Библиографическое описание:

Насимов М. О., Калдыбай К. К., Колеген Г. Б., Паридинова Б. Ж. Қазақстан Республикасындағы ұлттық қауіпсіздік саясатының тұғырлары // Молодой ученый. — 2016. — №7.1. — С. 30-31.



Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саяси қызметінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі орасан зор. Елбасының саяси философиясы заманауи мемлекет құрылысының негізі болып табылады және уақыт тәжірибесінде қисындылығын танытып, Қазақстан халқының Батыс пен Шығыс құндылықтарынын біріктірген менталитетіне сәйкес келеді. Мемлекеттіліктің қалыптасуы мен дамуындағы таңдау жолындағы күрделі шешімдер қабылдау Тұңғыш Президентке жүктелді. Егер, ақиқаттың негізгі өлшемі деп тәжірибені санасақ, бүгінгі тәжірибе және шынайы нақтылық заманауи үдерістерге сай дамудың «қазақстандық жолының» дұрыстығын көрсетеді. Бұл еліміздің тәуелсіздік алған жылдарынан бастап ұлттық қауіпсіздікті бекітудегі негізгі басымдықтар беруімен байланысты.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың ұстанған қауіпсіздік саясатының тұғырларын былайша жинақтап көрсетуімізге болады.

1. Диалектикалық-конвенционалистік ұстаным. Елбасы өзінің саяси көшбасшылық рөлінде – тарихилық пен логикалықтың, дәстүршілдік пен жаңашылдықтың, батысшылдық пен шығысшылдықтың, тіпті мұсылмандық пен әлемдік діндер үйлесімділігін шебер пайдалана білді. Мұндай конвенционалистік саясат біржақтылыққа ұрынбауға, сәйкесінше, әлем дамуындағы жаңа, озық, тиімді, пайдалы модельдерді өзімізге көшіріп алуға мүмкіндік берді. 1991 жылдардан бастау алған мұндай әдіснама, кешікпей-ақ өзінің нәтижесін көрсете бастады және бүгінгі таңда да осындай екіжақты ұстанымды басшылыққа алмаудан басқа жол жоқ екендігін дәйектеп берді. Бұл тарихты, дәстүршілдікті, өткенді ұмыт қалдыру дегенді білдірмейді, осы ұмыт қалдырмаудың дәлелі бүгінгі біздің Ұлттық мемлекетіміз болып отыр. Себебі, тым тарихилық ұстаным әлемдік өркениеттік сахнадан оқшаулап тастауы ықтимал сыртқы қатер, ал керісінше, тым батысшылдық пен логикалық ұлттық құндылықтарға қауіп төндіретін ішкі қатерлер болып табылады. Жаңашылдыққа ұмтылмаудағы ұлтымыздың «жеңілісін» ХVIII-XIX ғасырлардағы қазақ қоғамының даму келбеті анықтап берген еді. Сондықтан Елбасы тарих қателігін қайталамауымызға тиіс екендігін байыпты түйсініп, ұлттық рух жаңашылдық арқылы қайтадай өзін-өзі тани түсетіндігін тереңірек ұғынды.

2. Прагматикалық-персоналистік ұстаным. Тәуелсіздік алған жылдардағы халықтың қиын жағдайы, қатерлердің арта түсуі, шындығында, алдымен, тек қана экономикалық өрлеуді талап етіп, руханилықты кейінгі қалдыруға мәжбүрледі. Халықшылдығымыз мен Елдігіміздің сұраныстары да мемлекет пен тұлғаларымыздың материалдық жағдайын жақсартып алуы тиіс екендігіне қарай жетеледі деуімізге де болады. Сондықтан, экономикалық даму мен жаңашылдыққа басымдылық беру өзінің жетістіктерін көрсете бастағаннан-ақ, Елбасы рухани салаға, мәдениет пен өнерге, ғылым мен руханиятқа қайтадан айрықша көңіл аударды. Нақтылық пен тиімділік, пайдалылық пен нәтижелік сияқты прагматистік ұстанымдар бастапқыда «тым капиталистік-нарықтық есепке» құрылғандай болып көрінді, бірақ бұл ұстаным қазақ дүниетанамындағы «аш бала тоқ баламен ойнамайды», «байтал түгіл бас қайғы», «күлтөбенің басында күнде жиын (болмауы тиіс)» деген сияқты қауіпсіздікті сақтаудың нышандарының дұрыстығын дәлелдеп беретіндей саясаттың мағынасын ашып берді.

3. Органикалық тұтастық ұстанымы. Бұл тұста Н.Назарбаев алдымен ұлт бірлігі, одан соң жалпықазақстандық идея, одан соң аймақтық және жалпыадамзаттық тұтастық идеясын алға тартты. Қазақстандағы көп ұлттылық пен көпконфесионалдық саясат, түптеп келгенде, еліміздің тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндігі түсінікті жайт. Тарихтағы Қазақ Еліндегі ауызбіршіліктің жоқтығының қайда жетелейтіндігін түйсінген Елбасы, алдымен, жергілікті ұлт – қазақтар ішіндегі осы алауыздықты жоюдың «әзірге» қолайлы тетігі – осы көпұлттылық екендігін байыптады. Одан соң аймақтық пен жалпыадамзаттық бірлікті қуаттады, экономикалық қатынастар арқылы саяси-мәдени бірлікке оңайырақ қол жеткізуге болатындығын түйсінген көшбасшымыз, алдымен, ең түпкі мәселе, Кеңес заманынан қалған әлемдік саяси сахнадағы «қырғи-қабақтық-психологиялық соғыстық» сананы жоюды көздеді. Әлемде бүкіл саяси сахнаны оңайырақ мойындата алатын тәсіл – өз еркімен ядролық қарудан бас тартуды мақсат етті. Ол біріншіден, алып империялар алдындағы ұлттық қауіпсіздікті сақтау болатын болса, екіншіден, әлемдік соғыс қауіпсіздігін сейілтуге болатын жалпылама сенімді нұсқа еді. Міне, Қазақстанның мүмкіндігінше, көбірек халықаралық ұйымдарға мүше болуы және мүмкіндігінше оны басқаруының түпмәні осы еді. Қазақ халқының тарихи санасы да бейберекетсіз-себепсіз жаугершілік пен соғыстан жалыққандай десе де болады. Сондықтан да, біздің еліміз «халықаралық бейбітшілік – жеке-жеке ұлттық және жалпыадамзаттық қауіпсіздікті сақтаудың түп алғышарты» деген мотивті басшылыққа алып жұмыс жасап келеді.

4. Футурологиялық-прогностикалық ұстаным. Елбасы қашанда, тек бүгінмен емес, болашақпен өмір сүру қажеттігін басшылыққа алды. Сондықтан да, оның саясаты көрегенділік сияқты сипат алды да, идеялары кейіннен ғана өзінің өзектілігі мен қажеттілігін дәйектей түсті. Бірақ оны кезінде, оппозициялық күштер мен бұқара халық түсіне бермеді. Мысалы, Астананың Астана қаласына көшірілуі, облыстарды біріктіру, территорияны анық белгілеп алу, атом қаруынан бас тарту т.б. кезінде айтарлықтай қарсылықтар туғызғанмен, 1-2 жылдық болашақ емес, алыс болашақты болжаудың нақты стратегиялары болып шықты. Бүгінгі таңда оның тәуелсіздік алған тұстағы және одан кейінгі жасаған әрекеттері мен саяси іс-қимылдары ақылға сиымды екендігін халық түсініп келеді. Қашанда заманынан озық жүру қажеттігін терең байыптаған Елбасының ұстанымы оның саясатының философиялық негіздері болып табылады.

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle