Библиографическое описание:

Аташ Б. М., Абдрасилов Т. К. Дәстүрлі емес діни ағым өкілдерінің моральдік-психологиялық келбеті // Молодой ученый. — 2016. — №8.9. — С. 59-61.



Бүгінгі таңдағы әлемді алаңдатып отырған түйткілдердің бірі, тіпті ғаламдық мәселелердің қатарына жатқызуға да болатын құбылыс — діни экстремизм. Бастапқы идеялары бойынша дәстүрлі діндерге сүйеніп, олардың өңін айналдырып, бұрмаланған күйде танитын және өзінің сол позициясын ақиқат ретінде дәйектеуге тырысатын бүлікшіл пиғыл тек біздің еліміз емес, дүниежүзін айтарлықтай алаңдатып отыр. Қоғамдық өмір мен қоғамдық сананы керітартушы топтардың тарапынан секталандыруға ұмтылу саясаты, сайып келгенде, діни экстремизм мен лаңкестік әрекеттердің тез белең алуына соқтырып отыр. Діни жат ағымдардың таралу ауқымы мен жеделділігін осы мәселені зерттеуші жас мамандар пирамидалық құрылымға теңестіреді: «Пирамида тәріздес құрылған мұндай секталар, мүшелеріне жетістік кілті жаңа адамдарды өз қатарларына тарту деп сендіреді» [1,43б.].

Олардың қауіпті жағы, біріншіден, шапшаң қанат жаятын және бір-біріне тез жұғатын «психологиялық вирустар» түрінде таралуымен байланысты, екіншіден, сектант вирусын жұқтырғандарды сауықтырудың өте қиын жағдайы, үшіншіден, олардың сана өрісіне шабуыл жасау құралдарының әртүрлілігінде және өте ықпалды күш екендігінде, төртіншіден, көлемді қаражаттармен қаржыландырылатындығында болып отыр. Осы орайда, оның шығу себебіне байланысты «санасы таза тұлға қалай жат ағымның өкіліне айналады» деген сауал бойынша оның мынадай қырларын сараптап көрсетпекпіз. Жат діни ағым мүшесіне өту кезеңдерін шартты түрде мынадай сатыларға бөлуге болады: «потенциалды сектант — аралық адасушы — жат діни ағымның толыққанды өкілі — экстремистік пиғылды іске асырушы немесе оған потенциалды дайын тұлға». Бұл үдерістің коммуникациялық тұрғыдағы иерархиясын: «сектанттар ортасына кезігу — сұхбаттасу — күдік пен қарсылық — мойындау» деп ажыратсақ, экзистенциалдық қыры бойынша «өмірдегі бақытсыздық — торығу — психологиялық көмек күту — дінге бет бұру — сектант топтармен кездесу» деп тізбектей аламыз. Бұлар еріксіз және аңдамай қалған жағдайда жат ағымға өту кезінде болатын ұмтылыстар мен көңіл-күй ахуалдарындағы жағдайлар. Осындай сатылардан өту арқылы жат ағым өкілдерінің «желілік азғындау» (сетевой) пирамидасы өзіне неғұрлым көп мүшелерді тартумен үнемі үздіксіз толықтырылып отырады. Олардың ықпал ету құралдарын: психологиялық (сендіру, гипноздық, үрей туғызу т. б.), физикалық (күш көрсету, қоқан лоқы жасау), ақпараттық (БАҚ құралдары, интернет желісі), саяси (саяси беделдерге сүйену, діннің саяси жағын оңтайлы пайдалану), материалдық (қаржылай сыйлық) т.б. деп топтап көрсетуімізге болады. Осылардың ішіндегі ең ықпалдысы және басты сенімді тәсілі — психологиялық, психоаналитикалық, психосоматикалық жүйемен жүзеге асып отыратын тетіктер. Олар үгіттеу мен түсіндіру тәсілдерін артқа тастап, психологиялық тренингтерді де оңтайлы пайдаланады. Осындай тәсілдерді зерделей келе, олар Славсонның белсенді топтық психотерапиясы, Ромен бойынша белсенді өзін-өзі сендіру, ассертивті тренинг сияқты өте ықпалды тәсілдерді [2,7–9,20 бб.] қолдануы мүмкін деп топшылауымызға болады.

Нәтижесінде, ешкімнің айтқанына, заң мен мемлекетке, үлкендер мен ата-аналарына да көнбейтін, тек өз топтарының айтқандарымен ғана жүретін ұрпақ қалыптасып, өзіндік қағидалары үшін өздерін де құрбан етуге дайын болатын, яғни, өлімнен де қорықпайтын, санасы уланған (зомбиланған) топтардың көбеюіне алып келеді. Олар өздерінің идеологиясы үшін ешнәрседен де қорықпайтын, психологиялық ауытқыған ауру адаммен тең деп қарастыруға болатын тіршілік иесі және оларды қоғамға қауіпті «идеологияланған биороботтар» деп айта аламыз.

Жат ағымдардың психологиялық шабуылдарын жете зерделеген У. К. Шубаева олардың илану, пікір өзгерту, қалдыра білу, елестер тудыратын гипноздық жаттығулар, медитациялар, бір ырғақты әндерді айту сияқты түрлі дәстүрлі ықпал етулерді қолданып, «миды тазарту» мен «сана бақылауы» сияқты психотехникалық тәсілдерді пайдаланатындығын атап көрсете отырып, «секта шырмауына түскен адамдарға көмек көрсетіп, әрі қарай қолдап отыратын психолог мамандардан, социологтар мен дінтанушылардан тұратын орталықтар ашып, секталар туралы мағлұматтар жазылған әдебиеттерді тарату керек»,-деп ой түйіндесе [3,68–74 бб.], А.Д. Құрманалиева мен С.Ө. Абжалов: «Бұған қоса оралу оңай шаруа емес екені де белгілі, себебі жаңа діни ұйымдарға тартуда қолданылатын әдіс-амалдар ортаға келген адамның өз еркімен кете алмауын қамтамасыз етіп тұрғандай. Адамның санасы толықтай бағдарланып, өзге адамға айналдыруға күш салғандай» [4,64б.],-деп тұжырымдайды. Ал Бейсен Ахмет: «Алланы танып, сананы жаулай бастаған зомбилендіру жолына тосқауыл қоймасақ, ертең-ақ күлімізді көкке ұшыруы мүмкін. Міне, бұлар дінді желеу етіп, арнайы дайындалған зомбилар» [5,5б.] екендігін атап өтсе, бұл мәселеде шет елдік психологтар «Адам психикасына әсер ететін техникалар болады: гипноздық транс немесе адамды сана қалпының өзгерген кейпіне енгізу, сендіру, тықпаланған тіл арқылы шындықты лингвистикалық модельдеу, ойды тоқтату салттары, қорқуды күшейте түсу, тәуелділікті, депривацияны егу»,-деген сияқты тәсілдерді қолданатындығын пайымдайды [6]. Ал Калинин В. Н. террористік әрекеттерге барар сәтінде анаша қолданылатындығын да дәйектей түседі [7].

Осыған орай, бұлардың санасындағы моральдік құндылықтар тіптен өзгеше болып келеді, жоғарыда атап өтілген мұсылман дінін жамылған жат пиғылды ұйымдар өздерінің қасиетті құранға сүйенетіндігін, бір Алланы мойындайтындығын алға тарта отырып, біздің халқымыздың мыңдаған жылдар бойы сақталып келе жатырған ұлттық құндылықтарын жоққа шығарады, бойларында ұлттық, ұлтжандылық, тіпті мемлекетшілдік деген түсінік те болмайды. Сондықтан бұндай бағыттағы адамдарды қалыпты адам ретінде қабылдауға келмейді, яғни, экзистенциалдық тұрғыдан алғанда, «бар да емес, жоқ та емес»,«ақ өлімді» тіршілік иесі түптің түбінде «қара өлімдіге» айналады. Ол тек өзін ғана емес, «жау» деп есептейтін адамдарымен бірге, тіпті жазықсыз бейбіт тұрғындардың да мүмкін болғандығынша бірнешеуін өзімен бірге о дүниеге аттандырудан да тайынбайтын камикадзе болып тағайындалады.

Олардың кейбірінің сыртқы пішіні мен дүниетанымы бірден көзге түсе қоймайтындықтан, «жат ағым иесін дәстүрлі дін өкілінен қалай ажырата аламыз» деген психологиялық тұрғыдан пайымдалуы тиіс түйткіл туындайды. Ендеше, діни сенімге берілген адамдардың көңіл-күйіне байланысты экстремистік пиғылға бет бұрысты шартты түрде былайша сатылап көрсетуімізге болады. Бірінші, қалыпты діни сенім иесі, ол — қоғамдағы көп түрлі конфессияларға келісімпаздықпен қарайды, тіпті дінге сенбейтін адамның да ұстанымдарын жоққа шығармайды, «сенім әр адамның өз жеке ісі» деген бейтараптылық пен парасаттылық бағдарды ұстанады. Бұл теріс пиғылды өкілге жатпайды, бірақ, жат ағым өкілдері сенім иесінің сауатсыздығына байланысты, оны өздеріне тартудың алғашқы сатысы ретінде тиімді пайдалынып кетуі мүмкін. Екінші, апологет, яғни, өз сенімінің үнемі қорғаушысы болып табылады. Ол Жаратушыны және тұтастай өзінің сенімін үнемі ақтап алуға құштар. Әсіресе, өзінің діни ұстанымына қайшы келетін пікірлерде, ерікті-еріксіз түрде апологет міндетін мүлтіксіз орындауға тырысады және идеясын жеткізуде рационалдылықтан эмоционалдылыққа қарай бет бұрады. Үшінші сатысындағы сенім иесін «ресми емес идеолог» деп атауымызға болады. Оның мінез-құлқының басты ерекшелігі, бос уақыт кезінде, тіпті кез-келген ыңғайлы сәтте діни уағыз айтуға құштар болады және көп жағдайда сондай сәттерді аңдып та жүреді. Ол үгіттеу мен насихаттаудан, діни түсіндірмелерден, өзінің идеясын сіңіруден еш жалықпайды, сыни көзқарастарды тыңдағысы да келмейді, бірақ теріс әрекеттерге бара бермейді. Төртінші сатысы фанаттар. Қоғамға қауіптісі де осы. Бірақ «фанаттың критерийі неде» деген заңды логикалық сауал туындайды. Фанат, жоғарыдағы бөлімдерде атап өткеніміздей, сол дін ұстаушы өзінің ұстанған дініне қайшы келетін пікірлер мен мүддесі ескерілмейтін ұстанымдардың кез-келгеніне төзімсіздік танытады, тіпті, мейлі ол мемлекеттік заң түрінде болсын, өзінің туысқандарының құрметті, беделді адамдарының пікірі болсын, ерекше ашу-ыза сезіміне бөленіп, идеясын қорғап шығу үшін психологиялық күреске түседі. Сондықтан, көп жағдайда, фанаттың көзқарасы, мемлекеттік мүддеге, ұлттық сана-сезімге, еліміздің саяси-әлеуметтік стратегиясына қарама-қайшы келіп жатады.Өзінің өмірінде дін басты рухани құндылыққа айналады, ұлттық, отаншылдық, саяси оңды белсенділік сияқты игіліктерді санасынан ығыстырады немесе өз мүддесіне орай басқаша түсінеді. Өзге сенім өкілдерін немесе сенбейтіндерді жек көреді. Бірақ олар өздерінің фанат екендіктерін мойындамайды, сәті түскенде жоққа шығарып отырады.

Яғни, сектант, террорист, экстремисті қоғамның қалыпты азаматы емес, психологиялық ауытқуға ұшыраған толыққанды емес субьект ретінде қарау керектігі туындайды. Теріс пиғылды көзқарасы мен әрекеті үшін ұсталған қылмыскерді заң бойынша жазалаумен қатар, оған психотерапиялық ем жүргізілуі керек. Ол жай ғана түсіндіру арқылы дұрыс жолға салу, үгіт насихат жұмыстарын жүргізу және діни сауаттылығын көтеру арқылы ықпал ету сатысынан өтіп кеткен адам екендігін басты назарда ұстаған жөн.

Сондықтан тек психологиялық қана емес, психотерапиялық, психосоматикалық, психоаналитикалық көмек көрсететін арнайы орталықтар мен профилактикалық-реабилитациялық емханалар ашылуы тиіс. Себебі, теріс пиғылды психауру адам өзінің қоршаған ортасына, ұрпақтары мен туыстарына белсенді ықпал етіп, «секта вирусын» таратуға бағдарланған. Оның ауруының қоғам үшін қауіпті симптомы да осы, ол потенциалды түрде жүздеген сектанттарды дайындау «міндеттемесін» алғандай әсерде жүреді. Осы орайда, айта кететін жайт, еліміздегі психоаналитикалық мамандардың тапшылығы шет елдерден мамандар шақыртуға мәжбүрлейді. Сондықтан, мысалы, бүгінгі күнгі туберкулез ауруы сияқты, оларды да мәжбүрлеп емдеу-сауықтыру шараларын жасауға лұқсат беретін мезгіл келіп жетті ағайын. Ол мәжбүрліктер оларға жасалған қиянат емес, шындап келгенде, гуманистік қағидаға келіп тоғысады. Бұл мәселеде, С. Ениколопов та террорист өздері «санасын шаю» арқылы орнатқан жоғары құндылықтары бойынша әрекет ететіндігін, бірақ бұл құндылықтар қалыпты адамның құндылықтары емес екендігін атап көрсетеді [8].

Қорытындылай келе, К. Маркстің «Дін — халықтың басын айналдыратын апиын» деген тұжырымын бүгінгі заманда «Секта — адам басын айналдыратын апиын» деп өзгертілген түрде ұсынуымызға болады.

Әдебиет:

  1. Қабекенов Ғ., Нурумов Е. С. Жастардың діни сауаттылығын дамытудың педагогикалық-психологиялық негізі: Әдістемелік құрал.–Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ.–2011.–58б. (43б.)
  2. Карвасарский Б. Д. Энциклопедия психотерапии.–М.–553 с.
  3. Шубаева У. К. Жаңа діни ағымдардың ілімдерді таратудағы әдістері//Қазақстанның әлеуметтік мәдени дамуының перспективалық бағыттары: дөңгелек үстел материалдары.–Алматы, 2011.–236 б. –68–74 бб.
  4. Құрманалиева А. Д., Абжалов С.Ө.Қазақстанның әлеуметтік-мәдени дамуындағы дінтанулық білімнің маңызы//Қазақстанның әлеуметтік мәдени дамуының перспективалық бағыттары: дөңгелек үстел материалдары.-Алматы, 2011.–236 б. — 63–68 бб.
  5. Бейсен Ахмет. Асыл дініміздің атын жамылған қаскөйлер//Қазақстан-Zaman.–14 ақпан.–2013.–5б.
  6. Лири Т., Стюарт М. Технологии изменения сознания в деструктивных культах // Интернет: http://lib.ru/NLP/liri.txt_Piece40.06
  7. Калинин В. Н. Религия и безопасность (религиозный экстремизм)//Право и безопасность. — № 4 (5) Декабрь 2002г//dpr.ru/pravo/pravo_4_9.htm
  8. Стенограмма заседания клуба «Принятие стратегических решений как психологическая проблема (Подмосковье, 5 сентября 2007 г.)» // Интернет: http://kurginyan.ru/clubs.shtml?cat=57&id=412

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle