Библиографическое описание:

Сегизбаева Д. У. Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық қауіпсіздік мәселелері // Молодой ученый. — 2016. — №5.5. — С. 55-58.



Соңғы уақытта обьективті және субьективті сипаттағы көптеген себептерге орай қауіпсіздік поблемалары саласындағы зерттеу жұмыстарына едәуір көңіл бөліне бастады.Мұның өзі біріншіден XX ғасырдың екінші жартысындағы қасіретті оқиғалардың бүкіл адамзаттық тарихи дамуындағы терең де түйінді қарама-қайшылықтырды ашып көрсетуімен, екіншіден адамның өмір сүру жағдайының жоғарғы технологиялар дәуірінде шиеленісіп кетуімен, үшіншіден мемлекеттік аймақтық және ғаламдық деңгейдегі дағдарыстарды әлеуметтік тұрғыдан болжамдау және болдырмау проблемаларының күрделене түсуімен түсіндіріледі.

«Қауіпсіздік» ұғымы «табиғат-адам-қоғам» жүйесіндегі өзара әрекеттің барлық түрлері және бағыттарымен тығыз байланыстағы нақты тарихи сипатқа ие күрделі, сан қырлы әлеуметтік құбылыс.

Қауіпсіздік, сөзсіз адамзат өмірінің алғашқы қажеттіліктерінің біріне жатады.

«Әлеуметтік қауіпсіздік» түсінігін анықтауда мүмкін тәсілдердің бірі шетелде кең тарады. Бұл тәсіл үшін «әлеуметтік қауіпсіздік» түсінігін «әлеуметтік қамсыздандырылу» түсінігімен орайластыру сипатты болып келеді. Бұл ретте, әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мұқтаж азаматтардың категорияларына материалды және басқа да көмек түрлерін көрсету мәселелерін шешу жалпы ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі аспектілерінің бірі деп ұйғарылады.

Американдық зерттеуші С. Дойлдың пайымдауынша мемлекет «әлеуметтік саланы, білім беруді және экономиканы дамыту бойынша шараларды сыртқы әсерлерсіз жүзеге асыру мүмкіндігіне ие болса, өз азаматтарын баспанамен, азық-түлікпен, жұмыспен қамтамасыз етіп, олардың азаматтық құқықтары мен жеке еркіндігін қорғай алса», онда бұл мемлекет әлеуметтік қауіпсіздік жағдайында.

Қазақстандық тәжірибеде «әлеуметтік қауіпсіздік» түсінігі тікелей анықталатын заңнамалық құжаттар жоқ. Дегенмен, мамандардың ойынша, көптеген мемлекеттер үшін, соның ішінде Қазақстан үшін, әлеуметтік қауіпсіздік әскери қауіпсіздіктен кем емес маңыздылыққа ие болуда. Әлеуметтік қауіпсіздік елде қазіргі кездегі және болашақта болуы мүмкін ұлттық мүдделерге жауап беретін, жеткілікті жоғары өмір стандарттарының, әлеуметтік қамсыздандырылудың, білім берудің, денсаулық сақтау саласының бар болуын, қоғамның позитивті құндылықты бағытталуын қалыптастыру және дамытуты ұйғарады [4].

Әлеуметтік қауіпсіздікті қамтамасыз ету инклюзивті экономикалық өсуді жүзеге асырумен тікелей байланысты. Ол экономиканың макро және микродеңгейлері арасында тікелей байланысты орната отырып, қоғамның әрбір тобы үшін ресурстардың әділ таратылуына негізделеді. Микродеңгейде қоғамның құрылымдық трансформациясы нәтижесінде экономикалық, әлеуметтік және территориалды тұтастық пен теңдікті қамтамасыз ететін, жұмысбастылығы жоғары деңгейдегі экономиканы құру жүреді. Негізгі ресурстар мен қызметтерге қол жетімділікті кеңейту негізінде өмір сүру деңгейін жоғарлату мүмкіндіктері беріледі, ең бастысы – өскелең болашақ үшін негіздер құрылады.

Әлеуметтік қауіпсіздікті бірнеше топқа бөлуге болады:

-Жеке әлеуметтік;

-Әлеуметтік психологиялық;

-Әлеуметтік құқықтық;

-Әлеуметтік-экономикалық.

Әлеуметтік қауіпсіздік тұрғындардың қорғалу ахуалымен сипатталады, ол жұмыссыздықтың жоғарғы деңгейінің болмауымен, тұлғаның деградацияланбауымен, әлеуметтік жанжалдардың болмауымен, қоғамдағы әлеуметтік шиеленістердің төмен деңгейімен, білім беру стандарттарының, денсаулық сақтау, мәдениет, ғылымың қол жетімділігімен, тамақтану және өмір сүру сапасынын жақсартумен, қылмыс деңгейімен сипатталады [3].

Әлеуметтік қауіпсіздік стратегиясы адамдар мен қоғамның жан-жақты дамуы үшін жағдайлар жасау және алуан түрлі әлеуметтік топтардың белгілі бір құқықтық қалпын сақтау мен қолдауға, адамдардың әлеуметтік жағынан қорғалуын қамтамасыз етуге байланысты мемлекеттің іс жүзіне асыратын кешенді шаралары болып табылады.

Әлеуметтік қауіпсіздік стратегиясы үш түрлі бағытта:

  1. Әлеуметтік ынталандыру бағыты;
  2. Әлеуметтік қамсыздандыру бағыты;
  3. Әлеуметтік бейімделу бағыты арқылы жүзеге асады.

1)Ынталандыру стратегиясы – барлық әлеуметтік топтардың өз мүдделерін білдіруіне, қандай да бір өздерінің әл-ауқатына қатысты мәселелерді шешуге мүмкіндіктер беретін жағдай жасауына байланысты стратегия болып табылады. Сайып келгенде ынталандыру стратегиясы халықтың, ұйымның, отбасының өзін-өзі дамытуға деген күшін жандандыруға бағытталады. Бұл стратегия экономикалық саясатқа қолдау көрсетеді, экономиканы жеңілдету мен реформалаудың қуат көзі болып табылады.

2) Әлеуметтік қамсыздандыру стратегиясы – қоғам мүшелеріне әлеуметтік кепілдіктер беруге, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер тарапынан жәрдемге мұқтаж топтар әлеуметтік қорғауға бағытталады. Ол экономикалық саясаттың келеңсіз зардаптарын азайтуды экономикалық тиімділікпен әділеттілікті ұштастыруды мұрат тұтады.

3) Әлеуметтік бейімделу стратегиясы - әр түрлі топтарға өзінің тұрмыс жағдайымен, әсіресе, экономика саласында шапшаң өзгеріп отыратын нақтылы ахуалды ескере отырып әл-ауқатты қалыптастырудың өзіндік нұсқауларын таңдау үшін жағдай туғызуға бағытталады. Өтпелі кезеңде бұл стратегияның ішінде ынталандыру стратегиясының рөлі шұғыл арта түседі. Өйткені бұл стратегия әлеуметтік саясат құралдары арқылы экономиканы реформалауда жәрдем жасайды.

Әлеуметтік қауіпсіздік стратегиясы экономикаға мемлекеттік реттеудің маңызды бағыттарының бірі қатарында қоғамның тұрмыс халінің жоғары деңгейде болуына және одан әрі дами түсуі үшін жағдай жасайтын құрал болып табылады.

Әлеуметтік қауіпсіздік көрсеткіштері әлеуметтік тұрақтылықты анықтайды [2].

Елдегі әлеуметтік тұрақтылықты сипаттайтын көрсеткіштер төмендегі 1-кестеде көрсетілген (кесте 1).

Кесте 1

Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік тұрақтылықты сипаттайтын шекті шамалар мен көрсеткіштер

Көрсеткіш атауы

Шекті мәні

2014 жылғы әлеуметтік тұрақтылық көрсеткіштері

өмір сүру ұзақтығы, жыл

70

69,5

децильді коэффициент, рет

7

5,86

джинни кэффициенті, (ақшалай табыстарды тұрғындар арасында тең бөлістіруден нақты бөлістіруден ауытқу деңгейі)

0,3

0,284

кедейшілік деңгейі, %

8

3,8

ең төменгі және орташа еңбек ақы көлемдерінің арақатынасы, %

50

18,1

жұмыссыздық деңгейі, %

10

5,0

жұмысбастылық деңгейі, %

60

68

100 мың адамға шаққандағы қылмыстық деңгейі

6000

1710

Қазақстанның дамуына тән сипат аймақтардың экономикалық дамуы мен олардың тұрғындарының өмір сүру сапасы деңгейлері арасындағы айырмашылық болып табылады. Бұл жерде әлеуметтік-экономикалық даму деңгейлері бойынша аймақтардың әртараптануы бір көрсеткіштер бойынша бірталай уақыт жоғары болып сақталады, дәл сол уақытта басқа көрсеткіштер бойынша әртараптануы ұлғая түседі.

2014 жылғы қарашада халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы атаулы ақшалай табыстары бағалау бойынша 62 355 теңгені құрады, бұл 2013 жылғы қарашаға қарағанда 9,1 % жоғары, ал нақты ақшалай табыс көрсетілген кезеңде 1,4 % өсті (сурет 1) [5].

Сурет 1. Ақшалай табыстардың құрылымы

Тұрғындарының табыстарының өсуі және кедейшілік деңгейін төмендету факторлары алуан түрлі және олардың тізімін жүйелеуге болады:

-экономикалық фактор: тұрғындар табыстарының табиғи артықшылықтары мен төмен табыс базасымен қарқындап өсуі;

-республикалық орталықтың қайта бөлістіруші әлеуметтік саясаты: әлсіз дамыған аймақтардың көбісінің табыстарының қуып жетіп өсуі;

-саяси фактор: кейбір аймақтарды ерекше қолдау, бұл олардың тұрғындары табыстарын өсіруден де көрінеді;

-институционалды фактор: бизнеспен ерекше қарым-қатынас, бұл аймақ табыстарын көбейте түседі [3].

Мемлекет басшысы Н. Назарбаев халыққа жолдауында әлеуметтік стандарттарға деген жаңа ұстанымды жария етті. Соның негізгі қағидаттарының бірі – мемлекеттік қолдау елдің, әр аймақтың, әр азаматтың даму принципімен тығыз байланысты. «Біз өз азаматтарымыз үшін экономика мен бюджеттің өсіміне тікелей тәуелді болатын ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктерді белгілеуіміз керек»,- деді Елбасы. Яғни, бұл жерде екі жақты жауапкершілік бар. Әрбір қазақстандықтың әл-ауқатының жақсаруы тікелей мемлекеттің дамуына да, сондай-ақ сол азаматтардың өз өміріне, елді дамытуға қосатын үлесіне байланысты болмақ. Бұл жердегі бір анық нәрсе: мемлекет әлеуметтің әлсіз топтарына (зейнеткерлер, мүгедектер, еңбекке жарамсыз адамдар, ауру балалар және т.б.) толығымен қолдау жасауды мойнына алады. Ал, бұл санатқа жатпайтын уақытша жұмыссыздарға қатысты прагматизм және ортақ жауапкершілік принциптері қолданылады.

Сондықтан, мемлекет басшысы жұмыссыздық мәселесін шешу үшін, елімізде жүзеге асырылып жатқан барлық бағдарламаларды (мемлекеттік, салалық, кәсіпкерлікті қолдау) біріктіруді ұсынды. Мысалға, жұмыссыздықпен күрес. 2013-2015 жылдарға арналған республикалық бюджеттен «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасына 2013 жылы – 1 трлн. 100 млрд., 2014 жылы – 1 трлн. 200 млрд., 2015 жылы – 931 млрд. теңге бөлінді [5].

Президенттің өзі анықтап берген Қазақстанның жаңа әлеуметтік саясатының негізгі екі принципі бар: әлеуметтік кепілдіктер және жекелеген адамдардың жауапкершілігі. Осы екі принцип әділетті әлеуметтік саясаттың түпқазығына айналмақ. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев: «Біздің басты мақсатымыз – әлеуметтік қауіпсіздік және азаматтарымыздың бақуаттылығы» деп қадап айтты. Олай болса, әлеуметтік саясатты іске асыруда аса маңызды деген мемлекеттік шешімдерді қабылдаған кезде әлеуметтік қауіпсіздік басты критерийлердің бірі болмақ [1].

Әр мемлекеттің қауіпсіздігі тікелей ішкі саяси тұрақтылық сақтау мәселесі, сол сияқты халықаралық қатынастардың басқа қатысушылар қарым-қатынастарымен байланысты.

Қазақстан Республикасының Конституциясында белгіленгендей, Қазақстан Республикасы – әлеуметтік мемлекет құруды мұрат етіп отыр. Яғни, мемлекет өзінің бар мүмкіндігін, қамқорлығын өз қоғамының дамуы үшін, ондағы азаматтардың өмір сүру деңгейін көтеру үшін бағыттауға міндетті. Бұл істе мемлекет көмекке шынында да мұқтаж, өз бетімен күн көре алмайтын халықтың топтарына басымдық береді. Ал қоғамның қалған бөлігі экономикалық еркіндік қағидалары, олардың құқықтық қорғалуы негізінде өзін-өзі қамтамасыз етуі керек.

Қорытындылай келе, Қазақстан Республикасында әлеуметтік мемлекет құру жағдайында әлеуметтік саясаттың өзіндік үлгісі біртіндеп қалыптасып келе жатқандығы және оның еліміздің қауіпсіздігін нығайтудың өте маңызды құрамдас бөлігі деген тұжырым жасаймыз.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

  1. Н.Ә.Назарбаев ««Қазақстан -2050» стратегиясы-Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты»- 14.12.2012 жылғы Қазақстан халқына жолдауы.
  2. Чмыхало А.Ю. Социальная безопасность: Учебное пособие. - Томск: Изд-во ТПУ, 2007 - 168с.
  3. Общая теория национальной безопасности. Учебник/Под общ. ред. А.А.Прохожева. – Изд. 2-е, доп. – Москва. – Изд. РАГС, - 2005. – с. 334.
  4. Абдимомынова А.Ш., Адилбекова Г.М.Региональные аспекты обеспечения продовольственной безопасности. Россия и Казахстан: опыт научно-экономического сотрудничества, перспективы интеграции. Сборник статей международной научно-практической конференции. ФБГОУ ВПО Ставропольский государственный аграрный университет; Кызылординский государственный университет им. Коркыт Ата. 2015.с.9.
  5. 2014 жылғы статистикалық жинағы/-Астана, 2014,75б.

Обсуждение

Социальные комментарии Cackle