен айналысуға қызығушылықтарын ояту, заманауи ақпараттық-комуникациялық технологиялар көмегімен бағдарламалар бойынша репертуарлар көздерін анықтау, іздену, өз шығармашылықтарына енгізулеріне бағыт-бағдар беру.

Кәсіби: Болашақ маманды, сабақта қолданылған оқыту әдістерін тәжірибеде қолдануға, кәсіби даярлықта оқушыларға теориялық білім бере отырып әдістемелік шеберліктерін қалыптастыру.

Сабақтың түрі: Практикалық сабақ.

Сабақта қолданылатын инновациялық технологиялар: Дамыта оқыту технологиясы, сыни ойлауды дамыту технологиясы, критериалды бағалау үрдісі.

Пәнаралық байланыс: Педегогика, музыка әдебиеті, хор диридерлау,қазақ әдебиеті, тарих,музыкалық аспапта сүйемелдеу пәндері.

Сабақтың көрнекіліктері:

Видеопроектор, слайдтар,музыкалық аспаптар, 5 музыка әдістемелік нұсқаулық, хрестоматиясымен, музыкалық орталық, үнтаспа.

Сабақтың барысы:

І. Ұйымдастыру кезеңі: Оқытушымен сәлемдесіп,назарларын сабаққа аударады.Сабақтың мақсат-міндетін қою.

ІІ.Жаңа сабаққа кіріспе: Лекция-консультация. Отан-ана аясында: Отан дегенді қалай түсінеміз? Оқушылармен ой бөлісу,пікірлерін тыңдау.

5 сыныптағы музыка сабағының берілген тақырыптарына анықтама беру. І- тоқсан. (Слайд көрсетіледі).

— Қазақтың халық музыкасы;

— Қазақтың ұлттық музыка аспаптары; (слайд)

— Қазақтың тарихи ән-күйлері;

— Әлем халықтарының музыкасы мен аспаптары. (слайд)

ІІІ. Жаңа сабақ негізгі кезең: А)Музыка тыңдату:

Музыкалық орталықтан тыңдатылады.

Халық және халық композиторларының тарихи күйлері:

1.Халық күйі «Ел айрылған»;

2.Махамбет Өтемісұлының күйі: «Жұмыр қылыш». Орын:Ұлытау тобы.

3.Құрманғазының күйі: «Кішкентай» орын: Оркестр

4.Дина Нүрпейсова: «16 жыл».

5. Н.Тілендиев: «Махамбет» орын. Оркестр.

Ә) Халық әндері тыңдатылады: Әннің желісінде тарихи кезеңдерден слайдтан видеороликтер жүріп жатады.

1.Халық әні: «Елім-ай»;

2. Халық әні: «Ай-хай,заман-ай!».

ІҮ.Практикалық кезең: Алдын- ала дайындалған гүлдер түсімен оқушыларды үш топқа бөліп тапсырма беріледі.

1. 5 сыныптың І тоқсан тақырыптары бойынша әр топ өздерінің тақырыптарын музыкалық іс-әрекет түрлерімен қорғап, тәжірибе жүзінде мектепте сабақта қалай жүргізілу жолдарына жоспар құрып оны келесі топтарға қорғайды. (Келесі топ бағалайды, 3 балдық жүйе)

2. Музыкалық аспаппен өз сүйемелдеулерінде 5 сынып репертуарындағы шығармалар орындалады. (Келесі топ бағалайды, 3 балдық жүйе);

3. Таратпа материалдары бойынша жұмыс жасайды; (материалдар өткен және жаңа тақырыптың көлемінде әдістемелік,музыкалық логикалық сұрақтардан тұрады.Әр таратпа парақтарында -10 сұрақтан). (Берілген 3 минутта барлық сұраққа дұрыс жауап берсе 10 ұпай жинайды, егер 1–2 сұраққа жауап бере алмаған жағдайда келесі топ жауап беріп өздіне ұпай жинайды).

Ү. Білімді бақылау, бағалау. Қалыптастырушы баға: өз-өздерін бағалайды. Егер топ:

5-деген баға: 15–18 балл;

4-деген баға: 12–14 балл;

3-деген баға: 9–11 балға қойылады.

ҮІ. Рефлексия: Бүгінгі сабақта алған білімдерін бекіту,жинақтау және қорытындылау«Қорытынды ой»-үлестірмелі кесте бойынша:

Бүгінгі сабақтан кейін қандай әсердемін?

Ерекше көзге түсіп жоғары бал жинаған топтың ерекшелігі неде деп ойлайсыз?

Келесі сабақтардан не білгіңіз келеді?

Оқытушыға қояр сұрағыңыз.

Күтілетін нәтиже:

Нені біледі (теориялық білімі)?

 Қазақтың халық музыкасы, аспаптары, тарихи ән-күйлерінің шығу тарихтары мен қоғамдағы орны;

 Әлем халықтарының музыкасы мен музыкалық аспаптары туралы;

 Қазақстан композиторларының патриоттық тақырыптарында жазған шығармаларын;

 Қазақстан композиторларының елдікке, патриотизмге шақыратын шығармаларымен танысады.

Нені меңгереді (практикалық білімі)?

 Қазақ халық музыка мәдениетінің қалыптасу тарихын меңгере отырып тәрбиелік ұйымдастыру жұмыстарында заманауи талаптарына критерийлік бағалауды қолдану дайындығын қалыптастыру;

 Сабақтан алған педагогикалық іскерлік тәжірибені пайдалана білуді, сабақ жоспарын құрып оны көпшілік алдында қорғай алу машығын қалыптастыру;

 Халық ән-күйлері мен халық композиторларының ұлттық музыка аспаптық жанрындағы шығармаларын таныса отырып өз шығармашылықтарына, тәжірибеде, кәсиби-әдістемелік жұмыстар ұйымдастыруда пайдалануды;

 Қазақстан композиторларының патриоттық шығармаларымен танысу арқылы, жас ұрпаққа насихаттау, өз шығармашылықтарында орындау дағдыларын меңгереді.

Әдебиеттер:

  1. Қазақстан республикасында білім беруді дамытудың 2011–2020 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы.
  2. Баспаға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының әдістемелік кеңесі ұсынған маманға арналған нұсқаулық.
  3. А.Жайымов, Б.Ысқақов, Ж.Еңсепов, Ж.Сарсембенов. Музыка оқыту әдістемесі. Алматы «Атамұра» 2005ж.
  4. А.Жұбанов «Замана бұлбұлдары».

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle